I санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі үлгілік сақтандыру шартын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 27 тамыздағы № 344 бұйрығы
Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 151-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған I санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қаржылық қамтамасыз ету ретіндегі үлгілік сақтандыру шарты бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2021 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.