Осы редакция 2016 жылғы 28 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2014 жылғы 23 маусымдағы
№ 367 бұйрығына
2-қосымша
Біліктілік комиссиясын қалыптастыру және оның қызметін жүзеге асыру
қағидалары
1. Осы Қағидалар «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында көлік құралдары жүргізушілерін даярлау бойынша оқытушы, өндірістік оқыту шебері және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері болуға кандидаттарды аттестаттаудан өткізу жөніндегі біліктілік комиссиясын (бұдан әрі - Комиссия) қалыптастыру және оның қызметін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Комиссияны оның құрылтайшысы болып табылатын, саны кемінде он заңды тұлға мен жеке кәсіпкерден тұратын аккредиттелген Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестік (бұдан әрі - Кәсіптік бірлестік) құрады. Комиссия Кәсіптік бірлестік аккредиттеу туралы куәлік алған күннен бастап алты ай ішінде құрылады.
3. Комиссия Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарын жүргізуге кандидаттарды даярлаумен және оқытумен айналысуға ниет білдірген адамдарға «оқытушы», «өндірістік оқыту шебері», «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілігін беруге кандидаттарды аттестаттау мақсатында құрылады.
4. Комиссия мекеменің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады және ереженің (жарғының) негізінде әрекет етеді.
5. Комиссия филиалдар мен өкілдіктер құра алмайды.
6. Кәсіптік бірлестік оның мүшелері болып табылатын, көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының (бұдан әрі - оқу ұйымы), жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) мекенжайына құрылып жатқан Комиссияның құрамына қосу үшін кандидатуралар ұсыну туралы сұрау салу жібереді.