Оңайлатылған іс жүргізуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а 2024 жылғы 16 тамыздағы № 697 бұйрығы
(2026.01.07. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2026 жылғы 30 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-1-бабының 5-тармағына, 167-бабының 11) тармақшасының он бірінші абзацына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Оңайлатылған іс жүргізуді жүзеге асыру қағидалары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрлеріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2024 жылғы 20 тамызынан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің міндетін атқарушы
2024 жылғы 16 тамыздағы
№ 697 бұйрығына
қосымша
Оңайлатылған іс жүргізуді жүзеге асыру
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы оңайлатылған іс жүргізуді жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 10-1-бабының 5-тармағына, 167-бабының 11) тармақшасының он бірінші абзацына сәйкес әзірленген және оңайлатылған іс жүргізуді жүзеге асыру тәртібін белгілейді.