«Дербес деректерді жинау, өңдеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы № 395/НҚ бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің м.а. 2026 жылғы 17 қыркүйектегі № 556/НҚ бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Дербес деректерді жинау, өңдеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы № 395/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21498 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Дербес деректерді жинау, өңдеу қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дербес деректер - оның ішінде биометриялық, негізінде дербес деректер субъектісіне қатысты айқындалған немесе айқындалатын, электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіште тіркелген деректер;
2) дербес деректерді алып тастау - цифрлық объектіден дербес деректерді алып тастауға бағытталған әрекеттер, бұл әрекеттерді жасау нәтижесінде дербес деректерді қалпына келтіру мүмкін болмайды;
3) дербес деректерді анонимдеу - дербес деректерді сәйкестендіргіштерді қалпына келмейтіндей түрлендіруге бағытталған әрекеттер, бұл әрекеттерді жасау нәтижесінде дербес деректердің қай дербес деректер субъектісіне тиесілігін айқындау мүмкін емес болады;
4) дербес деректерді бұғаттау - дербес деректерді жинауды, жинақтауды, өзгертуді, толықтыруды, пайдалануды, таратуды, иесіздендіруді, жоюды және алып тастауды уақытша тоқтату жөніндегі іс-әрекеттер;
5) дербес деректерді бүркемелеу - нақты дербес деректердің бір бөлігін жалған және (немесе) иесіздендірілген деректермен ауыстыру арқылы ақпаратты қорғау процесі;
6) дербес деректерді жалпыға қолжетімді көздерде тарату - жасалуы нәтижесінде адамдардың шектеусіз тобына дербес деректерге қолжетімділік берілетін әрекеттер;