Соттардың адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқығы жоқ.
Егер сот қолданылуға тиіс заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, ол іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсынумен Конституциялық Сотқа жүгінуге міндетті.
1. Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тәуелсіздігі Конституциямен және заңмен қорғалады. Судьяның өкілеттігі тек қана заңда белгіленген негіздермен тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін.
2. Судьяны қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, тиісінше Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз не Құрылтайдың келісімінсіз оны ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
3. Қазақстан Республикасы соттарының судьяларына қойылатын талаптар конституциялық заңда айқындалады.
4. Судьяның депутат мандатын қатар алып жүруіне, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды атқаруына, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына, коммерциялық ұйымның басқарушы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруіне болмайды.
Соттарды қаржыландыру, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі және сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.
Жоғарғы Сот - жергілікті және басқа да соттардың қарауына жататын азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және өзге де істер бойынша жоғары сот органы, ол заңда көзделген жағдайда өзінің қарауына жататын сот істерін қарайды және сот практикасы мәселелері бойынша түсіндіру береді.
1. Жоғарғы Сот Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымымен тағайындайды және ол өз өкілеттігі мерзімі ішінде Жоғарғы Сот судьясы да болады. Жоғарғы Сот Төрағасының өкілеттік мерзімі - алты жыл.
Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Жоғарғы Сот Төрағасы болып тағайындалмайды.
Жоғарғы Сот судьяларын Құрылтай Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен сайлайды.
2. Жергілікті және басқа да сот судьяларын Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымымен тағайындайды.
3. Соттарда конституциялық заңға сәйкес сот алқалары құрылуы мүмкін.
4. Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.
5. Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі, құрамын қалыптастыру тәртібі және жұмысын ұйымдастыру заңда айқындалады.
1. Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды заңда белгіленген шекте және нысанда жүзеге асырады, сотта мемлекет мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының прокуратурасы орталықтандырылған бірыңғай жүйені құрайды, төмен тұрған прокурорлар жоғары тұрған прокурорларға және Бас Прокурорға бағынады. Ол өз өкілеттігін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының Президентіне ғана есеп береді.
3. Бас Прокурорды Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды. Бас Прокурордың өкілеттік мерзімі - алты жыл.
Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Бас Прокурор болып тағайындалмайды.
4. Бас Прокурорды қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оны өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
5. Прокуратураның құзыреті, қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібі конституциялық заңда айқындалады.
1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал етеді.
2. Адам құқықтары жөніндегі уәкілді Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.
3. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.
4. Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оны өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
5. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен қызметін ұйымдастыру конституциялық заңда айқындалады.
1. Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның мемлекет кепілдік берген сот арқылы қорғалу құқығын және заң көмегін алу құқығын іске асыруға жәрдемдеседі. Заң көмегін адвокаттар мен өзге тұлғалар заңға сәйкес көрсетеді.
2. Адвокат қызметін жүзеге асыру тәртібі, адвокат құқықтары, міндеттері мен жауаптылығы заңда айқындалады.
Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару
87-бап
Жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы ахуалдың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асырады.
1. Жергілікті өкілді органдар - мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының ерік-мүддесін білдіреді және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды айқындайды, олардың жүзеге асырылуын бақылайды.
2. Мәслихаттарды халық жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды.
3. Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Қазақстан Республикасының азаматы бір ғана мәслихаттың депутаты бола алады.
1) аумақты дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту;
2) өз қарауына жатқызылған жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу;
3) заңмен мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жергілікті атқарушы орган басшыларының есебін қарау;
4) мәслихаттың тұрақты комиссияларын және өзге де жұмыс органдарын құру, олардың қызметі туралы есепті тыңдау, мәслихат жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;
5) заңға сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
5. Мәслихаттың өкілеттігін Қазақстан Республикасының Президенті Премьер-Министрмен және Құрылтай Төрағасымен консультациядан кейін мерзімінен бұрын тоқтатады, сондай-ақ оның өкілеттігі мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда мерзімінен бұрын тоқтатылады.
6. Мәслихаттардың құзыреті, ұйымдастырылу және қызмет тәртібі, депутаттардың құқықтық жағдайы заңда белгіленеді.
1. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы атқарушы органдарының біртұтас жүйесіне кіреді, атқарушы биліктің жалпымемлекеттік саясатын тиісті аумақты дамыту мүддесімен және қажеттілігімен үйлестіре жүргізуді қамтамасыз етеді.
2. Жергілікті атқарушы органдардың қарауына:
1) аумақты дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті әзірлеу мен олардың атқарылуын қамтамасыз ету;
2) коммуналдық меншікті басқару;
3) жергілікті атқарушы орган басшыларын тағайындау және лауазымынан босату, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;
4) жергілікті атқарушы органдарға заңмен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асыру жатады.
3. Жергілікті атқарушы органды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі басқарады, ол Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің өкілі болып табылады.
4. Астана, облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдерін Қазақстан Республикасының Президенті тиісінше астана мәслихаты, облыс аумағындағы мәслихаттар, республикалық маңызы бар қала мәслихаты депутаттарының келісімімен тағайындайды.
Қазақстан Республикасының Президенті кемінде екі кандидатураны ұсынады, олар дауысқа салынады. Дауыс беруге қатысқан мәслихат депутаттарының көпшілік дауысын алған кандидат келісім алды деп саналады.
Өзге әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдері заңда айқындалатын тәртіппен тағайындалады немесе сайланады, сондай-ақ лауазымынан босатылады. Қазақстан Республикасының Президенті өз ұйғаруымен астана, облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдерін лауазымынан босатуға құқылы.
5. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасымен әкімге сенімсіздік вотумын білдіру мәселесі қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен әкімге сенімсіздік білдіруге және оны лауазымынан босату мәселесін тиісінше астана, облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдеріне қатысты - Қазақстан Республикасы Президентінің алдына не өзге де әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдеріне қатысты - жоғары тұрған әкімнің алдына қоюға құқылы. Астана, облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің өкілеттігі жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті өз қызметіне кіріскен кезде тоқтатылады.
6. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті, ұйымдастырылу және қызмет тәртібі заңда белгіленеді.
1. Мәслихаттар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша - шешім, ал әкімдер шешім мен өкім қабылдайды, бұлар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында орындалуға міндетті.
2. Жергілікті бюджет кірісін қысқартуды немесе жергілікті бюджет шығысын ұлғайтуды көздейтін мәслихат шешімінің жобалары әкімнің оң қорытындысы болған кезде ғана қарауға енгізілуі мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына сәйкес келмейтін мәслихат шешімінің күші сот тәртібімен жойылуы мүмкін.
4. Әкімдердің шешімдері мен өкімдерінің күшін тиісінше Қазақстан Республикасының Үкіметі не жоғары тұрған әкім жоя алады, олардың күші сот тәртібімен де жойылуы мүмкін.
1. Қазақстан Республикасында жергілікті маңызы бар мәселелерді тұрғын халықтың өзі шешуін қамтамасыз ететін жергілікті өзін-өзі басқару танылады.
2. Жергілікті өзін-өзі басқаруды халық тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ ол мәслихаттар арқылы және тұрғын саны шағын аумақтарды қамтитын жергілікті қоғамдастықтарда өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылады.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына заңға сәйкес мемлекеттік функциялар берілуі мүмкін.
3. Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру және оның қызметі заңмен реттеледі.
4. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігіне заңда белгіленген өкілеттігі шегінде кепілдік беріледі.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу
92-бап
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының Президенті өз бастамасы бойынша, Құрылтайдың, Үкіметтің, Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасы бойынша қабылдаған шешіммен өткізілетін жалпыхалықтық референдумда енгізіледі.
2. Жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, жалпыхалықтық референдум өткізілді деп саналады.
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан Қазақстан Республикасы азаматтарының жартысынан астамы жалпыхалықтық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды жақтап дауыс берсе, олар қабылданды деп саналады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулардың Конституцияның 2-бабы 7-тармағының және 43-бабы 5-тармағының талаптарына сәйкестігі туралы Конституциялық Сот қорытындысы болған жағдайда олар жалпыхалықтық референдумға шығарылады.
Қорытынды және өтпелі ережелер
94-бап
1. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады.
2. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады.
1. 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтатады.
Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауын жариялауға тиіс және ол екі ай ішінде өткізілуге тиіс.
2. Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың келісімімен Вице-Президентті тағайындауға тиіс.
3. Конституциялық Сот Төрағасы мен судьялары бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде тағайындалуға тиіс.
1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес тағайындалған Конституциялық Сот Төрағасы мен судьялары Конституциялық Соттың жаңа құрамы қалыптастырылғанға дейін өз өкілеттігін сақтайды.
4. Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде тағайындалуға тиіс.
1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес тағайындалған Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның жаңа құрамы қалыптастырылғанға дейін өз өкілеттігін сақтайды.
5. Жоғарғы Сот Төрағасы, Ұлттық Банк Төрағасы, Бас Прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституция күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде тағайындалуға тиіс.
6. 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес сайланған (тағайындалған) Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттың судьялары, мәслихат депутаттары, өзге де лауазымды адамдар өз өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген негіздер бойынша өкілеттігі тоқтатылғанға дейін сақтайды.
1. Конституция күшіне енген күні қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
2. Үкімет, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сәйкес келтіру жөнінде қажетті шаралар қабылдайды.
3. Конституция күшіне енген күні қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданған Конституциялық Кеңестің және Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде заңды күшін сақтайды.