Еуразиялық экономикалық
одақ туралы шартқа
№ 24 ҚОСЫМША
Осы редакция 2015 жылғы 8 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Үйлестірілген (келісілген) көлік саясаты туралы
ХАТТАМА
І. Жалпы ережелер
1. Осы Хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 86 және 87-баптарына сәйкес, үйлестірілген (келісілген) көлік саясатын жүзеге асыру мақсатында әзірленді.
2. Осы Хаттамада пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
«азаматтық авиация» - халықтың және экономиканың қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылатын авиация;
«бірыңғай көліктік кеңістік» - мүше мемлекеттердің көлік жүйелерінің жиынтығы, оның шеңберінде мүше мемлекеттердің көлік саласындағы үйлестірілген заңнамасына негізделген, жолаушылардың бөгетсіз қозғалысы, жүктердің және көлік құралдарын өткізілуі, олардың техникалық және технологиялық үйлесімділігі қамтамасыз етіледі;
«мүше мемлекеттердің заңнамасы» - мүше мемлекеттердің әрқайсысының ұлттық заңнамасы;
«көліктік көрсетілетін қызметтердің ортақ нарығы» - өзінде көліктік қызметтер көрсетудің тең және паритетті жағдайлары жасалатын экономикалық қатынастар нысаны, олардың көлік түрлері бойынша нарығының жұмыс істеу ерекшеліктері осы Хаттамада, сондай-ақ Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалады.
3. Осы Хаттаманы іске асыру мүше мемлекеттердің әрқайсысы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру кезінде, сондай-ақ өзге де халықаралық шарттар шеңберінде қабылдаған міндеттемелер есепке алына отырып, жүзеге асырылады.
4. Мүше мемлекеттердің біреуінің аумағында тіркелген тасымалдаушылар орындайтын халықаралық автомобильмен жүк тасымалдары:
1) аумағында тасымалдаушылар тіркелген мүше мемлекет пен басқа мүше мемлекет арасында;
2) басқа мүше мемлекеттердің аумағы арқылы транзиттер;
3) басқа мүше мемлекеттер арасында рұқсатсыз негізде жүзеге асырылады.