Салықтық шығыстар туралы талдамалық есепті қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 11 қыркүйектегі № 810 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 54-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Салықтық шығыстар туралы талдамалық есепті қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2026 жылғы 11 қыркүйектегі
№ 810 қаулысымен
бекітілген
Салықтық шығыстар туралы талдамалық есепті қалыптастыру
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Салықтық шығыстар туралы талдамалық есепті қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі (бұдан әрі - Бюджет кодексі) 54-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және салықтық шығыстар туралы талдамалық есепті (бұдан әрі - талдамалық есеп) қалыптастыру тәртібін айқындайды.
2. Талдамалық есепте салықтық жеңілдіктердің тиімділігін және оларды одан әрі қолданудың орындылығын бағалау нәтижелері қамтылады, сондай-ақ оған салық саясатын, салықтық әкімшілендіруді және салықты жинаудың тиімділігін талдау үшін пайдаланылатын салықтық алшақтық көрсеткіші енгізіледі.
3. Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есептермен, уәкілетті мемлекеттік органдардың жетекшілік ететін салалар бойынша мәліметтерімен, мемлекеттік органдардың ресми мемлекеттік статистикалық, ведомстволық және өзге де деректерімен, цифрлық базалармен қоса салықтық және бюджеттік есептіліктің деректері, сондай-ақ уәкілетті органдар мен ұйымдардың сайттарында орналастырылған ақпарат талдамалық есепті әзірлеуге негіз болады.
4. Талдамалық есеп бекітілмейді және Бюджет кодексінің 40-бабының 3-тармағына сәйкес бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жарияланады.