«Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 112 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 250 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 112 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10532 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 12) тармақшасына, 10-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына, 12-1-бабының 2-тармағына, 15-10-бабының 2, 3, 4, 5, 6, 10, 11, 12, 13, 16-тармақтарына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.