Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2018 жылғы 29 тамыздағы
№ 1349 бұйрығына
4-қосымша
Осы редакция 2026 жылғы 29 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Интегралдық микросхемалар топологияларын тіркеу туралы өтінімдерге сараптама жүргізу
қағидалары
1. Осы Интегралдық микросхемалар топологияларын тіркеу туралы өтінімдерге сараптама жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 29 шiлдедегi «Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы» Заңының (бұдан әрi - Заң) 4-бабының 2) тармақшасының екінші абзацына сәйкес әзiрлендi және интегралдық микросхема топологиясын тiркеу бойынша өтiнiмдерге сараптама жасау тәртiбiн белгілейді.
2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) интегралдық микросхема - элементтерi мен байланыстары оның негiзiнде бұйым жасалған материалдың көлемiнде және немесе бетiнде ажыратылмастан құрылған электрондық схеманың қызметiн атқаруға арналған аяқталған немесе аралық нысандағы микроэлектрондық бұйым;
2) интегралдық микросхема топологиясы (бұдан әрi - топология) - интегралдық микросхема элементтерiнiң жиынтығы мен олардың арасындағы байланыстардың материалдық жеткiзгiште бекiтiлген кеңiстiк - геометриялық орналасуы;
3) құқық иеленушi - автор, оның мұрагерi, сондай-ақ заңға немесе шартқа байланысты алынған айрықша құқықты иеленушi кез келген жеке немесе заңды тұлға;
4) патенттiк сенiм білдірілген өкiлдер - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зияткерлік меншік саласында уәкiлеттi орган мен сараптама жасау ұйымы алдында жеке және заңды тұлғалардың өкiлi болу құқығы берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары;
5) сараптама ұйымы - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, өз қызметінде уәкілетті органға ведомстволық бағынысты сараптама ұйымы.
6) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі.