«Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы № 86-VIІ Заңы (2026.25.08. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

6. Өнеркəсіпті дамытуға бағытталған шарттар жасасуға мүдделі өңдеу өнеркəсібі кəсіпорындары жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер, оларды өндірушілер тізілімінде осы Заңның 48-бабына сəйкес офтейк-келісімшарттар жəне осы Заңның 48-1-бабына сəйкес кепілдендірілген сатып алу шарттарын жасасу үшін өтінімді жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер, оларды өндірушілер тізілімінде сатып алуға жоспарланатын тауарлар тізбесі жарияланғаннан кейін күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде береді.

7. Ірі тапсырыс берушілер өңдеу өнеркəсібі кəсіпорындарының өтінімдерін қарайды жəне өнеркəсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау жəне жасасу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларына сəйкес өтінімдерді беру аяқталған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде офтейк-келісімшарттар немесе кепілдендірілген сатып алу шарттарын жасасады.

8. Өнеркəсіпті дамытуға бағытталған шарттар жасалғаннан кейін ірі тапсырыс берушінің өңдеу өнеркəсібі кəсіпорны тауарының тəжірибелік-өнеркəсіптік топтамасына зертханалық жəне (немесе) индустриялық сынақтар жүргізуге құқығы бар.

Өңдеу өнеркəсібі кəсіпорны тауарының тəжірибелік-өнеркəсіптік топтамасына зертханалық жəне (немесе) индустриялық сынақтар өнеркəсіпті дамытуға бағытталған шарт жасалғанға дейін ірі тапсырыс беруші ұсынатын тауардың техникалық сипаттамалары, физикалық жəне (немесе) химиялық қасиеттері, жиынтықталуы негізінде жүргізіледі.

Өңдеу өнеркəсібі кəсіпорны тауарының тəжірибелік-өнеркəсіптік топтамасының зертханалық жəне (немесе) индустриялық сынақтарының оң нəтижелері алынған жағдайда осы тауар топтамасын беру жүргізіледі. Өңдеу өнеркəсібі кəсіпорны тауарының тəжірибелік-өнеркəсіптік топтамасының зертханалық жəне (немесе) индустриялық сынақтарының теріс нəтижелері алынған кезде өнеркəсіпті дамытуға бағытталған шарт өңдеу өнеркəсібі кəсіпорнының кінəсінан орындалмаған болып есептеледі жəне бұзуға жатады.

Өнеркəсіпті дамытуға бағытталған шарттар шеңберінде тауар берілген кезге дейін ірі тапсырыс берушілер тауарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес сатып ала алады.

Өнеркəсіпті дамытуға бағытталған шартқа қол қойылғаннан кейін тауардың қосымша техникалық сипаттамаларын, физикалық жəне (немесе) химиялық қасиеттерін, жиынтықталуына қойылатын талаптарды көрсетуге тыйым салынады.

 

2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 47-1-баппен толықтырылды (2025 ж. 20 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

47-1-бап. Жүйе құраушы кəсіпорындардың сатып алуы

1. Өндіріс көлемі тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жиынтық өндіріс көлемінің үш пайызынан астамын құрайтын өңдеу өнеркəсібі кəсіпорындары жүйе құраушы кəсіпорындар болып табылады.

2. Жүйе құраушы кəсіпорындар тізбесін өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган бекітеді.

3. Жүйе құраушы кəсіпорындардың тауарларды сатып алуы өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органның елішілік құндылықты мониторингтеуіне жатады.

4. Жүйе құраушы кəсіпорындардың тауарларды сатып алуы осы Заңның 47, 48, 48-1 жəне 49-баптарында айқындалған талаптар сақталған жағдайда алдағы қаржы жылына немесе ұзақ мерзімді кезеңге арналған тауарларды сатып алу жоспарларына сəйкес жүзеге асырылады.

 

48-бап. Офтейк-келісімшарттар

1. Офтейк-келісімшарттар бойынша өнім беруші тиісті тауардың өндірісін, оның ішінде шартқа сәйкес тапсырыс берушіден алынған қаражат есебінен ұйымдастыруға міндеттенеді.

Жасалған офтейк-келісімшарттар қаржы ұйымдарында, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерде және Қазақстанның Даму Банкінде кепіл нысанасы ретінде пайдаланылуы мүмкін.

2. Жасалған офтейк-келісімшартқа сатып алу көлемін азайту және тауардың бағасын төмендету бойынша біржақты тәртіппен өзгерістер енгізуге жол берілмейді.

Ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарт бойынша тапсырыс беруші өнім беруші осындай шартта белгіленген міндеттемелерді тиісінше орындаған жағдайда, осындай шартта көзделген көлемдерде тауарларды қабылдауды және олардың ақысын:

шарт қолданылатын бірінші жылда - жүз пайыз мөлшерінде;

шарт қолданылатын екінші және одан кейінгі жылдарда кемінде елу пайыз мөлшерінде төлеуді қамтамасыз етуге міндетті.

Осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген міндеттемелер тиісті күнтізбелік жылға арналған шартта көзделген тауарды беру көлемін негізге ала отырып есептеледі.

3. Офтейк-келісімшарттың қолданылу мерзімі шартта айқындалады.

4. Тапсырыс берушінің өндірілген тауардың ескерілген көлемін сатып алудан өнім берушінің кінәсі болмай бас тартуы мөлшері өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау және жасасу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларына сәйкес айқындалатын тұрақсыздық айыбын көздейді.

5. Офтейк-келісімшарттарда тауарлардың егжей-тегжейлі техникалық сипаттамалары, физикалық және (немесе) химиялық қасиеттері, жиынтықталуы, шарт қолданылатын бүкіл мерзімге беру көлемдері, тауарды бірмәнді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін басқа да ақпарат көрсетіле отырып, олардың нақты атаулары, сондай-ақ елішілік құндылықтың ең төмен деңгейі бойынша талаптар, елішілік құндылықтың көрсеткішін арттыру бағдарламасын әзірлеу жөніндегі міндеттемелер көрсетіледі.

2024.01.07. № 107-VIII ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

6. Офтейк-келісімшарттар, оларды орындаушылар, мерзімдері және өңдеу өнеркәсібінің өндірілетін тауарлары туралы мәліметтерді өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган офтейк-келісімшарттар тізіліміне енгізеді.

 

2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 48-1-баппен толықтырылды (2025 ж. 20 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

48-1-бап. Кепілдендірілген сатып алу шарттары

1. Кепілдендірілген сатып алу шарттары бойынша өңдеу өнеркəсібі кəсіпорны тауарлардың кепілдік берілген көлемін жасалған кепілдендірілген сатып алу шартының талаптарына сəйкес ұзақ мерзімді негізде беруді қамтамасыз етуге міндеттенеді.

Жасалған кепілдендірілген сатып алу шарттары қаржы ұйымдарында, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерде жəне Қазақстанның Даму Банкінде кепіл нысанасы ретінде пайдаланылуы мүмкін.

2. Жасалған кепілдендірілген сатып алу шартына өзгерістер енгізу ірі тапсырыс берушінің жəне өңдеу өнеркəсібі кəсіпорнының келісуі бойынша жүзеге асырылады.

3. Кепілдендірілген сатып алу шартының қолданылу мерзімі шартта айқындалады, бірақ бір жылдан кем болмайды. Кепілдендірілген сатып алу шартының ең ұзақ қолданылу мерзімі он жылдан аспайды.

4. Кепілдендірілген сатып алу шартында: тауарлардың егжей-тегжейлі техникалық сипаттамалары, физикалық жəне (немесе) химиялық қасиеттері, жиынтықталуы көрсетіле отырып, олардың атаулары;

шарттың бүкіл қолданылу мерзіміне өнім беру көлемі;

шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны жəне тиісінше орындамағаны үшін шарт тараптарының жауапкершілігі;

тараптардың келісуі бойынша өзге де талаптар қамтылуға тиіс.

 

49-бап. Келісімшарттық сатып алу шарттары

1. Келісімшарттық сатып алу тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу сомасы жылына тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бес жүз мың еселенген мөлшерінен асқан жағдайда офсеттік саясат қағидаттарымен жүзеге асырылады.

2. Келісімшарттық сатып алуға сәйкес өнім беруші тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді беруден бөлек, шартта көзделетін қосымша талаптарды, оның ішінде бірлескен өндірісті құру арқылы орындауға міндеттенеді, олар мыналар сияқты сатып алынатын өнімнің түріне байланысты болады:

1) тікелей инвестициялар (оның ішінде өнім берушіге тікелей байланысты емес инвестициялық жобаларға салымдар);

2) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға инвестициялар;

3) өндірістерді құру;

4) мамандандырылған оқу орталықтарын салу, Қазақстан Республикасы үшін әртүрлі бағыттағы мамандарды даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын іске асыру;

5) сатып алынатын тауарға қызмет көрсету жөніндегі инфрақұрылымды дамыту;

6) елге технологиялар трансфертін қамтамасыз ететін техникалық құжаттаманы, лицензияларды және өзге де құжаттарды беру;

7) өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау және жасасу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларына сәйкес өзге де талаптар.

Жоғарыда көрсетілген талаптар жеке-жеке де, үйлесімде де қолданылуы мүмкін, ақшалай мәнде шарт сомасының кемінде бес пайызын құрауға тиіс.

3. Өнім берушінің осы баптың 2-тармағында көзделген өз міндеттемелерін орындамауы шартқа сәйкес тұрақсыздық айыбын өндіріп алуға және басқа да құқықтық салдарға алып келеді.

 

50-бап. Өнеркәсіптік өнімнің реттелетін сатып алуы

2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Өнеркәсіптік өнімнің сатып алуын реттеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына, Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасына және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Өнеркәсіптік өнімнің реттелетін сатып алуы Қазақстан Республикасы ұлттық стандарттарының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылуға тиіс.

 

51-бап. 2026 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)

 

2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 51-1-баппен толықтырылды (2025 ж. 31 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)

51-1-бап. Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін қалыптастыру тəртібі

1. Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін (бұдан əрі - тізілім) қалыптастыру қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жүргізу қағидаларына сəйкес жүзеге асырылады жəне мынадай кезеңдерден тұрады:

1) «цифрлық үкіметтің» цифрлық инфрақұрылым объектісінің веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинеті арқылы өтінім беру;

2) цифрлық верификация;

3) өндірісті бағалау;

4) өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органның тізілімге енгізу не енгізбеу туралы шешім қабылдауы.

2. Өтінім беру кезінде:

1) Қазақстан Республикасының дербес деректер жəне оларды қорғау туралы заңнамасына сəйкес ақпаратты жинауға жəне өңдеуге келісім;

2) өндірісті бағалау жəне мониторингті жүзеге асыру үшін өндірістік объектіге қолжетімділік беруге келісім;

3) өндірістік объектіде бейнебақылау жүйесін орнату жөніндегі міндеттемелерді қабылдауға, мониторингті жүзеге асыру үшін өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органға бейнеақпаратты қарауға қашықтан қолжетімділік беруге келісім;

4) тауар өндірудің мəлімделген технологиялық процесін көрсететін (растайтын) бейнематериалды қоса алғанда, өндірістің мəлімделген шарттарының, өндірістік жəне технологиялық операциялардың орындалғанын растайтын мəліметтер ұсынылады.

3. Өтінім берілгеннен кейін өндірістік қызметті растайтын қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жүргізу қағидаларында айқындалған өлшемшарттар бойынша цифрлық верификация жүзеге асырылады.

Тізілімге енгізу үшін қажетті мəліметтерді «цифрлық үкіметтің» цифрлық инфрақұрылым объектісі қалыптастырады.

Цифрлық верификация нəтижелері өтінім берушіге «цифрлық үкіметтің» цифрлық инфрақұрылым объектісінің веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне жіберіледі.

Цифрлық верификация нəтижесі теріс болған жағдайда шешімде негіздемелері бар уəжді жауап қамтылуға тиіс.

4. Өндірісті бағалау кезінде өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган салалық мемлекеттік органдарды, салалық қауымдастықтарды (одақтарды) тарта отырып, өндірістің мəлімделген шарттарының, өндірістік жəне технологиялық операциялардың орындалуын тексеруді, тауар өндірудің мəлімделген технологиялық процесін көрсететін (растайтын) бейнематериалды қоса алғанда, өндірістің мəлімделген шарттарының, өндірістік жəне технологиялық операциялардың орындалғанын растайтын мəліметтер негізінде жүзеге асырады.

Бұл ретте өтінім беруші мəлімдеген өндірістік жəне технологиялық операциялар өндірістік жəне технологиялық операциялардың ең төмен шегіне сай келуге тиіс.

5. Осы баптың 2-тармағына сəйкес өтінім беруші мəлімдеген мəліметтер негізінде өндірісті бағалау мүмкін болмаған кезде өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган салалық мемлекеттік органдарды, салалық қауымдастықтарды (одақтарды) тарта отырып, көшпелі инспекцияны жүзеге асырады.

Салалық қауымдастықтардың (одақтардың) өкілдерін көшпелі инспекцияға қатысуға тарту ерікті сипатта болады жəне өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

Көшпелі инспекцияның қорытындысы бойынша өндірісті бағалау актісі жасалады.

6. Өндірісті бағалау нəтижесі оң болған кезде өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган өтінім берушіні тізілімге енгізеді.

Өндірісті бағалау нəтижесі теріс болған кезде «цифрлық үкіметтің» цифрлық инфрақұрылым объектісінің веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне негіздемелері бар уəжді жауап автоматты түрде жіберіледі.

Кəсіпкерлік субъектісі анықталған сəйкессіздіктерді жойғаннан кейін тізілімге енгізу үшін өтінімді қайта беруге құқылы.

7. Өтінім беруші өтінімде көрсетілген, берілген мəліметтердің анықтығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

8. Қазақстандық тауар өндіруші, тауар жəне елішілік құндылық үлесі туралы мəліметтерді көрсете отырып, өзі өндіретін тауар туралы мəліметтер қамтылуға тиіс тізілімнен үзінді-көшірме қазақстандық тауар өндірушінің тізілімде болуын растау болып табылады.

9. Толығымен Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарларды өндіретін қазақстандық тауар өндірушілерді тізілімге енгізу кезінде өндірісті бағалау талап етілмейді.

10. Осы баптың талаптары бағдарламалық қамтылымды қазақстандық өндірушілерге қолданылмайды жəне осы Заңның 51-2-бабымен регламенттеледі.

 

2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 51-2-баппен толықтырылды (2025 ж. 31 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)

51-2-бап. Бағдарламалық қамтылымды өндірушілерді тізілімге енгізу жəне одан шығару тəртібі

2026.24.06. № 326-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген жəне Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес сенімді цифрлық объектілердің тізіліміне енгізілген бағдарламалық қамтылым Қазақстанда шығарылған тауарларға теңестіріледі.

2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Тізілімге енгізу үшін бағдарламалық қамтылымды қазақстандық өндірушіні растау тəртібін цифрландыру саласындағы уəкілетті орган айқындайды.

2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Цифрландыру саласындағы уəкілетті орган тоқсан сайын тізілімдегі бағдарламалық қамтылымды қазақстандық өндірушілерге мониторинг жүргізеді жəне оның нəтижелері туралы өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органды хабардар етеді.

2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Бағдарламалық қамтылымды қазақстандық өндірушілерді тізілімге енгізуді жəне одан шығаруды цифрландыру саласындағы уəкілетті органның хабарламасы негізінде өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган жүзеге асырады.

2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Бағдарламалық қамтылымды қазақстандық өндірушілер тізілімнен шығарылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде хабарламаға цифрландыру саласындағы уəкілетті органға шағым жасауға құқылы.

 

2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 51-3-баппен толықтырылды (2025 ж. 31 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)

51-3-бап. Толығымен Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарлар

1. Толығымен Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарлар:

1) Қазақстан Республикасының жер қойнауынан, оның аумағында не оның аумақтық теңізінде (өзге де ішкі су айдындарында) немесе оның түбінен не Қазақстан Республикасының аумағындағы атмосфералық ауадан өндірілген табиғи ресурстар (пайдалы қазбалар мен минералдық ресурстар, су, жер ресурстары);

2) Қазақстан Республикасында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері;

3) Қазақстан Республикасының аумағында жиналған немесе пайда болған түсті жəне қара металдардың сынықтары мен қалдықтары;

2026.24.06. № 324-VIII ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)  

4) Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген электр, жылу және өзге де энергия түрлері.

2. Кең таралған пайдалы қазбаларды, Қазақстан Республикасының аумағында жиналған немесе пайда болған түсті жəне қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сəйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензиялар немесе келісімшарттар туралы мəліметтерді пайдалы қатты қазбалар саласындағы уəкілетті орган тізілімге енгізу үшін ұсынады.

2026.24.06. № 324-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Қазақстан Республикасының жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сəйкес көмірсутектерді немесе уранды өндіруге арналған келісімшарттар туралы мəліметтерді, сондай-ақ электр, жылу және өзге де энергия түрлерін өндірушілер туралы мәліметтерді көмірсутектер саласындағы уəкілетті орган тізілімге енгізу үшін ұсынады.

4. Қазақстан Республикасының жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сəйкес кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиялар немесе келісімшарттар туралы мəліметтерді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары тізілімге енгізу үшін ұсынады.

5. Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері туралы мəліметтерді агроөнеркəсіптік кешенді дамыту саласындағы уəкілетті орган тізілімге енгізу үшін ұсынады.

6. «Рұқсаттар жəне хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес түсті жəне қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу жəне өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған рұқсаттар туралы мəліметтерді жергілікті атқарушы органдар тізілімге енгізу үшін ұсынады.

7. Толығымен Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарлар туралы мəліметтерді тізілімге осы баптың 2, 3, 4, 5 жəне 6-тармақтарына сəйкес ұсынылған мəліметтер негізінде өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган енгізеді.

 

2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 51-4-баппен толықтырылды (2025 ж. 31 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)

51-4-бап. Тізілімді мониторингтеу

1. Қазақстандық тауар өндіруші тізілімге енгізілгеннен кейін өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган тоқсанына бір реттен кем болмайтындай кезеңділікпен цифрлық верификация арқылы мониторингтеуді жүзеге асырады.

2026.24.06. № 324-VIII ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)  

1-1. Қазақстандық тауар өндірушіге қатысты басқа қазақстандық тауар өндірушілерден тізілімде болу талаптарына сәйкессіздігі туралы шағымдар келіп түскен кезде салалық мемлекеттік органдар осы Заңның 51-1-бабының 5-тармағында көзделген тәртіппен шығу инспекциясын жүзеге асыру арқылы тізілімге мониторинг жүргізуі мүмкін. Шығу инспекциясының қорытындысы бойынша тізілімде болу талаптарына сәйкестігі немесе сәйкессіздігі туралы іс жүргізуді бағалау актісі жасалады.

2. Мониторинг қорытындысы бойынша осы Заңның 51-1-бабының 3-тармағында айқындалған өлшемшарттарға сəйкессіздіктер анықталған жағдайда, анықталған сəйкессіздіктерді жою қажеттілігі туралы «цифрлық үкіметтің» цифрлық инфрақұрылым объектісінің веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне хабарлама жіберіледі.

Анықталған сəйкессіздіктер жойылмаған жағдайда қазақстандық тауар өндіруші тізілімнен шығарылады.

 

2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 51-5-баппен толықтырылды (2025 ж. 31 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)

51-5-бап. Апелляциялық комиссия

1. Цифрлық верификация арқылы мониторинг нəтижелері бойынша тізілімнен шығару жөніндегі қазақстандық тауар өндірушілердің қарсылықтарын, шағымдарын апелляциялық комиссия қарайды.

2. Апелляциялық комиссияның құрамы мен ол туралы ережені өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган бекітеді.

3. Қазақстандық тауар өндірушілердің қарсылықтары, шағымдары апелляциялық комиссияға тізілімнен шығарылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде беріледі.

4. Апелляциялық комиссия берілген қарсылық, шағым бойынша шешімді қажетті құжаттарды сұрату жəне (немесе) тыңдау өткізу жəне (немесе) көшпелі комиссия өткізу арқылы қабылдайды.

5. Апелляциялық комиссия қарсылықты, шағымды қарау нəтижелері бойынша:

қарсылықты, шағымды толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;

қарсылықты, шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімнің қабылдануын негіздей отырып, осындай шешімдердің бірін шығарады.

6. Апелляциялық комиссияның шешімі жазбаша түрде шығарылады жəне өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органның орындауы үшін міндетті болып табылады.

7. Апелляциялық комиссияның шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.

8. Қарсылықтар, шағымдар қанағаттандырылған кезде өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган осындай қарсылық, шағым берген қазақстандық тауар өндірушіні осы Заңның 51-1-бабында көзделген кезеңдерден өткізбей тізілімге енгізеді.

 

2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 51-6-баппен толықтырылды (2025 ж. 31 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)

51-6-бап. Тізілімнен шығару

Қазақстандық тауар өндірушіні тізілімнен шығаруды өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган:

1) тізілімді мониторингтеуді жүргізу кезіндегі цифрлық верификация нəтижелері;

2) бағдарламалық қамтылымды өндірушілерді мониторингтеу нəтижелері;

2026.24.06. № 324-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3) қазақстандық тауар өндірушінің тізілімнен шығару туралы өтініші;

2026.24.06. № 324-VIII ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)  

4) осы Заңның 51-4-бабының 1-1-тармағына сәйкес жасалған, тізілімде болу талаптарына сәйкессіздігі туралы іс жүргізуді бағалау актісі негізінде жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес заңды тұлға таратылған немесе қайта құру нысанында қайта ұйымдастыруды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда қазақстандық тауар өндірушіні тізілімнен шығару автоматты түрде жүзеге асырылады.

Қайта ұйымдастыру кезінде жаңадан құрылған заңды тұлға тізілімге қайта енгізу үшін өтінім береді.

Тізілімнен шығарылған қазақстандық тауар өндірушілердің осы Заңның 51-1-бабына сəйкес тізілімге енгізу үшін қайта өтінім беруге құқығы бар.

 

2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 51-7-баппен толықтырылды (2025 ж. 31 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)

51-7-бап. Өндіріс шарттары, өндірістік жəне технологиялық операциялар

1. Мақсаты тауарды алу болып табылатын шикізатты немесе материалды қайта өңдеу, өңдеу, сондай-ақ материалды жинау өндірістік жəне технологиялық операциялар болып табылады.

2. Өндіріс шарттарында бір немесе бірнеше өлшемшарттар:

тауарды шикізаттың жəне (немесе) жиынтықтау материалдарының белгілі бір түрінен өндіру;

өнімді сынақтан өткізу;

нормативтік-техникалық немесе рұқсат беру құжаттарының болуы қамтылуға тиіс.

3. Өндіріс шарттарын, өндірістік жəне технологиялық операцияларды өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган салалық мемлекеттік органдармен келісу бойынша əзірлейді жəне бекітеді.

Салалық мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде өндіріс шарттарын, өндірістік жəне технологиялық операцияларды əзірлеуге қатысады.

Өндіріс шарттарында, өндірістік жəне технологиялық операцияларда Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген өндірістік жəне технологиялық операциялар туралы, сондай-ақ əрбір тауар үшін өндірістік жəне технологиялық операциялардың ең төмен шегі туралы мəліметтер қамтылуға тиіс.

4. Тауар өндірісінің өндіріс шарттарына, өндірістік жəне технологиялық операцияларына өзгерістер жəне (немесе) толықтырулар енгізу кезінде өндірістің бұрын белгіленгеннен гөрі неғұрлым қолайлы шарттарын белгілеуге жол берілмейді.

 

52-бап. Импортты реттеу

Импортты реттеу Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету жөніндегі талаптар ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін импортталатын тауарлардың бағаларына тұрақты мониторинг жүзеге асырылады.