53-бап. Өнеркәсіптік өнімді өндірушілер мен ішкі сауда субъектілерінің өзара іс-қимылы
Жергілікті атқарушы органдар тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде, оның ішінде өнеркәсіптік өнімді өндірушілермен және ішкі сауда субъектілерімен тиісті келісімдер жасасу арқылы сауда қызметіне қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шараларды әзірлейді.
Сауда қызметін реттеу «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
4-тарау. ӨНЕРКӘСІПТІҢ ТИІМДІЛІГІ МЕН БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІН АРТТЫРУ
1-параграф. Өнеркәсіпті дамытудың жүйелі шаралары
54-бап. Еңбек өнімділігін арттыру
Еңбек өнімділігін арттыру мыналар арқылы жүзеге асырылады:
осы Заңның 29-бабында көзделген өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету;
оқыту және кадр әлеуетін арттыру;
өңдеу өнеркәсібін технологиялық дамыту;
осы Заңға сәйкес өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымдары мен ұсыныстары негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де шаралар.
55-бап. Оқыту және кадр әлеуетін арттыру
1. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету экономиканың басым секторлары үшін мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органдар өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері ұсынатын мамандарға деген қажеттілік туралы мәліметтер негізінде экономиканың басым секторлары үшін мамандар даярлау талап етілетін мамандықтар тізбесін айқындау бойынша ұсыныстарды қалыптастырады және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
Білім беру саласындағы уәкілетті орган халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган ұсынатын өнеркәсіптік-инновациялық қызмет бойынша мамандарға деген қажеттілік негізінде экономиканың басым секторлары үшін мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастырады.
Өнеркәсіптің кадр әлеуетін нығайту және өндірістік талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету мақсатында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары білім беру бағдарламаларын жаңартып отыруды жүзеге асырады.
2. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын дуальды оқытуды ұйымдастыру процесіне тартуға жәрдем көрсетеді, оның ішінде дуальды оқыту туралы үшжақты шарттар жасасуға жәрдемдеседі.
56-бап. Өңдеу өнеркәсібін технологиялық дамыту
1. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары мен оның жоғары технологиялық салаларының технологиялық даму деңгейін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 23-1-тарауына сәйкес технологиялық тұғырнамалар мен технологиялық құзыреттердің салалық орталықтары құрылады.
2. Технологиялық тұғырнама өңдеу өнеркәсібін технологиялық дамыту мақсатында өзара байланысты және өзара толықтырылатын білім беру, ғылыми және өнеркәсіптік-инновациялық инфрақұрылымның элементтерінен, технологияларды генерациялау мен жетілдірудің, кадрлар даярлаудың, инновациялық жобаларды іске асырудың үздіксіз процесін қамтамасыз ету үшін қажетті ғылыми, ғылыми-техникалық, инновациялық және өнеркәсіптік қызмет субъектілерінен және (немесе) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, ғылыми ұйымдардың, білім беру ұйымдарының, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының коммуникация жасауына және оларды нарыққа бағдарланған үйлестіруге арналған құралдардан тұратын кешенді білдіреді.
3. Технологиялық құзыреттердің салалық орталықтары өңдеу өнеркәсібін кешенді технологиялық дамыту пайымын тұжырымдау үшін өзіне тиісті білімді, шеберліктерді, дағдылар мен тәжірибені шоғырландыруға, сондай-ақ салалық және салааралық сипаттағы тиісті құзыреттері бар сарапшыларды тарту арқылы оны іске асырудың институционалдық жадын қамтамасыз етуге тиіс.
4. 2025.27.09. № 220-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2025 ж. 11 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Өңдеу өнеркәсібін технологиялық дамыту мақсаттары үшін осы бапта көзделгеннен бөлек, өнеркәсіптің цифрлық трансформациясын ынталандыру, Индустрия 4.0 мен цифрлық технологияларды ендіру жүзеге асырылады.
57-бап. Өнеркәсіптегі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру
Өнеркәсіптегі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында, сондай-ақ өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерін технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету үшін өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерінің ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге деген қажеттіліктері туралы ақпарат жинауды жүзеге асырады. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган көрсетілген ақпаратты ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді жүзеге асыру үшін ғылыми ұйымдарды тарту мақсатында ғылым саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында және мерзімді баспасөз басылымдарында орналастыру үшін жібереді.
58-бап. Өңдеу өнеркәсібінің өнімін техникалық реттеу және стандарттау
1. Техникалық реттеу және стандарттау жүйесі өнеркәсіптік өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету, саудадағы техникалық кедергілерді жою және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру құралы болып табылады.
2. Өнеркәсіптік саясаттың техникалық реттеу және стандарттау саласындағы басымдықтары мыналар болып табылады:
1) өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің ғылыми-техникалық әлеуетін пайдалануды жақсарту;
2) өндірілетін тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
3) саудадағы бар кедергілерді алып тастау;
4) халықаралық сауданы жүзеге асыру кезінде шығындарды төмендету;
5) өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жаңа нарықтарға шығуы және игерілген нарықтардағы жағдайды нығайту.
59-бап. Өнеркәсіпке инвестицияларды тарту
Өнеркәсіпке инвестицияларды тарту шеңберінде мемлекеттік органдар мен ұйымдар өз құзыреті шегінде мыналарды жүзеге асырады:
1) әлеуетті инвесторларды, оның ішінде шетелдік инвесторларды өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыруға қатысуға тарту мақсатында оларды іздестіру және олармен келіссөздер жүргізу;
2) өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін инвестициялық тақырып бойынша бизнес-форумдарға, конференциялар мен семинарларға қатысуға тарту;
3) бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде шетелдегі мекемелер арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдік дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктер мен консулдық мекемелер арқылы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында өнеркәсіптік-инновациялық жобалар туралы ақпарат тарату;
4) жұмыс істеп жүрген инвесторларды қайта инвестициялауды жүзеге асыруға ынталандыру;
5) бірлескен өндірістерді құру үшін инвесторларды, оның ішінде шетелдік инвесторларды тарту;
6) қосылған құнның жаһандық тізбектеріне кіру үшін трансұлттық корпорацияларды тарту.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 60-бап жаңа редакцияда (2024 ж. 9 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
60-бап. Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету
1. Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету отандық шикізат тауарын өндірушілер, өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындары мен өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган арасында жасалатын өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімдер негізінде жүзеге асырылады.
Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі үлгілік келісімнің нысанын өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган бекітеді.
Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету тəртібі өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидалармен регламенттеледі.
Осы баптың мақсаттары үшін отандық шикізат деп Қазақстан Республикасында өндірілген, өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган бекітетін отандық шикізат тауарларының тізбесіне енгізілген тауарлар түсініледі.
Отандық шикізат тауарларының тізбесінде:
отандық шикізат тауарының;
отандық шикізат тауарын өндірушілердің атаулары қамтылады.
2. Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындары отандық шикізат тауарларының тізбесін қалыптастыру үшін өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларға сəйкес өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органға өтінімдер береді.
3. Өңдеу өнеркəсібі кəсіпорындарының өтінімдерін қабылдаудан бас тартуға:
толық емес құжаттар топтамасы;
қажетті отандық шикізатты өндірушілердің Қазақстан Республикасында болмауы негіз болып табылады.
4. Отандық шикізат тауарын өндірушілер:
Қазақстан Республикасының аумағында қызметін үш жылдан аз жүзеге асыратын кəсіпорындар деп түсінілетін жаңа өндірістерді;
өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларда айқындалатын шикізат тауары өндірісінің шағын көлемін өндірушілерді қоспағанда, отандық шикізат тауарларының тізбесіне енгізіледі.
5. Отандық шикізат тауарын өндірушілер өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету үлесін елдегі шикізат тауарын өндірудің жалпы көлеміндегі шикізат тауарын өндірушінің өндіріс көлемінің үлесін негізге ала отырып айқындайды.
6. Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде келісімдер жасасу отандық шикізат тауарларының тізбесіне енгізілген отандық шикізат тауарын өндірушілер үшін міндетті болып табылады.
7. Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімдер ерекше бəсекеге қабілетті баға белгілеу шарттарымен жасалады, бірақ отандық шикізат тауарын нақты өндірушінің осы шикізат түрі экспортының ең төмен бағасынан жоғары болмауы керек.
8. Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындары отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімдерді жасасу кезінде өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларға сəйкес міндеттемелерді, оның ішінде:
отандық шикізатты өңдеп жасауды ұлғайту;
өндірушіден алынған отандық шикізат тауарын үшінші тұлғаларға өткізуге тыйым салу міндеттемелерін қабылдайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің екінші абзацында белгіленген міндеттемелерді орындау жəне мониторингтеу тəртібі өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидалармен регламенттеледі.
Өңдеу өнеркəсібі кəсіпорындарының осы тармақта белгіленген тыйымды бұзуы өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі тиісті келісімді бұзуға жəне мұндай келісімдерге қатысуға тыйым салуға алып келеді.
9. Отандық шикізат тауарларының тізбесіне енгізілген отандық шикізатты Қазақстан Республикасының аумағынан əкетуге өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган беретін лицензиялар негізінде жол беріледі.
Лицензияларды беру отандық шикізат тауарын өндіруші осы Заңға сəйкес өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындаған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Бұл ретте лицензия алудың алдындағы кезеңде өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімдерді жасасу жəне өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі жасалған келісімдер шеңберінде міндеттемелерді орындау өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелердің орындалуы болып табылады.
10. Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімдердің орындалуын мониторингтеу өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларға сəйкес жүргізіледі.
2026.24.06. № 324-VIII ҚР Заңымен 60-1-баппен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
60-1-бап. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын қайталама ресурстармен қамтамасыз ету
1. Мемлекет Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын қайталама ресурстар ретінде түсті және қара металдардың сынықтарымен және қалдықтарымен қамтамасыз етуге жәрдемдеседі.
2. Түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес рұқсат негізінде жүзеге асырады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талабы заңды тұлғалардың өз өндірісі барысында және құрамында түсті және (немесе) қара металдардың сынықтары және (немесе) қалдықтары болған мүліктік кешенді сатып алу нәтижесінде пайда болған түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын өткізуі кезіндегі қызметіне қолданылмайды. Аталған заңды тұлғалар түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған заңды тұлғаларға өткізеді.
3. Түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар:
1) қабылдау пункттерін тұрғын аймақтардың және жеке қоғамдық ғимараттардың шекараларынан қауіпсіз (кемінде тоғыз метр) қашықтықта орналастыруға;
2) түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын өткізу мақсатында тек заңды тұлғаның немесе оның филиалдарының өндірістік базасының аумағынан тиеп жөнелтуге;
3) түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын сатып алу-сату шарты және (немесе) қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын қабылдау туралы жүкқұжат негізінде қабылдауға;
4) түсті және (немесе) қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын өткізуді жүзеге асыратын тұлғаларға Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасында айқындалатын тәртіппен ақы төлеуге тиіс.
4. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаларды, шаруа немесе фермер қожалықтарын қоспағанда, жай серіктестіктен немесе жеке тұлғалардан рельстерді, теміржол төсемінің және жылжымалы құрамның элементтерін, кәріз құдықтарының қақпақтарын қабылдауға тыйым салынады.
61-бап. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етудің өзге де тәсілдері
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өзара тиімді шарттармен өнімді қарсы беру мәселелері бойынша шет мемлекеттердің үкіметтерімен келіссөздер жүргізеді.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтерімен мемлекеттік тапсырысты не мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты іске асыратын өңдеу өнеркәсібінің отандық кәсіпорындарын мүше мемлекеттердің ішкі бағасы бойынша шикізатпен қамтамасыз ету мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізеді.
2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 61-1-баппен толықтырылды (2025 ж. 20 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
61-1-бап. Елішілік құндылықты дамыту
1. Ірі тапсырыс берушілер елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын əзірлеу, келісу, бекіту, іске асыру жəне мониторингтеу қағидаларына жəне олардың үлгілік нысанына сəйкес елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын əзірлеуге, бекітуге жəне іске асыруға міндетті.
2. Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын, кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сəйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіру құқығына ие жер қойнауын пайдаланушылар өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша үш жылдан басталатын мерзімге əзірлейді жəне бекітеді.
Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша үш жылдан басталатын мерзімге əзірлейді жəне бекітеді.
Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын қуаты аз табиғи монополиялар субъектілерін қоспағанда, табиғи монополиялар субъектілері өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органмен, сондай-ақ табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісу бойынша үш жылдан басталатын мерзімге əзірлейді жəне бекітеді.
Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын жүйе құраушы кəсіпорындар өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша үш жылдан басталатын мерзімге əзірлейді жəне бекітеді.
Тиісті мемлекеттік органдардың елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын келісуден бас тартуына негіздер:
1) тауарларды сатып алудағы елішілік құндылық үлесі бойынша төмендетілген нысаналы индикаторлар;
2026.24.06. № 324-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) өнеркəсіптік-инновациялық қызмет субъектілері өтінімдерінің санын ескере отырып, өнеркəсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау, жасасу және орындау бойынша сай келмейтін индикаторлар;
3) шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамыту жөніндегі іс-шаралардың болмауы.
3. Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларында мынадай бағыттар көзделеді:
1) тауарларды сатып алудағы елішілік құндылық үлесін арттыру;
2) өнеркəсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау, жасасу жəне орындау;
3) шағын жəне орта кəсіпкерлік субъектілерін дамыту;
2026.24.06. № 324-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларының əрбір бағыты бойынша ірі тапсырыс берушілердің нақты іс-қимылдары, оларды орындау бойынша индикаторлар, сондай-ақ осындай субъектілерге қатысты Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексінде айқындалатын жеке кəсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары жəне нақты нысаналы көрсеткіштері бар өзге де іс-шаралар қамтылатын іс-шаралар жоспарлары көзделеді.
5. Елішілік құндылықты дамыту бағдарламасының іске асырылуын мониторингтеу мақсатында ірі тапсырыс берушілер елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын əзірлеу, келісу, бекіту, іске асыру жəне мониторингтеу қағидаларына жəне олардың үлгілік нысанына сəйкес олардың іске асырылуы туралы ақпарат береді.
Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларының іске асырылуын мониторингтеуді өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын əзірлеу, келісу, бекіту, іске асыру жəне мониторингтеу қағидаларына жəне олардың үлгілік нысанына сəйкес жүзеге асырады.
6. Осы бапта белгіленген міндеттемелерді орындалған деп тану тəртібі елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын əзірлеу, келісу, бекіту, іске асыру жəне мониторингтеу қағидаларына жəне олардың үлгілік нысанына сəйкес айқындалады.
Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын орындамау, мұндай орындамау ірі тапсырыс берушінің кінəсінан болмаған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
2-параграф. Өнеркәсіп салаларын дамыту
62-бап. Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім
2025.18.07. № 215-VIIІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Көлік құралдары және (немесе) олардың құрамдастары, ауыл шаруашылығы техникасы және (немесе) оның құрамдастары өндірісінің дамуын ынталандыру мақсатында өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларымен үлгілік нысандарға сәйкес көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім, ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім, көлік құралдарына және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасына құрамдастарды өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасады.
Өнеркәсіптік құрастыру туралы жасалған келісімнің болуы осы Заңның 42-1-бабына сәйкес арнайы инвестициялық келісімшарт жасасқан көлік құралдарын және (немесе) олардың құрамдастарын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын және (немесе) оның құрамдастарын өндірушілерге инвестициялық преференциялар беру үшін негіз болып табылады. Өнеркәсіптік құрастыру туралы жасалған келісім шеңберінде көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасын, сондай-ақ олардың құрамдастарын өндірушілер үшін осы Заңның 27-бабына сәйкес қарсы міндеттемелер көзделеді.
2. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген келісімдердің бірін жасасу Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының көлік құралдарын және (немесе) олардың құрамдастарын, ауыл шаруашылығы техникасын және (немесе) оның құрамдастарын өндіру саласында өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектісі болып табылатынын растау болып табылады.
3. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген келісімдерді жасасу үшін белгіленген шарттардың және келісімдерде айқындалған талаптардың сақталуын бақылау мақсатында өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының келісімдерді жасасу шарттарына сәйкестігін және осындай келісімдер шеңберінде ол қабылдаған міндеттемелердің орындалуын тексеруді жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде санамаланған келісімдердің бірінің талаптарын орындамауы немесе тиісінше орындамауы бөлігінде бұзушылықтар анықталған жағдайда, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган анықталған бұзушылықтар хабарлама жіберілген кезден бастап үш ай мерзімде жойылмаған кезде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес келісімді біржақты тәртіппен бұзады.
5. Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан және көлік құралдарын өндірушілер немесе өндірушілердің уәкілетті өкілдері болып табылатын өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілері өндірушінің бастамасы бойынша және Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарына сервистік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында техникалық жағынан күрделі тауарды (бұйымды) кері қайтарып алуды жүзеге асыруға құқылы.
Осы тармақты қолдану мақсаттары үшін техникалық жағынан күрделі тауарды (бұйымды) кері қайтарып алу деп техникалық жағынан күрделі тауарлар (бұйымдар) шығарылғаннан кейін олардың белгілі бір топтамасынан табылған кемшілікті немесе зауыттық ақауды жою үшін не техникалық жағынан күрделі тауарлардың (бұйымдардың) сипаттамаларын жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндірушінің немесе оның уәкілетті өкілінің бастамасы бойынша және есебінен жүргізілетін, сатып алушыларды құлақтандыруды және өзіне берілген техникалық жағынан күрделі тауарларды (бұйымдарды) жөндеуді қамтитын кері қайтарып алу науқаны түсініледі.
6. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген келісімдер Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының келісім талаптарын орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты келісім бұзылған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметі бірыңғай тауар номенклатурасының (бұдан әрі - СЭҚ ТН) тиісті коды бойынша келісім жасалған күннен бастап берілген жеңілдіктерді өтеу бойынша осы заңды тұлғаның міндеттемелерін қамтиды.
Ескертпелер. Осы параграфтың мақсаттары үшін:
көлік құралы деп, ауыл шаруашылығы техникасын қоспағанда, адамдарды, жүктерді немесе оған орнатылған жабдықты тасымалдауға арналған құрылғы, оның ішінде техникалық жағынан күрделі тауар (бұйым) түсініледі;
ауыл шаруашылығы техникасы деп жекелеген операцияларды немесе технологиялық процестерді механикаландыру және автоматтандыру арқылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыруға арналған техникалық құрал, оның ішінде техникалық жағынан күрделі тауар (бұйым) түсініледі;
көлік құралына құрауыш деп көлік құралы конструкциясының құрамдас бөлігі, бөлшек, торап, жиынтықтаушы бұйым, материал, химиялық, лак-бояу өнімі және көлік құралын өндіру үшін қажетті өзге де жиынтықтауыштар түсініледі;
ауыл шаруашылығы техникасына құрауыш деп ауыл шаруашылығы техникасы конструкциясының құрамдас бөлігі, бөлшек, торап, жиынтықтаушы бұйым, материал, химиялық, лак-бояу өнімі және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру үшін қажетті өзге де жиынтықтауыштар түсініледі.