Адвокаттардың кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шартын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 1455 бұйрығы
(2019.08.11. берілген өзгерістермен)
«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабы 19) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Беріліп отырған Адвокаттардың кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шарты бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.