Қазақстан Республикасының 2025 жылы 18 сәуірдегі 214-VIII Салық Кодексі

Предыдущая страница

Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға осындай тұлға тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш берген күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде бейрезиденттің тұрақты мекемесі тұрған жеріндегі салық органына осындай тұрақты мекеменің шетелдік резидент-заңды тұлғаға құқықтары мен міндеттерін бергені туралы хабарлауға міндетті.

3. Бейрезидент-заңды тұлға салық төлеуші шетелдік резидент-заңды тұлға ретінде тіркеу есебіне қойылған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде бейрезидент тұрақты мекеме салық органына:

1) тұрақты мекеме арқылы қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішті;

2) таратудың салық есептілігін;

3) беру актісін ұсынуға міндетті.

4. Құқықтары мен міндеттерін шетелдік резидент-заңды тұлғаға беретін бейрезидент-тұрақты мекеменің салықтық міндеттемесін орындау шетелдік резидент заңды тұлғаға жүктеледі.

5. Бейрезиденттің тұрақты мекемесінің құқықтары мен міндеттерін шетелдік резидент-заңды тұлғаға беруі құқық мирасқорының салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша салықтық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгертуге негіз болып табылмайды.

6. Бейрезиденттің тұрақты мекемесінің салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің жəне өсімпұлдардың, айыппұлдардың артық (қате) төлеген сомалары, сондай-ақ кедендік баждардың, кедендік алымдардың, салықтар мен өсімпұлдардың артық төленген жəне (немесе) артық өндіріп алынған сомалары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен жəне шарттар ескеріле отырып, осындай тұрақты мекеменің берешегін өтеу есебіне есепке жатқызуға, ал қалған бөлігі шетелдік резидент-заңды тұлғаға қайтарылуға жатады.

7. Мұндай тұрақты мекемені бейрезиденттің тіркеу есебінен шығару тұрақты мекеме арқылы құрылымдық бөлімше ашпай қызметін тоқтату деп танылады.

Салық органы осы баптың 3-тармағында көрсетілген бейрезиденттің тұрақты мекемесінің құжаттарын алғаннан кейін жеке шоты бойынша сальдоны шетелдік резидент-заңды тұлғаның тұрған жеріндегі салық органына береді.

 

79-бап. Салықтық міндеттемені тоқтату негіздері

1. Заңды тұлғаның салықтық міндеттемесі:

1) мұндай тұлға таратылғаннан;

2) мұндай тұлға қосылу (қосылған заңды тұлғаға қатысты), бірігу жəне бөліну жолымен қайта ұйымдастырылғаннан кейін тоқтатылады.

2. Дара кəсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның салықтық міндеттемесі мұндай адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тəртіппен қызметін тоқтатқаннан кейін тоқтатылады.

3. Жеке тұлғаның салықтық міндеттемесі ол қайтыс болған немесе осы Кодекстің 73-бабының ережелері ескеріле отырып заңды күшіне енген сот актісінің негізінде қайтыс болды деп жарияланған жағдайда тоқтатылады.

 

 

4-параграф. Салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету

 

80-бап. Салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етуге байланысты алдын ала шаралар

Салық органы осы Кодексте көзделген жағдайларда салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тəсілдері қолданылғанға дейін салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ететін алдын ала шараларды:

1) салық органының хабархаттарын;

2) салық органының ақпараттық-ескертпелік сипаттағы хабарламаларын;

3) салық органының міндетті сипаттағы хабарламаларын ұсыну арқылы жүзеге асырады.

 

81-бап. Салық органының хабархаттары

1. Салық органы салық төлеушіні (салық агентін):

1) салықтық берешектің шекті мөлшерінен аспайтын сомада салықтық берешектің бар екендігі туралы хабардар етеді.

Осы тармақшаның мақсатында салық төлеуші (салық агенті) деп заңды тұлға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі, қызметін Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент, дара кəсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам түсініледі;

2) тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау жəне қызметтерді көрсету бойынша айналымның іс жүзінде жасалғанын растау туралы хабарламасы орындалмаған деп танылған салық төлеушімен өзара есеп айырысу жасау туралы;

3) тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау жəне қызметтерді көрсету бойынша айналымның іс жүзінде жасалғанын растау туралы хабарламасы орындалмаған деп танылған салық төлеушімен өзара есеп айырысу жасалғаны туралы хабардар етеді.

2. Салық органы салықтық берешектің бар екендігі туралы хабархатты салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық берешектің шекті мөлшерінен аспайтын сомада салықтық берешегі түзілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады.

3. Осы баптың 1-тармағының 2) жəне 3) тармақшаларында көрсетілген хабархаттар осы Кодекстің 82-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген хабарламада көрсетілген электрондық шот-фактура бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беруші немесе алушы болып табылатын салық төлеушінің контрагентіне салық төлеушілерге электрондық шот-фактуралар жазып беру тоқтатыла тұрған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде ұсынылады.

Мұндай хабархаттарда көрсетілген электрондық шот-фактуралар туралы мəліметтер қамтылады.

 

82-бап. Салық органының ақпараттық-ескертпелік сипаттағы хабарламалары

1. Салық органының ақпараттық-ескертпелік сипаттағы хабарламаларына мыналар жатады:

1) есептелген мүлік салығының сомасы туралы хабарлама.

Есептелген мүлік салығының сомасы туралы хабарламада есептелген салықтың сомасы жəне салықтық міндеттемені орындаудың шекті мерзімі туралы мəліметтер қамтылады.

Есептелген мүлік салығының сомасы туралы хабарламаны салық төлеушіге (салық агентіне) есептелген салық сомасын жəне салықтық міндеттемені орындаудың шекті мерзімін көрсете отырып, салық органы мүлік салығы есептелген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады;

2) салық органы есептеген салықтардың жəне (немесе) төлемақылардың сомасы туралы хабарлама.

Салық органы есептеген салықтардың жəне (немесе) төлемақылардың сомасы туралы хабарламада мүлік салығынан басқа, есептелген салықтардың, төлемақылардың сомасы жəне салықтық міндеттемені орындаудың шекті мерзімі туралы мəліметтер қамтылады.

Салық органы есептеген салықтардың жəне (немесе) төлемақылардың сомасы туралы хабарламаны салық органы салықтардың жəне (немесе) төлемақылардың сомасын жəне салықтық міндеттемені орындаудың шекті мерзімін көрсете отырып, құзыреті шегінде уəкілетті мемлекеттік органдардан салықтар жəне (немесе) төлемдер алынған мəліметтердің негізінде салық төлеушіге (салық агентіне) есептеген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады;

3) қоршаған ортаға теріс əсер еткені үшін есептелген төлем сомасы туралы хабарлама.

Қоршаған ортаға теріс əсер еткені үшін төлемақының есепке жазылған сомасы туралы хабарламада есепке жазылған төлемақы сомасы жəне салықтық міндеттемені орындаудың шекті мерзімі туралы мəліметтер қамтылады.

Қоршаған ортаға теріс əсер еткені үшін төлемақының есепке жазылған сомасы туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті органнан төлемақының есепке жазылған сомасы туралы мəліметтерді жəне оның аумақтық бөлімшелерінен қоршаған ортаға теріс əсер етудің нақты көлемдері туралы мəліметтерді алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады;

4) камералдық бақылау нəтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама.

Камералдық бақылау нəтижелері бойынша алшақтықтар туралы хабарламада анықталған алшақтықтардың сипаттамасы жəне оларды салық төлеушінің (салық агентінің) өз бетінше жоюы немесе түсініктеме беруі үшін осы алшақтықтар анықталған кезең қамтылады.

Камералдық бақылау нəтижелері бойынша алшақтықтар туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) камералдық бақылау аяқталған күннен кейінгі отыз жұмыс күні ішінде ұсынылады;

5) тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау жəне қызметтерді көрсету бойынша айналымның іс жүзінде жасалғанын растау туралы хабарлама.

Тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау жəне қызметтерді көрсету бойынша айналымның іс жүзінде жасалғанын растау туралы хабарламада оларды салық төлеушінің (салық агентінің) өз бетінше жоюы немесе осындай айналымның іс жүзінде жасалғанын растайтын түсініктеме беру үшін олардың іс жүзінде жасалғанына салық органында күмəн болатын тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау жəне қызметтерді көрсету жөніндегі операциялардың сипаттамасы жəне олар жасалған кезең қамтылады.

Тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау жəне қызметтерді көрсету бойынша айналымның іс жүзінде жасалғанын растау туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) олардың нақты жасалғанына салық органында күмəн болатын тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау жəне қызметтерді көрсету жөніндегі операциялар анықталған күннен кейінгі отыз жұмыс күні ішінде ұсынылады;

6) салық органында тіркеу есебіне қою туралы хабарлама.

Салық органында тіркеу есебіне қою туралы хабарламада салық төлеушінің (салық агентінің) дербес салықтық тіркелуі немесе түсініктеме беруі үшін салықтық тіркеу талаптарының бұзылу белгілерінің сипаттамасы жəне осындай белгілердің туындау кезеңі қамтылады.

Салық органында тіркеу есебіне қою туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тіркеу талаптарын сақтау мониторингінің қорытындылары бойынша ұсынылады;

7) оңайлатылған тəртіппен қайтаруға расталған қосылған құн салығының асып кету сомасы туралы хабарлама.

Оңайлатылған тəртіппен қайтаруға расталған қосылған құн салығының асып кету сомасы туралы хабарламада қайтаруға расталған қосылған құн салығының асып кету сомасы туралы мəліметтер қамтылады жəне ол қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтаруға салықтық өтініш беру қажеттілігі туралы хабардар етеді.

Оңайлатылған тəртіппен қайтаруға расталған қосылған құн салығының асып кеткен сомасы туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару туралы талап ұсынылған күннен кейінгі екі жұмыс күні ішінде ұсынылады;

8) тауарларды əкелу жəне жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті алу туралы хабарлама.

Тауарларды əкелу жəне жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті алу туралы хабарлама салық төлеушілері тауарларды импорттаған ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің салық органдарынан тауарларды əкелу жəне жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті электрондық алған жағдайда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге тауарларды экспорттауды жүзеге асырған Қазақстан Республикасының салық төлеушісіне ұсынылады.

Тауарларды əкелу жəне жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті алу туралы хабарлама осындай өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде ұсынылады.

2. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, ақпараттық-ескертпелік сипаттағы хабарламаларды орындау мерзімі тапсырылған күннен кейінгі отыз жұмыс күнін құрайды.

Тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау жəне қызметтерді көрсету бойынша айналымның нақты жасалғанын растау туралы хабарламаны орындау мерзімі табыс етілген күннен кейінгі он жұмыс күнін құрайды.

Оңайлатылған тəртіппен қайтаруға расталған қосылған құн салығының асып кету сомасы туралы жəне тауарларды əкелу жəне жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті алу туралы хабарламалардың орындалу мерзімі болмайды.

 

83-бап. Салық органының міндетті сипаттағы хабарламалары

1. Салық органының міндетті сипаттағы хабарламаларына мыналар жатады:

1) салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарлама.

Салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тексеру актісі табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей, жүргізілген салықтық тексеру қорытындылары бойынша салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің сомаларын есепке жазуға, залалдардың азаюына, қосылған құн салығының жəне (немесе) бейрезиденттердің кірістерінен төлем көзінен ұсталатын корпоративтік (жеке) табыс салығының асып кеткен сомаларын қайтаруды растамауға алып келетін бұзушылықтар анықталған кезде ұсынылады;

2) салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаға шағымын қарау нəтижелері туралы хабарлама.

Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаға шағымын қарау нəтижелері туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тексеру нəтижелері туралы шағым жасалған хабарламаның күші жойылған жағдайда шағымды қарау нəтижелері бойынша шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады;

3) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы хабарлама.

Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы хабарлама осы Кодексте белгіленген талаптарды сақтамау фактілері анықталған кезде салық органы Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды анықтаған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей салық төлеушіге (салық агентіне) ұсынылады;

4) тарату кезеңінде есепке жазылған сомалар туралы хабарлама.

Тарату кезеңінде есепке жазылған сомалар туралы хабарламада тарату кезеңінде есептелген салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің жəне əлеуметтік төлемдердің сомасы жəне салықтық міндеттемені орындаудың шекті мерзімі туралы мəліметтер қамтылады.

Тарату кезеңінде есепке жазылған сомалар туралы хабарлама таратылатын салық төлеушіге (салық агентіне) таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді жəне əлеуметтік төлемдерді есептеу жəне төлеу жөніндегі міндеттемелерді салықтық əкімшілендіру аяқталған күнге дейінгі кезең ішінде туындаған кезде таратудың салықтық тексеруі актісі табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады;

5) салық төлеушінің тұрған жерін (оның жоқ екенін) растау туралы хабарлама.

Салық төлеушінің орналасқан жерін (жоқ болғанын) растау туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) тіркеу деректерінде көрсетілген, салықтық зерттеп-қарау кезінде салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жерінде болмауы кезінде салықтық зерттеп-қарау актісі жасалған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде ұсынылады;

6) салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама.

Салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) заңды тұлғада, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінде, қызметін Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентте, дара кəсіпкерде, жеке практикамен айналысатын адамда салықтық берешектің шекті мөлшерінен асатын сомада салықтық берешек пайда болған күннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынылады;

7) дебиторлық берешекті растау туралы хабарлама.

Дебиторлық берешекті растау туралы хабарлама салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешегін өтемеген кезде салық төлеушінің (салық агентінің) дебиторына оның банктік шоттарындағы ақша есебінен мəжбүрлеп өндіріп алу шаралары қабылданғаннан кейін өндіріп алу қолданылғанға дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады;

8) жеке тұлғалардың салықтық берешегін өтеу туралы хабарлама.

Жеке тұлғада кəсіпкерлік қызметті жəне жеке практиканы жүзеге асыруға байланысты емес салықтық міндеттемелер бойынша салықтық берешек қалыптасқан кезде салық төлеушіге жеке тұлғалардың салықтық берешегін өтеу туралы хабарлама беріледі.

Жеке тұлғалардың салықтық берешегін өтеу туралы хабарлама салық төлеушіге салықтық берешек түзілген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады.

2. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, міндетті сипаттағы хабарламаларды орындау мерзімі табыс етілген күннен кейінгі отыз жұмыс күнін құрайды.

Мыналар:

1) салықтық берешекті өтеу туралы хабарламаны орындау мерзімі - табыс етілген күннен кейінгі он жұмыс күнін құрайды;

2) дебиторлық берешекті растау туралы хабарламаны орындау мерзімі - табыс етілген күннен кейінгі жиырма жұмыс күнін құрайды;

3) салық төлеушінің орналасқан жерін (жоқ болғанын) растау туралы хабарламаны орындау мерзімі табыс етілген күннен кейінгі жиырма жұмыс күнін құрайды.

 

84-бап. Салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету

1. Салық органы осы Кодексте айқындалған жағдайларда салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тəсілдерін (бұдан əрі - қамтамасыз ету тəсілі) қолданады.

2. Қамтамасыз ету тəсілдері - салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық міндеттемені тиісінше орындауын ынталандыратын мүліктік жəне (немесе) шектеу сипатындағы шаралар.

3. Мыналар қамтамасыз ету тəсілдері болып табылады:

1) өсімпұлдарды есепке жазу;

2) шығыс операцияларын тоқтата тұру;

3) мүлікке билік етуді шектеу;

4) электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұру;

5) қызметін Қазақстан Республикасының аумағында интернет-алаң арқылы жүзеге асыратын шетелдік компанияның интернет-ресурстарына жəне (немесе) интернет-алаңына қолжетімділікті шектеу (бұдан əрі - интернет-ресурстарға жəне (немесе) интернет алаңға қолжетімділікті шектеу).

4. Осы баптың 3-тармағының 2) жəне 3) тармақшаларында көрсетілген қамтамасыз ету тəсілдерінің:

1) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген сомалар бөлігінде салық төлеушіні банкрот деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап;

2) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген сомалар бөлігінде оңалту рəсімінің жоспарын бекіту туралы келісімді сот бекіткен күннен бастап;

3) берешекті қайта құрылымдау туралы келісімге енгізілген сомалар бөлігінде осындай келісімді бекіту туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап;

4) қаржы нарығын жəне қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті орган Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалын, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалын банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап;

5) екінші деңгейдегі банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мəжбүрлеп тарату туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап;

6) осы Кодекстің 86-бабының 7-тармағында жəне 87-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда күші жойылуға тиіс.

5. Осы баптың 3-тармағының 1), 2) жəне 4) тармақшаларында көрсетілген қамтамасыз ету тəсілдерін қолдану:

1) салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаға уəкілетті органға шағым жасалған жағдайда:

уəкілетті орган шағымды қарау нəтижелері бойынша шешім шығарғанға дейін;

шағымды қарау нəтижелері бойынша қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім шығарылған сəттен бастап он бес жұмыс күніне;

2) салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаға сотқа шағым жасалған жағдайда шағымды қарау нəтижелері бойынша шешім заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.

 

85-бап. Өсімпұлдар

1. Өсімпұлдар басқа да қамтамасыз ету тəсілдерінің, мəжбүрлеп өндіріп алу шараларының жəне Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзғаны үшін өзге де жауаптылық шараларының қолданылатынына қарамастан, есепке жазылады.

2. Банк ұйымына өсімпұлдар:

1) банктік шоттардан сомаларды есептен шығару кезектілігін сақтамағаны;

2) оларды бюджетке аудармағаны (есепке жатқызбағаны);

3) бюджетке:

салық төлеушілердің (салық агенттерінің) банктік шоттарынан есептен шығарылған сомаларды;

салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді, оның ішінде олар бойынша аванстық жəне (немесе) ағымдағы төлемдерді, өсімпұлдарды, айыппұлдарды төлеу есебіне банк ұйымының кассаларына енгізілген қолма-қол ақшаны;

есепке жазылған банктік сыйақыларды уақтылы аудармағаны үшін есепке жазылады.

3. Өсімпұлдар мыналарға:

1) егер салықтық берешектің пайда болуының жалғыз себебі дебитордың таратылуы немесе қызметін тоқтатуы болып табылса, мəжбүрлеп таратылатын екінші деңгейдегі банктің немесе қызметі тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының кредиторына - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті орган лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап;

2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзу анықталған күнтізбелік жылға дейінгі бес салықтық кезеңнің алдындағы кезең үшін үстеме пайдаға салынатын салық бойынша;

3) салық органы тиісті салықтық кезең үшін осы салықты төлеу мерзімінен кейін жеке тұлғалардан мүлік пен көлік құралдарына салынатын салықтардың есептелген сомаларын есептеген немесе қайта қараған кезде;

4) жарияланған акцияларды мəжбүрлеп шығару кезінде - жарияланған акцияларды мəжбүрлеп шығару туралы сотқа талап арыз берілген күннен бастап жəне оларды орналастыру аяқталғанға дейін;

5) жеке тұлға хабарсыз кеткен деп танылған кезде - оны хабарсыз кеткен деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап;

6) «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жəне банкроттығы туралы» немесе «Оңалту жəне банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес төлем қабілетін қалпына келтіру рəсімін немесе сот арқылы банкроттығын немесе банкроттықты немесе оңалтуды қолдану туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған кезде - сот кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген сома бөлігінде тиісті сот актісі шығарылған күннен бастап;

7) берешекті қайта құрылымдау рəсімін қолдану кезінде - берешекті қайта құрылымдау туралы келісімге енгізілген сома бөлігінде осындай рəсімді қолдану туралы сот актісі шығарылған күннен бастап;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес енгізілген төтенше жағдай жəне (немесе) жарияланған төтенше жағдай кезеңінде;

9) бұрын белгісіз мəн-жайларды анықтауды қоспағанда, алынған алдын ала түсіндірмеге сəйкес салықтық міндеттемелерін орындауы нəтижесінде деңгейлес мониторингтеуге қатысушы Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзған кезде туындаған, есептелген (есепке жазылған) салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер сомасына есепке жазылмайды.

Осы тармақшаның бірінші бөлігінің мақсаттары үшін бұрын белгісіз мəн-жайлар деп деңгейлес мониторингке қатысушының сұрау салуы бойынша берілген алдын ала түсіндірмеде көрсетілген уəкілетті органның ұстанымына əсер ететін:

1) көрсетілген сұрау салуда;

2) уəкілетті органға немесе оның лауазымды адамдарына осындай сұрау салуды қарау шеңберінде берілген салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша түсіндірмелерінде бұған дейін уəкілетті органның назарына жеткізілмеген мəн-жайлар танылады.

4. Өсімпұлдарды есепке жазу мынадай жағдайларда:

1) салық төлеушіні банкрот деп танудан немесе оған қатысты оңалту рəсімін немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рəсімін қолданудан бас тарту туралы сот актісі заңды күшіне енген жағдайда - тиісті іс жүргізуді қозғау туралы сот актісі шығарылған күннен бастап;

2) салық төлеуші берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасаспаған не мұндай келісімді бекітуден бас тарту туралы сот актісі шығарылған жағдайда - берешекті қайта құрылымдау рəсімін қолдану туралы сот актісі қабылданған күннен бастап;

3) жеке тұлғаны хабарсыз кеткен деп тану туралы сот актісінің күші жойылған кезде - жеке тұлғаны хабарсыз кеткен деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап қайта басталады.

 

86-бап. Шығыс операцияларын тоқтата тұру

1. Шығыс операцияларын тоқтата тұру салық органының салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары жəне (немесе) кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығаруы арқылы жүргізіледі.

2. Банктік шоттар (корреспонденттік шоттарды қоспағанда) бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру мынадай жағдайларда:

1) салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешектің шекті мөлшерінен асатын сомадағы салықтық берешекті өтемеген;

2) салық органында тіркеу есебіне қою туралы хабарлама орындалмаған;

3) салық органының лауазымды адамдарының осы Кодексте белгіленген салықтық тексеру жүргізу тəртібін бұзған жағдайлардан басқа, олар салық салу объектілерін жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілерді салықтық тексеруге жəне зерттеп-қарауға жіберілмеген;

4) камералдық бақылау нəтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама орындалмаған;

5) дебиторлық берешекті растау туралы хабарлама орындалмаған;

6) тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау жəне қызметтерді көрсету бойынша айналымның нақты жасалғанын растау туралы хабарлама орындалмаған жағдайларда жүргізіледі.

3. Салық төлеушінің (салық агентінің) кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешектің шекті мөлшерінен одан асатын сомадағы салықтық берешекті өтемеген кезде жүргізіледі.

4. Егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, шығыс операцияларын тоқтата тұру салық төлеушінің (салық агентінің) барлық шығыс операцияларына қолданылады.

Шығыс операцияларын тоқтата тұру мыналарға:

1) кейіннен оларды:

осы Кодексте көзделген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді;

Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кедендік төлемдерді;

əлеуметтік төлемдерді;