Қазақстан Республикасының 2025 жылы 18 сәуірдегі 214-VIII Салық Кодексі

Предыдущая страница

4) заңды күшіне енген сот актісі негізінде тіркелуі (қайта тіркелуі) жарамсыз деп танылған заңды тұлғалармен жəне (немесе) дара кəсіпкерлермен жасалған мəмілелер (операциялар) бойынша сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызу кезінде хабарламаға түсінік беруге тыйым салынады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің күші салық төлеушінің (салық агентінің) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде сатып алуын (алуын) сот белгілеген мəмілелерге (операцияларға) қолданылмайды.

7. Хабарламаны орындау мерзімі осы баптың 6-тармағының 3) жəне 4) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде сатып алуды (алуды) растау бойынша сотқа шағым берген кезде тоқтатыла тұрады.

Шағымды іс жүргізуге қабылдау туралы сот актісінің көшірмесін салық төлеуші (салық агенті) хабарламаны ұсынған салық органына ұсынады.

Бұл ретте тоқтата тұру осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген сот актісі шығарылған күннен бастап ол заңды күшіне енгенге дейінгі кезеңге қолданылады.

8. Салықтық тексеру жүргізілген кезеңде салық төлеушіге (салық агентіне) тексерілетін кезеңге хабарлама берілмейді, бұл ретте камералдық бақылау нəтижелері жүргізілетін салықтық тексеру барысында пайдалануға жатады.

9. Хабарламаны орындамаған кезде:

1) Қазақстан Республикасының аумағында қызметін интернет-алаң арқылы жүзеге асыратын шетелдік компанияның интернет-ресурстарына жəне (немесе) интернет-алаңына қолжетімділік шектеледі;

2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары бойынша шығыс операциялары хабарламаны орындау мерзімі өткен күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде тоқтатыла тұрады;

3) салық төлеушінің электрондық шот-фактураларын жазып беру хабарламаны орындау мерзімі өткен күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде тоқтатыла тұрады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген қамтамасыз ету тəсілдері, егер көрсетілген бөлікте өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 5-тарауының 4-параграфында белгіленген тəртіппен жəне мерзімдерде қолданылады.

10. Салық органы түсінікте баяндалған себептердің анықтығын растау үшін немесе хабарлама осы Кодексте белгіленген мерзімде орындалмаған кезде камералдық бақылау нəтижелері бойынша анықталған алшақтықтар бойынша салықтық тексеру жүргізуге құқылы.

 

 

13-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ ШОТ-ФАКТУРАЛАРДЫҢ ЖАЗЫП БЕРІЛУІН БАҚЫЛАУ

 

138-бап. Электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін бақылау

1. Электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін бақылауды салық органы тəуекелі жоғары электрондық шот-фактуралардың жазып берілуінің жолын кесу мақсатында жүргізеді.

2. Электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін бақылау:

1) электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін автоматтандырылған бақылау (бұдан əрі - автоматтандырылған бақылау);

2) электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін салыстырмалы бақылау (бұдан əрі - салыстырмалы бақылау) нысанында жүргізіледі.

 

 

1-параграф. Автоматтандырылған бақылау

 

139-бап. Автоматтандырылған бақылаудың жалпы ережелері

1. Автоматтандырылған бақылау - салық төлеушілердің жекелеген санатына жатқызылған салық төлеуші жазып берген электрондық шот-фактураға салық органының ақпараттық жүйесінде тіркеу нөмірін берудің автоматтандырылған процесі.

Электрондық шот-фактураға тіркеу нөмірін беру кезінде автоматтандырылған бақылау операторының ақпараттық жүйесінде қосылған құн салығын төлеушінің салық шотының деректері (бұдан əрі осы параграфтың мақсатында - салық шоты) ескеріледі.

Автоматтандырылған бақылау жүргізілетін салық төлеушілердің санаттарын уəкілетті орган бекітеді.

2. Осы параграфтың мақсаттары үшін:

1) қосылған құн салығының (бұдан əрі осы параграфтың мақсатында - салық) баланстық сомасын есепке алу;

2) электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін қамтамасыз ету шотына аударылған салық төлеушінің ақшасының сақталуын қамтамасыз ету;

3) электрондық шот-фактураны жазып беру үшін пайдаланылған салық төлеушінің ақшасын бюджетке аударуды қамтамасыз ету;

4) салық төлеушінің электрондық шот-фактура жазып беру үшін пайдаланылмаған ақшасын қайтару арқылы салық шотын жүргізетін уəкілетті орган айқындаған заңды тұлға автоматтандырылған бақылау операторы болып танылады.

3. Автоматтандырылған бақылауды жүргізу қағидаларын уəкілетті орган белгілейді жəне олар мыналарды:

1) салық шотын жүргізу тəртібін;

2) салықтың баланстық сомасын есепке алу тəртібін;

3) салық шотын салық төлеушінің толықтыру тəртібін;

4) электрондық шот-фактура жазып беру үшін пайдаланылған салық төлеушінің ақшасын бюджетке аудару тəртібін;

5) салық төлеушінің ақшаны қайтару туралы өтінішін беру жəне оны қарау тəртібі мен мерзімдерін;

6) салық төлеушіге ақшаны қайтару тəртібін;

7) автоматтандырылған бақылауды жүргізу кезеңін қамтуға тиіс.

 

140-бап. Автоматтандырылған бақылауды жүргізу тəртібі

1. Автоматтандырылған бақылау барысында салық органының ақпараттық жүйесінде салықтық есеп-қисап жүргізіледі.

Салықтық есеп-қисап мынадай формула бойынша жүргізіледі:

Б = ҚҚС1+ҚҚС2+ҚҚС3+ҚҚС4-ҚҚС5-ҚҚС6, мұндағы:

Б - салықтың баланстық сомасы;

ҚҚС1 - салық төлеуші алған электрондық шот-фактураларда көрсетілген салықтың жалпы сомасы;

ҚҚС2 - ЕАЭО-ның кеден заңнамасына жəне (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сəйкес импорт кезінде төленген салықтың жалпы сомасы;

ҚҚС3 - бейрезиденттен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде төленген салықтың жалпы сомасы;

ҚҚС4 - салық бойынша тіркеу есебіне қойылған күнге дейін салық төлеуші сатып алған, жасаған, салған тауарлар бойынша есепке жатқызылатын салықтың жалпы сомасы;

ҚҚС5 - салық төлеуші жазып берген электрондық шот-фактураларда көрсетілген салықтың жалпы сомасы;

ҚҚС6 - тауарлар қалдығы түрінде айналымдар жөніндегі салық бойынша тіркеу есебінен алу кезінде есепке жазылған салықтың жалпы сомасы.

Салықтық есеп-қисап нəтижелері салық органының ақпараттық жүйесінде жəне салық шотында көрсетіледі.

2. Салықтық есеп-қисап қорытындысы бойынша, егер электрондық шот-фактурада көрсетілген салық сомасы салықтың баланстық сомасынан аспаса, онда мұндай электрондық шот-фактураға тіркеу нөмірі автоматты түрде беріледі.

Тіркеу нөмірі берілмеген электрондық шот-фактура жазып берілмеген болып есептеледі.

Салық төлеуші салықтың баланстық сомасын ұлғайту үшін салық шотын өзінің ақшасымен толықтыруға құқылы.

3. Электрондық шот-фактураны жазып беру үшін пайдаланылмаған ақша салық төлеушінің банктік шотына оның қаражатты қайтару туралы өтініші бойынша бір жұмыс күні ішінде қайтарылуға жатады.

Қайтаруға мəлімделмеген ақша келесі салықтық кезеңнің электрондық шот-фактураларын жазып беруді қамтамасыз ету есебіне пайдаланылады.

4. Есепті салықтық кезеңнің қорытындылары бойынша электрондық шот-фактураны жазып беру үшін пайдаланылған қаражат салық төлеу есебіне есепке жатқызылады.

 

 

2-параграф. Салыстырмалы бақылау

 

141-бап. Салыстырмалы бақылау

1. Салыстырмалы бақылау - салық төлеуші жазып берген электрондық шот-фактураларды:

1) оның өнім берушілері жазып берген электрондық шот-фактуралардың;

2) салықтық есептіліктің;

3) салық төлеушінің қызметі жөніндегі өзге де уəкілетті мемлекеттік органдардың, оның ішінде салық салу объектілері жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мəліметтердің;

4) банктік шоттар бойынша екінші деңгейдегі банктер мəліметтерінің деректерімен салыстыру арқылы салық органы жүзеге асыратын іс-шара.

Салыстырмалы бақылауды салық органы тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау жəне қызметтерді көрсету жөніндегі айналымның іс жүзінде жасалғанын анықтау мақсатында жүргізеді.

2. Салыстырмалы бақылау талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде жазып берілген электрондық шот-фактуралар бойынша жүзеге асырылады.

 

142-бап. Салыстырмалы бақылауды жүргізу

1. Жүргізілген салыстырмалы бақылау нəтижелері бойынша салық органы іс жүзінде жасалғанына күмəн келтіретін тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау жəне қызметтерді көрсету жөніндегі операциялар анықталған жағдайда, осындай өткізу жөнінде айналым жасаған салық төлеушіге тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау жəне қызметтерді көрсету жөніндегі айналымның іс жүзінде жасалғанын растау туралы хабарлама (бұдан əрі осы баптың мақсатында - хабарлама) ұсынылады.

2. Салық төлеуші хабарламаны:

1) хабарламада көрсетілген электрондық шот-фактуралар бойынша айналым жасау фактісінің болмауымен келіскен жағдайда, осындай электрондық шот-фактураларды кері қайтарып алу жəне оларды кері қайтарып алу туралы түсінік беру арқылы;

2) хабарламада көрсетілген электрондық шот-фактуралар бойынша айналым жасау фактісінің болмауымен келіспеген жағдайда, операциялар (мəмілелер) жəне (немесе) тауарлардың шығу тегі бойынша құжаттардың, сондай-ақ іс жүзінде жұмыстардың орындалуын, қызметтердің көрсетілуін растайтын кез келген басқа құжаттардың көшірмелерін міндетті түрде қоса бере отырып, айналымның іс жүзінде жасалғанын растайтын негіздемемен түсінік (бұдан əрі осы баптың мақсатында - түсінік) беру арқылы орындайды.

3. Түсінік еркін нысанда ұсынылады жəне мыналарды:

1) салық төлеушінің жəне хабарламаны ұсынған салық органының сəйкестендіру деректерін;

2) хабарламаның күні мен нөмірін;

3) осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасына сəйкес келіспеу негіздемесін қамтуға тиіс.

Салық төлеуші түсінікке өз дəлелдерін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса беруге құқылы.

Салық органының хабарламада көрсетілген бұзушылықтарға қатысы жоқ құжаттарды талап етіп алдыруына жол берілмейді.

4. Егер ұсынылған түсінік хабарламада көрсетілген электрондық шот-фактуралар бойынша тауарлардың шығу тегін, іс жүзінде жұмыстардың орындалуын, қызметтердің көрсетілуін растамаса, хабарлама орындалмады деп танылады.

5. Салық органы түсінік келіп түскен күннен кейінгі он жұмыс күні ішінде хабарламаны орындалмады деп тану туралы шешім шығарады.

Хабарламаны орындалмады деп тану туралы шешім (бұдан əрі осы баптың мақсатында - шешім) шығарылған күнінен кейінгі екі жұмыс күні ішінде салық төлеушіге ұсынылады.

6. Салық органы шешім шығарылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұрады.

7. Салық төлеуші хабарламаны орындамаған кезде салық органы осындай хабарламаны орындау мерзімі өткен күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде:

1) салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығарады;

2) электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін тоқтата тұрады.

8. Осы баптың 5, 6 жəне 7-тармақтарында көзделген қамтамасыз ету тəсілдері, егер көрсетілген тармақтарда өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 5-тарауының 4-параграфында белгіленген тəртіппен жəне мерзімдерде қолданылады.

9. Электрондық шот-фактураларды жазып беру тоқтатыла тұрған салық төлеушілер туралы мəліметтер электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұру туралы шешім шығарылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде уəкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.

10. Салық органы хабарламасы орындалмады деп танылған немесе хабарламаны орындамаған салық төлеушінің контрагенттеріне хабарламада көрсетілген өзара есеп айырысулар бойынша хабархат жібереді.

 

 

14-тарау. САЛЫҚТЫҚ МОНИТОРИНГ

 

143-бап. Салықтық мониторингтің жалпы ережелері

1. Салықтық мониторинг - Қазақстан Республикасының салық заңнамасының жəне Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында салық төлеушілердің жекелеген санаттарының қызметі туралы ақпаратты жинау жəне талдау.

2. Салықтық мониторинг түрлері:

1) ірі салық төлеушілер мониторингі;

2) трансферттік баға белгілеу мəселелерін қоспағанда, деңгейлес мониторинг.

3. Ірі салық төлеушілер мониторингі - ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушы ұсынған ақпаратты жəне құжаттарды зерделеу жолымен, оның ішінде уəкілетті органның талабы бойынша жүзеге асырылады.

Деңгейлес мониторинг уəкілетті орган мен деңгейлес мониторингке қатысушы арасында ақпараттық өзара іс-қимыл жасау арқылы жүзеге асырылады.

Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушылардың тізбесіне енгізілген деңгейлес мониторингке қатысушыларға қатысты ірі салық төлеушілер мониторингі жүзеге асырылмайды.

 

 

1-параграф. Ірі салық төлеушілер мониторингі

 

144-бап. Ірі салық төлеушілер мониторингі

1. Ірі салық төлеушілер мониторингі ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушылардың тізбесіне (бұдан əрі осы параграфтың мақсатында - қатысушылар тізбесі) енгізілген салық төлеушілерге қатысты жүзеге асырылады.

2. Қатысушылар тізбесіне:

1) 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыретті орган жəне жер қойнауын пайдаланушы арасында жасалған жəне міндетті салықтық сараптамадан өткен өнімді бөлу туралы келісімде (келісімшартта) көрсетілген жəне (немесе) мұнай-газ конденсаты немесе теңіз кен орнында қызметін жүзеге асыратын сенім білдірілген тұлға (оператор) жəне (немесе) жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдаланушылар);

2) қатысушылар тізбесі қолданысқа енгізілген жылдың алдындағы жылдың 1 қазанында мынадай шарттарға сəйкес келетін:

кең таралған пайдалы қазбаларды жəне жерасты суларын барлауға, өндіруге арналған келісімшарттарды қоспағанда, пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт жер қойнауын пайдаланушымен жасалса;

жер қойнауын пайдаланушы өңірлік саясат саласындағы орталық уəкілетті орган бекітетін тізбеге сəйкес қала құраушы заңды тұлғалар санатына жатқызылса, жер қойнауын пайдаланушы;

3) жыл сайынғы төленген салықтар сомасы қатысушылар тізбесі бекітілуге тиісті жылдың соңына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 2 000 000 еселенген мөлшерін құрайтын салық төлеушілер енгізіледі.

Бұл ретте жыл сайынғы төленген салықтар сомасы қатысушылар тізбесі бекітілуге тиісті жылдың алдындағы күнтізбелік үш жылдың əрқайсысы үшін айқындалады;

4) қатысушылардың тізбесі бекітілуге тиісті жылдың алдындағы салықтық кезең үшін осы Кодекстің 255-бабында көзделген азайтуды есепке алмағанда, жылдық жиынтық кірісі қатысушылардың тізбесі бекітілуге жататын жыл соңында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 3 000 000 еселенген мөлшерінен асатын екінші деңгейдегі банктер мен сақтандыру ұйымдары;

5) осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген шарттарға сəйкес келетін ірі салық төлеушілердің ішінен осы Кодекстің 255-бабында көзделген азайтуды есепке алмағанда, неғұрлым көп жылдық жиынтық кірісі бар алғашқы үш жүз ірі салық төлеуші енгізіледі.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген алғашқы үш жүз ірі салық төлеуші салықтық кезеңнің соңында тіркеп-белгіленген активтерінің құндық баланстарының сомасы қатысушылар тізбесі бекітілуге тиісті жылдың соңында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 325 000 еселенген мөлшерін құрайтын салық төлеушілер арасынан іріктеледі.

Осы баптың мақсаттары үшін:

1) осы Кодекстің 255-бабында көзделген азайтуды есепке алмағанда, жылдық жиынтық кіріс қатысушылар тізбесі бекітілуге тиісті жылдың алдындағы салықтық кезеңдегі корпоративтік табыс салығы бойынша декларация деректерінің негізінде айқындалады;

2) тіркеп-белгіленген активтердің құндық баланстарының сомасы қатысушылар тізбесі бекітілуге тиісті жылдың алдындағы жылға салықтық есептілік негізінде айқындалады;

3. Қатысушылардың бекітілген тізбесі бекітілген жылынан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан кейін қолданысқа енгізіледі жəне қолданысқа енгізілген күнінен бастап екі жыл бойы қолданыста болады.

Қатысушылардың тізбесі осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген тізбе қолданысқа енгізілген жылдың алдындағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша ұсынылған салықтық есептілік деректері негізінде қалыптастырылады.

4. Салық төлеушілер қатысушылар тізбесіне енгізілуге жататын шарттар өзгерген жағдайларды қоспағанда, қатысушылар тізбесі қолданылу кезеңінің ішінде қайта қаралуға жатпайды.

5. Егер қатысушылар тізбесі қолданысқа енгізілетін жылдың алдындағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша қатысушылар тізбесіне енгізілуге жататын салық төлеуші таратылу сатысында болса, мұндай салық төлеуші осы тізбеге енгізілуге жатпайды.

Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушы қайта ұйымдастырылған жағдайда, оның құқық мирасқоры (құқық мирасқорлары) қатысушылардың кейінгі тізбесі қолданысқа енгізілгенге дейін ірі салық төлеушілер мониторингіне жатады.

Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушы таратылған жағдайда, сондай-ақ оны банкрот деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап мұндай қатысушы қатысушылар тізбесінен шығарылды деп танылады.

6. Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушы деңгейлес мониторинг туралы келісімнің қолданылу кезеңінде қатысушылар тізбесінен шығарылуға жатпайды.

 

145-бап. Ірі салық төлеушілерге мониторинг жүргізу тəртібі

1. Ірі салық төлеушілер мониторингін жүргізу барысында уəкілетті орган ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушылардан:

1) салықтардың дұрыс есептелуін жəне салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің уақтылы төленуін (ұстап қалуды жəне аударуды) растайтын құжаттар мен жазбаша түсініктер;

2) қатысушының жəне оның еншілес ұйымдарының қаржылық есептілігін ұсынуды талап етуге құқылы.

Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушының талапты орындау мерзімі табыс етілген күннен кейінгі он бес жұмыс күнін құрайды.

2. Ірі салық төлеушілер мониторингінің нəтижелері бойынша бұзушылықтар мен алшақтықтар анықталған жағдайда, уəкілетті орган ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушыға бұзушылықтар мен алшақтықтарды өз бетінше жоюы үшін ірі салық төлеушілер мониторингінің нəтижелері жөнінде ұсыным (бұдан əрі осы параграфтың мақсатында - ұсыным) береді.

Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушы ұсыным табыс етілген күннен кейінгі он бес жұмыс күні ішінде:

1) ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен жəне алшақтықтармен келіскен жағдайда, анықталған бұзушылықтар мен алшақтықтарды жояды;

2) ұсынымда көрсетілген бұзушылықтар мен алшақтықтармен келіспеген жағдайда, бұзушылықтар мен алшақтықтардың жоқ екендігі туралы түсінікті (бұдан əрі осы параграфтың мақсатында - түсінік) ұсынады.

Уəкілетті орган бұзушылықтар мен алшақтықтарды, сондай-ақ қатысушының ұсынымға түсінікте баяндалған дəлелдерін негіздеу үшін ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушымен кездесу өткізеді.

3. Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушының баяндалған дəлелдерімен келіспеген жағдайда, уəкілетті орган түсінікті алған күнінен кейінгі отыз жұмыс күнінен кешіктірмей ірі салық төлеушілер мониторингі бойынша уəжді шешім (бұдан əрі осы параграфтың мақсатында - уəжді шешім) шығарады.

Уəжді шешім ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушыға ол шығарылған күннен кейінгі екі жұмыс күні ішінде ұсынылады.

Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушының уəжді шешімді орындау мерзімі табыс етілген күннен кейінгі бес жұмыс күнін құрайды.

4. Уəжді шешімді орындамау салықтық тексеруді тағайындауға негіз болып табылады.

 

 

2-параграф. Деңгейлес мониторинг

 

146-бап. Деңгейлес мониторинг

1. Деңгейлес мониторинг - уəкілетті органның деңгейлес мониторингке қатысушымен ақпараттық өзара іс-қимыл жасауы арқылы жүзеге асырылатын салықтық мониторинг түрі, ол:

1) өзара сенімге негізделеді;

2) салықтық тəуекелдерді барынша азайтуға бағытталады;

3) деңгейлес мониторингке қатысушының қызметін оның кəсіпкерлік қызметіне араласпай зерделеу мен талдаудан жəне деңгейлес мониторинг нəтижелері бойынша мынадай:

салықтық міндеттемені орындау мəселелері жөнінде ұсыным (бұдан əрі - салықтық міндеттемені орындау мəселелері жөніндегі ұсыным);

салық салу саласындағы ішкі бақылау жүйесін жақсарту жөнінде ұсыным (бұдан əрі - салық салу саласындағы ішкі бақылау жүйесін жақсарту жөніндегі ұсыным) беруден тұрады;

4) деңгейлес мониторингке қатысушының алдын ала түсіндірмелер алуына мүмкіндік береді.

2. Ақпараттық өзара іс-қимыл деректер сөресін пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

Деректер сөресі - деңгейлес мониторинг шеңберінде уəкілетті орган мен салық төлеуші арасында кеңейтілген ақпараттық өзара іс-қимыл жүзеге асырылатын ақпараттық жүйе.

Деректер сөресі салықтық, бухгалтерлік есепке алудың жəне есепке алудың өзге де түрлерінің ақпараттары мен құжаттарын, бастапқы құжаттарды, сондай-ақ салық салу саласындағы ішкі бақылау жүйесі бойынша деңгейлес мониторингке қатысушының есептерін орналастыру арқылы ақпарат пен құжаттармен алмасуға, салықтық есептіліктің деректерін ашып көрсетуге арналған.

Деңгейлес мониторингке кіру үшін салық төлеушінің деректер сөресін ұйымдастыру жөніндегі ең төменгі талаптарды уəкілетті орган бекітеді.

Салық салу саласындағы ішкі бақылау жүйесі салықтық міндеттеменің дұрыс есептелуіне қол жеткізу мақсатында салықтық, бухгалтерлік, өндірістік есепке алудың жəне өзге де есепке алу түрлерінің анықтығын қамтамасыз ету үшін салық төлеуші өзінің бизнес-процестерінде қолданатын қағидалардың, саясат пен ұйымдастыру шараларының жиынтығын қамтиды.

Салық салу саласындағы ішкі бақылау жүйесі жөніндегі ақпарат пен есептерге қойылатын талаптарды уəкілетті орган бекітеді.

Ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыру тəртібі деңгейлес мониторинг туралы келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын ақпараттық өзара іс-қимыл регламентінде белгіленеді.

Ақпараттық өзара іс-қимыл регламентінде уəкілетті органға бухгалтерлік жəне (немесе) салықтық есепке алуларды автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету деректерін қарауға қашықтан қолжетімділік беру тəртібі мен мерзімдері де айқындалады.

3. Деңгейлес мониторингке қатысушы мынадай салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер:

1) корпоративтік табыс салығы;

2) қосылған құн салығы;

3) жеке табыс салығы;

4) əлеуметтік салық;

5) мүлік салығы;

6) жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары;

7) акциз бойынша ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

Салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің көрсетілген тізбесі түбегейлі болмайды жəне деңгейлес мониторинг туралы келісімде кеңейтілуі мүмкін.

4. Ақпараттық өзара іс-қимыл жүзеге асырылмайтын салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық бақылау жалпыға бірдей белгіленген тəртіппен жүргізіледі.

 

147-бап. Деңгейлес мониторингке қатысу

1. Деңгейлес мониторингке қатысу ерікті болып табылады.

Салық төлеушіні деңгейлес мониторинг туралы келісім жасалатын салық төлеушілердің жекелеген санатына жатқызу өлшемшарттарына сəйкес келетін салық төлеуші деңгейлес мониторингке қатыса алады.

Деңгейлес мониторинг туралы келісімге жəне ақпараттық өзара іс-қимыл регламентіне қол қойылғаннан кейін деңгейлес мониторингке қатысу жүзеге асырылады.

Деңгейлес мониторинг туралы келісімнің, ақпараттық өзара іс-қимыл регламентінің нысаны, салық төлеушіні деңгейлес мониторинг туралы келісім жасалатын салық төлеушілер санатына жатқызу өлшемшарттары уəкілетті орган бекітетін деңгейлес мониторинг туралы келісімді жасасу жəне бұзу қағидаларында белгіленеді.

2. Салық төлеуші деңгейлес мониторингке қатысу үшін уəкілетті органға салық төлеушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты, салық салу саласындағы ішкі бақылау жүйесі туралы ақпаратты, деректер сөресі туралы ақпаратты, сондай-ақ салықтар мен төлемдер бойынша салықтық есептіліктің көрсеткіштерін ашып көрсету жəне олардың салықтық, бухгалтерлік тіркелімдердің жəне салық салу объектілерін жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындауға негіз болып табылатын өзге де құжаттардың көрсеткіштерімен өзара байланысы сипаттамасын қоса бере отырып, деңгейлес мониторингке қатысу туралы өтінішті ұсынады.

Деңгейлес мониторингке қатысу туралы өтініштің нысаны, сондай-ақ осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген өтінішке қосымшалардың нысандары, оларды беру мерзімдері мен қарау тəртібі уəкілетті орган бекітетін деңгейлес мониторингке қатысу туралы өтінішті беру жəне қарау қағидаларында белгіленеді.

Деңгейлес мониторинг туралы келісімге қол қойылғаннан кейін салықтар мен төлемдер бойынша салықтық есептіліктің көрсеткіштерін ашып көрсету жəне олардың салықтық, бухгалтерлік тіркелімдердің жəне салық салу объектілерін жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындауға негіз болып табылатын өзге де құжаттардың көрсеткіштерімен өзара байланысы сипаттамасына өзгерістер мен толықтырулар ақпараттық өзара іс-қимыл регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жолымен енгізіледі.

Салықтық есептіліктің көрсеткіштерін ашып көрсетуге, сондай-ақ олардың салықтық, бухгалтерлік тіркелімдердің жəне салық салу объектілерін жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін негіз болып табылатын өзге де құжаттардың көрсеткіштерімен өзара байланысына қойылатын ең төменгі талаптарды уəкілетті орган бекітеді.