Қазақстан Республикасының 2025 жылы 18 сәуірдегі 214-VIII Салық Кодексі

Предыдущая страница

21) қосылған құн салығының асып кету сомаларының, оның ішінде қайтаруға ұсынылған соманың анықтығын растау;

22) тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау жəне қызметтерді көрсету бойынша айналымның іс жүзінде жасалғанын растау;

23) электрондық шот-фактураларды жазып беру тəртібін сақтау;

24) камералдық бақылау нəтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарламада көрсетілген бұзушылықтардың болуын растау;

25) салықтық тіркеу талаптарын сақтау;

26) бақылау-касса машиналарын жəне (немесе) үш құрауышты интеграцияланған жүйені қолдану тəртібін сақтау;

27) бақылау-касса машиналарының жəне (немесе) үш құрауышты интеграцияланған жүйенің болуы;

28) төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болуы;

29) ірі салық төлеушілер мониторингі бойынша уəжді шешімнің орындалмауы;

30) салықтық міндеттемені орындау мəселелері бойынша деңгейлес мониторинг жөніндегі уəжді шешіммен келіспеу жəне (немесе) мұндай шешімді орындамау;

31) салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаға шағымында баяндалған мəселелер;

32) банк ұйымдарының:

осы Кодексте;

Қазақстан Республикасының Əлеуметтік кодексінде;

«Міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында;

сақталуын бақылау салық органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгіленген міндеттерді орындауы;

33) Қазақстан Республикасының рұқсаттар жəне хабарламалар туралы заңнамасының жəне акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіру, сақтау жəне өткізу шарттарының сақталуы;

34) трансферттік баға белгілеу;

35) салық төлеушінің (салық агентінің) кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімді орындау жөніндегі мəселелер бойынша жүргізіледі.

Тақырыптық салықтық тексеру бір мезгілде бірнеше мəселе бойынша жүргізілуі мүмкін.

3. Салық органдары салық төлеушіге (салық агентіне) камералдық бақылау нəтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама жіберілгенге жəне оның орындалу мерзімі өткенге дейін сот шот-фактура жазып берудің жасалуын іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жүзеге асырылды деп таныған шот-фактураны жазып беру жөніндегі əрекеттерге тақырыптық салықтық тексеруді жүзеге асыруға құқылы емес.

4. Жеке кəсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен келісу бойынша мұндай бірлестіктердің өкілдері нақты салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты тағайындалмаған тақырыптық салықтық тексеруді жүргізу кезінде қатысу үшін тартылуы мүмкін.

Жеке кəсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің өкілдері көрсетілген тақырыптық салықтық тексерулерді жүргізу кезінде салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.

5. Тақырыптық салықтық тексеру мынадай негіздердің бірі:

1) қосылған құн салығының асып кету сомасының анықтығын растау бойынша - жиырма салықтық кезең ішінде қосылған құн салығының асып кету сомасын тең үлестермен қайтару тəртібін қолдану үшін қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы салық төлеушінің салықтық өтініші;

2) қосылған құн салығының қайтаруға ұсынылған асып кету сомасының анықтығын растау бойынша - қосылған құн салығы бойынша декларацияда көрсетілген салық төлеушінің қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талабы бойынша тағайындалған кезде салықтардың жəне (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің жекелеген түрлері бойынша салықтық міндеттемені орындау жəне қосылған құн салығының асып кету сомаларының, оның ішінде қайтаруға ұсынылған сомаларының анықтығын растау мəселелері бойынша бір мезгілде жүргізіледі.

 

157-бап. Қарсы салықтық тексеру

1. Қарсы салықтық тексеру - кешенді немесе тақырыптық салықтық тексеру жүргізілетін салық төлеушімен (салық агентімен) операцияларды жүзеге асырған тұлғаларды осындай операциялар туралы қосымша ақпарат алу, көрсетілген салық төлеушіні (салық агентін) салықтық тексеру барысында туындайтын мəселелер бойынша операциялар фактісі мен мазмұнын растау мақсатында қосалқы салықтық тексеру.

Бұл ретте қарсы салықтық тексеру талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде салық төлеушіні (салық агентін) тексеру кезеңіне сəйкес келетін кезеңге жүргізіледі.

2. Қарсы салықтық тексеру уəкілетті орган айқындайтын тəртіппен тағайындалады.

3. Қарсы салықтық тексеру деп:

1) тараптардың бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын, салық немесе құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарға (келісімдерге), сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық ұйымдармен жасасқан шарттарға сəйкес басқа мемлекеттердің салық немесе құқық қорғау органдарының, халықаралық ұйымдардың сұрау салулары бойынша;

2) деңгейлес мониторингке қатысушылармен операцияларды жүзеге асыратын тұлғаларға қатысты жүргізілетін тексеру де танылады.

 

158-бап. Хронометраждық зерттеп-қарау

1. Хронометраждық зерттеп-қарау - зерттеп-қарау жүргізілетін кезең ішінде салық төлеушінің нақты кірісін жəне кіріс алуға бағытталған қызметке байланысты нақты шығындарын анықтау мақсатында салық органы жүргізетін салықтық тексеру.

2. Хронометраждық зерттеп-қарау нəтижелері:

1) салықтық тəуекелдерді басқару жүйесінде пайдаланылады;

2) кешенді немесе тақырыптық салықтық тексеру қорытындылары бойынша салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер сомаларын есепке жазуды жүргізу кезінде ескеріледі.

3. Салық органы хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізу туралы шешімді уəкілетті орган айқындайтын тəртіппен, салық төлеушінің тіркеу деректерінде көрсетілген тұрған жері бойынша жəне (немесе) салық салу объектісінің жəне (немесе) салық салуға байланысты объектінің тұрған жері бойынша шығарады.

 

159-бап. Салықтық тексеруге қатысушылар

1. Мыналар салықтық тексеруге қатысушылар болып табылады:

1) салық органының салықтық тексеруді жүргізетін лауазымды адамдары;

2) осы Кодекске сəйкес салық органы салықтық тексеруді жүргізуге тартатын, нұсқамада көрсетілген мамандар (бұдан əрі - маман);

3) тексерілетін тұлғалар:

нақты салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты тағайындалмаған тақырыптық салықтық тексерулер кезінде - нұсқамада көрсетілген аумақ учаскесіндегі салық төлеуші, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің жəне ЕАЭО-ға мүше болып табылмайтын мемлекеттердің салық төлеушісі;

салықтық тексерулердің басқа нысандары кезінде - нұсқамада көрсетілген салық төлеуші (салық агенті).

2. Арнаулы білім мен дағдыларды талап ететін мəселелерді зерттеу жəне консультациялар алу үшін салық органы осындай арнаулы білімі мен дағдылары бар маманды, оның ішінде Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарының лауазымды адамдарын салықтық тексеруге тартуға құқылы.

Қағаз жеткізгіште немесе электрондық құжат нысанында ұсынылған, салық органының лауазымды адамы көтерген мəселелер бойынша тексеруге тартылған маман салықтық тексеру барысында пайдаланылатын қорытынды жасайды.

Осындай жазбаша мəселелер мен қорытындылардың көшірмелері салықтық тексеру актісіне, оның ішінде салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етілетін данаға қоса беріледі.

3. Салықтық тексеру тексерілетін салық төлеушінің (салық агентінің) кəсіпкерлік қызметіне байланысты мəселелер бойынша тексерілетін салық төлеуші (салық агенті) туралы мəліметтерді алу үшін осындай қызмет бойынша жиынтық салықтық есепке алуды жүргізуге жауапты жай серіктестікке (консорциумға) қатысушылардың уəкілетті өкіліне қатысты да жүзеге асырылады.

 

160-бап. Салық органының лауазымды адамдарының салықтық тексеруді жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері

1. Тексерілетін кезең үшін салықтық тексеруді жүргізу кезінде салық органының лауазымды адамдарының:

1) банк ұйымдарынан тексерілетін тұлғаның банктік шоттарының болуы жəне нөмірлері туралы құжаттар мен мəліметтерді, сондай-ақ тексеруді жүргізу үшін қажетті, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес банктік құпияны құрайтын салық төлеушілердің (тексерілетін тұлғалардың) шоттары бойынша ақша қалдықтары мен қозғалысына қатысты құжаттар жəне мəліметтерді талап етуге жəне алуға;

2) мемлекеттік органдардан тексеруді жүргізу үшін қажетті, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес коммерциялық, банктік, салықтық жəне өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын құжаттар мен мəліметтерді сұратуға жəне алуға;

3) қағаз жəне электрондық жеткізгіштерде есепке алу құжаттамасын, сондай-ақ салықтық тексеру нысанасына сəйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділікті талап етуге жəне алуға;

4) салықтық тексеру барысында туындайтын мəселелер бойынша салық төлеушіден, оның ішінде оның жұмыскерлерінен жазбаша түсініктер талап етуге жəне алуға;

5) салықтық тексеруді жүргізу барысында туындаған мəселелер бойынша мемлекеттік жəне шет мемлекеттердің өзге де органдарына (ұйымдарына) сұрау салулар жіберуге;

6) салық төлеушіден (салық агентінен) бухгалтерлік жəне салықтық есепке алуды автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету деректерін қарауға жəне (немесе) олар пайдаланатын жəне:

бастапқы есепке алу құжаттарының деректерін;

бухгалтерлік есепке алу тіркелімдерінің деректерін;

салық салу объектілері жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйеге қол жеткізу құқығын беруді талап етуге құқығы бар.

Кірістер мен шығыстарға қатысты деңгейлес мониторингті жүзеге асыру жəне салықтық тексеруді жүргізу барысында осындай талап қойылған жағдайды қоспағанда, осы тармақшаның бірінші бөлігінің ережесі Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес банк құпиясын құрайтын мəліметтерді қамтитын банк ұйымдарының бағдарламалық қамтамасыз етілуіне жəне (немесе) ақпараттық жүйесіне қолданылмайды;

7) тұрған жеріне қарамастан, салық салу объектісі жəне (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылатын мүлікті зерттеп-қарауға, тексерілетін тұлғаның мүлкіне (тұрғын үй-жайлардан басқа), оның ішінде тауар-көлік жүкқұжаттарында көрсетілген мəліметтерге сəйкестігіне түгендеу жүргізуге;

8) салық салу объектілерін жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілерді осы Кодексте айқындалған тəртіппен жанама əдіспен айқындауға;

9) осы Кодекске жəне Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

2. Салықтық тексеруді жүргізу кезінде салық органының лауазымды адамдары:

1) тексерілетін тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға, құқыққа сыйымсыз шешімдермен жəне əрекеттермен (əрекетсіздігімен) тексерілетін тұлғаға зиян келтіруге жол бермеуге;

2) салықтық тексеруді жүргізу кезінде алынған жəне жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тексерілетін тұлғаның келісімінсіз олардың мазмұнын жария етпеуге;

3) қызметтік əдепті сақтауға;

4) салықтық тексеруді жүргізу кезеңінде тексерілетін салық төлеушінің белгіленген жұмыс режимін бұзбауға;

5) тексерілетін тұлғаның талап етуі бойынша салықтық тексерулерді жүргізу тəртібіне қатысты осы Кодекстің ережелері туралы қажетті ақпарат беруге;

6) салықтық тексеруді жүргізу кезінде тексерілетін тұлғаның өкілдеріне нұсқаманы, сондай-ақ өздерінің қызметтік куəліктерін не сəйкестендіру карталарын көрсетуге;

7) осы Кодексте көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

 

161-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеруді жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері

1. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық тексеру жүргізу кезінде:

1) салық органынан осы Кодекстің жəне тексеру жүргізу тəртібіне қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелері туралы ақпаратты сұратуға жəне алуға;

2) салық органдарының салықтық тексеру жүргізетін лауазымды адамдарынан салықтық тексеру жүргізу туралы нұсқаманы, сондай-ақ қызметтік куəліктерін не сəйкестендіру карталарын көрсетуді талап етуге;

3) салықтық тексеруді жүргізу кезінде қатысуға жəне салықтық тексеру нысанасына қатысты мəселелер бойынша түсініктеме беруге;

4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тəртіппен салықтық тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық беруге;

5) тексерудің стандартты файлын - салық органының ақпараттық жүйелері арқылы талдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін электрондық форматтағы бухгалтерлік есепке алу деректерін ұсынуға құқылы.

Стандартты файлға қойылатын талаптарды, оны жасау жəне ұсыну тəртібін уəкілетті орган белгілейді;

6) осы Кодексте көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.

2. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық тексерулер жүргізу кезінде:

1) салық органы лауазымды адамдарының талап етуі бойынша белгіленген мерзімдерде құжаттар мен мəліметтерді қағаз жəне электрондық жеткізгіштерде ұсынуға;

2) салық төлеуші (салық агенті) жасаған есепке алу құжаттамасын ұсынуға;

3) салық органының салықтық тексеру жүргізетін лауазымды адамдарының жəне осындай тексеруді жүргізуге қатысу үшін тартылатын лауазымды адамдардың тексерілетін тұлғаның аумағына жəне (немесе) үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге жəне оларға жұмыс орнын беруге;

4) салықтық тексерулер барысында түгендеу жүргізуді қамтамасыз етуге;

5) салық органының салықтық тексеру жүргізетін лауазымды адамдарының талап етуі бойынша салық төлеушінің (салық агентінің) қызметі мəселелері бойынша жазбаша жəне ауызша түсінік беруге;

6) бухгалтерлік жəне салықтық есепке алуды автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету деректерін қарауға жəне (немесе) ол пайдаланатын жəне:

бастапқы есепке алу құжаттарының деректерін;

бухгалтерлік есеп тіркелімдерінің деректерін;

салық салу объектілері жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйеге қолжетімділік беруге;

7) осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

Осы Кодекстің 156-бабы 2-тармағының 7), 8), 9), 13) жəне 15) тармақшаларында көрсетілген мəселелер бойынша тақырыптық тексерулерді жүргізу кезінде тексерілетін тұлғалар тексеруді жүргізу кезінде туындайтын түсіру, тиеу, сақтау жөніндегі шығыстарды өтейді.

 

 

2-параграф. Салықтық тексеруді жүргізу тəртібі мен мерзімдері

 

162-бап. Салықтық тексеру жүргізудің басталуы

1. Егер осы баптың 6-тармағында өзгеше белгіленбесе, салық органының нұсқамасын салық төлеушіге (салық агентіне) жеке қолын қойғызып табыс еткен күн салықтық тексеру жүргізудің басталу күні болып есептеледі.

2. Салық органының нұсқамасы үзінді-көшірме жасалған күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде салық төлеушіге (салық агентіне) ұсынылады.

Салық төлеуші (салық агенті) салық органы нұсқамасының данасына танысқаны жəне алғаны туралы қолтаңбасын, сондай-ақ алған күні мен уақытын қояды.

Осы тармақтың бірінші жəне екінші бөліктерінің ережелері нақты салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты тағайындалмаған тақырыптық салықтық тексерулерге қолданылмайды.

3. Нақты салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты тағайындалмаған тақырыптық салықтық тексеруді жүргізу кезінде салық төлеушіге (салық агентіне) немесе тауарларды өткізуді, жұмыстарды орындауды немесе қызметтерді көрсетуді жүзеге асыратын оның жұмыскеріне танысу үшін нұсқаманың түпнұсқасы көрсетіледі жəне оның көшірмесі табыс етіледі.

Салық органы нұсқамасының түпнұсқасына салық төлеуші (салық агенті) немесе тауарларды өткізуді, жұмыстарды орындауды немесе қызметтерді көрсетуді жүзеге асыратын оның жұмыскері:

салық органының нұсқамасымен танысқаны жəне көшірмесін алғаны туралы тиісті жазба енгізеді;

қолтаңбасын, салық органы нұсқамасының көшірмесін алу күні мен уақытын қояды.

4. Салық төлеуші (салық агенті) салық органының нұсқамасын алудан бас тартқан жағдайда, салық органының лауазымды адамы:

1) бас тарту фактісін бейне тіркеп-белгілеуді жүргізеді;

2) салық органы нұсқамасының данасына тиісті жазба жасайды;

3) куəгерлерді тарта отырып, салық органының нұсқамасын алудан бас тарту туралы акт жасайды.

5. Салық төлеушінің (салық агентінің) салық органының нұсқамасын алудан бас тартуы салықтық тексерудің күшін жоюға негіз болып табылмайды.

Салық төлеушінің (салық агентінің) салық органының нұсқамасын алудан бас тартуы салық органының лауазымды адамдарын салықтық тексеруге жібермеуді білдіреді.

Салық төлеушіде (салық агентінде) салық органының лауазымды адамдарын аумағына жəне (немесе) үй-жайларына кіргізуден бас тарту құқығы болған кезде осы тармақтың екінші бөлігінің ережесі қолданылмайды.

6. Салық төлеуші (салық агенті) салық органының нұсқамасын алудан бас тартқан жағдайда, нұсқаманы алудан бас тарту туралы акт жасалған күн тексеру жүргізудің басталу күні болып есептеледі.

7. Салықтық тексеруді жүргізу кезеңінде осы салықтық тексеруді:

1) салық төлеушінің (салық агентінің) салық өтініші бойынша тоқтатуға;

2) егер тексеру сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жүргізілсе, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша қылмыстық істі жəне салықтық тексеруді тоқтатуға жол берілмейді.

8. Салық төлеуші салықтық тексеруді жүзеге асыру кезеңінде салық органының нұсқамасына шағым жасаған кезде мұндай салықтық тексеруді тоқтата тұруға жол берілмейді.

 

163-бап. Салықтық тексерулерді жүргізу мерзімі

1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салық органының нұсқамасында көрсетілген салықтық тексеруді жүргізу мерзімі нұсқама табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс.

2. Құрылымдық бөлімшелері жоқ заңды тұлғаларға, дара кəсіпкерлерге жəне Қазақстан Республикасында біреуден аспайтын тұрған жері болған кезде қызметін тұрақты мекемелер арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттерге қатысты:

1) салық органы тағайындаған салықтық тексеруді жүргізу мерзімін:

салық органы - қырық жұмыс күніне дейін;

жоғары тұрған салық органы - елу жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін;

2) уəкілетті орган тағайындаған салықтық тексеруді жүргізу мерзімі елу жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін.

3. Құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғаларға жəне Қазақстан Республикасында біреуден астам тұрған жері болған кезде қызметін тұрақты мекемелер арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттерге қатысты:

1) салық органы тағайындаған салықтық тексеруді жүргізу мерзімін:

салық органы - алпыс бес жұмыс күніне дейін;

жоғары тұрған салық органы - бір жүз алпыс жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін;

2) уəкілетті орган тағайындаған салықтық тексеруді жүргізу мерзімін уəкілетті орган бір жүз алпыс жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін.

Осы баптың 2 жəне 3-тармақтарында көрсетілген салықтық тексеруді жүргізу мерзімі, ірі кəсіпкерлік субъектілеріне қатысты салықтық тексерулерді қоспағанда немесе шет мемлекеттерге ақпарат беру туралы сұрау салу жіберілген жəне халықаралық келісімдерге сəйкес ол бойынша мəліметтер алған кезде осындай тексеруді жүргізу басталған күннен бастап күнтізбелік бір жүз сексен күннен аспауға тиіс.

4. Салықтық мониторингте тұрған салық төлеушілерге қатысты:

1) салық органы тағайындаған салықтық тексеруді жүргізу мерзімін:

салық органы - жетпіс бес жұмыс күніне дейін;

жоғары тұрған салық органы - бір жүз сексен жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін;

2) уəкілетті орган тағайындаған салықтық тексеруді жүргізу мерзімін уəкілетті орган бір жүз сексен жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін.

5. Осы бапта көзделген ұзартуды ескере отырып, салықтық тексеруді жүргізудің жалпы мерзімі осы баптың 2, 3 жəне 4-тармақтарында айқындалған мерзімдерден аспауға тиіс.

6. Салықтық тексеруді жүргізу мерзімінің өтуін салық органдары:

салық органының мəліметтерді жəне (немесе) құжаттарды ұсыну туралы талабын салық төлеушіге (салық агентіне) табыс ету жəне салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеруді жүргізу кезінде сұратылатын мəліметтерді жəне (немесе) құжаттарды ұсынуы;

салық органының сұрау салуын басқа салық органдарына, мемлекеттік органдарға, банк ұйымдарына жəне Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға жіберу жəне көрсетілген сұрау салу бойынша мəліметтерді жəне (немесе) құжаттарды алу;

шет мемлекеттерге ақпарат беру туралы сұрау салуды жіберу жəне халықаралық келісімдерге сəйкес салық органдарының ол бойынша мəліметтер алуы;

салықтық тексерудің алдын ала актісіне тексерілетін салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша қарсылықты дайындауы жəне оны салық органының Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тəртіппен қарауы кезеңінде тоқтата тұруы мүмкін.

Салық органы салықтық тексеруді жүргізу мерзімін тоқтата тұру немесе қалпына келтіру кезінде мемлекеттік құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органды хабардар етеді.

Осы бапта көзделген негіздер бойынша тоқтата тұру мерзімі:

1) салықтық мониторингке тұрған салық төлеушілерді;

2) резидент-заңды тұлғаның, бейрезидент-заңды тұлға құрылымдық бөлімшесінің таратылуына, бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын қызметін тоқтатуына, дара кəсіпкер қызметінің тоқтатылуына байланысты жүргізілетін;

3) мынадай:

трансферттік баға белгілеу;

қосылған құн салығының қайтаруға ұсынылған асып кету сомаларының анықтығын растау;

бейрезиденттің өтініші негізінде бюджеттен табыс салығын қайтару бойынша салық агенттерін тексеру мəселелері;

салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаға салық төлеушінің (салық агентінің) шағымында баяндалған мəселелер бойынша тақырыптық салықтық тексерулер;

4) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша жүргізілетін;

5) салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тексерулер жүргізу барысында құжаттарды (мəліметтерді) ұсыну туралы салық органының талабын қойған жағдайда;

6) салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тексерудің алдын ала актісі шығарылған, сондай-ақ салық органы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тəртіппен салықтық тексерудің алдын ала актісіне салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша қарсылығын қараған жағдайларда салықтық тексеру мерзіміне кірмейді.

Осы тармақта көрсетілмеген өзге де салықтық тексерулерді тоқтата тұру мерзімі салықтық тексеру мерзіміне енгізіледі.

7. Салық органы тексерілетін салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тексеруді тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы хабархатты тоқтата тұру немесе қайта бастау күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде:

1) егер салық төлеуші веб-порталда тіркелген болса - веб-портал арқылы электрондық тəсілмен жіберу жолымен ұсынуға міндетті.

Салықтық тексеруді тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы хабархат электрондық тəсілмен жіберілген кезде тексерілетін салық төлеуші (салық агенті) веб-портал пайдаланушысының жеке кабинетінде танысқан кезден бастап оған табыс етілді деп есептеледі;

2) осындай хабархат электрондық тəсілмен жіберілген күннен кейінгі бір жұмыс күні өткен соң веб-портал пайдаланушысының жеке кабинетінде мұндай хабархатпен таныспаған жағдайда - қолын қойғызып жеке табыс ету немесе хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта немесе өзге де байланыс ұйымы арқылы жіберу жолымен ұсынуға міндетті.

Салықтық тексеруді тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы хабархат хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта немесе өзге байланыс ұйымы арқылы жіберілген кезде тексерілетін салық төлеуші (салық агенті) пошта немесе өзге байланыс ұйымының хабарламасына белгі қойған күннен бастап оған табыс етілді деп есептеледі.

Салықтық тексеруді тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы хабархатты қолын қойғызып жеке табыс еткен кезде тексерілетін салық төлеуші (салық агенті) салық органының данасына танысқаны жəне алғаны туралы қолтаңбасын, сондай-ақ алған күні мен уақытын қояды.

8. Қосылған құн салығының қайтаруға ұсынылған асып кету сомаларының анықтығын растау бойынша тақырыптық салықтық тексерулерді жүргізу, ұзарту жəне тоқтата тұру мерзімі осы Кодекстің 10-тарауының 2-параграфында көзделген мерзімдер сақтала отырып белгіленеді.