Қазақстан Республикасының 2025 жылы 18 сәуірдегі 214-VIII Салық Кодексі

Предыдущая страница

3) тауардың баланстық құны;

4) мұндай тауар бойынша қосылған құн салығын бұрын есепке жатқызуға негіз болған құжаттың деректемелері (атауы, нөмірі, күні), сондай-ақ тауардың қосылған құн салығынсыз құны (салық салынатын айналым мөлшері).

8. Салықтық тіркелімдер қағаз жеткізгіштерде жүргізілген жағдайда мұндай салықтық тіркелімдердегі қателерді түзету негізделген болуға жəне түзету енгізген жауапты адамның қолтаңбасымен расталып, енгізілген түзетулердің күні мен негіздемесі көрсетілуге тиіс.

9. Салықтық тіркелімдер тексеруді жүзеге асыратын салық органдары лауазымды адамдарының талап етуі бойынша салықтық тексерулерді жүргізу кезінде салық органдарының лауазымды адамдарына қағаз жəне (немесе) электрондық жеткізгіштерде ұсынылады.

Салықтық мониторингте тұрған салық төлеушілер салық органдарының немесе олардың лауазымды адамдарының талап етуі бойынша салықтық тіркелімдерді ұсынады.

Салық төлеуші (салық агенті) салықтық тіркелімдерді электрондық құжат нысанында жасаған кезде салықтық тексеру барысында жəне салықтық мониторинг шеңберінде салық органдарының немесе олардың лауазымды адамдарының талап етуі бойынша салықтық тіркелімдерді электрондық жеткізгіштерде жəне осындай салықтық тіркелімдердің қағаз жеткізгіштегі көшірмелерін ұсынуға міндетті, олар басшысының жəне салық төлеушінің (салық агентінің) осы салықтық тіркелімдерін жасауға жауапты адамдардың (адамның) қолымен, сондай-ақ салық төлеушіде (салық агентінде) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша мөр болмаған жағдайларды қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) мөрімен куəландырылуға тиіс.

10. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін төлеушілер, қоршаған ортаға жағымсыз əсер еткені үшін төлемақы бойынша салықтық міндеттемелерді есепке алу бойынша салықтық тіркелімді қоспағанда, осы баптың 5-тармағында көзделген салықтық тіркелімдерді жүргізуге міндетті.

 

206-бап. Есепке алу құжаттамасын жасауға жəне сақтауға қойылатын талаптар

1. Салық төлеуші (салық агенті) есепке алу құжаттамасын қазақ жəне (немесе) орыс тілдерінде қағаз жəне (немесе) электрондық жеткізгіштерде жасайды.

Шет тілдерінде жасалған жекелеген құжаттар болған кезде салық органы салық төлеушіден (салық агентінен) олардың қазақ немесе орыс тіліне аудармасын талап етуге құқылы.

2. Салық төлеуші (салық агенті) есепке алу құжаттамасын электрондық нысанда жасаған кезде салықтық тексеру барысында салық органдарының лауазымды адамдарының талап етуі бойынша, электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде тіркелген шот-фактураларды, бухгалтерлік құжаттаманы жəне бастапқы есепке алу құжаттарын қоспағанда, осындай құжаттаманың көшірмелерін қағаз жеткізгіштерде ұсынуға міндетті.

3. Салық төлеуші (салық агенті) салық салу объектілеріне немесе салық салуға байланысты объектілерге қатысты есепке алу құжаттамасын салықтың немесе бюджетке төленетін төлемнің əрбір түрі үшін осы Кодекстің 65-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі өткенге дейін, бірақ кемінде бес жыл сақтайды.

Есепке алу құжаттамасын сақтау мерзімі, егер олар белгілеген сақтау мерзімі осы тармақта белгіленген мерзімінен асып кететін болса, осы баптың 4 жəне 5-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, осындай есепке алу құжаттамасының негізінде салықтық міндеттеме есептелген кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнен басталады.

4. Салық төлеуші I топтың тіркеп-белгіленген активінің, осы Кодекстің 303 - 313-баптарына сəйкес түзілген амортизацияланатын активтердің жеке топтарының, оның ішінде мүліктік жалдау (жалға беру) шарты бойынша берілген (алынған) тіркеп-белгіленген активтің құнын растайтын есепке алу құжаттамасын осындай актив бойынша амортизациялық аударымдар есептелген соңғы салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнен бастап бес жыл өткенге дейін сақтайды.

Салық төлеуші II, III жəне IV топтың тіркеп-белгіленген активінің, оның ішінде мүліктік жалдау (жалға беру) шарты бойынша берілген (алынған) тіркеп-белгіленген активінің құнын растайтын есепке алу құжаттамасын осы Кодекстің 65-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде, бірақ осындай актив тіркеп-белгіленген активтер тобының құндық балансына енгізілген салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнен бастап кемінде бес жыл сақтайды.

Салық төлеуші салық салу мақсатында амортизацияға жатпайтын активтердің құнын растайтын есепке алу құжаттамасын салық төлеушіде амортизацияға жатпайтын активтің шығып қалуы орындалған салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнен бастап бес жыл бойы сақтайды.

5. Салық салу объектілеріне немесе салық салуға байланысты объектілерге қатысты, салық төлеушінің ( салық агентінің ) осы Кодекстің 17-бөліміне сəйкес салықтық преференциялар мен жеңілдіктерді қолдануы көзделген салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша есепке алу құжаттамасы осы Кодекстің 65-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі бойы сақталады.

6. Салық төлеушіні қайта ұйымдастырған кезде қайта ұйымдастырылған тұлғаның есепке алу құжаттамасын сақтау жөніндегі міндеттеме оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) жүктеледі.

 

 

1-параграф. Шот-фактура

 

207-бап. Шот-фактураны жазып беруге міндетті тұлғалардың санаттары

1. Шот-фактураны мынадай:

қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелген салық төлеушілер - осы Кодекстің 50-тарауына сəйкес;

қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтын салық төлеушілер (бұдан əрі - қосылған құн салығын төлемеушілер) - осы Кодекстің 208 жəне 209-баптарына сəйкес жазып беруге міндетті.

2. Шот-фактура осы Кодекстің ережелері ескеріле отырып, уəкілетті орган айқындаған тəртіппен жəне нысан бойынша жазып беріледі.

 

208-бап. Қосылған құн салығын төлемеушілердің шот-фактураны жазып беруі

1. Осы тармақта белгіленген жағдайларда мына қосылған құн салығын төлемеушілер шот-фактура жазып беруге міндетті:

1) осы Кодекстің 495-бабында белгіленген жағдайларда - комиссионер;

2) осы Кодекстің 494-бабында белгіленген жағдайларда - экспедитор;

3) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уəкілетті органның мемлекеттік материалдық резервтен тауарлар шығарған кезде оның ведомствосы;

4) жүктерді халықаралық тасымалдаудың көрсетілетін қызметтері бойынша - салық төлеуші;

5) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында айқындалған, сəйкестікті растау жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін белгіленген тəртіппен аккредиттелген заңды тұлға;

6) ЕАЭО-ның кеден заңнамасына жəне (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сəйкес кеден өкілі, кедендік тасымалдаушы, уақытша сақтау қоймаларының иесі, кедендік қоймалардың иесі жəне уəкілетті экономикалық оператор болып табылатын салық төлеуші;

7) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші;

8) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды іске асыру мақсатында қабылданған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда салық төлеуші;

9) импортталған тауарларды өткізген жағдайда салық төлеуші;

10) салық төлеушіге келіп түскен жəне электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінің «Виртуалды қойма» модуліне келіп түскен кезде есепке алынған тауарларды өткізетін осы салық төлеуші.

Электрондық шот-фактуралары электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінің «Виртуалды қойма» модулі арқылы жазып берілетін тауарлардың тізбесін уəкілетті орган бекітеді жəне оның интернет-ресурсында орналастырылады;

11) Қазақстан Республикасының əлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сəйкес медициналық көрсетілетін қызметтер бойынша, дəрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, медициналық бұйымдардың жиынтықтауыштарын, сондай-ақ техникалық қосалқы (компенсаторлық) құралдарды өткізу бойынша - салық төлеуші;

12) адвокаттық кеңсе жасаған шарттар бойынша адвокаттық осындай кеңсені дербес немесе басқа адвокаттармен бірлесіп құрған адвокат көрсеткен заң көмегі жөніндегі адвокаттық кеңсе.

Осы тармақтың ережелері жеке тұлға, оның ішінде дара кəсіпкер болып табылатын жеке тұлға немесе жеке практикамен айналысатын адам жеке мүлкін өткізген кезде қолданылмайды.

2. Осы баптың 1-тармағының 1) - 7) жəне 11) тармақшаларында көзделген жағдайларда:

1) есеп айырысу:

сатып алушыға бақылау-касса машинасының чегі беріле отырып жəне (немесе) көрсетілетін қызметтердің ақысын төлеу терминалдары арқылы;

сатып алушыға тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді арнаулы мобильді қосымшаның чегі беріле отырып жүзеге асырылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өткізілген жағдайларда шот-фактура жазып беру талап етілмейді. Бұл ретте сатып алушының талап етуі бойынша чекте тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді осындай сатып алушының сəйкестендіру нөмірі қамтылуға тиіс;

2) есеп-айырысу электрондық ақшамен немесе электрондық төлем құралдары пайдаланыла отырып жүзеге асырылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер жеке тұлғаларға өткізілген;

3) жеке тұлғаға ұсынылған коммуналдық көрсетілетін қызметтер, көрсетілетін байланыс қызметтері үшін екінші деңгейдегі банктер, пошта операторы арқылы есеп айырысу жүзеге асырылған;

4) теміржол немесе əуе көлігімен жолаушыны тасымалдау қағаз жеткізгіштегі жол жүру билетімен, электрондық билетпен немесе электрондық жол жүру құжатымен ресімделген;

5) дара кəсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын жеке тұлғаға тауар өтеусіз берілген, жұмыстар өтеусіз орындалған, қызметтер өтеусіз көрсетілген;

6) осы Кодекстің 477-бабында көзделген қаржы операциялары іске асырылған жағдайларда шот-фактура жазып беру талап етілмейді.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) жəне 2) тармақшаларының ережелері тауарлар өткізілген, жұмыстар орындалған, қызметтер көрсетілген жағдайларда осы Кодекстің 131-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдарға қолданылмайды.

3. Осы баптың 1-тармағының 8) - 10) тармақшаларында көзделген жағдайларда шот-фактураны жазып беру тауарлар:

1) сатып алынған тауарды жеке, отбасылық, үйде немесе кəсіпкерлік қызметпен байланысты емес өзге де пайдалану мақсатында пайдаланатын жеке тұлғаларға (түпкілікті тұтыну);

2) Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес микрокəсіпкерлік субъектілері болып табылатын жеке немесе заңды тұлғаларға өткізілген кезде талап етілмейді.

4. Өнім беруші өткізу бойынша айналым жасаған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы:

осы баптың 2-тармағының 1) жəне 2) тармақшаларында;

осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларда, осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіге шот-фактураны жазып беруді талап ете отырып жүгінуге құқылы.

Өнім беруші осындай талапты осы баптың ережелерін ескере отырып, оның ішінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы туралы мəліметтерде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жүзеге асырылатын сенімді тұлға арқылы заңды тұлғаның немесе тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алатын дара кəсіпкердің деректемелерін көрсету бөлігінде орындауға міндетті.

5. Өнім беруші өткізу бойынша айналым жасаған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде көрсетілетін қызметтерді алушы осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда жеке тұлғаның жол жүру фактісін растайтын құжатты немесе осындай көрсетілетін қызметтерді берушіге шот-фактураны жазып беруін талап ете отырып жүгінуге құқылы. Өнім беруші осындай талапты осы баптың ережелерін ескере отырып, оның ішінде жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы туралы мəліметтерде тасымалдау жөніндегі қызмет көрсетілген жеке тұлғаның деректемелерін көрсету бөлігінде орындауға міндетті.

 

209-бап. Қосылған құн салығын төлемеушілердің шот-фактураны жазып беруіне қойылатын талаптар

1. Салық төлеуші шот-фактураны қағаз жеткізгіште жазып беруге құқылы болатын:

1) салық төлеушінің Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық бірліктерінің шекараларында тұрған жері бойынша жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі болмаған;

2) уəкілетті органның интернет-ресурсындағы техникалық қателер себебінен электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде шот-фактураларды жазып берудің мүмкін еместігі туралы ақпарат расталған жағдайларды қоспағанда, шот-фактура электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электрондық нысанда жазып беріледі.

Қағаз жеткізгіште жазып берілген шот-фактура техникалық қателер жойылған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіне енгізілуге жатады.

3) осы Кодекстің 88-бабына сəйкес электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде шот-фактураларды жазып беру тоқтатыла тұрған кездегі жағдайларды қоспағанда, шот-фактура электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электрондық нысанда жазып беріледі.

Бұл ретте қағаз жеткізгіште жазып берілген шот-фактура осы Кодекстің 88-бабына сəйкес шот-фактураларды электрондық нысанда жазып беруді тоқтата тұрудың күші жойылған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіне енгізілуге жатады;

4) төтенше жағдай немесе төтенше жағдайдың қолданылу кезеңіндегі жағдайларды қоспағанда, шот-фактура электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электрондық нысанда жазып беріледі.

Бұл ретте қағаз жеткізгіште жазып берілген шот-фактура төтенше жағдай немесе төтенше жағдайдың қолданылу кезеңі аяқталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіне енгізілуге жатады.

2. Қағаз жеткізгіштегі шот-фактура электрондық шот-фактура нысанында екі данада жазып беріледі, оның біреуі тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушыға беріледі.

Салық төлеушілер қағаз жеткізгіште жазып берілетін шот-фактурада шот-фактураның электрондық нысанында көзделмеген қосымша мəліметтерді көрсетуге құқылы.

3. Шот-фактурадағы құндық жəне сомалық мəндер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында көрсетіледі.

4. Егер заңды тұлғаның атынан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беруші ретінде оның құрылымдық бөлімшесі əрекет етсе жəне заңды тұлғаның шешімі бойынша шот-фактураларды жазып беруді осындай құрылымдық бөлімше жүргізсе, сондай-ақ, егер құрылымдық бөлімше заңды тұлғаның атынан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы болған жағдайда, онда шот-фактурада осындай құрылымдық бөлімшенің деректемелерін көрсетуге жол беріледі.

5. Шот-фактураны жазып беру мақсаттары үшін:

айналым жасалған күн осы Кодекстің 460-бабының ережелеріне сəйкес айқындалады;

айналым мөлшері осы Кодекстің 461 жəне 462-баптарының ережелеріне сəйкес айқындалады.

6. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, электрондық нысанда жазып берілген шот-фактура электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куəландырылады.

Шот-фактура осы Кодекстің 93-бабына сəйкес тəуекелдерді басқару жүйесі негізінде салық төлеушіге қатысты тəуекел анықталған кезде уəкілетті орган көздеген тəртіппен шот-фактураны жазып беруді жүзеге асыратын жеке тұлғаның биометриялық деректерімен қосымша куəландырылады.

Қағаз жеткізгіште жазып берілген шот-фактура:

заңды тұлғалар үшін - басшының жəне бас бухгалтердің қолтаңбасымен, сондай-ақ егер осы тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес мөрі болуға тиіс болса, атауы жəне ұйымдық-құқықтық нысанын көрсету қамтылған мөрмен;

дара кəсіпкерлер үшін - тегі, аты жəне əкесінің жəне (немесе) атауы қамтылған мөрмен (ол болған кезде), сондай-ақ дара кəсіпкердің қолтаңбасымен куəландырылады.

Шот-фактура салық төлеушінің бұйрығымен уəкілеттік берілген жұмыскердің қолтаңбасымен куəландырылуы мүмкін. Бұл ретте бұйрықтың көшірмесі тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушылардың көзбен шолып танысуы үшін қолжетімді болуға тиіс.

Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіге шот-фактураларға қол қоюға уəкілетті адамды тағайындау туралы бұйрықтың осыған уəкілетті адам куəландырған көшірмесін ұсынуды талап ете отырып жүгінуге құқылы, ал өнім беруші осы талапты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы жүгінген күні орындауға міндетті.

Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беруші болып табылатын заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі, егер осы тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес мөрі болуға тиіс болса, салық төлеушінің шешімі бойынша өзі жазған шот-фактураларды осындай құрылымдық бөлімшенің заңды тұлғаның атауы жəне ұйымдық-құқықтық нысанын көрсету қамтылған мөрімен куəландыруға құқылы.

Жай серіктестікке (консорциумға) қатысушылардың уəкілетті өкілі жазып берген шот-фактура осы Кодекстің 216-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда атауының жəне ұйымдық-құқықтық нысанының көрсетілуін қамтитын уəкілетті өкілдің мөрімен, сондай-ақ осындай уəкілетті өкілдің басшысы мен бас бухгалтерінің қолтаңбаларымен куəландырылады.

Егер Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына жəне есепке алу саясатына сəйкес басшы немесе дара кəсіпкер бухгалтерлік есепке алуды жеке өзі жүргізсе, бас бухгалтердің қолтаңбасының орнына «көзделмеген» деп көрсетіледі.

7. Қосылған құн салығын төлемеушілер шот-фактураны осы Кодекстің 493-бабында белгіленген мерзімдерде жазып береді.

8. Жекелеген жағдайларда шот-фактураларды жазып беру ерекшеліктері осы Кодекстің 494 - 498-баптарында белгіленген.

 

210-бап. Бөлек салықтық есепке алуды жүргізу қағидалары

1. Жалпыға бірдей белгіленгенге қарағанда осы Кодекспен өзге салық салу шарттары көзделген, мынадай бөлінетін санаттар:

қызметтің түрі немесе түрлерінің жиынтығы;

жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт;

рентабельділігі төмен, тұтқырлығы жоғары, суландырылған, шағын дебитті жəне игерілген санаттарға жатқызылған кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бір бөлігі);

сенімгерлік басқару шарты немесе сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдай;

бірлескен қызмет туралы шарт;

тауарларды, жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді өткізу жөніндегі айналым;

кірістің түрі;

құрылыс объектісі:

салық мөлшерлемесі бойынша салықтардың белгілі бір түрі бойынша салықтық міндеттемелерді бөлек есептеу мақсаттары үшін салық салу объектілерін жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілерді салықтық есепке алу бөлек салықтық есепке алу болып табылады.

Жалпыға бірдей белгіленген салық салу шарттарына қарағанда өзге салық салу шарттарына салықтың сомасын азайту, салық салудан босату, арнаулы салық режимін қолдану да жатады.

Салық төлеуші (салық агенті) осы Кодексте бөлек салықтық есепке алуды жүргізу жөніндегі талаптар белгіленген бөлінетін санаттар бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілерді біріктіруге құқылы емес.

2. Салық төлеуші (салық агенті) осы Кодексте көзделген жағдайларда бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.

Салық салу объектілеріне жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды:

бірлескен қызмет туралы шарт бойынша бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың уəкілетті өкілі;

сенімгерлік басқару құрылтайшысы немесе сенімгерлік басқарушы жүргізуге міндетті.

3. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші жалпыға бірдей белгіленген тəртіппен салық салынуға жататын кірістер пайда болған кезде оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режиміндегі салықтық міндеттемелерден бөлек жалпыға бірдей белгіленген тəртіппен салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.

4. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық есепке алу саясатында бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тəртібін, оның ішінде жалпы кірістер мен шығыстар түрлерінің тізбесін, осындай кірістер мен шығыстарды осы Кодексте салық салудың əртүрлі шарттары белгіленген бөлінетін санаттар мен өзге де қызмет арасында бөлу əдістерін өзі дербес белгілейді.

5. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 757-бабында айқындалған тəртіппен келісімшарттан тыс қызметтен бөлек келісімшарттық қызмет бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.

6. Туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялар жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға (келісімшарттық қызметке) жатпайды.

7. Салық төлеушілер (салық агенттері) бөлек салықтық есепке алуды бекітілген салықтық есепке алу саясатына сəйкес жəне осы бапта белгіленген ережелерді ескере отырып, есепке алу құжаттамасының деректері негізінде жүргізеді.

8. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық міндеттемені есептеу үшін бөлек салықтық есепке алуды жүргізу кезінде:

1) өзге қызметтен бөлек əрбір бөлінетін санат бойынша - осы Кодексте бөлек салықтық есепке алуды жүргізу туралы талап белгіленген салықтарды есептеу үшін салық салу объектілерін жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілерді салықтық есепке алуда көрсетуді;

2) тұтастай бүкіл қызмет бойынша - осы Кодексте бөлек салықтық есепке алуды жүргізу туралы талап белгіленбеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеуді;

3) мыналарды:

корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны;

кəсіпкерлік қызмет бойынша жеке табыс салығы бойынша декларацияны;

осы тармақтың 6) тармақшасында көзделген жағдайда, қосылған құн салығы бойынша декларацияны қоспағанда, тұтастай бүкіл қызмет бойынша - салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсынуды;

4) мыналарды:

оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі қолданылатын кіріс түрлері бойынша - оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі бойынша декларацияны;

шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі қолданылатын қызметтен түсетін кірістер бойынша - шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі бойынша декларацияны;

кірістің өзге түрлері бойынша - корпоративтік немесе жеке табыс салығы бойынша декларацияны бөлек ұсынуды;

5) тұтастай бүкіл қызмет бойынша кəсіпкерлік қызмет бойынша корпоративтік немесе жеке табыс салығы жөніндегі бірыңғай декларацияны жəне осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілмеген жағдайларда əрбір бөлінетін санат бойынша оған тиісті қосымшаларды ұсынуды;

6) мыналар:

осы Кодекстің 490-бабында көзделген қызмет бойынша;

өзге де қызмет бойынша қосылған құн салығы бойынша декларацияны бөлек ұсынуды қамтамасыз етуге міндетті.

 

211-бап. Корпоративтік табыс салығы бойынша бөлек салықтық есепке алуды жүргізудің жалпы қағидаттары

1. Осы баптың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар қолданылады:

1) жалпы кірістер мен шығыстар - бөлінетін санат бойынша қызметті жəне өзге қызметті жүзеге асырумен бір мезгілде байланысты болатын жəне олардың арасында бөлуге жататын жалпы тіркеп-белгіленген активтер бойынша кірістер мен шығыстарды қоса алғанда, есепті салықтық кезеңдегі кірістер мен шығыстар;

2) жалпы тіркеп-белгіленген активтер - бөлінетін санат бойынша қызметті жəне өзге қызметті жүзеге асырумен бір мезгілде байланысты болатын жəне оларды пайдаланудың өзіндік ерекшелігіне қарай нақты бөлінетін санатпен немесе өзге қызметпен тікелей себеп-салдарлық байланысы жоқ тіркеп-белгіленген активтер;

3) жанама кірістер мен шығыстар - есепті салықтық кезеңдегі кірістер мен шығыстар, оның ішінде бірнеше бөлінетін санатпен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар жəне осындай санаттар арасында ғана бөлінуге жататын тіркеп-белгіленген активтер бойынша кірістер мен шығыстар;

4) жанама тіркеп-белгіленген активтер - пайдаланудың өзіндік ерекшелігіне қарай бірнеше бөлінетін санатпен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар тіркеп-белгіленген активтер;

5) тікелей кірістер мен шығыстар - нақты бөлінетін санатпен немесе өзге қызметпен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар тіркеп-белгіленген активтер бойынша кірістер мен шығыстарды қоса алғанда, есепті салықтық кезеңдегі кірістер мен шығыстар.

2. Бөлек салықтық есепке алуды жүргізу мақсатында салық төлеушінің барлық кірісі мен шығысы тікелей, жанама жəне жалпы болып бөлінеді.

Салық төлеуші (салық агенті) кірістер мен шығыстарды тікелей, жанама жəне жалпы деп сыныптауды қызметтің өзіндік ерекшелігін негізге ала отырып, өзі дербес жүзеге асырады.

Тікелей кірістер мен шығыстар тікелей себеп-салдарлық байланысы бар бөлінетін санатқа немесе өзге қызметке ғана толық көлемде жатқызылуға тиіс.

Жалпы кірістер мен шығыстар бөлінетін санат пен өзге қызмет арасында бөлуге жатады жəне себеп-салдарлық байланысы бар сол бөлінетін санат пен өзге қызметтің кірістері мен шығыстарына тиісті үлесте жатады.

Жанама кірістер мен шығыстар бөлінетін санаттар арасында ғана бөлінуге жатады жəне тиісті үлесте себеп-салдарлық байланысы бар сол санаттың кірістері мен шығыстарына жатады.