Қазақстан Республикасының 2025 жылы 18 сәуірдегі 214-VIII Салық Кодексі

Предыдущая страница

Запастардың ішкі орын ауыстыру арқылы түсуі дара кəсіпкердің кірісі болып табылмайды. Запастардың ішкі орын ауыстыруы деп олардың дара кəсіпкер тағайындаған бір материалдық жауапты тұлғадан сол дара кəсіпкер тағайындаған басқа материалдық жауапты тұлғаға ауысуы түсініледі.

Дара кəсіпкердің салықтық есепке алу мақсаты үшін запастарды сақтауға немесе алыс-беріс шикізаты ретінде беру запастардың шығып қалуы болып табылмайды.

Запастарды сақтауға алуды дара кəсіпкер сақтау шарты негізінде немесе егер дара кəсіпкер запастарды алса жəне осы запастарды берушілердің төлем талаптары шоттарының акцептінен жəне оларды төлеуден заңды негізде бас тартса, акцептен бас тарту туралы өтініш негізінде жүзеге асырады. Осындай запастардың құны дара кəсіпкердің кірісі болып табылмайды.

Мыналар:

1) актив ретінде тануды тоқтату, оның ішінде запастарды басқа жаққа өткізген, өтеусіз берген, өндіріс процесінде, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жəне өзге де мақсаттар үшін пайдаланған, жарғылық капиталға жарна ретінде берген кезде, айырбастаған кезде, түгендеу кезінде жетіспеушіліктер анықталған, мүліктер ұрланған, бүлінген, сақтау мерзімдері өткен, моральдық тұрғыдан тозған кезде жəне тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан өзге де жағдайларда тануды тоқтату;

2) активті қайта сыныптау, оның ішінде негізгі құралдардың, өзге де активтердің құрамына аудару запастардың шығып қалуы болып табылады.

 

 

4-БӨЛІМ. РЕЗИДЕНТТЕР МЕН БЕЙРЕЗИДЕНТТЕРДІҢ

КІРІСТЕРІНЕ САЛЫҚ САЛУ ЖӨНІНДЕГІ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

22-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

221-бап. Резиденттер мен бейрезиденттерге салық салу жөніндегі жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасының резиденті Қазақстан Республикасында осы Кодекстің ережелеріне сəйкес Қазақстан Республикасындағы жəне оның шегінен тысқары жерлердегі көздерден алынған кірістерден салықтар төлейді.

2. Бейрезидент Қазақстан Республикасында осы Кодекстің ережелеріне сəйкес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерден салықтар төлейді.

Қазақстан Республикасында кəсіпкерлік қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент Қазақстан Республикасында осы Кодекстің ережелеріне сəйкес мұндай тұрақты мекеменің қызметіне байланысты, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлердегі көздерден алынған кірістерден де салықтар төлейді.

3. Резиденттер мен бейрезиденттер Қазақстан Республикасында өзге де салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді, сондай-ақ əлеуметтік төлемдерді осындай міндеттемелер туындаған кезде төлейді.

 

222-бап. Резидент-жеке тұлға

1. Жеке тұлға:

1) Қазақстан Республикасында тұрақты болатын;

2) өмірлік мүдделер орталығы Қазақстан Республикасында болатын жағдайларда резидент деп танылады.

2. Жеке тұлғаның осы салықтық кезеңде аяқталатын кез келген қатарынан он екі айлық кезеңде:

1) кемінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күн (келу жəне кету күндерін қоса алғанда);

2) «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген шарттарға сəйкес АХҚО-ның инвестициялық резиденті үшін кемінде күнтізбелік тоқсан күн (келу жəне кету күндерін қоса алғанда) Қазақстан Республикасында болуы салықтық кезең үшін Қазақстан Республикасында тұрақты болуы болып табылады.

3. Бір мезгілде мынадай шарттарды орындаған кезде:

1) жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе Қазақстан Республикасында тұруға рұқсаты немесе ықтиярхаты болса;

2) жеке тұлғаның жұбайы (зайыбы) жəне (немесе) жақын туыстары (олар болған жағдайда) Қазақстан Республикасында тұрса;

3) Қазақстан Республикасында жеке тұлғаның кез келген уақытта тұруы жəне (немесе) жұбайының (зайыбының) жəне (немесе) оның жақын туыстарының тұруы үшін қолжетімді, оған жəне (немесе) жұбайына (зайыбына) жəне (немесе) оның жақын туыстарына меншік құқығында немесе өзге де негіздерде тиесілі жылжымайтын мүлкі болса, өмірлік мүдделер орталығы Қазақстан Республикасында деп танылады.

4. Жеке тұлға Қазақстан Республикасында тұрған уақытына жəне осы бапта көзделген басқа да кез келген өлшемшарттарға қарамастан:

1) мемлекеттік билік органдары шет елге іссапарға жіберген жеке тұлға, оның ішінде дипломатиялық, консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдардың қызметкері, сондай-ақ аталған жеке тұлғаның отбасы мүшелері;

2) тұрақты халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына немесе азаматтарына тиесілі көлік құралы экипажының мүшесі;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге көшірілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамалары мен əскери бөлімдерінің əскери қызметшілері мен азаматтық персоналы;

4) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлердегі жəне Қазақстан Республикасының немесе Қазақстан Республикасы субъектілерінің меншігі болып табылатын объектілерде (оның ішінде концессиялық шарттар негізінде) жұмыс істейтін жеке тұлға;

5) оқу, оның ішінде тағылымдамадан немесе практикадан өту, емделу немесе сауықтыру, профилактикалық рəсімдерден өту мақсатында, оқу, оның ішінде тағылымдамадан немесе практикадан өту, емделу немесе сауықтыру, профилактикалық рəсімдерден өту кезеңі ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерде болатын жеке тұлға;

6) сабақ беру, консультациялар беру немесе ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында аталған қызметтерді (жұмыстарды) көрсету (орындау) кезеңі ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерде болатын оқытушы жəне (немесе) ғылыми қызметкер резидент деп танылады.

Осы тармақтың ережелері Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын (немесе Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы немесе Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаусыз Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру туралы өтініш берген) жеке тұлғаға қолданылады.

 

223-бап. Резидент-заңды тұлға

1. Заңды тұлға:

1) заңды тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес құрылған;

2) заңды тұлға шет мемлекеттің заңнамасына сəйкес құрылған, тиімді басқару орны (нақты басқару органының тұрған жері) Қазақстан Республикасында болатын жағдайларда резидент деп танылады.

2. Нақты басқару органының (директорлар кеңесінің немесе соған ұқсас органның) басқару жəне (немесе) бақылау жүзеге асырылатын, сондай-ақ заңды тұлғаның кəсіпкерлік қызметін жүргізу үшін қажетті шешімдер қабылданатын жиналысы өткізілетін орын тиімді басқару орны (нақты басқару органының тұрған жері) деп танылады.

 

224-бап. Резиденттікті растау тəртібі

1. Резиденттік резиденттің қосарланған салық салуды болғызбау жəне салықтар төлеуден жалтаруға жол бермеу мəселелерін реттейтін халықаралық шартты қолдану мақсатында жəне Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде қолдану үшін өзге де мақсаттарда расталады.

Салық органы резиденттің салықтық өтініші негізінде резиденттікті растайтын құжат береді.

Резиденттікті растау тəртібі мен мерзімдерін уəкілетті орган белгілейді.

2. Салық төлеушінің резиденттігін растауды осындай салық төлеуші тұрған жері бойынша тіркелген салық органына қатысты жоғары тұрған салық органы жүзеге асырады.

3. Резиденттік:

1) жеке тұлғаның резиденттігін тануға алып келетін жағдай туындаған күннен бастап көрсетілген жағдай туындаған күнтізбелік жылдың соңына дейінгі кезең үшін;

2) жеке тұлға Қазақстан Республикасында тұрақты болған жағдайда оның алдыңғы күнтізбелік жылдағы резиденттігі расталған жағдайда күнтізбелік жылға;

3) Қазақстан Республикасында тұрақты болатын немесе өмірлік мүдделер орталығы Қазақстан Республикасында орналасқан жеке тұлғаның резиденттігін растауға арналған өтініште көрсетілген күнтізбелік жыл үшін;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына да сəйкес құрылған, сондай-ақ тиімді басқару орны (нақты басқару органының тұрған жері) Қазақстан Республикасында орналасқан, шет мемлекеттің заңнамасына да сəйкес құрылған заңды тұлға тіркелген күннен бастап күнтізбелік жылдың соңына дейінгі кезең үшін расталады. Келесі жылдары заңды тұлғаның резиденттігі күнтізбелік жылдың басынан осы күнтізбелік жылдың соңына дейін расталады.

4. Резиденттік өткен жəне (немесе) ағымдағы күнтізбелік жылдар үшін расталады.

 

225-бап. Бейрезиденттер

1. Бейрезидент - осы Кодекстің немесе қосарланған салық салуды болғызбау жəне салық төлеуден жалтарудың алдын алу мəселелерін реттейтін халықаралық шарттың ережелеріне сəйкес Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын тұлға.

Бейрезидент-заңды тұлға қызметін Қазақстан Республикасында:

1) тұрақты мекеме құрмай;

2) тұрақты мекеме құру арқылы жүзеге асырады.

Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекеме құрмай қызметін жүзеге асыруы тұрақты мекеменің құрылуына əкелуі мүмкін.

 

226-бап. Бейрезиденттің тұрақты мекемесі

1. Бейрезиденттің тұрақты мекемесі:

1) қызметтің тұрақты орны болған;

2) бейрезидент жалдаған жұмыскерлер немесе басқа персонал арқылы қызметтер көрсетілген, жұмыстар орындалған;

3) бейрезидент қызметті тəуелді агент арқылы жүзеге асырған;

4) бейрезидент бірлескен қызметті жүзеге асырған кезде бейрезиденттің қызметі Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған жағдайда құрылады.

Бейрезиденттің тұрақты мекемесі осы Кодекске сəйкес айқындалады.

Халықаралық шарт болған кезде тұрақты мекеме осындай халықаралық шарттың ережелері ескеріле отырып айқындалады.

2. Қазақстан Республикасында:

1) бейрезиденттің кейінгі қызметі үшін:

кез келген орынды бейрезидентке тиесілі тауарды өткізбей оны сақтау жəне (немесе) көрсету мақсаттары үшін ғана пайдалану;

тұрақты қызмет орнын ақпарат жинау, өңдеу жəне (немесе) тарату, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді жарнамалау немесе олардың нарығын зерделеу үшін ғана ұстау дайындық немесе көмекші сипатқа ғана ие қызмет тұрақты мекеменің құрылуына алып келмейді.

Бұл ретте дайындық немесе көмекші сипаттағы қызмет бейрезиденттің өзі үшін жүзеге асырылуға тиіс жəне бейрезидент қызметінің негізгі түрлерінің бөлігі бола алмайды;

2) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істеу үшін шетелдік персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсету бір мезгілде мынадай шарттар орындалған кезде:

егер мұндай персонал өзі ұсынылған тұлғаның атынан жəне соның мүдделерін көздеп əрекет етсе;

шетелдік персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсететін бейрезидент ұсынылған персоналдың жұмыс нəтижелері үшін жауапты болмаса;

салықтық кезең ішінде бейрезиденттің шетелдік персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсетуден түсетін кірісі бейрезиденттің көрсетілген кезең ішінде осындай персоналды ұсыну бойынша жалпы шығындары сомасының 10 пайызынан аспайтын болса, тұрақты мекеменің құрылуына алып келмейді.

Бұл ретте мұндай кірістің мөлшері салықтық кезең ішінде шетелдік персоналды ұсыну бойынша бейрезидент көрсеткен қызметтердің құны мен көрсетілген кезең ішінде бейрезиденттің персоналды ұсыну бойынша жалпы шығындары сомасының құны арасындағы оң айырма түрінде айқындалады.

Шетелдік персоналдың кірістерін қоса алғанда, осындай қызметтер көрсетуге арналған шығындардың сомасын растау үшін бейрезидент көрсетілетін қызметтерді алушыға Қазақстан Республикасының жəне (немесе) шет мемлекеттің заңнамасына сəйкес жасалған бастапқы құжаттардың көшірмесін ұсынуға міндетті.

Шетелдік персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсететін бейрезиденттің кірісінен корпоративтік табыс салығын есептеу мақсаттары үшін, осы тармақта белгіленген шарттар орындалған кезде, бейрезиденттің мұндай көрсетілетін қызметтері Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерде көрсетілген қызметтер болып танылады.

3) Қазақстан Республикасының банктерінде тек қана банктік шот ашу мақсатында салық органдарында салық төлеуші ретінде тіркелу;

4) Қазақстан Республикасында мүлік сатып алатын салық агентінің міндеттемелерін ғана орындау үшін салық төлеуші ретінде тіркелу тұрақты мекеменің құрылуына алып келмейді.

 

227-бап. Қызметтің тұрақты орны болған кездегі бейрезиденттің тұрақты мекемесі

1. Қазақстан Республикасының аумағында:

1) тауарларды өндіру, қайта өңдеу, жасақтау, орау, қаптау жəне (немесе) өткізу жүзеге асырылатын кез келген орын;

2) кез келген басқару орны, офис, кеңсе, фабрика, бөлімше, шеберхана, шахта, мұнай немесе газ ұңғымасы, карьер немесе табиғи ресурстарды өндіретін басқа да орын;

3) жер қойнауы геологиялық зерделенетін, пайдалы қазбаларды барлау, барлауға жəне өндіруге дайындық жұмыстары жəне (немесе) пайдалы қазбаларды өндіру жүзеге асырылатын жəне (немесе) пайдалы қазбаларды барлауды жəне (немесе) өндіруді бақылау, байқау жəне (немесе) қадағалау жөніндегі жұмыстар орындалатын, қызметтер көрсетілетін кез келген орын;

4) құбыржолға байланысты қызмет (оның ішінде бақылау немесе байқау қызметі) жүзеге асырылатын кез келген орын;

5) ойын автоматтарын (жалғамаларымен қоса), компьютерлік желілер мен байланыс арналарын, аттракциондарды орнатуға, баптауға жəне пайдалануға байланысты, сондай-ақ көліктік немесе өзге де инфрақұрылымға байланысты қызмет жүзеге асырылатын кез келген орын;

6) құрылыс қызметі жəне (немесе) құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылатын, сондай-ақ осы жұмыстардың орындалуын бақылау, байқау жəне (немесе) қадағалау жөніндегі қызметтер көрсетілетін кез келген орын;

7) осы Кодекстің 226-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын өкілдікті қоспағанда, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі тұрған жер;

8) «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес Қазақстан Республикасында бейрезиденттің атынан делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлға тұрған жер;

9) егер бірлескен қызмет Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған жағдайда, бейрезидентпен жасалған мұндай бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушы резидент тұрған жер бейрезидент қызметінің тұрақты орны деп танылады.

Тауарларды көрмелер мен жəрмеңкелерде өткізуді қоспағанда, осы тармақтың ережелері жүзеге асырылу мерзімдеріне қарамастан, бейрезидент көрсетілген тұрақты орын арқылы Қазақстан Республикасының аумағында қызметті жүзеге асырған жағдайда қолданылады.

2. Бейрезиденттің Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін көрмелер мен жəрмеңкелерде тауарларды өткізуі, егер мұндай өткізу күнтізбелік он күннен асатын болса, Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрады.

 

228-бап. Бейрезидент жалданған жұмыскерлер немесе басқа персонал арқылы қызметтерді көрсеткен, жұмыстарды орындаған кездегі бейрезиденттің тұрақты мекемесі

1. Бейрезидент жалданған жұмыскерлер немесе басқа персонал арқылы қызметтерді көрсеткен, жұмыстарды орындаған кезде бейрезидент қызметінің тұрақты орны, егер мұндай қызмет бір мезгілде мынадай шарттарға сəйкес келсе:

1) кез келген қатарынан он екі айлық кезең шегінде Қазақстан Республикасының аумағында күнтізбелік бір жүз сексен үш күннен астам жалғасатын болса;

2) бір жоба немесе байланысты жобалар шеңберінде қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап жүзеге асырылcа, тұрақты мекеменің құрылуына алып келеді.

2. Мынадай:

1) өзара байланысты;

2) өзара тəуелді;

3) ұқсас келісімшарттар (шарттар) байланысты жобалар деп танылады.

3. Бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:

1) мұндай келісімшарттар (шарттар) бойынша бейрезидент немесе оның өзара байланысты тарапы бір ғана сол салық агентіне немесе оның өзара байланысты тарапына бірдей немесе осыған ұқсас қызметтер (жұмыстар) көрсететін (орындайтын);

2) бір келісімшарт (шарт) бойынша қызметтер көрсету (жұмыстар орындау) аяқталған күн мен басқа келісімшарт (шарт) жасалған күн арасындағы уақыт кезеңі қатарынан он екі айдан аспайтын келісімшарттар (шарттар) өзара байланысты келісімшарттар (шарттар) деп танылады.

Бірдей жұмыстар, көрсетілетін қызметтер - өздеріне тəн бірдей негізгі белгілері бар, оның ішінде біліктілігі мен іскерлік беделі салыстырмалы мердігерлер, орындаушылар орындайтын бірдей əдістемелер, технологиялар, тəсілдер пайдаланыла отырып іске асырылатын жұмыстар, көрсетілетін қызметтер.

Ұқсас жұмыстар, көрсетілетін қызметтер - бірдей емес, ұқсас сипаттамалары бар жəне сол бір функцияларды орындауға жəне бірін-бірі алмастыруға мүмкіндік беретін ұқсас құрамдастардан тұратын жұмыстар, көрсетілетін қызметтер.

4. Бейрезиденттің немесе оның өзара байланысты тарапының бір келісімшарт (шарт) бойынша міндеттемелерді орындамауы осындай бейрезиденттің немесе оның өзара байланысты тарапының басқа келісімшарт (шарт) бойынша міндеттемелерді орындауына əсер ететін жағдайда салық агентімен немесе оның өзара байланысты тарапымен бейрезидент немесе оның өзара байланысты тарапы арасында жасалған келісімшарттар (шарттар) шеңберінде көрсетілетін қызметтер, жұмыстар жүзеге асырылатын келісімшарттар (шарттар) өзара тəуелді келісімшарттар (шарттар) деп танылады.

5. Бейрезидент немесе оның өзара байланысты тарапы:

ұқсас сипаты мен мақсаты бар;

ұқсас мазмұны бар;

сол бір технология бойынша жүзеге асырылатын;

сол бір инфрақұрылыммен байланысты;

жүзеге асыру кезінде сол бір ресурстар (жабдықтар, жұмыскерлер, инфрақұрылым) пайдаланылатын;

бірдей немесе ұқсас қызметтерді көрсететін жəне (немесе) жұмыстарды орындайтын келісімшарттар (шарттар) ұқсас келісімшарттар (шарттар) деп танылады.

 

229-бап. Бейрезидент тəуелді агент арқылы қызметті жүзеге асырған кездегі бейрезиденттің тұрақты мекемесі

1. Бейрезидент қызметті Қазақстан Республикасының аумағында тəуелді агент арқылы жүзеге асырған жағдайда, мұндай қызмет осындай қызметті жүзеге асыру мерзімдеріне қарамастан, тұрақты мекеменің құрылуына алып келеді.

2. Тəуелді агент - бейрезидентпен шарттық қатынастар негізінде:

1) Қазақстан Республикасында бейрезиденттің мүдделерін білдіруге;

2) бейрезиденттің атынан жəне есебінен əрекет етуге жəне (немесе) белгілі бір заңдық əрекеттер жасауға, оның ішінде шарттар жасасуға уəкілеттік берілген тұлға.

Тəуелді агенттің қызметі дайындық немесе көмекші сипаттағы қызмет түрлерімен шектелмейді.

Осы тармақтың ережесі кеден өкілінің, бағалы қағаздар нарығына кəсіби қатысушының қызметіне жəне өзге де брокерлік қызметке (сақтандыру брокерінің қызметін қоспағанда) қолданылмайды.

3. Қазақстан Республикасында тауарлар запасының сақталуын қамтамасыз ететін жəне (немесе) мұндай тауарларды өз атынан немесе бейрезиденттің атынан тұрақты түрде жеткізетін тұлға да тəуелді агент деп танылады.

4. Егер еншілес ұйым осы баптың 1-тармағына сəйкес тəуелді агент деп танылса, бейрезиденттің Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес құрылған еншілес ұйым арқылы жүзеге асырылатын қызметі бейрезиденттің тұрақты мекемесінің құрылуына алып келеді.

Резидент-заңды тұлғаның капиталына бейрезиденттің қатысуы мұндай резидент-заңды тұлғаны бейрезидент қатысушының тəуелді агенті деп тануға негіз болып табылмайды.

 

230-бап. Бейрезидент бірлескен қызметті жүзеге асырған кездегі бейрезиденттің тұрақты мекемесі

1. Бейрезиденттің бірлескен қызмет туралы шарт негізінде қызметті жүзеге асыруы осындай қызмет Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған жағдайда бейрезиденттің тұрақты мекемесінің құрылуына алып келеді.

Мынадай:

1) қызмет тікелей Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған;

2) тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының аумағында болған жағдайларда қызметті бірлескен қызмет туралы шарт негізінде Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыру деп танылады.

2. Бірлескен қызмет туралы шарт бойынша салықтық міндеттемелерді орындауды осындай шарттың əрбір қатысушысы осы Кодексте айқындалған тəртіппен дербес жүзеге асырады.

 

231-бап. Бейрезиденттің тұрақты мекемесін тіркеу есебіне алу ерекшеліктері

1. Тұрақты мекеме құрылған кезде Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыратын бейрезидент осы Кодекстің 95-бабына сəйкес салық органында тіркеу есебіне алынуға жатады.

2. Бейрезиденттің тұрақты мекеменің құрылуына алып келетін қызметі қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап салық органдарында тіркеу есебіне қойылғанына немесе тіркеуші органда есептік тіркелгеніне қарамастан, тұрақты мекеменің қызметі ретінде қаралады.

Келісімшарт (шарт) жасалған күн осындай тұрақты мекеме қызметінің жүзеге асырылуының басталған күні деп танылады.

3. Егер бейрезидент бір салық органында тіркелуге жататын екі жəне одан көп тұрақты мекеменің құрылуына алып келетін қызметті жүзеге асырса, онда бейрезиденттің осындай тұрақты мекемелер тобы бойынша жиынтығында бір тұрақты мекеме тіркелуге жатады.

4. Егер бейрезиденттің тіркелген тұрақты мекемесі болса жəне осындай тұрақты мекеменің тіркелген жерінен басқа жерде ұқсас немесе сол қызметті жүзеге асырса, онда ұқсас немесе сол қызметті жүзеге асыру тұрақты мекеменің құрылуына алып келеді жəне қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап ұқсас немесе сол қызметті жүзеге асыратын жерде тіркелуге жатады.

5. Егер бейрезиденттің тұрақты мекемесі салық төлеушілер базасынан шығарылған күннен кейін мұндай бейрезидент осы Кодекстің 228-бабында жəне 227-бабының 2-тармағында көрсетілген қызметті қатарынан он екі айлық кезең ішінде қайта бастаса, онда ол тұрақты мекеме құрған деп танылады жəне осындай қызметті жүзеге асыра бастаған күннен бастап салық төлеуші ретінде тіркелуге жатады.

6. Егер бейрезидент қызметті қосарланған салық салуды болғызбау жəне салық төлеуден жалтарудың алдын алу мəселелерін реттейтін халықаралық шартқа немесе осы Кодекстің 226-бабының 2-тармағына сəйкес тұрақты мекеменің құрылуына алып келмейтін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асыратын болса, онда бейрезиденттің мұндай құрылымдық бөлімшесіне бейрезиденттің тұрақты мекемесі үшін көзделген осы Кодекстің ережелері қолданылатын болады.

Бұл ретте мұндай құрылымдық бөлімшенің осы Кодекстің 699, 700 жəне 701-баптарына сəйкес қосарланған салық салуды болғызбау жəне салық төлеуден жалтарудың алдын алу мəселелерін реттейтін халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы бар.

 

232-бап. Өзара келісу рəсімi

1. Тұлға Қазақстан Республикасының халықаралық шарт жасасқан шет мемлекеттің құзыретті органымен:

1) егер уағдаласушы мемлекеттердің бірінің немесе екеуінің əрекеттері осындай халықаралық шарттың ережелеріне сəйкес келмейтін салық салуға алып келді немесе алып келеді деп есептесе, халықаралық шарттың ережелерін қолдану туралы мəселелені қарау үшін;

2) резиденттілік мəртебесін айқындау үшін өзара келісу рəсімін жүргізу туралы өтінішпен уəкілетті органға жүгінуге құқылы.

2. Өтініште тұлғаның талаптары негізделген мəн-жайлар көрсетіледі.

Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасына сəйкес ұсынылған өтінішке тұлға алынған (алынуға жататын) кірістердің жəне (немесе) ұсталған салықтардың (олар ұсталған жағдайда) сомасын растайтын бухгалтерлік құжаттардың көшірмесін, сондай-ақ:

1) жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге немесе өзге де мақсаттарға арналған келісімшарттардың (шарттардың, келісімдердің);

2) мынадай құжаттардың:

заңды тұлғалар үшін:

құрылтай құжаттарының не заңды тұлғаның құрылтайшыларын (қатысушыларын) жəне мажоритарлық акционерлерін көрсете отырып, сауда тізілімінен үзінді- көшірмелердің;

заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тиімді басқару орнының (нақты басқару органының тұрған жерінің) бар екенін растайтын құжаттың (өткізілетін орны көрсетілген директорлар кеңесінің немесе осыған ұқсас органның жалпы жиналысы хаттамасының немесе басқару жəне (немесе) бақылау орнын, сондай-ақ заңды тұлғаның кəсіпкерлік қызметін жүргізу үшін қажетті коммерциялық шешімдердің қабылданғанын растайтын құжаттардың;

жеке тұлғалар үшін:

жеке куəліктің немесе Қазақстан Республикасы паспортының;

шетелдік паспорттың немесе азаматтығы жоқ адам куəлігінің;

Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаттың (ол болған кезде);

Қазақстан Республикасында болу кезеңін растайтын құжаттың (визаның немесе өзге де құжаттардың);

3) Қазақстан Республикасы жəне (немесе) шет мемлекет сотының заңды күшіне енген шешімінің (ол болған кезде) нотариат куəландырған көшірмесін қоса беруге міндетті.

Тұлға өзара келісу рəсімін жүргізу үшін қажетті, осы тармақта көрсетілмеген өзге де құжаттарды ұсынуға құқылы.

Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сəйкес ұсынылған өтінішке тұлға осы тармақтың екінші бөлігінің 2) жəне 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса беруге міндетті.