Қазақстан Республикасының 2025 жылы 18 сәуірдегі 214-VIII Салық Кодексі

Предыдущая страница

13. Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, пошта жөнелтілімдерін тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын теміржол тасымалдаушысына теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау кезінде магистральдық теміржол желісінің қызметтерін өтеусіз негізде, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау кезінде магистральдық теміржол желісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне арналған тарифке 0 мөлшеріндегі уақытша төмендету коэффициентін қолдана отырып көрсетуге байланысты Ұлттық инфрақұрылым операторы шеккен шығыстар шегерімге жатады.

14. Қызметті Қазақстан Республикасының жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында айқындалған тəртіппен жасалған көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт негізінде жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы салық салынатын кірісті айқындау кезінде жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауын банк салымы кепілі түрінде қамтамасыз етуді қалыптастыруға арналған аударымдар сомасын шегерімге жатқызады.

Көрсетілген шегерім жер қойнауын пайдаланушының салықтық кезең үшін Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкінде немесе Ұлттық пошта операторында орналастырылған банк салымына іс жүзінде жүргізген аударымдары мөлшерінде жүргізіледі.

Мұндай аударымдардың мөлшері мен тəртібі Қазақстан Республикасының жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сəйкес базалық жобалау құжаттарында белгіленеді.

Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға келісімшартты беру кезінде Қазақстан Республикасының жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сəйкес басқа жер қойнауын пайдаланушыдан көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауын банк салымы кепілі түрінде қамтамасыз ету қаражатын алған жағдайда, мұндай қаражат:

Қазақстан Республикасының жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына белгіленген тəртіпке сəйкес жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауын банк салымы кепілі түрінде қамтамасыз ету қаражаты орналастырылған жағдайда, оларды алған жылы немесе оларды алған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде оларды алған жер қойнауын пайдаланушыда жылдық жиынтық кіріске енгізілмейді;

оларды беретін жер қойнауын пайдаланушыда шегерімге жатқызылуға жатпайды.

Жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жоюға салықтық кезең ішінде іс жүзінде жүргізілген жəне жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауын банк салымы кепілі түрінде қамтамасыз ету (прогрессивті жою) қалыптастырылмайтын шығыстары олар жұмсалған салықтық кезеңде шегерімдерге жатқызылады.

Жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауын банк салымы кепілі түрінде қамтамасыз ету қаражаты шегінде барлау жəне (немесе) өндіру кезеңі аяқталғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі іс жүзінде жүргізілген шығыстары олар жұмсалған салықтық кезеңде шегерімдерге жатқызылады.

 

259-бап. Қосылған құн салығын төлеушілердің қосылған құн салығын шегеруі

1. Осы бап қосылған құн салығын төлеушіні салық төлеушілер базасында тіркеу есебіне қою жүргізілген салық төлеушінің қосылған құн салығының, оның ішінде сатып алынған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құнында есепке алынатын сомаларын шегерімге жатқызу тəртібін айқындайды.

2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер құнында қосылған құн салығы бойынша мынадай шығындар есепке алынады:

1) осы Кодекстің 482-бабының 1-тармағына сəйкес есепке жатқызуға жатқызылмайтын қосылған құн салығының сомасы;

2) осы Кодекстің 489-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сəйкес есепке жатқызуға рұқсат етілмеген қосылған құн салығының сомасы;

3) осы Кодекстің 484-бабы 2-тармағының 1) жəне 4) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, есепке жатқызуға жатқызылатын қосылған құн салығын азайту жағына қарай түзету сомасы.

3. Қосылған құн салығын төлеуші, егер бухгалтерлік есепке алуда мұндай салық сатып алынған тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құнында есепке алынбаса, осы Кодекстің 488-бабына жəне 489-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сəйкес есепке жатқызуға рұқсат етілмеген қосылған құн салығының сомасын шегерімдерге жатқызуға құқылы. Шегерім есепке жатқызуға рұқсат етілмеген қосылған құн салығы туындайтын салықтық кезеңде жүргізіледі.

4. Қосылған құн салығын төлеуші есепке жатқызуға жататын қосылған құн салығын:

1) егер тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер кіріс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылса (пайдаланылатын болса), салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылмаған мұндай тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша осы Кодекстің 484-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына;

2) амортизацияға жатпайтын активтерді жарғылық капиталға салым ретінде беруді қоспағанда, жарғылық капиталға салым ретінде берілген мүлік бойынша осы Кодекстің 484-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында сəйкес жүргізілген азайту жағына қарай түзету сомасын шегерімге жатқызуға құқылы.

Шегерім есепке жатқызуға жататын қосылған құн салығының сомасы түзетілуге жататын салықтық кезеңде жүргізіледі.

5. Салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылмаған немесе жарғылық капиталға салым ретінде берілген, амортизацияға жатпайтын активтер бойынша осы Кодекстің 484-бабы 2-тармағының 1) жəне 4) тармақшаларына сəйкес есепке жатқызуға жатқызылатын қосылған құн салығын азайту жағына қарай түзету сомалары осы Кодекстің 253 жəне 254-баптарына сəйкес көрсетілген активтердің бастапқы құнында ескеріледі.

6. Осы баптың ережелері осы Кодекстің 314-бабына сəйкес құны шегерімге жатқызылуға жататын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер жөніндегі қосылған құн салығы бойынша қолданылмайды.

 

260-бап. Іссапарлар кезіндегі өтемақылар сомасын шегеру

1. Іссапарлар кезінде өтемақылар:

1) бронь мен багаж үшін шығыстарды төлеуді қоса алғанда, іссапар орнына жəне кері қайтуға жол жүру;

2) бронь үшін шығыстарды төлеуді қоса алғанда, іссапарда болған уақыт ішінде жұмыскердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде тұру;

3) іссапарда болған уақыты үшін жұмыскерге салық төлеушінің шешімі бойынша белгіленген мөлшерде төленетін тəулікақы;

4) келуге жəне кетуге рұқсаттарды (визаны) ресімдеу (визаның, консулдық көрсетілетін қызметтердің, міндетті медициналық сақтандырудың құны) шығыстары түрінде шегерімге жатады.

Шегерім осы тармақтың 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген, оның ішінде электрондық нысанда ресімделген шығыстарды растайтын құжаттар негізінде жүргізіледі.

Бір елді мекен шегінде жол жүру шығыстары осы бапта көзделген шығыстарға жатпайды.

Іссапарға жіберілген жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздығы кезінде оның тұруы шығыстары жəне тəулікақысы (іссапарға жіберілген жұмыскер стационарлық емделуде болған жағдайларды қоспағанда) шегерімге жатқызылуға жатады.

2. Осы баптың 1-тармағының мақсаттарында:

1) жұмыс берушінің жұмыскерді іссапарға жіберу туралы бұйрығында немесе өкімінде көрсетілген, жұмыскер еңбек міндеттерін орындайтын, оны оқыту, біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау жүзеге асырылатын межелі жер іссапарда болатын жер болып табылады;

2) іссапарда болу уақыты:

жұмыс берушінің жұмыскерді іссапарға жіберу туралы бұйрығы немесе өкімі;

кету жəне келу күнін қоса алғанда, жол жүруді растайтын құжаттарда көрсетілген іссапарда болатын жерге кету жəне кері қайтып келу күндерін негізге ала отырып, іссапарда болу күндерінің саны негізінде айқындалады. Мұндай құжаттар болмаған кезде іссапар күндерінің саны салық төлеушінің салықтық есепке алу саясатында көзделген, іссапарда болатын жерге кету күнін жəне (немесе) кері қайтып келу күнін растайтын басқа құжаттар негізге алына отырып айқындалады.

 

261-бап. Директорлар кеңесі немесе өзге басқару органы мүшелерінің сапарлары бойынша өтемақыларды шегеру

1. Жүктелген басқарушылық міндеттерді орындауға байланысты салық төлеушінің директорлар кеңесі немесе жоғары басқару органы болып табылмайтын өзге де басқару органы мүшелерінің сапарлары бойынша шеккен шығыстардың өтемақысы шегерілуге жатады.

Мұндай шығыстарға:

1) бронь мен багаж үшін шығыстарды төлеуді қоса алғанда, басқарушылық міндеттерді орындайтын жерге жəне кері қайтуға жол жүру шығыстары;

2) бронь үшін шығыстарды төлеуді қоса алғанда, басқарушылық міндеттерді орындау үшін сапарда болған уақыт ішінде тұру шығыстары;

3) директорлар кеңесінің немесе жоғары басқару органы болып табылмайтын өзге басқару органының мүшесіне басқарушылық міндеттерді орындау үшін сапарда болған уақыт үшін салық төлеушінің шешімі бойынша белгіленген мөлшерде төленетін ақша сомасы;

4) келуге жəне кетуге рұқсаттарды (визаны) ресімдеу (визаның, консулдық көрсетілетін қызметтердің, міндетті медициналық сақтандырудың құны) жатады.

Шегерім осы тармақтың 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген, оның ішінде электрондық нысанда ресімделген шығыстарды растайтын құжаттар негізінде жүргізіледі.

2. Осы баптың 1-тармағының мақсаттары үшін:

1) салық төлеуші дербес ресімдеген, директорлар кеңесінің немесе жоғары басқару органы болып табылмайтын өзге басқару органының мүшесін басқарушылық міндеттерді орындау үшін іс-шараға шақыруы, осындай іс-шара өткізілетін орын мен күн қамтылған құжатта көрсетілген межелі орын басқарушылық міндеттерді орындау орны болып табылады;

2) басқарушылық міндеттерді орындау үшін сапарда болу уақыты, кету жəне келу күндерін қоса алғанда, жол жүруді растайтын құжаттарда көрсетілген басқарушылық міндеттерді орындау орнына кету жəне кері қайтып келу күндері негізге алына отырып, күндер саны негізінде айқындалады.

 

262-бап. Өкілдік шығыстарды шегеру

1. Өкілдік шығыстарға мынадай:

1) өзара ынтымақтастықты орнату немесе қолдап отыру бойынша;

2) салық төлеушінің директорлар кеңесінің, атқарушы органдарынан басқа, өзге басқару органының отырыстарын ұйымдастыру жəне (немесе) өткізу бойынша өкілдік іс-шараларын өткізу кезінде олардың өткізілу орнына қарамай жүргізілетін, жеке тұлғаларды, оның ішінде салық төлеушінің штатында тұрмайтындарды қабылдау жөніндегі шығыстар жатады.

Өкілдік шығыстарға, оның ішінде:

1) іссапарлар кезіндегі өтемақыларға жатқызылатын шығыстарды қоспағанда, өкілдік іс-шараларға қатысушы адамдарды көлікпен қамтамасыз етуге;

2) өкілдік іс-шараларды өткізу барысында мұндай адамдарды тамақтандыруға;

3) ұйымның штатында тұрмайтын аудармашылардың көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуге;

4) өкілдік іс-шараларды өткізу үшін үй-жайларды жалдауға жəне (немесе) безендіруге арналған шығыстар да жатады.

2. Мыналар:

1) салық төлеушінің өкілдік іс-шараны өткізу мақсаты жəне оны өткізуге жауапты адамдар көрсетілген, оны өткізу туралы бұйрығы немесе өкімі;

2) салық төлеуші бекіткен осындай іс-шара шығыстарының сметасы;

3) жауапты адамдардың өткізілген өкілдік іс-шара туралы оның өткізілген күні мен орны, өткізілген іс-шараның нəтижелері, қатысушылар құрамы, іс-шаралар бағдарламасы, іс жүзінде жүргізілген шығыстар көрсетілген есебі;

4) өкілдік шығыстардың негіздері мен жүзеге асырылуын растайтын бастапқы жəне өзге де құжаттар өкілдік шығыстарын шегеруді жүзеге асыруға негіз болып табылады.

3. Өкілдік шығыстар салықтық кезең ішінде жұмыс берушінің осы Кодекстің 426-бабының 1) тармақшасында көрсетілген, жұмыскерлердің салық салынуға жататын кірістері бойынша шығыстары сомасының 1 пайызынан аспайтын мөлшерде шегерімге жатады.

4. Шақырылған адамдарды теміржол, теңіз жəне əуе көлігімен көліктік қамтамасыз етуге, олардың тұруына, визаларды ресімдеуге, сондай-ақ өкілдік іс-шараларға қатысатын адамдардың бос уақытын, ойын-сауықтарын, демалысын ұйымдастыруға арналған шығыстар өкілдік шығыстарға жатпайды жəне шегерімге жатқызылмайды.

 

263-бап. Сыйақы бойынша шегерім

1. Осы баптың мақсаттары үшін мыналар сыйақылар болып танылады:

1) осы Кодекстің 12-бабында айқындалған сыйақылар;

2) өзара байланысты тараптар арасындағы кредит (қарыз) шарты бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);

3) өзара байланысты тарапқа берілетін кепілдік үшін төлемақы.

2. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, шегерімге жатқызылуға жататын сыйақы сомасы есепке жазу əдісі бойынша айқындалады.

3. Осы тармақтың екінші бөлігінде аталған тұлғаға міндеттемелер бойынша сыйақылар салық төлеуші немесе үшінші тұлға осындай салық төлеушінің міндеттемелері есебіне іс жүзінде төлеген:

1) есепті салықтық кезеңде салық төлеуші есепті салықтық кезеңде жəне (немесе) есепті салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңдерде таныған шығыстар сомасы шегіндегі;

2) есепті салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңдерде салық төлеуші есепті салықтық кезеңде таныған шығыстар сомасы шегіндегі мөлшерде шегерімге жатқызылуға жатады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері мынадай тұлғалар:

акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұлттық даму институты болып табылатын банкті қоспағанда, екінші деңгейдегі банктер;

«Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым (ломбардты қоспағанда);

кредиттер (қарыздар, микрокредиттер) бойынша талап ету құқығына ие болған, «Қазақстан Республикасындағы банктер жəне банк қызметі туралы» жəне «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген салық төлеушілер алдындағы міндеттемелер бойынша сыйақыға қатысты қолданылады.

4. Сыйақыны шегеру осы баптың 2 жəне 3-тармақтарында белгіленген ережелер ескеріле отырып, мынадай формула бойынша есептелетін сома шегінде жүргізіледі:

 

(А+Д)+(КС/МС) х (ШК) х (Б+В+Г),

 

мұнда:

А - Б, В, Г, Д көрсеткіштеріне енгізілген сомаларды қоспағанда, сыйақы сомасы;

Б - Д көрсеткішіне енгізілген сомаларды қоспағанда, өзара байланысты тарапқа осы баптың 3-тармағының ережелері ескеріле отырып төленген (төленуге жататын) сыйақы сомасы;

В - Б көрсеткішіне енгізілген сомаларды қоспағанда, жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген тұлғаларға осы баптың 3-тармағының ережелері ескеріле отырып төленген (төленуге жататын) сыйақы сомасы;

Г - В көрсеткішіне енгізілген сомаларды қоспағанда, осы баптың 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, Г1 жəне Г2 көрсеткіштерінің сомасы;

Г1 - өзара байланысты тараптың депозитімен берілген қарыздар бойынша тəуелсіз тарапқа төленген (төленуге жататын) сыйақы сомасы;

Г2 - есепті салықтық кезеңде өзара байланысты тарап кепілдік, кепілгерлік немесе өзге қамтамасыз ету нысаны бойынша міндеттемелерді орындаған (қарыз бойынша төлемдерді жүзеге асырған) жағдайда, өзара байланысты тараптардың қамтамасыз етілген кепілдігімен, кепілгерлігімен немесе өзге қамтамасыз ету нысанымен берілген қарыздар бойынша тəуелсіз тарапқа төленген (төленуге жататын) сыйақы сомасы;

Д - мынадай:

Қазақстан Республикасында құрылған кредиттік серіктестік, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұлттық даму институты болып табылатын банк беретін кредиттер (қарыздар) үшін;

ұстаушысы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болып табылатын борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконт не купон (борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконтты не бастапқы орналастыру құнынан жəне (немесе) сатып алу құнынан алынатын сыйлықақыны ескере отырып) түріндегі сыйақы сомасы;

ШК - шекті коэффициент;

КС - меншікті капиталдың орташа жылдық сомасы;

МС - міндеттемелердің орташа жылдық сомасы.

А, Б, В, Г, Д сомаларын есептеу кезінде халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына жəне (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сəйкес құрылыс объектісінің құнына енгізілетін сыйақылар алып тасталады. Өзара байланысты болып табылмайтын тарап осы баптың мақсаттары үшін тəуелсіз тарап деп танылады.

5. Осы баптың 4-тармағының мақсаттары үшін:

1) меншікті капиталдың орташа жылдық сомасы меншікті капиталдың есепті салықтық кезеңнің əрбір айының соңындағы орташа арифметикалық сомасына тең. Меншікті капиталдың орташа жылдық сомасының теріс мəні осы баптың мақсаттары үшін нөлге тең деп танылады;

2) міндеттемелердің орташа жылдық сомасы міндеттемелердің есепті салықтық кезеңнің əрбір айындағы орташа арифметикалық ең үлкен сомаға тең. Міндеттемелердің орташа жылдық сомасын есептеу кезінде мыналар:

салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер;

жұмыскерлердің жалақысы жəне өзге де кірістері;

өзара байланысты тараптан алынатын кірістерді қоспағанда, болашақ кезеңдердің кірістері;

сыйақылар мен комиссиялар;

дивидендтер;

бухгалтерлік есепке алуда халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына жəне (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сəйкес есепке жазылған бағалау міндеттемелері бойынша есепке жазылған міндеттемелер есепке алынбайды;

3) шекті коэффициент қаржы ұйымдары (микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда) үшін - 7-ге, өзге заңды тұлғалар үшін, оның ішінде микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін 4-ке тең.

6. Бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің меншікті капиталының сомасы осы баптың 4-тармағының мақсаттары үшін осындай тұрақты мекеменің активтері мен міндеттемелері арасындағы айырма ретінде айқындалады.

Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің меншікті капиталының сомасы осы тармақтың қолданылу мақсаттары үшін осы тұрақты мекеме оқшауландырылған жəне жеке заңды тұлға болғандай жəне өзі тұрақты мекемесі болып табылатын бейрезидент-заңды тұлғадан тəуелсіз əрекет ететіндей түрде қарастырылады.

 

264-бап. Бейрезидент-өзара байланысты тараппен өзара есеп айырысу бойынша шегерімдердің ерекшеліктері

1. Басқарушылық, консультациялық, консалтингтік, аудиторлық, дизайнерлік, заңгерлік, бухгалтерлік, адвокаттық, жарнамалық, маркетингтік, франчайзингтік, қаржылық (сыйақы бойынша шығыстарды қоспағанда), инжинирингтік, агенттік қызметтер, роялти, жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген өзара байланысты тараптан сатып алынған зияткерлік меншік объектілерін пайдалануға құқықтар осы бапта көзделген шығыстар шегерілгенге дейін айқындалатын есепті салықтық кезеңнің салық салынатын кірісінің 3 пайызынан аспайтын жалпы сома мөлшерінде шегерілуге жатады.

2. Осы баптың мақсаттарында:

1) осы Кодекстің 14-бабында аталған тұлғалар;

2) басқа заңды тұлғамен бірлесіп компаниялардың бір тобына кіретін заңды тұлға өзара байланысты тараптар деп танылады.

Бұл ретте компаниялар тобы деп бас компания мен акцияларын, қатысу үлестері мен өзге де үлестік құралдарын осындай бас компания тікелей немесе жанама түрде иеленетін компаниялар қамтылатын коммерциялық жəне коммерциялық емес ұйымдардың құрылымы түсініледі;

3) егер жеке жəне (немесе) заңды тұлғалар арасындағы қатынастар осы бөлікте көрсетілген шарттарға қарамастан өзара байланыстылық белгілеріне ие болса, осындай тұлғалар өзара байланысты тараптар деп танылады. Бұл ретте салық төлеуші өзара байланыстылықты мойындамаған жағдайда мұндай мойындауды салық органының талап қоюы негізінде сот белгілейді.

 

265-бап. Төленген міндеттемелер бойынша шегерім

1. Салық төлеуші өзінің міндеттемелері бойынша жүргізген, алдыңғы салықтық кезеңдерде күмəнді міндеттемелер бойынша кіріс немесе міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін кіріс деп танылған төлем сомасы бұрын танылған кіріс мөлшері шегінде шегерілуге жатады.

Бұл ретте төлем сомасы осы Кодекстің 485-бабының 2-тармағына сəйкес есепке жатқызуға жатқызылатын қосылған құн салығын ұлғайту жағына қарай түзету сомасы шегеріле отырып айқындалады.

2. Шегерім төлем жүргізілген салықтық кезеңде жүргізіледі.

 

266-бап. Есептен шығарылған талап бойынша шегерім

1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе:

1) дебитор-салық төлеуші таратылған, қызметі тоқтатылған кезде оның тарату балансы бекітілген күнге кредитор талап етпеген талаптың, бірақ мұндай талап бойынша бұрын танылған кіріс мөлшерінен аспайтын мөлшері;

2) заңды күшіне енген сот шешімі бойынша талапты есептен шығарудың, бірақ мұндай талап бойынша бұрын танылған кіріс мөлшерінен аспайтын мөлшері;

3) тауарларды өткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты туындаған, борышкердің банкрот деп танылуына байланысты есептен шығарылған талаптың, бірақ мұндай талап бойынша бұрын танылған кіріс мөлшерінен аспайтын мөлшері шегерілуге жатады.

2. Есептен шығарылған талап бойынша шегерім кредитор-салық төлеушінің бастапқы құжаттарына сəйкес мына күндер неғұрлым кеш келетін салықтық кезеңде жүргізіледі:

1) бухгалтерлік есепке алуда есептен шығарылу күні;

2) дебитор таратылған кезде - тарату балансы бекітілген күн;

3) дебитор банкрот деп танылған кезде - соттың банкроттық рəсімді аяқтау туралы ұйғарымы заңды күшіне енген күн не Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мен банкроттығы жөніндегі мемлекеттік басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның соттан тыс банкроттық рəсімді аяқтау жəне борышкерді банкрот деп тану туралы шешімі шығарылған күн.

3. Шегерім бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде жүргізіледі:

1) талаптың туындағанын растайтын бастапқы құжаттардың болуы;

2) есептен шығару күніне тура келетін салықтық кезеңде бухгалтерлік есеп алуда талаптың көрсетілуі не алдыңғы салықтық кезеңдерде бухгалтерлік есепке алуда шығыстарға (есептен шығаруға) жатқызу.

4. Осы баптың ережелері:

1) осы Кодекске сəйкес күмəнді деп танылған талаптарға;

2) кəсіпорынды (кəсіпорынның бір бөлігін) мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша талаптарды беруге байланысты олардың мөлшері азайған кезде қолданылмайды.

 

267-бап. Күмəнді талаптар бойынша шегерім

1. Егер осы баптың 6-тармағында өзгеше белгіленбесе:

1) үш жылдық кезең ішінде қанағаттандырылмаған, резидент-заңды тұлғалар мен дара кəсіпкерлерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметті заңды тұлғаның тұрақты мекемесі, құрылымдық бөлімшесі арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаларға тауарлар өткізуге, жұмыстар орындауға, қызметтер көрсетуге байланысты туындаған;

2) үш жылдық кезең ішінде қанағаттандырылмаған, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйымның талап ету құқықтары бойынша, банктік кредит (қарыз) шарттары жəне микрокредиттер беру туралы шарттар бойынша заңды күшіне енген сот шешімі негізінде айыппұлдар мен өсімпұлдарды жылдық жиынтық кірістің құрамына енгізуге байланысты талаптар күмəнді талаптар болып танылады.

2. Мыналарды:

1) тауарлар өткізуді, жұмыстар орындауды, қызметтер көрсетуді жүзеге асырған жəне осындай талап ету құқығын басқаға бермеген;

2) тауарлар өткізуді, жұмыстар орындауды, қызметтер көрсетуді жүзеге асырған жəне осындай талап ету құқығын басқаға берген;

3) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген тұлғадан өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша талап ету құқығын сатып алуды;

4) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйымның талап ету құқықтары бойынша, банктік кредит (қарыз) шарттары жəне микрокредиттер беру туралы шарттар бойынша заңды күшіне енген сот актісі негізінде айыппұлдар мен өсімпұлдарды жылдық жиынтық кіріс құрамына енгізуді жүзеге асырған тұлғада күмəнді талаптар шегерімге жатады.

3. Мыналарда:

1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында айқындалған тұлғада - өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құнын, сондай-ақ тауарларды осындай өткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты туындаған басқа да талаптар сомасын, оның ішінде тұрақсыздық айыбының (айыппұлдардың, өсімпұлдың) сомасын қамтитын, бірақ бұрын танылған кіріс мөлшерінен аспайтын мөлшерде;

2) осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында айқындалған тұлғада - талап сомасы мен басқаға беру жүргізілген талап ету құқығының құны арасындағы оң айырма мөлшерінде күмəнді талаптар шегерімге жатады. Бұл ретте талап сомасы өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құнын жəне тауарларды осындай өткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты туындаған басқа да талаптар сомасын, оның ішінде тұрақсыздық айыбының (айыппұлдардың, өсімпұлдың) сомасын қамтиды, бірақ бұрын танылған кіріс мөлшерінен аспайды;