Бассейндер және облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) деңгейiнде 2015 жылға арналған су пайдалану лимиттерiн бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 29 мамырдағы № 19-1/492 бұйрығы
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 37-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына және 82-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Бассейндер және облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) деңгейiнде 2015 жылға арналған су пайдалану лимиттерi бекiтілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су және биологиялық ресурстар департаментімен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті:
1) көрсетілген лимиттерді, оларды сақтау бойынша бақылауды қамтамасыз ету үшін су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органның өңiрлiк органдарына жеткізсін;
2) су объектiлерiнiң экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жай-күйi және су шаруашылығының жағдайы өзгерген жағдайда лимиттердi қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.