«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-ІV Салық кодексі (Салық кодексі) (2025.01.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен) (күші жойылды)

Предыдущая страница

8) салықтық тексеруді жүргізу кезінде тексерілетін тұлғаның өкілдеріне нұсқаманы, сондай-ақ өздерінің қызметтік куәліктерін не сәйкестендіру карталарын көрсетуге;

9) осы Кодексте көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

 

156-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеруді жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері

1. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық тексеруді жүргізу кезінде:

1) тексеруді жүргізу тәртібіне қатысты осы Кодекстің және Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелері туралы ақпаратты салық органынан сұратуға және олардан алуға;

2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2020 ж. 30 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) салықтық тексеруді жүргізетін салық органдарының лауазымды адамдарынан салықтық тексеру туралы нұсқаманы, сондай-ақ қызметтік куәліктерін не сәйкестендіру карталарын көрсетуді талап етуге;

3) салықтық тексеруді жүргізу кезінде қатысуға және салықтық тексеру нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсінік беруге;

4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен салықтық тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық беруге;

5) осы Кодексте көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.

2. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық тексерулер жүргізу кезінде:

1) салық органы лауазымды адамдарының талап етуі бойынша белгіленген мерзімдерде құжаттар мен мәліметтерді қағаз жеткізгіште, ал қажет болған кезде, электрондық жеткізгіште де ұсынуға;

2) осы Кодекстің 23-тарауына сәйкес салық төлеуші (салық агенті) жасаған есепке алу құжаттамасын ұсынуға;

3) салық органының салықтық тексеру жүргізетін лауазымды адамдарының және осындай тексеруді жүргізуге қатысу үшін тартылатын лауазымды адамдардың тексерілетін тұлғаның аумағына және (немесе) үй-жайына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге және оларға жұмыс орнын беруге;

4) салықтық тексерулер барысында түгендеу жүргізуді қамтамасыз етуге;

5) салық органының салықтық тексерулер жүргізетін лауазымды адамдарының талап етуі бойынша салық төлеуші (салық агенті) қызметінің мәселелері бойынша жазбаша және ауызша түсініктемелер беруге;

6) осы Кодекстің 155-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген бағдарламалық қамтамасыз ету және (немесе) ақпараттық жүйе деректерін көруге қолжетімділік беруге;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

 

157-бап. Салықтық тексерудің алдын ала актісі

Осы Кодекстің 158-бабында көзделген салықтық тексеру актісі жасалғанға дейін салық органының лауазымды адамы салық төлеушіге салықтық тексерудің алдын ала актісін табыс етеді.

Осы Кодекстің мақсаты үшін салықтық тексерудің алдын ала актісі деп Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес тексеруші жасаған, салықтық тексерудің алдын ала нәтижелері туралы құжат түсініледі.

Бұл ретте салық төлеуші салықтық тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық беруге құқылы.

Осы баптың ережелері қолданылатын салық төлеушілер санаттарын, сондай-ақ салық төлеушіге салықтық тексерудің алдын ала актісін табыс ету, салықтық тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық беру, сондай-ақ осындай қарсылықты қарау тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган бекітеді.

 

158-бап. Салықтық тексерудің аяқталуы

1. Салық органының лауазымды адамы салықтық тексеру аяқталған соң:

1) тексеру актісін жасау орны мен күнін;

2) тексерудің түрі мен нысанын;

3) салық органының салықтық тексеру жүргізген лауазымды адамдарының лауазымын, тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса);

4) салық органының атауын;

5) салық төлеушінің (салық агентінің) тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) не толық атауын;

6) тексерілетін тұлғаның тұрған жерін, банктік деректемелерін, сондай-ақ оның сәйкестендіру нөмірін;

7) салық төлеушінің (салық агентінің) басшысы мен салықтық және бухгалтерлік есептілікті жүргізуге және салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеуге жауапты лауазымды адамдарының тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса);

8) алдыңғы тексеру және бұрын анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қабылданған шаралар туралы мәліметтерді (кешенді немесе тақырыптық тексерулер жүргізілген кезде);

9) тексерілетін кезеңді және тексеруді жүргізу үшін салық төлеуші (салық агенті) ұсынған құжаттар туралы жалпы мәліметтерді;

10) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары бұзылған тиісті ережелерін көрсете отырып, анықталған бұзушылықтардың егжей-тегжейлі сипаттамасын;

11) тексеру нәтижелерін көрсете отырып, салықтық тексеру актісін жасайды.

2. Салықтық тексеру актісі кемінде екі дана болатын санда жасалады, оған салық органының тексеру жүргізген лауазымды адамдары қол қояды.

2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тексеру актісі табыс етілген күн салықтық тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.

Салықтық тексеру актісін алған кезде салық төлеуші (салық агенті) салық органдарының салықтық тексеру актісінің данасына қолын және оны алған күнін қоюға міндетті.

Салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жерінде болмауына байланысты оған салықтық тексеру актісін табыс ету мүмкін болмаған кезде осы Кодексте айқындалған тәртіппен куәгерлерді тарта отырып, салықтық зерттеп-қарау жүргізіледі. Бұл ретте салықтық зерттеп-қарау актісін жасау күні салықтық тексеру актісін табыс ету күні болып табылады.

Салық төлеуші (салық агенті) салықтық тексеру актісін алудан бас тартқан кезде осы Кодекстің 71-бабында көзделген хаттама (акт) жасала отырып, салықтық тексеру актісінде тиісті жазба жүргізіледі.

Бұл ретте хаттама (акт) жасалған күн салықтық тексеру актісін табыс ету күні болып табылады.

4. Егер салықтық тексеру аяқталған соң Қазақстан Республикасының салық заңнамасын, сондай-ақ бақылау салық органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасын бұзушылық анықталмаса, салықтық тексеру актісіне бұл туралы тиісті жазба жасалады.

5. Салықтық тексеру аяқталған күні салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жері бойынша және (немесе) салықтық тексеруді жүргізу орны бойынша салық төлеуші (салық агенті) болмаған жағдайларда, салық органының салықтық тексеру жүргізген лауазымды адамы салықтық тексеру актісіне тиісті жазба жасайды.

6. Салықтық тексеру актісіне, осы Кодекстің 30-бабына сәйкес салықтық құпия болып табылатын мәліметтерді қоспағанда, құжаттардың қажетті көшірмелері, салық органының лауазымды адамы жүргізген есеп-қисаптар және салықтық тексеру барысында алынған басқа да материалдар қоса беріледі.

7. Егер таратудың салықтық есептілігі алынған күннен бастап таратудың салықтық тексеруі аяқталған күнге дейінгі кезеңде салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді есептеу және төлеу жөніндегі міндеттемелер туындаса, мұндай міндеттемелер өсімпұл есепке жазылмай және айыппұл санкциялары қолданылмай, салықтық тексеру актісіне қосымшада көрсетіледі.

 

159-бап. Салықтық тексерудің нәтижелері бойынша шешім

1. Салықтық тексеру аяқталған соң салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің сомаларын есепке жазуға, залалдардың азаюына, бейрезиденттердің кірістерінен төлем көзінен ұстап қалынған қосылған құн салығының және (немесе) корпоративтік (жеке) табыс салығының асып кету сомаларын қайтарудың расталмауына алып келетін бұзушылықтар анықталған жағдайда, салық органы тексеру нәтижелері туралы хабарлама шығарады, ол осы Кодекстің 114 және 115-баптарына сәйкес белгіленген тәртіппен және мерзімдерде салық төлеушіге (салық агентіне) жіберіледі (табыс етіледі).

2. Салық органы тексеру нәтижелері туралы хабарламаны және салықтық тексеру актісін тіркеуді бір нөмірмен жүзеге асырады.

3. Тексеру нәтижелері туралы хабарламада мынадай деректемелер мен мәліметтер қамтылуға тиіс:

1) хабарлама мен салықтық тексеру актісінің тіркелген күні және нөмірі;

2) салық төлеушінің (салық агентінің) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) не толық атауы;

3) салық төлеушінің (салық агентінің) сәйкестендіру нөмірі;

4) есепке жазылған салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдер мен өсімпұлдардың сомасы;

5) азайтылған залалдар сомасы;

6) қосылған құн салығының қайтаруға расталмаған асып кету сомасы;

7) бейрезиденттердің кірістерінен төлем көзінен ұстап қалынған корпоративтік (жеке) табыс салығының қайтаруға расталмаған сомасы;

8) төлеу туралы талап және төлеу мерзімдері;

9) тиісті салықтардың және бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдардың деректемелері;

10) шағым жасау мерзімдері мен орны.

4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жүргізілетін салықтық тексеру жағдайында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілетін салық төлеушіні тексеру нәтижелері туралы хабарлама қылмыстық істі қарау аяқталғаннан кейін шығарылады.

Бұл ретте тексеру нәтижелері туралы хабарлама қылмыстық істің аяқталғанын растайтын ресми құжат алынған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей шығарылады және салық төлеушіге табыс етіледі.

5. Тексеру нәтижелері туралы хабарлама салық төлеушінің (салық агентінің) жеке өзіне табыс етілуге және оның қолымен куәландырылуға немесе хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберілуге тиіс. Хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберілген тексеру нәтижелері туралы хабарлама, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, пошта байланысы немесе өзге байланыс ұйымының хабарламасына салық төлеушінің (салық агентінің) алғандығы туралы белгі қойылған күннен бастап салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етілді деп есептеледі.

6. Салық органдары хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы салық төлеушіге (салық агентіне) жіберген тексеру нәтижелері жөніндегі хабарламаларды пошта немесе өзге байланыс ұйымы қайтарған жағдайда:

1) осы Кодексте белгіленген негіздер және тәртіп бойынша куәгерлерді тарта отырып салықтық зерттеп-қарауды жүргізу;

2) егер салықтық тексеру актісі осы Кодекстің 158-бабының 3-тармағына сәйкес салықтық зерттеп-қарау актісінің негізінде табыс етілсе, осындай хатты пошта немесе өзге байланыс ұйымының қайтару күні осындай хабарламаларды табыс ету күні болып табылады.

7. Тексеру нәтижелері туралы хабарламаны алған салық төлеуші (салық агенті), егер тексеру нәтижелеріне шағым жасамаса, оны хабарламада белгіленген мерзімдерде орындауға міндетті.

8. Салық төлеуші (салық агенті) тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және (немесе) өсімпұлдың есепке жазылған сомасымен келіскен жағдайда, салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі салықтық міндеттемені, сондай-ақ өсімпұлды төлеу жөніндегі міндеттемені орындау мерзімдері, егер осы Кодекстің 51-бабында өзгеше белгіленбесе, төлеу графигі қоса беріле отырып, салық төлеушінің (салық агентінің) өтініші бойынша алпыс жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін.

Бұл ретте көрсетілген сома төлеу мерзімі ұзартылған әрбір күнге өсімпұл есепке жазыла отырып, бюджетке төленуге жатады және көрсетілген кезеңнің әрбір он бес жұмыс күн сайын тең үлестермен төленіп отырады.

Мынадай:

тексеру нәтижелері бойынша есепке жазылған акциздің және төлем көзінен ұстап қалынатын салықтардың сомаларын төлеу бойынша;

тексеру нәтижелеріне шағым жасалғаннан кейін тексеру нәтижелері бойынша есепке жазылған салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және өсімпұлдың сомаларын төлеу бойынша осы тармақта айқындалған тәртiппен салықтық міндеттемені орындау мерзімі ұзартылуға жатпайды.

9. Осы Кодекстің 158-бабының 7-тармағында көрсетілген міндеттемелердің сомасы осы Кодекстің 115-бабында айқындалған тәртіппен салық төлеушіге жіберілген, таратудың салықтық есептілігін ұсынған күннен бастап таратудың салықтық тексеруі аяқталған күнге дейінгі кезеңде салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және әлеуметтік төлемдердің есепке жазылған сомасы туралы хабарламада көрсетіледі.

10. Егер осы Кодекстің 142-бабы 1-тармағының 8) және 11) тармақшаларында көрсетілген тақырыптық тексерулерден басқа, жоспардан тыс салықтық тексеруді жүргізу кезінде салық органы сол бір салықтық кезеңде сол бір мәселе бойынша салық төлеушінің (салық агентінің) алдыңғы салықтық тексерулердің кез келгенін жүргізу кезінде анықталмаған Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылық жасау фактісін анықтаса, салық төлеушіге қатысты мұндай бұзушылық үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу басталмайды, ал басталған іс тоқтатылуға жатады.

Осы тармақтың ережелері Қазақстан Республикасының салық заңнамасын:

1) салықтың немесе төлемнің осы түрі бойынша бұрын тексерілген салықтық кезеңге қосымша салықтық есептілікті ұсыну арқылы салық төлеушінің (салық агентінің) салықтың немесе бюджетке төленетін төлемнің төлеуге жататын сомасын азайтуы бөлігінде;

2) салық органының сол бір салықтық кезеңде алдыңғы салықтық тексерулердің кез келгенін жүргізу кезінде жіберген сұрау салуына жауаптың нәтижелері бойынша, егер көрсетілген жауап осындай тексеру аяқталғаннан кейін алынған болса;

3) салықтың немесе бюджетке төленетін төлемнің төлеуге жататын сомасына әсер ететін және салық төлеуші (салық агенті) салықтың немесе төлемнің осы түрі бойынша сол бір салықтық кезеңде алдыңғы салықтық тексерулердің кез келгенін жүргізу барысында салық органының жазбаша сұрау салуына ұсынбаған құжаттарды қарау нәтижелері бойынша;

4) соттың үкiмi немесе қаулысы заңды күшiне енгеннен кейiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсi іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасаған шот-фактура жазып беру жөніндегі әрекетке (әрекеттерге) қатысты, егер салық органы осындай әрекет (әрекеттер) туралы мәлiметтердi мұндай әрекет (әрекеттер) жасалған салықтық кезеңде алдыңғы салықтық тексерулердiң кез келгені аяқталғаннан кейiн алғаш рет алса, анықталған бұзушылықтарға қолданылмайды.

 

 

3-параграф. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді жекелеген жағдайларда, оның ішінде жанама әдіспен айқындау

 

160-бап. Жалпы ережелер

1. Есепке алуды жүргізу тәртібі бұзылған жағдайда, есепке алу құжаттамасы жоғалған немесе жойылған кезде салық органдары салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді осы бапта және осы Кодекстің 161, 162 және 163-баптарында айқындалған тәртіппен жанама әдістер (активтер, міндеттемелер, айналымдар, шығындар, шығыстар) негізінде айқындайды.

2. Осы Кодекстің 161-бабына сәйкес салық органдарының талаптары негізінде сұратылатын салықтық міндеттемелерді есептеу үшін салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін негіз болып табылатын құжаттардың болмауы немесе оларды салық төлеушінің (салық агентінің) ұсынбауы есепке алуды жүргізу тәртібін бұзу, есепке алу құжаттамасын жоғалту немесе жою деп түсініледі.

3. Активтерді, міндеттемелерді, айналымды, шығыстарды бағалау, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес нақты салыққа және бюджетке төленетін төлемге қатысты салықтық міндеттемені есептеу үшін қабылданатын басқа да салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бағалау негізінде салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің сомаларын айқындау салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындаудың жанама әдістері деп түсініледі. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бағалау салықтық есептіліктен және (немесе) бастапқы есепке алу құжаттарынан, сондай-ақ басқа да көздерден алынған ақпарат негізінде жүзеге асырылады.

 

161-бап. Есепке алу құжаттары (мәліметтері) және өзге де құжаттар (мәліметтер) болмаған кездегі салықтық тексерулер

Егер салықтық тексеру барысында салық төлеуші (салық агенті) салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін қажетті құжаттардың барлығын немесе бір бөлігін ұсынбаған болса, салық төлеушіге (салық агентіне) көрсетілген құжаттарды ұсыну немесе қалпына келтіру туралы салық органының талабы, сондай-ақ салықтық тексеруді тоқтата тұру туралы хабарлама міндетті түрде табыс етіледі.

Салық төлеушіге (салық агентіне) талап ету табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде салық органының талабы орындалуға жатады.

Салық органының талабы бойынша салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін қажетті құжаттарды ұсынбаған салық төлеуші (салық агенті) көрсетілген құжаттарды ұсынбау себептерін жазбаша түсіндіруге міндетті.

 

162-бап. Ақпарат көздері

1. Салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді жанама әдістер негізінде айқындау үшін салық органдары мән-жайларға, тексерілетін салық төлеуші (салық агенті) қызметінің сипаты мен тегіне қарай мынадай:

1) екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттарында ақшаның болуы және оның қозғалысы туралы үзінді көшірмелерді;

2) уәкілетті мемлекеттік органдардың, заңды тұлғалардың, жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы;

3) салық төлеушінің (салық агентінің) бухгалтерлік есепке алу деректерімен салыстыруға жататын салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоты негізінде салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер сомаларының есепке жазылуы және түсуі туралы;

4) салық төлеуші (салық агенті) мен оның өнім берушілері және сатып алушылар тексерілетін салықтық кезең үшін және алдыңғы салықтық кезеңдер үшін ұсынған салықтық есептілік нысандарынан алынған салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы;

5) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы, сондай-ақ өзге де көздерден алынған, тауарларды тиеп-жөнелтуді және (немесе) жұмыстарды орындауды және (немесе) қызметтерді көрсетуді жүзеге асырған тұлғаларға қатысты қарсы тексерулер нәтижелері туралы;

6) салық органы бұрын жүргізілген салықтық тексерулер, оның ішінде тексерілетін салық төлеушінің (салық агентінің) салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылатын мүлкін (тұрғын үй-жайлардан басқа) түгендеу кезінде алған;

7) салық органы салықтық және кедендік бақылаудың өзге де нысандарының нәтижелері бойынша алған мәліметтерді пайдалануы мүмкін.

2. Салық органдары:

1) банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға;

2) тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға және Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға;

3) тексерілетін салық төлеушінің өнім берушілерімен және сатып алушыларымен өзара есеп айырысулар мәселесі бойынша қарсы салықтық тексерулер жүргізу туралы басқа да салық органдарына;

4) шет мемлекеттердің құзыретті органдарына сұрау салулар жібереді.

3. Қажетті ақпарат мынадай көздерден де (құжаттамалық расталған):

1) тексерілетін салық төлеуші (салық агенті) орындаған қызмет көрсетулер құны туралы тапсырыс берушілерден және сатып алынған өнімнің құны мен көлемі туралы сатып алушылардан;

2) тексерілетін салық төлеушіге (салық агентіне) акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерінің өндірісі және айналымы саласында қызметтер көрсеткен, шикізатты, энергия ресурстарын және қосалқы материалдарды жіберуді жүзеге асырған жеке және заңды тұлғалардан алынуы мүмкін.

4. Ақпарат көздері мән-жайларға, тексерілетін салық төлеушінің (салық агентінің) қызмет сипаты мен тегіне қарай әрбір нақты жағдайда ерекшеленуі мүмкін.

 

163-бап. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау тәртібі

1. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау осы Кодекстің 162-бабында айқындалған тәртіппен алынған ақпараттың негізінде жүргізіледі.

2. Кірісті есептеу үшін салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттарына, төлем карточкаларына, сондай-ақ банктік шотынан үзінді көшірмемен расталатын өзге де төлем және есеп-қисап құжаттарынан ақшаның түсуі туралы ақпарат және салық төлеушінің (салық агентінің) ақшаны алу фактісін растайтын басқа да ақпарат (құжаттар) пайдаланылады.

3. Осы Кодекстің 162-бабында айқындалған жеке тұлғалар немесе ұйымдар тексерілетін салық төлеушіде (салық агентінде) басқа да алынған (алынуға жататын) кірістердің бар екендігіне қатысты ақпарат берген кезде осы кірістердің сомасы кірістің жалпы сомасына (салық салынатын айналымға) енгізілуге жатады.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің салық органдары берген ақпарат негізінде салық төлеушінің (салық агентінің) экспорттық операциялары бойынша валюталық түсім сомаларының түсу фактісі анықталған жағдайда, валюталық түсімнің бұл сомасы өткізу бойынша айналым мөлшеріне және жиынтық кіріс құрамына енгізіледі.

5. Осы бапқа сәйкес салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау кезінде салық төлеушінің (салық агентінің) бастапқы құжаттармен расталмаған шығыстары корпоративтік табыс салығын есептеу үшін шегерімдерге және қосылған құн салығын есептеу үшін есепке жатқызуға жатпайды.

6. Акцизделетін тауарлар бойынша салық салынатын база осы Кодекстің 466-бабының негізінде айқындалады.

Бұл ретте өндірілген акцизделетін тауарлардың көлемі шикізаттың, энергия ресурстары мен қосалқы материалдардың шығыстары мен ысыраптарының салалық нормаларына сәйкес айқындалады.

7. Салық төлеушіде (салық агентінде) бастапқы құнын растайтын құжаттары жоқ негізгі құралдардың, оның ішінде құрылысы аяқталмаған объектілердің, көлік құралдарының, жер учаскелерінің, материалдық емес активтердің, инвестициялық жылжымайтын мүліктің бар екендігі анықталған кезде, көрсетілген мүліктің нарықтық құны осы салық төлеушінің жиынтық кірісіне қосылады.

Объектілердің нарықтық құны салық органдары тартатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметін жүзеге асыратын бағалаушы есебінің негізінде айқындалады.

8. Жалақы төлеуге арналған банктік шоттан ақша алу және (немесе) жеке тұлғалардың банктік шоттарына банктік шоттан ақша аудару фактілері анықталған кездегі ақша да жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты салу объектісі болуы мүмкін. Бұл ретте салықтық міндеттеме салық төлеушіге (салық агентіне) немесе үшінші тұлғаларға тиісті ақша сомаларын аудару (беру) туралы салық төлеушінің (салық агентінің) өкімін екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым орындаған кезде туындайды.

9. Салық органдары жанама әдістер негізінде айқындаған салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтер салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық есептілік нысандарында көрсетілген тиісті деректермен және салық органдарына ұсынылған өзге де есептермен салыстырылады.

10. Егер салық төлеуші (салық агенті) салықтық есептілікте мәлімдеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің сомасы жанама әдістерді қолдану негізінде айқындалған салықтардың сомасынан асып түскен жағдайда, тексеру кезінде салық төлеуші (салық агенті) салықтық есептілікте көрсеткен салықтардың сомасы қабылданады.

11. Егер салық төлеуші (салық агенті) салықтық есептілікте мәлімдеген кіріс сомасы басқа (қосымша) ақпарат көздерінен анықталған кіріс сомасынан асып түскен жағдайда, тексеру кезінде салықтық есептілікте көрсетілген кіріс сомасы қабылданады.

 

164-бап. Салық салу объектілерін жекелеген жағдайларда айқындау

1. Егер жеке тұлғаның салық декларациясында көрсетілген кірістері жеке тұтынуға, оның ішінде мүлік сатып алуға жұмсаған шығыстарына сәйкес келмесе, салық органдары кіріс пен салықты өткен кезеңдердегі кірістерді ескере отырып, оның жұмсаған шығыстары негізінде айқындайды.

2. Басқа да тұлғалар мен органдар көрсетілген кірісті алудың заңдылығына дау айтатын жағдайларда, кіріс салық салынуға жатады.