(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) «ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ТУРАЛ...

Предыдущая страница

4. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным ресімделеді. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымның нысанын медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.

5. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным бұзушылықтар анықталған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) мынадай тәсілдердің бірімен:

1) хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберіледі;

2) оның өкіліне және (немесе) бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) лауазымды адамына қол қойғызып табыс етіледі;

3) «электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне электрондық тәсілмен жіберіледі.

6. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген, анықталған бұзушылықтарды ұсыным табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде тиісінше жою бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) ұсынымды орындауы болып танылады.

7. Бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсыным табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға қарсылық жіберуге құқылы.

8. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау бақылау мен қадағалау субъектісін (объектісін) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау үшін іріктеп алуға негіз болып табылады.

Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның және оның аумақтық бөлімшелерінің бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды арнайы тіркеу журналында есепке алуына жатады, ол нөмірленген, тігілген және медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің мөрімен бекемделген болуға тиіс.

 

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 34-1-баппен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)

34-1-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы тергеп-тексеру

1. Тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Кəсіпкерлік кодексінің 144-4-бабы 3-тармағының 1) жəне 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі.

2. Осы Кодекстің 31-бабының 1-тармағында көзделген лауазымды адамдар тергеп-тексеруді осы Кодекске, Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне жəне медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласында тергеп-тексеруді жүргізу тəртібіне сəйкес жүргізеді.

3. Арнаулы ғылыми білімі мен дағдылары бар тəуелсіз сарапшылар мен бейінді мамандар, басқа мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандары, консультанттары мен сарапшылары дəлелдемелерді жинауға, зерттеуге жəне бағалауға жəрдем көрсету үшін тергеп-тексеруді жүргізуге тартылуы мүмкін.

2025.14.07. № 206-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2025 ж. 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Бақылау мен қадағалау субъектілері тергеп-тексеру шеңберінде мыналарды:

1) тергеп-тексеру жағдайына қатысты құжаттарды жəне (немесе) материалдарды, оның ішінде архивтік құжаттарды жəне (немесе) материалдарды, түсініктемелерді жазбаша түрде жəне электрондық нысанда ұсынуды, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік беруді;

2025.14.07. № 206-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2025 ж. 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласында мемлекеттік бақылауды бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың немесе комиссия мүшелерінің тергеп-тексеру нысанасына жататын объектінің аумағына (əкімшілік ғимараттарға, құрылысқа, құрылысжайға, үй-жайға жəне басқа да объектілерге) кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге міндетті.

2025.14.07. № 206-VIII ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)

4-1. Осы Кодекстің 34-2-бабының 4-тармағында көзделген негіздер болған кезде тергеп-тексеруді жүзеге асыру барысында жəне оның нəтижелері бойынша осы Кодекске сəйкес жедел ден қою шаралары қолданылады.

2025.14.07. № 206-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2025 ж. 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Тергеп-тексеруді жүргізу барысында Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу себептері анықталады, тергеп-тексеруді жүргізуге негіз болған Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының бұзылуына жол берген бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) айқындалады.

6. Тергеп-тексеру нəтижелері бойынша тергеп-тексерудің нəтижелері туралы акт жасалады, онда анықталған бұзушылықтар, оларды жою жөніндегі нұсқаулар, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері көрсетіледі.

Анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері оларды орындаудың нақты мүмкіндігіне əсер ететін мəн-жайлар ескеріле отырып айқындалады, бірақ ол тергеп-тексерудің нəтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кем болмауға тиіс.

2025.14.07. № 206-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2025 ж. 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7. Бақылау мен қадағалау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою үшін қосымша уақыт жəне (немесе) қаржы шығындары қажет болған жағдайда, өзіне тергеп-тексерудің нəтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.

8. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген бақылау субъектісі анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен адамдарды жауаптылыққа тарту жөніндегі шаралар қабылданады.

2025.14.07. № 206-VIII ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2025 ж. 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

9. Бақылау мен қадағалау субъектісі тергеп-тексерудің нəтижелері туралы актіде көрсетілген анықталған бұзушылықтарды мерзімінен бұрын жойған жағдайда, анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.

Бақылау мен қадағалау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынылған ақпаратқа бұзушылықтарды жою фактісін дəлелдейтін материалдарды қоса береді.

Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат ұсынылған жағдайда, сондай-ақ ол тергеп-тексеру нəтижелері туралы актіде белгіленген мерзімдерде ұсынылмаған жағдайда, жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.

10. Тергеп-тексеруді жүргізу негіздерінің болмауы жəне лауазымды адамның немесе комиссия мүшелерінің медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласында тергеп-тексеруді жүргізу тəртібін сақтамауы жоғары тұрған бас мемлекеттік медициналық инспектордың тергеп-тексеруді тағайындау, оның мерзімдерін ұзарту жəне нəтижелері туралы актіні жарамсыз деп тануы жəне (немесе) оның күшін жою үшін негіз болып табылады.

11. Мемлекеттік құпияларды не Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мəліметтерді қоспағанда, тергеп-тексеруді жүргізу қорытындылары тергеп-тексеру аяқталған күннен кейін он жұмыс күні ішінде медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы уəкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.

12. Тергеп-тексерудің нəтижелері туралы актіге шағым жасау тергеп-тексеру актісінің жəне онда көрсетілген іс-шаралардың орындалуын тоқтата тұрмайды.

 

2025.14.07. № 206-VIII ҚР Заңымен 34-2-баппен толықтырылды (2025 ж. 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)

34-2-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы жедел ден қою шаралары жəне оларды қолдану тəртібі

1. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы бақылау мен қадағалау органдарының мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруы барысында жəне (немесе) оның нəтижелері бойынша бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндіретін медициналық қызметтер (көмек) көрсету жөніндегі қызметі анықталған жағдайда жедел ден қою шаралары қолданылады.

2. Тексеруді жəне тергеп-тексеруді жүзеге асыру барысында жəне (немесе) оны жүргізу нəтижелері бойынша қолданылатын, бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) əсер етудің осы бапта көзделген тəсілдері жедел ден қою шаралары болып табылады.

Тексеруді, тергеп-тексеруді жүзеге асыру барысында жəне (немесе) оны жүргізу нəтижелері бойынша жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылатын талаптарды бұзушылық анықталған жағдайда əкімшілік іс жүргізуді қозғамай, жедел ден қою шаралары қолданылады.

3. Жедел ден қою шаралары мынадай түрлерді қамтиды:

1) рұқсат беру құжатының (лицензияның, лицензияға қосымшаның, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатының) болмауы анықталған кезде бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) медициналық қызметтер (көмек) көрсету жөніндегі қызметін немесе оның жекелеген түрлерін (процестерді, əрекеттерді) тоқтата тұру;

2) денсаулық сақтау саласындағы маманның сертификаты жоқ қызмет анықталған кезде адамдарды жұмыстан уақытша шеттету.

4. Рұқсат беру құжатынсыз (лицензиясыз, лицензияға қосымшасыз, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатынсыз) медициналық қызметтер (көмек) көрсету жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылады.

Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу себептерін белгілеу жəне көрсетілген талаптардың бұзылуына жол берген бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) айқындау үшін тергеп-тексеруді жүргізу кезінде жедел ден қою шаралары рұқсат беру құжаты (лицензия, лицензияға қосымша жəне денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты) болмаған жағдайда ғана қолданылады.

5. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы бақылау мен қадағалау органы тексеруді немесе тергеп-тексеруді жүзеге асыру барысында жəне (немесе) оның нəтижелері бойынша жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылатын талаптарды бұзу фактісі анықталған кезде осы Кодекстің 32-бабы 3-тармағының 4) тармақшасында көзделген қаулы нысанында қадағалау актісін ресімдейді.

Қадағалау актісі Қазақстан Республикасы Кəсіпкерлік кодексінің 153-бабына сəйкес ресімделеді жəне бақылау мен қадағалау субъектісіне табыс етіледі.

6. Қадағалау актісін қолма-қол табыс ету кезінде оны қабылдаудан бас тартылған жағдайда, оған тиісті жазба енгізіледі жəне актіні қабылдаудан бас тарту фактісін белгілеп-тіркейтін бейнежазба жүзеге асырылады. Қадағалау актісі бақылау мен қадағалау субъектісінің заңды мекенжайы, тұрған жері немесе нақты мекенжайы бойынша табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жіберіледі.

7. Қадағалау актісін алудан бас тарту оны орындамауға негіз болып табылмайды.

8. Тексеруді немесе тергеп-тексеруді жүзеге асыру барысында жəне (немесе) оның нəтижелері бойынша анықталған, жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылатын талаптарды бұзушылық қадағалау актілерінде көрсетіледі.

9. Бақылау мен қадағалау субъектісі жедел ден қою шарасын қолдануға негіз болып табылатын анықталған бұзушылықтарды қадағалау актілерінде көрсетілген мерзімдерде жоюға міндетті.

10. Бақылау мен қадағалау субъектісі қадағалау актілерінде көзделген мерзімдер өткенге дейін бұзушылықты жою фактісін дəлелдейтін материалдарды қоса бере отырып (қажет болған кезде), анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.

11. Осы баптың 10-тармағына сəйкес жедел ден қою шарасын қолдануға негіз болып табылатын анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат ұсынылған жағдайда немесе тексеруді немесе тергеп-тексеруді жүзеге асыру барысында жəне (немесе) олардың нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері өткеннен кейін олардың жойылуын бақылау бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.

Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы бақылау мен қадағалау органы Қазақстан Республикасы Кəсіпкерлік кодексінің 144-бабы 5-тармағының 2-1) тармақшасына сəйкес жоспардан тыс тексеру нəтижелері туралы актінің негізінде жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылатын талаптардың анықталған бұзушылықтарының жойылғанын растаған жағдайда қадағалау актісінің қолданысы тоқтатылады.

12. Жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылатын анықталған бұзушылықтар жойылмаған жағдайда, жоспардан тыс тексеру нəтижелері бойынша бұзушылықтарға жол берген тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен жауаптылыққа тарту жөніндегі шаралар қабылданады.

13. Бақылау мен қадағалау субъектісі жедел ден қою шараларын қолдануға алып келген тексеру немесе тергеп-тексеру нəтижелерімен келіспеген жағдайда қадағалау актісін жарамсыз деп тану жəне оның күшін жою туралы шағым бере алады.

Шағым Қазақстан Республикасы Кəсіпкерлік кодексінің 29-тарауында көзделген тəртіппен жоғары тұрған мемлекеттік органға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен сотқа беріледі.

Шағым беру қадағалау актісінің орындалуын тоқтата тұрмайды.

14. Жоғары тұрған органның немесе лауазымды адамның қадағалау актісін жарамсыз деп тануы жəне оның күшін жоюы үшін мыналар негіз болып табылады:

1) жедел ден қою шараларын қолдануға негіздің болмауы;

2) жедел ден қою шарасын осы шараға сəйкес келмейтін негіз бойынша қолдану;

3) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы бақылау мен қадағалау органдарының өздерінің құзыретіне кірмейтін мəселелер бойынша жедел ден қою шараларын қолдануы;

4) Қазақстан Республикасы Кəсіпкерлік кодексінің 153-бабында белгіленген жедел ден қою шараларын келісу жəне қабылдау тəртібін сақтамауы.

15. Жедел ден қою шараларын қолдану туралы ақпарат мемлекеттік құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындаған тəртіппен жіберіледі.

 

35-бап. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама

1. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама - жеке және заңды тұлғалар ұсынатын медициналық көрсетілетін қызметтер сапасының деңгейі бойынша қорытынды шығару үшін медициналық көрсетілетін қызметтердің тиімділігі, толықтылығы және стандарттарға сәйкестігі көрсеткішін көрсететін индикаторлар пайдаланыла отырып жүзеге асырылатын ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралардың жиынтығы.

2. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама ішкі және сыртқы сараптама болып бөлінеді.

2024.19.04. № 74-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Ішкі сараптаманы жүргізу үшін медициналық ұйымда пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметі құрылады.

Пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметі медициналық ұйымның медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруына, клиникалық қызметіне ағымдағы талдауды, медициналық көмек көрсету тәртібі мен стандарттарды бұзу, медициналық оқыс оқиғалар немесе медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактілерін анықтауды, сондай-ақ пациенттердің жолданымдарын күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде қарауды жүргізеді.

Сараптама нәтижелері бойынша медициналық ұйымның басшысына көрсетілетін медициналық кызметтер сапасының төмендеуінің анықталған себептері мен жағдайларын жою жөнінде ұсыныстар енгізіледі.

4. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сыртқы сараптаманы:

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган, оның ішінде денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшыларды жəне (немесе) бейінді мамандарды тарта отырып;

2) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелерді орындау мониторингі шеңберінде жүргізеді.

Денсаулық сақтау субъектісі медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелер мониторингінің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, мониторинг нәтижелеріне медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға шағым жасалуы мүмкін;

2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

2-1) денсаулық сақтауды жергілікті мемлекеттік басқару органдары қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға қатысты жүргізеді.

Денсаулық сақтау субъектісі медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі бойынша шарттық міндеттемелерге мониторинг нәтижелерімен келіспеген жағдайда, мониторинг нәтижелеріне медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға шағым жасауы мүмкін;

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3) денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшылар жəне (немесе) бейінді мамандар өздерін жеке немесе заңды тұлғалар шарт негізінде тартқан кезде;

4) Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының ведомствосы ведомстволық бағынысты ұйымдарға қатысты жүргізеді.

Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүргізген медициналық қызметтер (көмек) сапасына сыртқы сараптама нәтижелері бойынша медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган медициналық қызметтер (көмек) көрсетуді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау үшін талдау жүргізеді.

5. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

 

 

2-параграф. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау

 

36-бап. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау

1. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау бақылау және қадағалау субъектілерінің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын, оның ішінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтарының алдын алуға, анықтауға, олардың жолын кесуге және жоюға бағытталған.

2. Жеке және заңды тұлғалар, ғимараттар, құрылысжайлар, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнім, жабдық, көлік құралдары, топырақ, су, ауа және қызметі, пайдаланылуы, тұтынылуы, қолданылуы мен іске асырылуы адамның денсаулық жағдайына және мекендеу ортасына зиян келтіруі мүмкін өзге де объектілер халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) болып табылады.

3. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау объектілері (эпидемиялық мәні бар объектілер) екі топқа бөлінеді:

1) эпидемиялық мәні жоғары объектілер;

2) эпидемиялық мәні болмашы объектілер.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық мәні бар объектілердің тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.

2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес тексеру жəне бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау, өнімді (тауарды) бақылау мақсатында сатып алу жəне тергеп-тексеру нысанындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау осы Кодекске жəне Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес жүзеге асырылады.

2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді)

4-1. Патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын, эпидемиялық мәні жоғары ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге қатысты халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 4-2-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)

4-2. Мемлекеттік тіркеуге жататын, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалаудың бақылауындағы өнімнің (тауарлардың) жарнамасын орналастыруға қойылатын талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау:

1) Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, жоспардан тыс тексеру;

2) осы Кодекске, Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне жəне «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 4-3-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)

4-3. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында жəне оның нəтижелері бойынша қоғамдық қауіпті зардаптардың басталуын болғызбау мақсатында осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексінде көзделген тəртіппен жедел ден қою шаралары қолданылуы мүмкін.

5. 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

 

37-бап. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар

1. Мыналар:

1) Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері және (немесе) оның орынбасары;

2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның басшысы айқындайтын, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (көліктегі) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері, олардың орынбасарлары;

3) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның мамандары;

4) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы ведомствосының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері және олардың орынбасарлары, басшылары мен мамандары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар болып табылады.

2. Тиісті аумақтағы жоғары тұрған бас мемлекеттік санитариялық дәрігер төмен тұрған лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың арызы (шағымы) бойынша шешім шығарылғанға дейін олар қабылдаған актілердің орындалуын тоқтата тұруға, күшін жоюға не оларды кері қайтарып алуға құқылы.

 

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 38-бап жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

38-бап. Лауазымды адамдардың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезіндегі құқықтары