(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) «ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ» ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛ...

Предыдущая страница

лицензиядан айыра отырып, жеке тұлғаларға - жиырма, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - сексен, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

201-бап. Тауарларды сауда желілеріне немесе ірі сауда объектілеріне әкелуді шектеу

2025.10.01. № 155-VIII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2025 ж. 13 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Сауда желісін немесе ірі сауда объектілерін ұйымдастыру арқылы тауарлар сату жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ішкі сауда субъектілерінің тауарлар беру туралы шарт жасасудан негізсіз бас тартуынан не көрінеу кемсітушілік сипаттағы және:

1) сауда қызметі субъектісіне осыған ұқсас қызметті жүзеге асыратын басқа да сауда қызметі субъектілерімен, сондай-ақ осыған ұқсас немесе өзге де талаптар бойынша басқа да сауда қызметі субъектілерімен тауарлар беру шарттарын жасасуға тыйым салу туралы;

2) тауарлар беруді жүзеге асыратын сауда қызметі субъектісінің осыған ұқсас қызметті жүзеге асыратын басқа да сауда қызметі субъектілерімен жасалатын шарттары туралы мәліметтер беруін талап ету туралы талаптар қамтылатын шарт жасасудан көрінетін, тауарларды сауда желілеріне немесе ірі сауда объектілеріне әкелуді шектеуі -

бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -

екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 202-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

202-бап. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жол берілетін шекті бөлшек сауда бағаларын мөлшерінен асыру

1. Ішкі сауда субъектілерінің Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жол берілетін шекті бөлшек сауда бағаларын мөлшерінен асыруы -

бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -

екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды; 2025.10.01. № 155-VIII ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (2025 ж. 13 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Қызметінің негізгі түрі ірі сауда объектілеріндегі, сондай-ақ сауда базарларындағы сауда орындарын жалға (пайдалануға) беру, мұндай объектілердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және олардың жұмысын ұйымдастыру болып табылатын дара кәсіпкерлердің және (немесе) заңды тұлғалардың сауда объектілеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жол берілетін шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін ішкі сауда субъектілерінің (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізетін) назарына жазбаша нысанда жеткізбеуі -

ескерту жасауға алып келеді.

2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды

4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет -

жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

 

203-бап. Тауарларды құжаттарсыз сату

1. Осы Кодекстің 415 және 416-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, дара кәсіпкерлердің және сауда қызметiн жүзеге асыратын ұйымдардың тауарды шығарған ел туралы, дайындаушы, беруші немесе сатушы туралы қазақ және орыс тiлдерiндегі мәліметтер не тауар (көрсетілетін қызмет) туралы анық және жеткiлiктi ақпаратты қамтитын құжаттарсыз сатуы -

шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - қырық бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - жетпіс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет -

шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - тоқсан, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

204-бап. Белгiленбеген орындарда сауда жасау

1. Жергiлiктi атқарушы орган белгiлегеннен тыс орындарда сауда жасау -

ескерту жасауға немесе бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -

он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 204-1-баппен толықтырылды

204-1-бап. Бұрын пайдалануда болған азық-түлік емес тауарларды қабылдау және өткізу кезінде Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасын бұзу

1. Ішкі сауда субъектісінің:

1) орындарын және (немесе) бағыттарын жергілікті атқарушы органдар бекіткен стационарлық емес сауда объектілерін қоспағанда, бұрын пайдалануда болған азық-түлік емес тауарларды стационарлық емес сауда объектілерінде өткізуі;

2) бұрын пайдалануда болған, қабылданған және өткізілген азық-түлік емес тауарларды ішкі сауда қағидаларында айқындалатын тәртіппен есепке алуды жүргізу жөніндегі міндетті орындамауы не тиісінше орындамауы;

3) бұрын пайдалануда болған, қабылданған және өткізілген азық-түлік емес тауарлар туралы ақпаратты күнтізбелік бір жыл ішінде сақтау міндетін бұзуы түрінде жасаған, бұрын пайдалануда болған азық-түлік емес тауарларды қабылдау және өткізу кезінде Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасын бұзуы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, -

ескерту жасауға алып келеді.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер -

шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

 

2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 204-2-баппен толықтырылды; 2025.10.01. № 155-VIII ҚР Заңымен 204-2-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2025 ж. 13 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

204-2-бап. Сауда базарлары мен ірі сауда объектілерінің қызметін ұйымдастыру бойынша Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасын бұзу

2025.10.01. № 155-VIII ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2025 ж. 13 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Қызметінің негізгі түрі ірі сауда объектілеріндегі, сондай-ақ сауда базарларындағы сауда орындарын жалға (пайдалануға) беру болып табылатын дара кәсіпкерлердің және (немесе) заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасын:

1) ірі сауда объектісінің, сауда базарының ішкі сауда субъектілері мен олардың әкімшілігінің жұмыскерлері үшін жұмыс режимін қамтитын бекітілген жұмыс регламентінің болмауы;

2) ішкі сауда субъектілеріне сауда объектілері мен сауда инфрақұрылымына тең қолжетімділік бермеу;

3) ішкі сауда субъектілеріне ірі сауда объектілері, сауда базарлары ұсынатын қосымша көрсетілетін қызметтердің бекітілген тізбесінің (бар болса) болмауы;

4) ақпараттық жүйеде тіркелудің, сол сияқты өз қызметін ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асыру үшін оған қолжетімділіктің болмауы;

5) ақпараттық жүйеде жасалған жалға алу шартының болмауы, сол сияқты оған өзгерістер енгізбеу;

6) сауда инфрақұрылымын жаңғыртудың болмауы, сол сияқты оны іске асыру үшін тиісті жағдайлар жасамау;

7) ірі сауда объектісінің, сауда базарының аумағындағы көтерме және бөлшек саудада сату аймағының, сол сияқты оның аражігін ажыратудың болмауы;

8) аумақтарында техникалық жағдайлар болған кезде сауда базарларында автодүкендерден сауданы ұйымдастырудың болмауы;

9) сауда орнын жалға алғаны (пайдаланғаны) үшін төлемді ақпараттық жүйе арқылы қолма-қол ақшасыз тәсілмен не екінші деңгейдегі банктер арқылы төлеуге шот жазып беру арқылы қабылдауды қамтамасыз етпеу түрінде жасаған бұзуы -

ескерту жасауға алып келеді.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер -

жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

 

2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 204-3-баппен толықтырылды

204-3-бап. Азық-түлік тауарларын беру шартын жасау кезінде сатып алынған азық-түлік тауарлары бағасынан сыйақы мөлшерін арттыру немесе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алумен байланысты сыйақыны заңсыз талап ету

1. Сауда желісін немесе ірі сауда объектілерін ұйымдастыру арқылы тауарларды сату жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ішкі сауда субъектісінің азық-түлік тауарларын берушімен азық-түлік тауарларын беру шартын жасасу кезінде сатып алынған азық-түлік тауарларының бағасынан бес пайыздық сыйақы мөлшерін арттыруы немесе оның әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуына байланысты сыйақыны заңсыз талап етуі -

ескерту жасауға алып келеді.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер -

үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

 

2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 204-4-баппен толықтырылды

204-4-бап. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін арттыру

2025.10.01. № 155-VIII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2025 ж. 13 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Ішкі сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген сауда үстемесінің мөлшерін арттыруы -

жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - отыз бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

2025.10.01. № 155-VIII ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2025 ж. 13 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет -

жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - жетпіс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

 

2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 205-бап өзгертілді; 2019.30.12. № 300-VІ ҚР Заңымен 205-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

205-бап. Байланысты гранттар қаражатының түсімдерін қоспағанда, бюджетке төленетін салықтық емес төлемдерді және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді уақтылы немесе толық төлемеу

1. Байланысты гранттар қаражатының түсімдерін қоспағанда, бюджетке төленетін салықтық емес төлемдерді және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді уақтылы төлемеу -

ескерту жасауға алып келеді.

2. Байланысты гранттар қаражатының түсімдерін қоспағанда, бюджетке төленетін салықтық емес төлемдерді және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді толық төлемеу -

жеке тұлғаларға - орындалмаған міндеттеме сомасының он пайызы, бірақ кемінде бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - орындалмаған міндеттеме сомасының отыз пайызы, бірақ кемінде он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - орындалмаған міндеттеме сомасының елу пайызы, бірақ кемінде отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне орындалмаған міндеттеме сомасының бір жүз пайызы, бірақ кемінде елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -

жеке тұлғаларға - орындалмаған міндеттеме сомасының он пайызы, бірақ кемінде бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - орындалмаған міндеттеме сомасының отыз пайызы, бірақ кемінде он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - орындалмаған міндеттеме сомасының елу пайызы, бірақ кемінде отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне орындалмаған міндеттеме сомасының бір жүз пайызы, бірақ кемінде елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

 

2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 206-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

206-бап. Ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын қабылдаудан бас тарту

1. Қазақстан Республикасының аумағында айналыста жүрген, заңды төлем құралы болып табылатын ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын көрсетулі құны бойынша қабылдаудан бас тарту -

ескерту жасауға әкеп соғады.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет -

шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - он, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

2025.10.01. № 155-VIII ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (2025 ж. 13 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, Ұлттық пошта операторының Қазақстан Республикасының аумағында айналыста жүрген және барлық төлем түрлері бойынша қабылдауға жататын ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын қабылдаудан, ұсақтаудан және айырбастаудан бас тартуы -

елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Ескертпелер.

1. Қазақстан Республикасының ұлттық валюта банкноттары мен монеталары мынадай жағдайларда:

1) егер қолдан жасаудың анық белгілері болса;

2) егер банкноттар мен монеталар төлем жасалмайтын болып табылса, заңды төлем құралы болып табылмайды.

2025.10.01. № 155-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2025 ж. 13 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Жеке кәсіпкерлік субъектілері (банктерді, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарын, Ұлттық пошта операторын қоспағанда), коммерциялық емес ұйымдар тозған және ақаулы (бүлінген) банкноттар мен монеталарды қабылдаудан бас тартқаны үшін осы бапта көзделген жауаптылықта болмайды.

2025.10.01. № 155-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2025 ж. 13 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары, Ұлттық пошта операторы Қазақстан Республикасының аумағында айналыста жүрген, заңды төлем құралы болып табылатын ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын көрсетулі құны бойынша қабылдаудан бас тартқаны үшін осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген әкімшілік жауаптылыққа тартуға жатпайды.

 

2015.12.11. № 393-V ҚР Заңымен 207-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 207-бап жаңа редакцияда

207-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу

1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық құжаттамаға (аукциондық құжаттамаға) қойылатын не баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпаратта әлеуетті өнім берушілерге сандық жағынан өлшенбейтін және (немесе) әкімшілендірілмейтін кез келген талаптарды белгілеу не сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген әлеуетті өнім берушілерге тиесілілігін айқындайтын сипаттамаларына нұсқау жасау арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының талаптарын бұзу -

лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) жобасын алдын ала талқылау шеңберінде келіп түскен конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) жобасына ескертулерді, конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) ережелерін түсіндіру туралы сұрау салуларды қарамау не уақтылы қарамау, сол сияқты конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) жобасына ескертулер және түсіндіру туралы сұрау салулар болған кезде, оны алдын ала талқылау хаттамасын, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) мәтінін мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырмау не уақтылы орналастырмау -

лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген жағдайларда мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тарту -

лауазымды адамдарға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

4. Конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімдерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкес келтіру мерзімі өткеннен кейін, конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімді жетіспейтін құжаттармен толықтыруға, конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімде ұсынылған құжаттарды ауыстыруға, тиісті түрде ресімделмеген құжаттарды сәйкес келтіруге байланысты сұрау салу жіберуі және өзге де әрекеттері -

лауазымды адамдарға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

5. Конкурстық құжаттамада (аукциондық құжаттамада) әлеуетті өнім берушілерге және (немесе) олар тартатын, жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерлеріне (бірлесіп орындаушыларына) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеу -

лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

6. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының талаптарын конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарттарды қолданбау бөлігінде бұзу, сол сияқты оларды дұрыс есептемеу -

лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

7. Әлеуетті өнім берушіні және (немесе) ол тартатын, жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерлерін (бірлесіп орындаушыларын) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген негіздер бойынша біліктілік талаптарына және (немесе) конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкес келмейді деп тану -

лауазымды адамдарға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

8. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде олардың біртекті түрлері және оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлмеу -

лауазымды адамдарға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

9. Негізінде конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) заңсыз шешімі қабылданған сараптама комиссиясының не сарапшының көрінеу жалған сараптамалық қорытынды дайындауы -

елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

2024.01.07. № 108-VIII ҚР Заңымен 10-бөлік жаңа редакцияда (2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

10. Әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген жағдайда тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының не мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қойып сотқа жүгінбеуі немесе уақтылы жүгінбеуі - лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

2024.01.07. № 108-VIII ҚР Заңымен 10-1-бөлікпен толықтырылды (2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

10-1. Өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) демпингке қарсы соманы енгізбеу арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарғаны туралы мәліметтерді тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органға ұсынбауы немесе уақтылы ұсынбауы - лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

2024.01.07. № 108-VIII ҚР Заңымен 10-2-бөлікпен толықтырылды (2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

10-2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өнім беруші өзімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда тапсырыс берушінің өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап қойып сотқа жүгінбеуі немесе уақтылы жүгінбеуі - лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

11. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген жағдайларда, мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, бекітілген мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу -

лауазымды адамдарға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

12. Конкурсқа (аукционға) қатысуға алдын ала жіберу хаттамасында, конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамада әлеуетті өнім берушінің конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімін қабылдамау себептерінің егжей-тегжейлі сипатталымын, оның ішінде оның біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкес келмейтінін растайтын мәліметтер мен құжаттарды көрсетпеу -

лауазымды адамдарға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

2024.01.07. № 108-VIII ҚР Заңымен 13-бөлік өзгертілді (2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

13. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) таралуы шектеулі ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын) немесе мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) енгізілген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырмау немесе уақтылы орналастырмау, сол сияқты мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын экономикалық сыныптаманың мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасу талап етілетін өзіндік ерекшеліктері (шығыстар баптары) бойынша жиынтығында бюджетке (даму жоспарына), Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан бөлінген ақшаға немесе жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес келмейтін көлемде бекіту (нақтылау) -

лауазымды адамдарға он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

14. Әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімдерін уақтылы қарамау, сол сияқты алдын ала жіберу хаттамасын және (немесе) қорытындылар хаттамасын уақтылы орналастырмау -

лауазымды адамдарға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

15. Осы баптың бірінші және алтыншы бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) -

лауазымды адамдарға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

2024.01.07. № 108-VIII ҚР Заңымен 16-бөлік өзгертілді (2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

16. Осы баптың екінші, оныншы, 10-1, 10-2 және он үшінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) -

лауазымды адамдарға алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

17. Осы баптың тоғызыншы бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -

бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

18. Осы баптың үшінші және он бірінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер -

лауазымды адамдарға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

Ескертпелер.

1. Осы бапта лауазымды адамдар деп:

2024.01.07. № 108-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) бірінші бөлікте - мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, тапсырыс берушінің бірінші басшысын не конкурстық құжаттаманы, аукциондық құжаттаманы немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылған ақпаратты бекіткен адамын немесе олардың міндеттерін атқаратын адамдарды және (немесе) конкурстық құжаттаманы (аукциондық құжаттаманы) әзірлеуге тікелей қатысатын адамдарды;