«Қазақстан Республикасының Экология Кодексі» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы № 400-VI Кодексі (2026.08.09. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

Электрондық нысанда қалыптастырылған тексеру нəтижелері туралы акт жəне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама бақылау субъектісі көрсеткен электрондық пошта мекенжайына жіберіледі.

23. Егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше көзделмесе, бухгалтерлік жəне өзге де құжаттардың төлнұсқасын алып қоюға жəне алуға тыйым салынады.

Төлнұсқа құжаттарды алып қою жəне алу Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің нормаларына сəйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жағдайларда жүргізіледі.

24. Тексеруді жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтар болмаған жағдайда, тексеру нəтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.

25. Тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болса, тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша актіде) көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірілмей, тексеру нəтижелері туралы актіні бақылау субъектісіне табыс еткен күн тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.

26. Егер тексеруді жүргізу нəтижесінде бақылау субъектісінің (объектісінің) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу фактісі анықталатын болса, мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өкілеттіктер шегінде анықталған бұзушылықтарды жою, олардың алдын алу, адамдардың өміріне, денсаулығына жəне қоршаған ортаға, жеке жəне заңды тұлғалардың құқықтарына, бостандықтарына жəне заңды мүдделеріне, мемлекетке ықтимал зиян келтіруді болғызбау бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қабылдауға, сондай-ақ бұзушылыққа жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.

Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам кəсіпкерлік субъектілеріне қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қабылдау кезінде прокурорды хабардар етеді.

Прокурормен келісу бойынша бақылау органы инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты:

субъектінің (объектінің не оның жекелеген учаскесінің) қызметін, əрекетті, процесті тоқтата тұру;

рұқсаттың жəне (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын тоқтата тұру, одан айыру (кері қайтарып алу) мəселелері бойынша тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қабылдайды.

Бақылау органы осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды прокурордың келісімінсіз қабылдауға құқылы емес.

Бақылау органы инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторды прокурормен келісу қорытындылары бойынша қабылданған шешім туралы хабардар етеді.

Прокурордың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісу тəртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайды.

Қашықтан бақылау қорытындысы бойынша анықталған жəне жойылған Қазақстан Республикасының экология заңнамасын бұзу фактілері бойынша шаралар қабылдауға жол берілмейді.

27. Егер бақылау органы тексеруді ұйымдастыруға жəне жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұза отырып, тексерулерді жүргізсе, олар жарамсыз деп танылады.

Өрескел бұзушылықтарға:

1) тексеру негіздерінің болмауы;

2) тексеруді тағайындау туралы актінің болмауы;

3) кешенді тексеру жүргізудің басталғаны туралы хабарламаның болмауы, сол сияқты хабарлама мерзімдерін сақтамау;

4) осы баптың 26-тармағының талаптарын бұзу;

5) тексеру жүргізудің кезеңділігін бұзу;

6) тексеруді тағайындау туралы актіні бақылау субъектісіне ұсынбау;

7) бақылау органдарының өз құзыретіне кірмейтін мəселелер бойынша тексеруді тағайындауы;

8) тексеруді тағайындау туралы актіні өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда тіркеу міндетті болғанда, оны тіркемей тексеруді жүргізу;

9) тексеруді жүргізу мерзімін бұзу.

28. Бақылау субъектісін (объектісін) тексеру нəтижелері «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» цифрлық жүйесінде есепке алынады.

«Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» цифрлық жүйесінде бақылау субъектілерін (объектілерін) тексерулерді есепке алуды жүргізу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті орган əзірлеп, бекітеді.

29. Бақылау субъектісі тексеру нəтижелерімен келіспеген жағдайда, осы Кодекстің 179-бабында белгіленген тəртіппен олар бойынша шағым жасауға құқылы.

30. Осы Кодексте белгіленбеген тексерулердің өзге де түрлерін жүргізуге тыйым салынады.

 

2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 175-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

175-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізу кезінде нұсқамалардың орындалуын қамтамасыз ету

1. Бақылау субъектісінің анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау жөніндегі міндеттемесі мемлекет кірісіне есепке жазылатын өсімпұлмен қамтамасыз етіледі.

Өсімпұл əрбір жұмыс күні үшін І санаттағы объектінің операторлары болып саналатын заңды тұлғаларға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген он еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде есепке жазылады.

Өсімпұл анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күн өткен кезден бастап есепке жазылады.

2. Өсімпұлды төлеу туралы талапты уəкілетті органның лауазымды адамдары анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау мерзімі өткен жағдайда ғана жібереді. Бақылау субъектісі есепке жазылған өсімпұлды тиісті талап жіберілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде ерікті түрде төлемеген жағдайда лауазымды адамдардың есепке жазылған өсімпұлды өндіріп алуы сот тəртібімен жүзеге асырылады.

 

176-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру мен жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарының бұзылуы нәтижесінде алынған экономикалық пайда сомасын анықтау

1. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзудың профилактикасы және оның қайта жасалуын болғызбау мақсатында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жағдайларда мемлекеттік экологиялық бақылауды жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарының бұзылуы нәтижесінде мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісі алған экономикалық пайданың сомасын айқындайды.

2. Қазақстан Республикасының экология заңнамасы талаптарының бұзылуы нәтижесінде мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісі алған экономикалық пайда мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісінің Қазақстан Республикасы экология заңнамасы талаптарының бұзылуы нәтижесінде ақша қаражатын үнемдеу немесе кіріс (түсім) алу түріндегі артықшылық алуы болып танылады

3. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісінің экономикалық пайда сомасының пайызымен көрсетілген айыппұл салуға алып келетін Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын бұзу фактісі анықталған күннен бастап бір ай мерзімде материалдарды жинау мен талдауды жүргізеді, осындай бақылау субъектісінен бұл үшін қажетті ақпаратты талап етеді және Қазақстан Республикасы экология заңнамасы талаптарының бұзылуы нәтижесінде алынған экономикалық пайда сомасын айқындайды.

4. Мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісінің кіріс (түсім) алуы түріндегі экономикалық пайда сомасын экологиялық рұқсатсыз жаңадан пайдалануға берілген не қоршаған ортаға әсер ету туралы декларациясыз пайдаланылатын объект қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді жүзеге асырған кезде айқындайды.

Қалған жағдайларда экономикалық пайда сомасы мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісінің Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын бұзу нәтижесінде ақша қаражатын үнемдеуі түрінде айқындалады.

Қазақстан Республикасы экология заңнамасы талаптарының бұзылуы нәтижесінде алынған экономикалық пайда сомасын айқындау әдістемесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

 

177-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар

1. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға мыналар жатады:

1) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы;

2) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторының орынбасары;

3) Қазақстан Республикасының аға мемлекеттік экологиялық инспекторлары;

4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық инспекторлары;

5) астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың бас мемлекеттік экологиялық инспекторлары;

6) астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың аға мемлекеттік экологиялық инспекторлары;

7) астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың мемлекеттік экологиялық инспекторлары.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген лауазымды адамдарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган тағайындайды.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелері мемлекеттік қызметшілерінің санаттарын осы баптың 1-тармағында көрсетілген лауазымды адамдарға жатқызу тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

3. Мемлекеттік экологиялық инспекторлар белгіленген тәртіппен нысанды киіммен (погонсыз), белгіленген үлгідегі қызметтік куәліктермен және мөрлермен қамтамасыз етіледі.

Нысанды киімді (погонсыз) киіп жүруге құқығы бар лауазымды адамдар лауазымдарының тізбесін, нысанды киімнің (погонсыз) үлгілерін, оны киіп жүру тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

4. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторының, астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың бас мемлекеттік экологиялық инспекторларының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және экологиялық инспектор лауазымы атауы бар құжаттардың бланкілері болады.

 

178-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары мен міндеттері

1. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:

2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) тиісті заңды негіз болған кезде субъектіге (объектіге) бару арқылы тексеру жүргізу үшін тексерілетін объектінің аумағына және үй-жайына, оның ішінде сынамаларды іріктеу үшін өлшеу аспаптарымен және жабдығымен кіруге және қажет болған кезде, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мамандарды, консультанттар мен сарапшыларды тарта отырып, қажетті өлшеулерді жүзеге асыруға, сынамалар (оның ішінде тауарлар мен материалдардың үлгілерін) алуға және оларды талдауға;

2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)

1-1) тексеру нысанасына сəйкес қағаз жеткізгіштегі немесе электрондық нысандағы құжаттардың (мəліметтердің) көшірмелерін, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) қолжетімділікті сұратуға жəне алуға;

2) тексерілетін субъектілерден (объектілерден) сынамаларды зертханалық зерттеу нәтижелерін және қоршаған ортаға антропогендік әсер ету көлемін айқындауға қажетті өзге де материалдарды сұратуға және алуға;

2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)

2-1) аудио-, фото- жəне бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;

2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 2-2) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)

2-2) техникалық бақылау құралдарының, байқау жəне тіркеп-белгілеу аспаптарының, фото- жəне бейнеаппаратураның тексеруге қатысты жазбаларын пайдалануға;

3) мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісінің Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұза отырып жүзеге асырылатын қызметін шектеу, тоқтата тұру және оған тыйым салу туралы сотқа талап қоюға;

4) экологиялық залал келтіру фактілерін анықтауға және осы Кодекстің талаптарына сәйкес оны жою жөніндегі шараларды айқындауға қатысуға;

5) Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзушылардың әрекеттерін болғызбау немесе оның жолын кесу үшін жәрдем көрсетуді сұрап прокуратураға және өзге де құқық қорғау органдарына жүгінуге;

6) Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзуға байланысты жеке және заңды тұлғалардың рұқсаттарын, қорытындыларын, лицензияларын және басқа да рұқсат беру құжаттарын кері қайтарып алу, олардан айыру және олардың қолданысын тоқтата тұру бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қолдануға құқылы.

2. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда арнайы құралдарды (мамандандырылған байланыс құралдарын, фото-, бейнеаппаратураны, өлшеу құралдарын) сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.

3. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының экология заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасасуға міндетті.

2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді); 2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;

2) тексеруді осы Кодексте белгіленген негізде жəне тəртіпке қатаң сəйкестікте жүргізуге;

3) тексеруді жүргізу кезеңінде бақылау субъектілерінің (объектілерінің) белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтардың алдын алу, анықтау жəне жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы жəне толық көлемде орындауға;

5) бақылау субъектісінің не оның уəкілетті өкілінің тексеруді жүргізу кезінде қатысуына кедергі келтірмеуге, тексерудің нысанасына жататын мəселелер бойынша түсініктемелер беруге;

6) бақылау субъектісіне тексерудің нысанасына жататын қажетті ақпаратты беруге;

7) бақылау субъектісіне - тексеру нəтижелері туралы актіні, бұзушылықтар анықталған жағдайда, жүргізілген тексерулердің нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы тексерулер аяқталған күні табыс етуге;

8) тексеруді жүргізу нəтижесінде алынған құжаттар мен мəліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)

5. Тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың тексеру нысанасына жатпайтын талаптар қоюына тыйым салынады.

 

2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 178-1-баппен толықтырылды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)

178-1-бап. Бақылау субъектісінің немесе оның уəкілетті өкілінің мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен міндеттері

1. Бақылау субъектілері немесе олардың уəкілетті өкілдері тексеруді жүзеге асыру кезінде:

1) тексеру жүргізу үшін объектіге келген мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарды:

тексеруді жүргізу жиілігі сақталмаған;

тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болса, тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша актіде) көрсетілген, осы Кодексте белгіленген мерзімге сəйкес келмейтін мерзімдер асып кеткен немесе өтіп кеткен;

бақылау органы бір кезең ішінде бір мəселе бойынша бұрын кешенді тексеру жүргізілген бақылау субъектісіне (объектісіне) кешенді тексеруді тағайындаған;

тексеру парағы жəне (немесе) тексеруді тағайындау туралы акт (тексеру мерзімі ұзартылған жағдайда тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша акт) болмаған;

жасалған не дайындалып жатқан қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызда немесе хабарда, жеке, заңды тұлғалардың жəне мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өзге де жолданымдарда көрсетілген уақыт аралығы шеңберінен шығатын кезеңге тексеру тағайындалған;

тексеруді жүргізу тиісті өкілеттігі жоқ адамдарға тапсырылған;

тексеруді тағайындау туралы бір актіде тексеру жүргізілетін бірнеше бақылау субъектісі көрсетілген;

тексеру мерзімі осы Кодексте белгіленген мерзімнен асыра ұзартылған;

тексеруді ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын талаптар өрескел бұзылған жағдайларда тексеруге жібермеуге;

2) егер құжаттар мен мəліметтер жүргізілетін тексерудің нысанасына, сондай-ақ тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген кезеңге жатпайтын болса, оларды ұсынбауға;

3) тексеруді тағайындау туралы актіге, тексеру нəтижесі туралы актіге, тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға, сондай-ақ мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) осы Кодексте белгіленген тəртіппен шағым жасауға;

4) бақылау органдарының немесе мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін шектейтін, заңға негізделмеген тыйым салуларын орындамауға;

5) тексеруді жүзеге асыру процесін, сондай-ақ лауазымды адамның тексеру шеңберінде жасайтын жекелеген əрекеттерін лауазымды адамның қызметіне кедергі келтірмей, аудио-, фото- жəне бейнетүсірілім құралдары арқылы тіркеп-белгілеуге;

6) өз мүдделері мен құқықтарын білдіру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген əрекеттерді жүзеге асыруы мақсатында үшінші тұлғаларды тексеруге қатысу үшін тартуға құқылы.

2. Бақылау органдары тексеруді жүргізген кезде бақылау субъектілері не олардың уəкілетті өкілдері:

1) мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына жəне үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;

2) коммерциялық, салықтық не заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға тексеру нəтижелері туралы актіге жəне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға қоса тіркеу үшін қағаз жеткізгіштегі немесе электрондық нысандағы құжаттардың (мəліметтердің) көшірмелерін ұсынуға, сондай-ақ тексерудің нысанасына сəйкес цифрлық жүйелерге, техникалық бақылау құралдарына, байқау жəне тіркеп-белгілеу, фото- жəне бейнеаппаратура аспаптарына қолжетімділік беруге;

3) тексеруді тағайындау туралы актінің, тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша актінің, тексеру аяқталған күні тексеру нəтижелері туралы актінің, сондай-ақ тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;

4) тексеруді жүргізу кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуге;

5) мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың осы объект үшін белгіленген нормативтерге сəйкес зиянды жəне қауіпті өндірістік əсер ету факторларынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

6) кешенді тексеру жүргізудің басталатыны туралы хабарлама алған жағдайда кешенді тексерудің белгіленген мерзімдерінде бақылау объектісі тұрған жерде болуға міндетті.

 

2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 179-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

179-бап. Бақылау органдары мен олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) сотқа дейін шағым жасау тəртібі

1. Бақылау субъектісі сотқа жүгінгенге дейін мемлекеттік экологиялық бақылау нəтижелері бойынша мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру құқығы бар жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) шағым жасауға құқылы.

2. Мемлекеттік экологиялық бақылау нəтижесіне шағым мемлекеттік экологиялық бақылау нəтижелерін алған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей, қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда беріледі.

3. Осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзім дəлелді себеппен өткізіп алынған жағдайда, шағым беретін бақылау субъектісінің өтінішхаты бойынша бұл мерзімді мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру құқығы бар жоғары тұрған орган (лауазымды адам) қалпына келтіруі мүмкін.

4. Шағым жасау үшін өткізіп алынған мерзім шағымды қарайтын органның (лауазымды адамның) шағымды қабылдаудан бас тартуына негіз болмайды. Мерзімді өткізіп алу себептері шағымды қарау кезінде анықталады жəне шағымды қанағаттандырудан бас тарту негіздерінің бірі болуы мүмкін.

5. Шағымда:

1) шағымды қарайтын органның (лауазымды адамның) атауы (аты-жөні);

2) жеке тұлғаның тегі, аты, əкесінің аты (егер ол жеке басын куəландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сəйкестендіру нөмірі, пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сəйкестендіру нөмірі;

3) жеке тұлғаның нақты тұратын мекенжайы жəне заңды тұлғаның тұрған жері;

4) əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) дау айтылып отырған бақылау органының атауы, лауазымды адамның аты-жөні;

5) бақылау субъектісі өз талаптары мен дəлелдемелерін негіздейтін мəн-жайлар;

6) шағым берілген күн;

7) бақылау субъектісінің қолтаңбасы;

8) шағымға қоса берілетін құжаттардың тізбесі;

9) өзге де мəліметтер көрсетіледі.

6. Шағымды қарайтын жоғары тұрған орган (лауазымды адам), егер:

1) шағымды қарайтын органның бақылау субъектісіне қатысты шағымды қарау нəтижелері бойынша шағымда көрсетілген бір нысана туралы жəне бір негіздер бойынша қабылданған шешімі болса;

2) бір тұлғаға қатысты бір нысана туралы жəне бір негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот актісі болса;

3) мемлекеттік экологиялық бақылау нəтижелері бойынша бір мезгілде сотқа жəне жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) шағым жасалған болса;

4) шағымды қарайтын орган (лауазымды адам) өтініш берушіден шағымды кері қайтарып алуды қабылдаған болса, шағымды қараусыз қалдырады.

Шағымды қарайтын орган шағымды қараусыз қалдыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бақылау субъектісіне хабарланады.

Өтініш берушінің шағымды кері қайтарып алуы шағымды қайта беруге кедергі келтірмейді.

7. Шағым беру мемлекеттік экологиялық бақылау нəтижелері бойынша жасалған, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалуын тоқтата тұрады.

Тексеруді тағайындау туралы актіге жəне (немесе) тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша актіге шағым беру тексеру жүргізуді тоқтата тұрмайды. Бұл ретте тексеруді тағайындау туралы актіні жəне (немесе) тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіні заңсыз деп тану тексеру нəтижелерінің күшін жоюға алып келеді.

8. Шағымды қарайтын жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шағымды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мəн-жайларды жан-жақты, толық жəне объективті түрде зерттеу үшін шаралар қабылдауға міндетті.

Нақты мəн-жайларды зерттеудің нысанасы мен шектерін шағымды қарайтын жоғары тұрған орган (лауазымды адам) айқындайды.

Шағымды қарайтын жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін əкімшілік актісіне, əкімшілік əрекетіне (əрекетсіздігіне) дау айтылып отырған лауазымды адам мен шағым берген адамды тыңдайды.

Тыңдау тараптардың өз ұстанымын баяндауына мүмкіндік беретін кез келген жолмен жүзеге асырылуы мүмкін.

9. Шағымды қарау мерзімі шағым келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды.

10. Шағымды қарап, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) мынадай шешімдердің бірін шығарады:

1) шағымды қанағаттандыру туралы;

2) шағымның бір бөлігін қанағаттандыру туралы;

3) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы.

Шағымды мəні бойынша қарау аяқталғаннан кейін жазбаша түрде шешім шығарылады, ол бақылау субъектісіне жіберіледі.

Шағымды қанағаттандырудан бас тарту уəжді болуға тиіс.

Тексеру нəтижесіне шағымды қарау кезінде істе бар жəне қосымша ұсынылған материалдар бойынша шығарылған тексерудің нəтижелері туралы актінің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың заңдылығы мен негізділігі тексеріледі. Жоғары тұрған лауазымды адам жаңа фактілерді анықтауға жəне жаңа дəлелдемелерді зерттеуге құқылы.

11. Шағымды қараған жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) шешімімен келіспеген жағдайда бақылау субъектісі шешім бойынша сотқа шағым жасауға құқылы.

 

180-бап. Апелляциялық комиссия шағымды қараған кезде ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету

Мемлекеттік құпиялар, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын мәліметтер апелляциялық комиссияның мүшелеріне қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүргізген тексеру нәтижелері туралы актілерге шағымдарды қарау кезінде шағым берген тұлғаның жазбаша рұқсаты алынбастан, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұсынылады.