«Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру, азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер енгізу, қалпына келтіру, күшін жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 112 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2021 жылғы 10 тамыздағы № 690 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру, азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер енгізу, қалпына келтіру, күшін жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 112 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 10764 болып тіркелген) толықтырулар енгізілсін:
Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру, азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер енгізу, қалпына келтіру, күшін жою қағидаларында:
20-тармақ келесі редакцияда жазылсын:
«20. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін ата - аналары немесе басқа да мүдделі тұлғалар бала туған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті (бұдан әрі - туу туралы өтініш) кез келген тіркеуші органға, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың ЖАО-на, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне немесе Мемлекеттік корпорацияға өтініш берушінің қалауы бойынша жазбаша нысанда не электрондық түрде осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес береді.
Бала өлі туған және бала өмірінің алғашқы аптасында шетінеген жағдайда өтінішті медициналық ұйымның жауапты лауазымды адамы бала туылған кезден бастап немесе қайтыс болған сәттен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
Өлі туған баланы және өмірінің алғашқы аптасында шетінеген баланы мемлекеттік тіркеу тіркеуші органда бала туған немесе шетінеген кезден бастап бес тәуліктен кешіктірілмей жүргізіледі және туу туралы акт жазбасының негізінде осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес өлі туғандығы туралы немесе өмірінің алғашқы аптасында шетінеген баланың туу туралы анықтамасы беріледі.