«Электрондық үкіметтің» сыртқы шлюзінің жұмыс істеу қағидаларын және оған қойылатын техникалық талаптарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің м.а. 2018 жылғы 29 наурыздағы № 124 бұйрығы
«Ақпараттандыру туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 13-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес «Электрондық үкіметтің» сыртқы шлюзінің жұмыс істеу қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес «Электрондық үкіметтің» сыртқы шлюзіне қойылатын техникалық талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Электрондық үкіметті» және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.