«Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін, оның ішінде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері белгіленетін индикаторлардың ең аз тізбесін әзірлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 19 шiлдедегі № 257 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 27 шілдедегі № 146 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін, оның ішінде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері белгіленетін индикаторлардың ең аз тізбесін әзірлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 19 шілдедегі № 257 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23615 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу қағидаларында:
2-тармағының 5) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:
«5) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстарға тапсырыс беруші (бұдан әрі - Тапсырыс беруші) - тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумақтарын дамыту бағдарламасын іске асыру кезеңінде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлейтін астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы;»;
2-тармағының 10) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:
«10) қоршаған ортаның басым ластағыштары - жоғары уыттылықпен, жинақталу қабілетімен және тұрақтылығымен сипатталатын белгілі бір аймақтар үшін ең қауіпті ластағыш заттардың тізімі.»;