«Қылмыстық-атқару жүйесі тергеу изоляторларының ішкі тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 26 шілдедегі № 505 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2021 жылғы 15 қаңтардағы № 17 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Қылмыстық-атқару жүйесі тергеу изоляторларының iшкi тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 26 шілдедегі № 505 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15564 болып тіркелген, 2017 жылғы 6 қыркүйекте Нормативтік құқықтық актілерді эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі тергеу изоляторларының iшкi тәртiптеме қағидаларында:
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«16. Күдіктілер мен айыпталушыларды камералар бойынша орналастыру осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша камераларға ауыстыру жоспары негізінде «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 наурыздағы Заңның (бұдан әрі - Заң) 32-бабының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Тергеу изоляторының әкімшілігі олардың арасындағы байланысты болдырмау бойынша шаралар қабылдайды.
Жаңа келген күдіктілер мен айыпталушыларды тергеу изоляторында ұстау тәртібімен және жағдайымен таныстыру, сондай-ақ денсаулығының жағдайын тексеру және санитариялық-гигиеналық іс-шараларды жүргізу, олармен психологиялық тексерістерді жүргізу мақсатында көрсетілген адамдар 15 тәулікке дейін карантин бөлімшесіне орналастырылады.