«Білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 66 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 22 мамырдағы № 215 бұйрығы
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. «Білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 66 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13487 болып тіркелген, 2016 жылғы 28 сәуірде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу қағидаларында:
1, 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 46-13) тармақшасына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және білім беру ұйымдарының жатақханаларында орын бөлу тәртібін айқындайды.
2. Қағидалар білім алушылар үшін жатақханаларда тұруға орын бөлудің негізділігі мен кезектілігін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарына (бұдан әрі - ұйым) меншік құқығына тиесілі немесе өзге заңдық негізде ұйымдардың иелігінде тұрған жатақханалардағы орындарды бөлу тәртібін айқындайды.
Жоғары оқу орындарындағы білім алушыларға жатақхана беруді жоғары оқу орындары (бұдан әрі - ЖОО) жүзеге асырады.