Қазақстан Республикасының ұлттық шлюзі арқылы мемлекетаралық ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыратын ақпараттық жүйелер мен электрондық ақпараттық ресурстардың тізбесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 14 желтоқсандағы № 1201 бұйрығы
(2022.16.03. берілген өзгерістермен)
«Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 14) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасы ұлттық шлюзі арқылы мемлекетаралық ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыратын ақпараттық жүйелер мен электрондық ақпараттық ресурстардың тізбесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті (Т.Б.Қазанғап):
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялауға оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталдарында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық ол алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.