26.07.2024
Тіліміздің мәртебесін көтеру өз қолымызда
Тіл- адамзат дамуының басты нұсқаулығы.
Тіл- ұлттық қасиеттерді сақтайтын Қазына. Біздің тіліміз- өзіміз және оның жағдайы — біздің ішкі әлеміміздің, қоғамымыздың және еліміздің жағдайы.
Кез - келген мемлекеттің мемлекеттік тілі- мемлекеттің символы және негізі.
Қазіргі қоғамда Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді білу деңгейі төмендемеуі, ал әрбір азамат мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығын түсінуі өте маңызды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7- бабына сәйкес қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады. Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең дәрежеде орыс тілі ресми түрде қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасайды.
Тілдің мәртебесін көтеру, сақтау және маңызын арттыру қай мемлекетте болмасын өзекті мәселенің бірі болып табылады. Соның бірі біздің елімізде де орын алып жатқан жәйіттер бар. Олай дейтініміз, кейбір жағдайларда ақпараттық технологияны қолдану аясында мемлекеттік тіліміздің көп қолданбауына куә болып жатамыз. Мәселен, сотқа жүгінген азаматтарымыздың кейбірі әлі күнге дейін арыз - шағымдарын және тағы басқа да құжаттарын орыс тілінде «Сот кабинеті» электрондық акпараттық сервисі арқылы жолдап жатады. Мұның себебі неде деген сұрақ туады? Мемлекеттік тілдің айналасында мұндай ахуалдың қалыптасуына бірнеше мәселе түрткі болып жатқандай. Соның бірі азаматтар арызды орысша жазса, қаралатын іс тез әрі нәтижелі қаралады деп санайды. Ол өте қате пікір. Істердің сапалы қаралуы арыздың қай тілде жазылуына байланысты емес. Әрбір арыз - шағымды қараудың тәртібі құқықтық тұрғыда қарастырылған. Сондықтан мұндай қате пікір ойлайтындарға түсіндіру жұмыстары ұдайы түрде жүргізіліп жатыр.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», - дейді Қадыр ақын. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен дейді.
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының
бас маман- сот отырысының хатшысы А.А. Есенбаева