«Білім беру жинақтау салымы туралы үлгілік шартты және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы үлгілік келісімді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 13 ақпандағы № 63 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 11 қыркүйектегі № 452 бұйрығы
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 8 қаңтардағы № 7 және ҚР Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 9 қаңтардағы № 4 бірлескен бұйрығымен күші жойылды
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Білім беру жинақтау салымы туралы үлгілік шартты және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы үлгілік келісімді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 13 ақпандағы № 63 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10610 тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 5 маусымда жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Білім беру жинақтау салымы туралы үлгілік шартта:
1-тармақ мына редакцияда жазылсын:
«1. Шартта мынадай ұғымдар қолданылады:
1) білім беру жинақтау салымы (бұдан әрі - салым) - салымшының немесе енгізушілердің жарналарын, капиталдандырылған қатысушы банк сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысын қамтитын, салымшының қатысушы банк шотындағы ақшасы;
2) білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысы (бұдан әрі - мемлекет сыйлықақысы) - білім беру жинақтау салымының нақты жинақталған қалдығына бюджет қаражаты есебінен жыл сайын белгіленген мерзімде төленетін ақша;
3) білім беру жинақтау салымы туралы шарт - салымшының қатысушы банкпен жасасқан білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаражат жинақтауға арналған банктік салым шарты;
4) білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізілімі (бұдан әрі - бірыңғай тізілім) - оператор мемлекет сыйлықақысын есепке жазатын салым шарттарын тіркеудің бірыңғай базасы;