Адвокаттық қызметте тиімді және сапалы жұмыс істеу үшін қауіпсіздік шараларын сақтау
Оның ішінде басты тоқталатын мәселе, ол – «Адвокаттың клиентпен бірінші кездесуде, келісім шартқа отыру кезіндегі, жұмыс барысындағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету». Қазіргі таңда өздеріңіз білетіндей Республикалық адвокаттар алқасының жанынан құрылған «Адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі Комиссия» алтыншы жыл өз қызметін атқарып келеді. 29 мүшесі бар. Бұл жерде білікті, тәжірибелі, ақысыз түрде, тек ынталы (энтузиаст әріптестеріміз) адвокаттар ортақ мақсатқа жету үшін, адвокаттардың құқықтарын қорғау және оның бұзылуына жол бермеу мақсатында аянбай еңбек етуде.
Комиссияның төрағасы Назханов Таир Кузекұлының бастамасымен, комиссияның жасалған жылдық жоспарына сай Алматы қалалық адвокаттар алқасының «Адвокаттардың тәжірибе жинау және біліктілігін жоғарылату орталығы» қолдауымен вебинар жүзеге асырылды. Комиссияның күнделікті жұмысында адвокаттардың құқықтары бұзылғаны туралы арыз шағымдары мен өтініштері қаралуда. Комиссияға келіп түскен өтінішті Комиссия мүшесі қарап, қорытынды дайындайды, содан кейін әр мүшенің пікірі тыңдалып, көпшілік дауыспен шешім қабылданып, төрағамен бекітіліп, РАА-на жолданады. 2022 жылғы есеп бойынша 34 адвокаттың өтініші қаралған, оның ішінде 15-нің құқықтары бұзылғаны анықталып, керісінше 13 жағдайда бұзылғаны анықталмады. Комиссияның жұмысы барысында адвокаттардың кәсіби құқықтарының жиі кездесетін бұзушылықтарының тізбесі қалыптастырылды, оған келесі бұзушылықтар кіреді:
1) Адвокатты іске қатысуға, оны жүргізуге жібермеу;
2) Адвокаттан клиентке көмек көрсеткен ісі бойынша жауап алу;
3) Адвокатқа қатысты жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу;
4) Клиентпен кездесуге жол бермеу;
5) Адвокаттың қадағалау ісін тексеру және байланыс құралдарын алу;
6) Адвокатты іске қатысудан шеттету;
7) Адвокатты жасырын қызметке (агентуралық жұмысқа) тарту;
8) Адвокатқа зорлық-зомбылық көрсету, күш қолдану, қорқыту;
9) Негізсіз жекеше қаулылар мен ұйғарымдарды шығару;
10) Адвокаттың қызметіне заңсыз араласу және адвокатты қудалау;
11) Адвокаттардың кеңселері мен үйлерінде заңсыз тінтулер жүргізу;
12) Адвокаттарға қатысты заңсыз қылмыстық істерді қозғау;
13) Уәкілетті мемлекеттік органның адвокатты лицензиядан айыру туралы негізсіз талаптары.
Бұл тізім әліде толық емес, себебі адвокаттардың кәсіби құқықтарының бұзылуы әртүрлі тәсілдер мен жағдайларда көрініс алуы мүмкін, сондықтан адвокаттар Комиссияға жүгінген сайын тізім толықтырылады. Мұндай құқықбұзушылықтарды қамтитын негізгі белгілерге адвокаттардың клиенттерге заңгерлік көмек көрсету кезінде олардың заңды қызметін атқаруда кедергі жасаудың кез келген нысаны, яғни адвокаттардың өз бетінше қызмет етуі мен тәуелсіздігін бұзу жатады. Яғни, бұндай әрекеттердің, адвокатты заңсыз тәсілдермен іске қатысудан шеттету немесе өз жұмысын жауапкершілікпен және адал атқаратын принципшіл, белсенді адвокатқа қандай да бір зиян келтіру үшін, тікелей адвокатқа немесе адвокаттың қорғауындағы адамына қарсы бағытталған және іс бойынша клиенттің жағдайын нашарлататын позицияны ұстауына бағытталуы.
Сондай-ақ, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабында бекітілген Адвокаттық қызметтің кепілдіктері негізінде, Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайлардан басқа ретте, адвокаттың құқықтары шектелуге жатпайды. Заңды адвокаттық қызметке араласу не кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді. Адвокатты ол заң көмегін көрсетіп отырған тұлғамен теңдестіруге тыйым салынады. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мыналарға тыйым салынады: - адвокат өзінің кәсіптік міндеттерін жүзеге асырған кезде өзіне мәлім болған мән-жайлар туралы одан куә ретінде жауап алуға; - адвокаттан, оның көмекшісінен, оның тағылымдамадан өтушісінен, адвокатпен, заң консультациясымен, адвокаттық кеңсемен еңбек қатынастарында тұрған тұлғадан, адвокаттар алқасы төралқасының басшылары мен жұмыскерлерінен, сондай-ақ өзінің адвокаттық қызметпен айналысу құқығы тоқтатылған немесе тоқтатыла тұрған адамнан заң көмегін көрсетуге байланысты мәліметтерді, материалдарды талап етіп алдыруға немесе талап етуге немесе оларды адвокаттың және оның клиентінің келісуінсіз, басқа тәсілмен алуға әрекеттенуге. - Мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар адвокатқа өзі қорғайтын адаммен оңаша жолығудың құпиялылығын қамтамасыз ететін жағдайларда, осындай жолығулар беруден бас тартуға, сондай-ақ олардың саны мен ұзақтығын шектеуге құқылы емес. - Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа ретте, адвокаттық іс қағаздарын жүргізу, онымен байланысты өзге де материалдар мен құжаттар, сондай-ақ адвокаттың мүлкі, оның ішінде ұялы байланыс құралдары, аудиоаппаратурасы, компьютерлік техникасы жете тексерілуге, қарап-тексерілуге, алынуға, алып қойылуға және тексерілуге жатпайды. Адвокаттық қызметті жүзеге асыру кезінде адвокаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқығына заңда белгіленген тәртіппен кепілдік беріледі. 1) Қылмыстық қудалау органдары, олардың лауазымды адамдары процестік заңда көзделген жағдайларда, адвокатты оның тергеу және өзге де процестік әрекеттерге адвокатпен келісілген мерзімде қатысуы қажет екені туралы хабардар етуге міндеттi. 2) Мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және заңды тұлғалар адвокаттың заң көмегін көрсетуіне байланысты сұрау салуына он жұмыс күні ішінде жазбаша жауап беруге міндетті. Егер ақпарат қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатқызылған жағдайда, адвокатқа сұратылып отырған мәліметтерді беруден бас тартылуы мүмкін. 3) Адвокаттың қабылданған тапсырманы орындау кезінде сотта процестік заңнамада белгіленген тәртіппен адвокаттық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті компьютерлерді, смартфондар мен өзге де техникалық құралдарды пайдалануға құқығы бар.
Осы аталған адвокаттық қызметтің кепілдігін бұзатын кез-келген әрекеттер адвокаттардың кәсіби құқықтарының бұзылуы болып табылады және осы себептен Комиссияға өтініш, шағыммен жүгіне аласыз. Комиссия тарапынан көмек көрсетіледі. Адвокаттардың кәсіби құқықтары бұзылмаған жағдайларға мыналар жатады:
1) Адвокаттың әдеп немесе құқық нормаларын бұзғаны үшін негізді, дәлелді шығарылған жеке қаулылар мен ұйғарымдар;
2) Заң көмегін көрсету шарты бойынша төлемнің болмауы, оны клиент төлемеуі, екеуара гонорар дауы;
3) Адвокаттың қорғаушы ретінде тергеушіге, сотқа мәлімдеген шағымын (отвод) қанағаттандырудан бас тартуы; 4) Заңды шектеулерге байланысты адвокаттың іске қатысуына жіберілмеуі (мемлекеттік құпия істерге адвокатпен рұқсаты алынбаған, карантин шектеулері, төтенше жағдайлар т.б.); 5) Адвокаттың шағымдары бойынша шара қолданбау;
6) Адвокаттың өтініш беру тәртібін сақтамай шағымдануы;
7) Адвокаттың шағымын қараудан немесе адвокаттың шағымын қанағаттандырудан бас тарту;
8) Адвокаттың өзінің лайықсыз мінез-құлқымен арандатқан бұзушылықтар;
9) Адвокат пен клиент арасындағы, оның ішінде заңгерлік көмек көрсету сапасы мен гонорарды төлеу бойынша дау;
10) Адвокаттың кәсіби құқықтарының бұзылуына байланысты емес адвокатқа қатысты қылмыстық істі қозғау.
Бұл тізім де толық емес және Комиссияға жаңа түскен өтініш, шағымдары қараумен анықталған жағдайда толықтырылады.
Өтініш, шағымдардың, оның себеп салдарын зерделеуде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде анықталғандай, адвокат құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы – оның қызмет көрсету кезінде шарт жасасу, оны орындауда жіберілген олқылықтар мен қателіктерінен туындап отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан шарт жасасу төңірегінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге тоқталайық. Адвокат құқықтары бұзылуына жол бермеу, бостандықтарына шектеу келтіруді болдырмау және заңды мүдделерін қорғау, оны алдын алу - адвокаттық қоғамның басты міндеті. Күш - бірлікте дегендей РАА мен Комиссия өздеріне жүктелген барлық міндетін атқаруда. Адвокатура, халыққа білікті заң көмегін көрсететін құқықтық институт болғандықтан мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары және прокуратурамен бірге адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыруда бірден бір қатысушысы. Адвокат өз қызметін атқаруда, әр түрлі жағдайға байланысты, кейбір кезде өз тарапынан жіберілген қателіктерден құқықтық салдар орын алуда. Мақсат Адвокаттық қызметте, соның бір бастамасы клиентпен кездесу, сөйлесу және келісім шарт жасасу кезінде, қауіпсіздік шараларын сақтау жолдарын Сіздермен бөлісу.
Адвокаттық қызметте жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және оларды іске асыруға жәрдемдесу мақсатында ақылы (өтеулі), мемлекет кепілдік берген және кешенді әлеуметтік заң көмегі негізінде жүргізілетінін білесіздер. Заң көмегі жоғары кәсіби және әдептілік нормалары сақтала отырып көрсетілуі тиіс. Осы нормаларды қалыптастыруды заң көмегін көрсететін тұлғалар жалпыға бірдей қабылданған мінез-құлық, адамгершілік нормалары және заң көмегін көрсету стандарттары негізінде жүзеге асырады. Бұл қағидаларды сақтау адвокаттық қызмет қауіпсіздігінің кепілі. Адвокат өзінің кәсіби міндеттерін орындаған кезде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңнамасын, Адвокаттық антын, Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексін сақтауға міндетті. Адвокат клиентке қызмет көрсету кезінде, яғни тараптар арасында азаматтық құқықтық қарым қатынастар пайда болады. Осы қатынастар жазбаша келісім шарт жасаумен бекітілуі тиіс, яғни Азаматтық кодекстің 22-тарауы 378-бабына сай екі немесе одан көп адамның азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеу, өзгерту немесе тоқтату туралы келісім және Осы кодекстің 33-тарауы 683-687-баптарымен Өтелмелі қызмет көрсету негізінде шарт жасасу керек. Келісім шарт тараптар арасындағы қарым-қатынастың негізгі құжаты, яғни адвокат пен сенім білдіруші арасындағы қызметтің «бастапқы нүктесі» болып табылады. Қызмет көрсету барысында, кейбір жағдайда адвокат пен сенім білдіруші, не клиент арасында екеуара келіспеушілік орын алып жатады. Сондай жағдай туындағанда тараптардың арасындағы дауды шешуге дұрыс жасалған келісім шарт негіз болады. Сондықтан келісім шарттың дұрыс, заңды, негізді жасалуына басты мән берген жөн. «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңымыздың 17 бабына сәйкес заң көмегін көрсету туралы жазбаша шарт негізінде жеке және заңды тұлғаларға ақылы түрде қызмет көрсетіледі. Адвокат көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаға ол мұқтаж болып тұрған кез-келген заң көмегін көрсетуге құқылы. Адвокат өзіне өтініш жасаған тұлғамен заң көмегін көрсету туралы өз атынан жазбаша шарт жасасады. Қызмет көрсетілетіндіктен, жазбаша келісім-шарт жасау міндетті. Шартта тараптардың құқытары мен міндеттерінен бөлек, шарттың басқада шарттары көрсетілуі тиіс. Әр адвокат көмек сұрап өтініш жасаған тұлғамен, одан әрі сенім білдірушіге не клиентке қызмет көрсеткенде Қазақстан Республикасының заңдарында және заң көмегін көрсету туралы шартта көзделген міндеттерді орындаған жағдайда ғана, өзінің құқықтары мен бостандықтарының, заңмен қорғалатын мүдделерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Заңның 47-бабына сәйкес, адвокаттар көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу мөлшері адвокаттың көмек сұрап өтініш жасаған тұлғамен жазбаша шартында белгіленуі керек. Шарт сенім білдірушінің еркін сөйлейтін тілінде жасалғаны дұрыс. Шарттың бір данасы осындай шарт жасасылған тұлғаға табыс етілуі міндетті. Шарттың келесідей елеулі талаптары бар: 1) қорғаушы не өкіл ретінде тапсырманы орындауды қабылдаған адвокаттың тегін, атын және әкесінің атын, не адвокаттық кеңсенің атауын көрсету; адвокаттық кеңсе мен заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлға арасында жасалатын шарт бойынша қорғаушы не өкіл ретінде тапсырманы орындауды адвокаттық кеңсе тағайындаған адвокат қабылдау; 2) адвокаттық қызметті ұйымдастыру нысанын және тапсырманы қабылдаған адвокат мүшесі болып табылатын адвокаттар алқасын көрсету; 3) тапсырманың нысанасы; 4) көрсетілетін заң көмегіне ақы төлеу және адвокаттың қорғау мен өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарын өтеу мөлшері мен тәртібі; 5) шартты бұзу тәртібі мен жағдайларын шартта көрсету. Шартта келесідей мәліметтер көрсетілуі тиіс. Адвокат өзінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру, көшірмесін ұсыну; клиенттің талап етуі бойынша қосымша онымен құпия ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасу; заң көмегін көрсетуге байланысты өзіне мәлім болған мәліметтерді құпия сақтау және оларды көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаның келісуінсіз жария етпеу; клиенттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған іс жүзіндегі мән-жайларды анықтау бойынша заңда тыйым салынбаған кез келген әрекетті орындау; клиенттің талап етуі бойынша заң көмегін көрсету туралы жазбаша шартты орындау туралы есеп ұсыну; клиенттің талап етуі бойынша заң көмегін көрсету кезінде пайдаланылған құжаттардың көшірмелерін заң көмегін көрсету аяқталған күннен бастап үш жыл бойы қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде не электрондық құжаттар нысанында сақтауға міндеттелетіні туралы. Келесідей жағдайларға: яғни, 1) адвокаттар көрсететін заң көмегіне істің нәтижесіне немесе адвокаттық қызметтің табысты болуына қарай ақы төлеу мөлшерін белгілейтін шарттарға немесе ұйғарылған соманың бір бөлігін адвокат алатын шарттарға; 2) адвокаттың немесе адвокаттық кеңсенің тиісті қаржы құжатын бермей, заң көмегіне, оның ішінде ауызша заң консультацияларына ақы төлеу және тапсырманы орындауға байланысты шығыстар есебіне қолма-қол ақша алуына жол берілмейді. Келісім шарт заң талаптарына сәйкес жасалғанда ғана қауіпсіз кызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, клиентпен алғашқы кездесу жүргізгеннен бастап келесідей сақтық шараларын естен шығармай, жасаған жөн: 1) Келісім шарт бойынша атқаратын жұмыстардың бәрін барынша көрсету (кеңес беру; өкілдік ету; соталды тергеуіне, прокурорға, сот сатыларына жазбаша өтінішхаттар, шағымдар келтіру; сараптамалар жүргізу, сұрау салу әрекеттерін жасау; соталды тергеуіне, сот сатыларына қатысу, мемлекеттік органдарда өкілеттік ету; татуластыру рәсімдерін жүргізуге, өкілдік етуге; атқарушылық ісін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу) яғни барлық жасайтын әрекетті клиентке көрсету, толығымен атқару, ал орындалмаған жағдайда себебін түсіндіру. 2) Келісім шартта тараптардың құқықтары мен міндеттерін, шарттың бұзылуы негіздерін және бұзылған жағдайда атқарылған жұмысқа байланысты гонорар соммасының бір бөлігі қайтарылмайтынын не қайтарылатын бөлігін жазып көрсету керек. Бұндай жағдай әртүрлі себептермен жиі кездеседі. Келісім шартты бұзу шартымен орындалған жұмыстың ақысы ұсталынып, атқарылмаған жұмыстың ақысы қайтарылуы тиіс. 3) Келісім шарт бойынша гонорар соммасын нақты көрсету, іс сапар шығындарының өтелуін (жол ақысы, қонақ үй, күнделікті шығындар) толығымен көрсету. Гонорардың (қаламақы) бағасы нарықтық әдіспен анықталатыны белгілі. Гонорар сомасының орташа сомадан өте көп болуы, құзырлы орган тарапынан күдікке алынуы мүмкін. Өкілдік шығындар азаматтық процестік кодекс бойынша мүліктік талаптардан 10%, ал мүліктік емес талаптардан 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Қылмыстық істер бойынша істің ауырлығы, жүру мерзімінің ұзақтығы, ауқымдығына байланысты әр елді мекенде қалыптасқан орташа баға бар. Кейбір жағдайда адвокаттар тарапынан клиенттен ондаған, жүздеген миллиондаған теңге гонорар сомасы алынып, олардың тарапынан уәде еткендері орындалмағандықтан, клиент арасында қақтығыс туындап, арты адвокаттың қылмыстық қудалануына не сотталуына алып келіп жатқан оқиғалар көп. Ондай кезде клиент көп мөлшердегі берілген сома пара ретінде берілгені жайлы және ол туралы шартта көрсетілгеніне куәлік ететіні анық. Адвокат тарапынан бірнеше ондаған, жүздеген миллион ақшаны гонорар ретінде алып, кейін клиенттің ойлағаны, мәселенің оның пайдасына шешілу нәтижесі болмағандықтан адвокат үстінен арызданып, соталды тергеу жүргізіліп, айыптау үкімдері шыққандары жайлы өздеріңіз білесіздер. Параны келісім шартпен заңдастырып алу, делдал болуға әрекет ету мүлдем қате шешім. 4) Гонорар сомасы қолма қол ақшалай берілгенде кассалық кіріс ордерімен қабылданып, есеп шотқа түскенде кіріске алынып, оны бухгалтериядан өткізу қажет. Қызмет атқарылғаннан кейін орындалған жұмыстар актісін жасақтау және электрондық шот фактура беру. Салығын толығымен төлеу. Гонорар тек қана ақшалай. Ешқандай мүлік, бағалы заттармен, малмен, дүниемен алынбауы тиіс. Ондай жағдайларда болып жатады. Адвокатпен есеп айырысу Заңға сәйкес ақшалай болғандықтан, тек қана ақшалай және теңгемен жасалуы тиіс. Адвокаттар тарапынан төленген гонорар қаржы құжаттарынсыз, кейде келісім шартсыз клиенттен алынып, артынан дауласып жатқан мәселелер орын алуда. Бұлда дұрыс емес. Гонорар алмай сіз қандай негізбен, не үшін қызмет көрсеттіңіз және оның төленген салығы қайда? Бұндай жағдайда клиент сотқа жүгінгенде, құзырлы органға шағымданғанда, оның шындығы ақиқатпен жарасуы мүмкін. 5) Келісім шарт жасау кезінде, не одан кейін клиентке қызмет көрсету кезінде мәселенің жүз пайыз оның пайдасына шешілуіне кепілдік бермеу. Адвокат тарапынан клиенттің сеніміне кіру, не мәселенің шешілуіне өзінің сенім арту салдарынан туындайтын кепілдік, бұндайға жол бермеу керек. Клиент мәселесі жүз пайыз шешілмеген жағдайда адвокаттың өзіне кері әсері болады. Адвокаттық қызметтің мәні - клиенттің мәселесін шешуде тек қана кәсіби заң қызметін көрсету. 6) Қызмет кабинетінде бейне бақылауды орнату сақтық шараларының бірі болып табылады. Қазіргі таңда бұл қызметті Қазақтелеком мекемесі толығымен көрсете алады. Келісім шарт далада, жол үсті жасалмау керек. 7) Клиентпен жұмыс жасаған уақытта дыбыс (диктофон), бейне жазба (телефон) қолданған дұрыс, әрине оның рұқсатымен. Келісім шарт барынша кеңседе жасалғаны дұрыс. Екеу аралық мәселе туындаған жағдайда клиенттің келіп-кеткені, келіссөздер барысы туралы сақталған бейне материал және қызмет бабында сақталған жазбаларды пайдалану болған ақиқатты дәлелдеуге үлкен мүмкіншілік береді.
8) Пара беруге, делдал болуға арандатуды болдырмау, оның алдын алу. Арандату сұрақтарына жауап қайтару, ондай құқық бұзушылыққа бармайтыныңыз жайлы және бұндай жағдайда қылмысқа арандатушылық үшін жауапкершіліктің болатындығын клиентке түсіндіру, ескерту. Сенім білдірушіге бейне жазба не ауызша жазба жүріп жатырған ескерту оның ондай арандату әрекетіне баруын тоқтатады. 9) Мәселесін шешу үшін клиентті пара беруге арандатпау керек. Адвокат тек қана заң шеңберінде қызмет көрсетеді. Мәселені парамен шешу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескеру және клиентке ескерту. 10) Көп клиенттер адвокатпен сөйлескен кезде ұялы телефонның дыбыс, бейне жазбаларын қолданып, жазатынын естен шығармау керек. Ондай жағдайдың алдын алып, телефонды кіре беріс бөлмеде қалдыру, не өшіргізіп қою немесе адвокат кездесу барысын дыбыс, бейне жазбаларына жазуға рұқсат бермейтінін дауыстап айту, егер де жазба жүргізіліп жатса, оны сезсеңіз рұқсат берілмейтіндігін және дәлелдемелер қатарынан алынып тасталынатынын ескерту. Кеңесті, сөйлесуді тоқтатып, кеңседен шығарып салу. 11) Дыбыс, бейне жазбаларын жүргізіп жатқанын анықтау, ол яғни арандату сұрақтарының болуы (клиент тарапынан мәселені парамен шешу, параны кімге, қанша сомада, не үшін беретіні туралы сұрақтар қоюы, паралай ақшасы барын айтуы не көрсетуі). Бұндай жағдайдың орын алуына, жоғарыда айтқандай жол бермеу әрекеттерін қолдану керек. 12) Пара беруге делдал болмау, делдал болуға, клиенттің мәселесін ақшамен шешуге уәде етпеу. Бұл мәселе адвокаттар арасында кездесіп тұрады және осыған байланысты бірнеше айыптау үкімі болды. Пара беруге арандату, алаяқтық, не пара беруге делдал болу қылмыстары орын алды.
13) Құқық қорғау органының бақылауындағылар, жазасын өтеушілер, шартты жазада жүргендерден сақ болу, яғни мерзімінен бұрын босату, жазасын жеңілдету және соттылықты алып тастау туралы істер бойынша парақорлыққа итермелеуден, делдал болудан сақтану, себебі бақылаудағы адамдардың кейбіреулері бас бостандықтары үшін барлық заңсыз әрекетке баратынын естен шығармау. Сонымен қатар процессуалдық келісімдер бойынша клиент өз жағдайын жақсарту үшін адвокатты қылмысқа арандатуы мүмкін, ондайдан сақ болу. Адвокатқа гонорар бөлігі деп ұсынып, ал құқық қорғау органына сотқа пара беруге арандатып жатыр деп, адвокаттың үстінен арызданған. Нәтижесінде адвокаттың клиенті бұрынғы танысы болған соң келісім шарт жасамай, берген ақшаны гонорар деп клиенттен қабылдаған, ал клиент болса өз мәселесін шешуге ақшаны сотқа паралай бергенмін деп айтқан. Адвокатқа қатысты айыптау үкімі шықты. Адвокаттың дәлелдейтін келісім шарты, ақшаны гонорар ретінде алғаны, қаржылай құжаты болмағандықтан, клиенттің көрсеткені дәлелденді деген үкім шықты. 14) Тек қана, адвокат ауыр, аса ауыр қылмыс жасаса не оған дайындалып жатса ғана, оған қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізіледі. Алайда көп жағдайда адвокаттың клиентіне қатысты ЖТӘ жүргізіледі, сол кезде адвокаттың заңсыз әрекеттері, телефонмен, не кездесуде сөйлескен әңгімелерінен және олардың әрекеттері әшкерленуі мүмкін. Яғни телефонмен бұндай мәселелерді көтермеу, клиент тарапынан болса жоққа шығару, парақорлықтың қылмыс екенін түсіндіру керек. 15) Адвокат шарттағы көмек көрсету нәтижесінде зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартын жасауға міндетті.
Кәсіптік қателіктер: процестік мерзімдерді өткізіп алу; құжаттарды дұрыс ресімдемеу; шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін тұлғаға зиян келтіруге алып келген, жасалатын заңдық әрекеттердің салдарлары туралы оған хабарламау; сақтанушы (сақтандырылған тұлға) заң көмегін көрсету үшін клиенттен алған құжаттардың жоғалуы немесе бүлінуі; адвокаттық құпияны құрайтын мәліметтерді құқыққа сыйымсыз жария ету болып табылады. Біріншіден бұндай жағдайды болдырмау үшін клиент тапсырған құжаттарды актімен қабылдап алу\тапсыру. Қажет болмаған жағдайда көшірмесін алып, не электронды сақтап, түпнұсқасын актімен не қолхатпен қайтарып беру кепіл болады. Екіншіден қабылдаған тапсырма бойынша бақылау (қадағалау) өндірісін жүргізу. Күнтізбе арқылы шағым, өтінішхат келтіру мерзімін еске салуды жүргізу. Клиенттен іске қатысты мән жайлар бойынша жазбаша түсінік, анықтамалар алу. Әрекеттің қандай салдарларға алып келетінін үнемі жазбаша түсіндіру. Белгілі болған құпия мәліметтерді жария етпеу. Заңды тұлғалардың азаматтық, экономикалық істерін жүргізу барысында тек қана алу, беру туралы акт толтырумен жұмыс жасау керек, себебі құжаттары абайсызда адвокат тарапынан жоғалса, не құпиялық бұзылса ол клиентке едәуір аса ірі көлемде қаржылай зардап әкелуі мүмкін. 16) Әрекетіңізді соның ішінде сот актілеріне өтінішхат, шағым беру, бермеуді клиентпен жазбаша келісіп отыру. Бас тартса, не шағым беруге ниет білдірсе жазбаша жаздыру, шағым, өтінішхатқа өзіне қол қойдыру. 17) Уақытша ұстау изоляторына, тергеу абақтысына, соталды тергеуде, сот отырыстарында клиентке телефон, ақша, құнды заттар, спирттік өнімдер, есірткі, психотроптық заттар апармау, рұқсат етілген дәрі дәрмек болсада апармау. Дәрі дәрмек орнына рұқсат етілмеген заттар салу. 18) Келісім шартсыз клиентке қызмет көрсетпеу, келісім шартсыз, хабарлама беріп немесе сенімхатпен соталды тергеуіне, не сот отырыстарына қатыспау. Келісім шартты бірінші келген туысымен, одан кейін клиенттің өзімен отырған дұрыс болады. Себебі клиентке қатысты бұлтартпау шарасы қолданғандықтан, не басқа жағдайда оның құқықтарын қорғау үшін жақын туысы емес, танысы, достары адвокатпен келісімге отырады. Осындай кезде клиентпен және келісімге отырған адам арасында олардың іс бойынша ұстанымдарына қарай келіспеушілік орын алуы мүмкін. Гонорар төлеген танысы, қызмет алушы басқа адам, сондықтан нақтылап келісіп, екі жақтың да бір ұстанымға келіп шартқа қол қойғаны дұрыс болады. 19) Тағы бір үлкен мәселе, ол адвокаттардың кейбір жағдайларда жеке не заңды тұлғаға қызмет көрсету шартымен, заңдылық көрінісін беру арқылы «Заңсыз жолмен алынған ақшаны немесе басқа мүлікті заңдастыру» әрекетіне араласуы, бұл заңға қайшы. Мәселе анықталған жағдайда, құқық қорғау органымен қылмыстық қудалуға алып келеді. Себебі, атқарылмаған жұмысқа, жұмыс көлемі бағасынан едәуір көп ақшаның заңсыз зандастырылғаны анықталады. Соңғы есеп шот, бенефициарына дейін тексерілгенде, әрекеттің заңсыз болғаны көрінеді. Сонымен қатар, адвокаттар қаржылық бақылаудың (мониторинг) субъектісі және әрдайым олардың бақылауында екенімізді естен шығармаған дұрыс.