Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2026 жылғы 8 қазандағы
№ 355 бұйрығына 7 - қосымша
«Бау-бақша қызметі»
кәсіптік стандарты
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: «Бау-бақша қызметі» кәсіптік стандарты «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабына сәйкес әзірленген.
Кәсіптік стандарт жұмыскерлердің кәсіптік қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асыруы, оның ішінде белгілі бір еңбек функцияларын орындауы үшін қажетті біліктілік деңгейлерін айқындауға, сондай-ақ жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларын әзірлеуге арналған.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) бау-бақша шаруашылығы- көпжылдық жеміс және жидек дақылдарын өсірумен айналысатын өсімдік шаруашылығының саласы;
2) жеміс бағы - көпжылдық жеміс екпелері орналасқан жер учаскесі;
3) жеміс питомнигі - жеміс және жидек дақылдарының отырғызу материалын өсіруге арналған жер учаскесі;
4) көшет - тұқымнан, қалемшеден немесе басқа да көбейту тәсілдері арқылы өсірілген және тұрақты жерге отырғызуға арналған жас ағаш, бұта немесе лиана;
5) бақ - жеміс, жидек және (немесе) басқа да көпжылдық мәдени өсімдіктер өсірілетін жер учаскесі;
6) информалды білім беру - білім беру ұйымдарынан және білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдардан тыс күнделікті қызмет барысында алынатын және оқыту нәтижелерін растайтын құжатты беру сүйемелденбейтін білім беру түрі;
7) формалды емес білім беру - оқыту орны, мерзімдері мен нысаны ескерілмей, білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдар жоспарланған, ұйымдастырған және жүзеге асыратын және оқыту нәтижелерін растаушы құжат беріле отырып жүргізілетін білім беру түрі;
8) кәсіптік кіші топ - еңбек функцияларының тұтас жиынтығымен қалыптастырылған және олардың құзыреттерін орындау үшін қажетті саланың кәсіптік тобының бір бөлігі;