«Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 349 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 16 шілдедегі № 514 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 349 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11550 болып тіркелген, 2015 жылғы 15 шілдеде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) автомобильмен тасымалдаушы (бұдан әрі - тасымалдаушы) - жеңіл автокөлік құралдарын қоспағанда, меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде автокөлік құралдарына иелікететін, жолаушыларды, багажды, жүктерді және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
2) ақпараттық-диспетчерлік такси қызметі - клиенттердің тапсырыстарын өңдеуге және оларды таксимен тасымалдаушының орындауына, оның ішінде аппараттық-бағдарламалық кешенді және (немесе) таксиге тапсырыс берудің мобильдік қосымшасын қолдана отырып беруге арналған, Қазақстан Республикасының дара кәсіпкері немесе заңды тұлғасы болып табылатын тасымалдаушы немесе өзге де тұлға құратын қызмет;
3) багаж түбіртегі - багажды автомобильмен тасымалдау шартының жасалғанын, сондай-ақ тасымалдаушының багажды сақтауға немесе тасымалдау үшін қабылдағанын растайтын құжат;
4) багажды автомобиль - жолаушылар мен жүкті тұрақты автомобильмен тасымалдау маршруттарында жолаушылардың багаждарын (жүктерін) тасымалдауға арналған жүк автомобилі;