«Жедел медициналық көмек көрсету, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып, оның қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-225/2020 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 32 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Жедел медициналық көмек көрсету, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып, оның қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-225/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21713 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жедел медициналық көрсету, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып, оның қағидаларында:
2-тармақ мынадай мазмұндағы 19-1) тармақшамен толықтырылсын:
«19-1) мобильді бригада - бұл инфекциялық және басқа аурулар кезінде азаматтарға медициналық қызмет көрсетуге бағытталған МСАК мамандарының үйде қызмет көрсету жұмысының нысаны»;
11, 12, 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«11. Жеделдіктің 4-санатының шақыртулары келіп түскен кезде ЖМК станциясының диспетчері автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы шақыртуларды медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының (бұдан әрі - МСАК ұйымдары) мобильді бригадаларына олардың жұмыс уақытында (жұмыс күндері сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін) береді.
МСАК ұйымына қайта жіберілуге жататын шақыруларды тіркеу жұмыс күндері сағат 8.00-ден 19.00-ге дейін, сенбі күні сағат 8.00-ден 12.00-ге дейін жүзеге асырылады.
МСАК-тың жұмыс сағаттарынан тыс жеделдіктің 4-санатының шақыртуларына ЖМКС бригадасы қызмет көрсетеді.
12. ЖМКС диспетчерінен шақырту алған сәттен бастап фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадалардың пациенттің орналасқан жеріне дейін келу уақыты:
1-жеделдік санаты - он минутқа дейін;
2-жеделдік санаты - он бес минутқа дейін;
3-жеделдік санаты - отыз минутқа дейін;
4-жеделдік санаты - алпыс минутқа дейін;