Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестікті растау, шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты техникалық реттеу бөлігінде тыйым салулар мен шектеулерді сақтау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 16 мамырдағы № 266, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 28 сәуірдегі № 287 және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 2 мамырдағы № 500 бірлескен бұйрығы
Осы редакция 2022 жылғы 23 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 202-бабының 10-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестікті растау, шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты техникалық реттеу бөлігінде тыйым салулар мен шектеулерді сақтау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті:
1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бірлескен бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бірлескен бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.