«Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы
Алматы қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 4 қыркүйектегі № 3/611 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарына сәйкес Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Бекітілсін:
1) осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес «Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ережесі;
2) осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес өткiзу актiсi.
2. «Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі:
1) Алматы қаласының әділет органдарында коммуналдық мемлекеттік мекемені мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының 3 қосымшасына сәйкес Алматы қаласы әкімдігі қаулыларының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2025 жылғы 4 қыркүйектегі
№ 3/611 қаулысына 1-қосымша
«Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
1. «Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мемлекеттік мекеме) Алматы қаласының экономикалық саясаты, мемлекеттік, бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.