Осы редакция 2015 жылғы 23 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 6 наурыздағы
№ 190 бұйрығымен
бекітілген
«Халыққа профилактикалық егуді жүргізу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. «Халыққа профилактикалық егуді жүргізу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі - Санитариялық қағидалар) профилактикалық егулерді жүргізу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.
2. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) вакцинаның «ашылған құтысы» - тығыны алып тасталмай, вакцинаны шприцпен тесіп алып, инъекциялық тәсілмен енгізілетін вакцинаның құтысы;
2) өлі вакциналар - өлі немесе белсенділігі жойылған микрорганизмдерден, сондай-ақ микробтық клетканың жекелеген компонеттерінен және олардың тіршілік әрекетінің өнімдерінен дайындалған вакциналар;
3) тірі вакциналар - тірі микроорганизмдерден дайындалған вакциналар;
4) иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер (бұдан әрі - ИКҚК) иммундаудан кейін орын алатын, медициналық қызметкердің немесе халықтың алаңдатушылығын тудыратын және иммундаудан пайда болды деп есептелетін медициналық жағдай;
5) медициналық иммундық биологиялық препараттар (бұдан әрі - МИБП) - инфекциялық және иммундық (аллергиялық ауруларды қосқанда) аурулардың өзіндік алдын алуға, диагностикалауға және емдеуге, басқа аурулардың иммунологиялық әдістері және физиологиялық жағдайлары көмегімен диагностикалауға, сыртқы орта объектілерінде инфекциялық агенттерді және олардың антигендерін индикациялауға арналған, иммундық жүйе арқылы емдеуші және профилактикалық әсер ететін препараттар.
3. Халыққа эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша профилактикалық егу жүргізу кезінде және ИКҚК пайда болған кезінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 21-бабы 13-тармағы 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы шығарылады.