2) банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру осы баптың 4-тармағында белгіленген шектеулер мен қағидалар сақтала отырып жүзеге асырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талаптар бас банктің күмəнді жəне үмітсіз активтерін сатып алатын банктердің еншілес ұйымдарына қолданылады.
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 4-2-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
4-2-тармақтың қолданысы 2026 ж. 1 мамырға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңның 2-бабының 2-тармағының редакциясында қолданылады
4-2. Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның жеке тұлғаның кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) коллекторлық агенттікке беруді жүргізуіне тыйым салынады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе банктік қарыз шартында өзгеше көзделмесе, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік қарыз шарты бойынша құқықты (талап етуді) қарыз алушының келісімінсіз басқаға беруге құқылы емес.
2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым мүлік кепілімен қамтамасыз етілген банктік қарыз шарты бойынша құқықты (талапты) осы баптың 4-тармағының бірінші бөлігінде аталған тұлғаларға құқық (талап) берілгенге дейін соңғы алты ай ішінде «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалаушы жүргізген мүлік құнын бағалаусыз беруге құқылы емес.
2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Бір қарыз алушыға қатысты банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды), бұл құқықтар (талаптар) секъюритилендіру мәмілесінің нысанасы болып табылатын жағдайларды қоспағанда, бірнеше тұлғаға беруге жол берілмейді.
2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру шарты (бұдан әрі - басқаға беру шарты) жасалған кезде, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым:
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) басқаға беру шарты жасалғанға дейін кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы - жеке тұлғаны банктік қарыз шартында көзделген тəсілмен, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы кредитордың көрсетілген банктік қарыз шарты бойынша құқықтарын (талаптарын) үшінші тұлғаға берудің жоспарланып отырғаны туралы, сондай-ақ осындай басқаға беруге байланысты қарыз алушының дербес деректерінің өңделетіні (берілетіні) туралы хабардар етуге;
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2024 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін) банктік қарыз шартында көзделген тəсілмен, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы үшінші тұлғаға банктік қарыз шарты бойынша құқықтардың (талаптардың) өтіп кеткені туралы, басқаға беру шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, банктік қарыз шарты бойынша одан әрі төлемдерді үшінші тұлғаға (өзіне банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлғаның не банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) сенімгерлік басқаруға берілген жағдайда - сервистік компанияның атауын, орналасқан жерін және банктік деректемелерін) жүзеге асыру қажеттілігін, банктік қарыз шарты бойынша берілген құқықтардың (талаптардың) көлемін, банктік қарыз шарты бойынша берешектің мөлшері мен құрылымын (негізгі борышты, сыйақыны, комиссияларды, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) және төленуге жататын басқа да сомаларды көрсете отырып, хабардар етуге;
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) өзіне банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлғаға не сервистік компанияға (банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда) мынадай құжаттарды:
банктік қарыз шартын;
кепіл шартын және кепіл затына құқық белгілейтін құжаттарды (банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау кепілмен қамтамасыз етілген жағдайда);
кепілгерлік немесе кепілдік шартын (банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау кепілгерлікпен немесе кепілдікпен қамтамасыз етілген жағдайда);
құқықтарды (талаптарды) басқаға беру күніне қарыз алушы берешегінің есеп-қисабын;
қарыз алушымен наразылық хат алмасуды (бар болса);
қарыз алушы - заңды тұлғаның құрылтай құжаттарын, қарыз алушы - жеке тұлғаның жеке басын куəландыратын құжаттың көшірмесін;
қарыз алушының берешекті өтегенін растайтын құжаттарды;
кепілге салынған мүлікті өткізу жөніндегі құжаттарды (бар болса);
басқаға беру шартына сәйкес өзге де құжаттарды беруге міндетті.
Барлық құқықтар (талаптар) қарыз алушыға берілген жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым өзіне банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап) берілген тұлғаға өздерінде бар барлық құжаттардың түпнұсқаларын береді, ал банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда, көрсетілген құжаттардың түпнұсқалары сервистік компанияға беріледі.
Банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым), өзіне банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлға, сервистік компания банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлікке құқық белгілейтін құжаттардың түпнұсқаларын жоғалтқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Құқықтардың (талаптардың) бір бөлігі қарыз алушыға берілген жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым осындай құқықтарды (талаптарды) куәландыратын құжаттардың түпнұсқаларын сақтауға және көрсетілген құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін өзіне банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап) ішінара берілген тұлғаға беруге құқылы, ал банктік қарыз шарты бойынша құқықтардың (талаптардың) бір бөлігі сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда, көрсетілген құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері сервистік компанияға беріледі;
4) басқаға беру шарты жасалғаннан кейін банктік қарыз шарты бойынша берешекті өтеу есебіне алынған ақшаны өзіне банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлғаның банктік шотына әрбір қарыз алушы бойынша төлемдердің таратып жазылуын бере отырып, аударуға міндетті.
2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Өзіне банктік қарыз шарты бойынша банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құқығы (талабы) берілген тұлғаның осындай құқықты (талапты) осы бапта көзделген шарттарды сақтамай, қайта беруіне тыйым салынады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен; 2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 37-бап жаңа редакцияда; 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 37-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 37-бап жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
37-бап. Талап қоюдың ескіру мерзімі
Банктердің, бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктердің еншілес ұйымдарының, осы Заңның 61-4-бабының 8-тармағында көрсетілген ұйымның, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымның қарыз алушыларға банктік қарыз шарттарын орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны жөнінде қоятын талабы бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі бес жылды құрайды.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1 Заңдарымен 38-бап өзгертiлдi
38-бап. Төлемдер және ақшалай қаражаттар аударуды жүзеге асыру
1. Банктер Қазақстан Республикасының аумағында төлемдер мен ақша аударымдарын заңдарда белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
1-1. Екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы электрондық нысанда қызметтер көрсеткені үшін төлемақыны қабылдауға және жүргізуге байланысты халыққа көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін өздерінің ақпараттық жүйелерін «электрондық үкіметтің» төлем шлюзімен тікелей немесе банкаралық ақша аудару жүйесі операторының ақпараттық жүйесі арқылы интеграциялауды жүзеге асырады.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1-2-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-2. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар мемлекеттік кіріс органдарына қосылған құн салығын есепке алу үшін ашылған ағымдағы шоттар бойынша ақпарат беру үшін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өздерінің ақпараттық жүйелерінің мемлекеттік кіріс органдарының ақпараттық жүйесімен өзара іс-қимылын жүзеге асырады.
2. Ақша және төлемдер аудару тиiстi дәрежеде жүзеге асырылған ретте банк Қазақстан Республикасының заңдарына және клиентпен (депозитормен) жасасқан шартқа сәйкес жауапты болады.
3. Ақшаның халықаралық төлемдерін және аударылымдарын банкiлер халықаралық банк тәжiрибесiнде қолданылатын және Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына қайшы келмейтiн түрлерiнде әдiстер мен тәртiп бойынша жүзеге асырады.
4. Банк төлем құжатының қолдан жасалғандығын растайтын құжаттар болған жағдайда, сондай-ақ олардың қате есептелу фактiсi анықталған жағдайда клиенттердiң (депозиторлардың) есепшотынан есептелген ақшаны олардың келісімiнсiз есептен алып қоюға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 39-бап жаңа редакцияда; 2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 39-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2008.23.10. № 72-IV (бұр.ред. қара); 2009.12.02. № 133-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 39-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 39-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
39-бап. Мөлшерлемелер мен тарифтер
1. Сыйақы мөлшерлемелері мен комиссиялар, сондай-ақ банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып дербес белгілейді.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Жеке тұлғалармен жасалатын банктік қарыз шарттарында, оның ішінде ипотекалық қарыз шарттарында банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар сыйақының тіркелген не құбылмалы мөлшерлемесін белгілейді және қарыз алушының таңдауы бойынша банктік қарыз шартын жасасқан күнгі банк ұсынған қарызды өтеу әдісін көрсетеді.
2-бөлік 2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылды
Уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде көзделген жағдайларда банктік қарыз шартын жасасқанға дейін банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қарызды өтеу әдісін таңдау үшін түрлі әдістермен есептелген қарызды өтеу кестелерінің жобаларын жеке тұлғаға беруге міндетті. Қарыз алушыға банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жеке тұлғаларға беретін қарыз бойынша тұрақты төлемдерді есептеу әдістемесіне және уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген осындай қарыздар бойынша сыйақыны есептеуге арналған уақытша базаларға сәйкес банктік қарыз шартында белгіленген кезектілікпен есептелген қарызды өтеу кестелерінің жобалары мынадай өтеу әдістерімен міндетті түрде ұсынылуға тиіс:
сараланған төлем әдісі, бұл ретте банктік қарыз бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша төлемдердің тең сомаларын және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақыны қамтитын азайтылып отыратын төлемдермен жүзеге асырылады;
аннуитеттік төлем әдісі, бұл ретте банктік қарыз бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша ұлғайтылып отыратын төлемдерді және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақы бойынша азайтылып отыратын төлемдерді қамтитын банктік қарыздың бүкіл мерзімі ішінде тең төлемдермен жүзеге асырылады. Бірінші және соңғы төлем мөлшерлері басқаларынан ерекшеленуі мүмкін.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қарыз алушыға өздерінің ішкі қағидаларына сәйкес есептелген қарызды өтеудің қосымша әдістерін ұсынуға құқылы.
4 - 6-бөліктер 2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылды
Сыйақының тіркелген мөлшерлемесі, осы Заңның 34-бабында белгіленген тәртіппен жасалған, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның оны азаю жағына қарай өзгертуі немесе азаю жағына қарай уақытша өзгертуі жағдайларын қоспағанда, біржақты тәртіппен өзгертілуге жатпайды.
Сыйақы мөлшерлемесін азаю жағына қарай уақытша өзгерту деп банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін белгілі бір мерзімге төмендетуі түсініледі, ол мерзім өткеннен кейін сыйақы мөлшерлемесі уақытша өзгеріске дейін қолданыста болған сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерінен аспайтын мөлшерде белгіленеді.
Сыйақының тіркелген мөлшерлемесі тараптардың келісуі бойынша шарттың қолданылу мерзімі ішінде сыйақының құбылмалы мөлшерлемесіне өзгеруі мүмкін.
Сыйақының тіркелген мөлшерлемесі тараптардың келісімі бойынша оның шартта айқындалған қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ұлғаю жағына қарай өзгеруі мүмкін, бірақ ол банктік қарыз шарты жасалған күннен бастап үш жылдан ерте өзгертілмейді. Тараптардың келісімі бойынша сыйақының тіркелген мөлшерлемесінің ұлғаю жағына қарай одан кейінгі әрбір өзгеруі тіркелген мөлшерлеменің қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін мүмкін болады, бірақ сыйақының тіркелген мөлшерлемесінің алдыңғы өзгерген күнінен бастап үш жылдан ерте өзгертілмейді.
Сыйақының құбылмалы мөлшерлемесін есептеу тәртібі, оның қолданылу шарттары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.
Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар банктік қарыз шартын жасасу күніне белгіленген қарызға қызмет көрсету жөніндегі комиссиялар мен тарифтердің мөлшерін және оларды есептеу тәртібін біржақты тәртіппен ұлғаю жағына өзгертуге құқылы емес.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3-тармақтың бірінші бөлігі 2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және 2016 ж. 1 шілдеден бастап жасалған шарттарға қолданылды
3. Жеке тұлғамен кәсіпкерлік қызметке байланысты емес банктік қарыз шартын жасасқанға дейін банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жеке тұлғаға комиссиялар мен банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдерді алу көзделмейтін кредиттеу шарттарын, сондай-ақ сыйақы мөлшерлемесінен басқа, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты және банктік қарыз шартында көзделген комиссиялар мен өзге де төлемдерді алу құқығы көзделетін кредиттеу шарттарын таңдау үшін беруге міндетті.
Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар банктік қарыз шарттарында қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты алуға жататын барлық комиссиялар мен өзге де төлемдерді, сондай-ақ олардың мөлшерін көрсетуге міндетті және жасалған шарт шеңберінде комиссиялар мен өзге де төлемдердің жаңа түрлерін біржақты тәртіппен енгізуге құқылы емес.
Жеке тұлғаға берілген банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
Осы тармақтың нормасы 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап бір ай өткеннен кейін жасалған банктік қарыз шарттарынан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылады
3-1. Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жеке тұлғалармен жасалатын, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес банктік қарыз шарттары бойынша банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ банктік шотқа қарызды есепке жатқызғаны үшін комиссия белгілеуге және алуға құқылы емес.
4. Банктің интернет-ресурсында жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін банктік және өзге де қызметтер үшін мөлшерлемелер мен тарифтер туралы ақпарат орналастырылуға тиіс. Мөлшерлемелер мен тарифтер туралы ақпарат қолданыстағы мөлшерлемелер мен тарифтерге өзгерістердің енгізілу күні туралы мәліметтер, ішкі құжаттың нөмірі және осы өзгерісті қабылдаған орган көрсетіліп, өзекті режимде сақталып тұруға тиіс.
5-тармақтың қолданысы бұрын жасалған банктік қарыз шарттарының ол қолданысқа енгізілген күннен бастап туындайтын қатынастарына қолданылады, оның шарттарымен қарыз алған күннен бастап бір жылдан асатын мерзімде негізгі борышты мерзімінен бұрын ішінара өтегені немесе мерзімінен бұрын толық өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін алу көзделген
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылды) (бұр.ред.қара)
5. Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты айға дейін, бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін негізгі борышты ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін алуға құқылы емес.
6-тармақтың қолданысы 2011 ж. 10.02. № № 406-IV ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылды
6. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың:
1) банктік қарыз шартында көзделген жағдайларда, қарыз алуға және оған қызмет көрсетуге байланысты дәйекті ақпарат беру бойынша қарыз алушы өз міндеттемелерін бұзған;
2) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларда, сондай-ақ банктік қарыз шартында көзделген мынадай:
банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) алдын ала жазбаша хабарламасын алмай-ақ, акционерлік қоғам (шаруашылық серіктестік) акцияларының (қатысу үлесінің) он және одан да көп пайызын жинақтап алғанда иеленетін қарыз алушы қатысушыларының (акционерлерінің) құрамы өзгерген;
кепіл ұстаушы болып табылатын банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құжаттар бойынша және кепілге қойылған мүліктің іс жүзінде болуын, көлемін, жай-күйін және сақтау шартын тексеру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың қарыз алушының (кепіл берушінің) мүлкіне, оның ішінде банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға кепілге қойылған мүлікке талап қою құқықтарын қарыз алушы және (немесе) кепіл беруші бұзған жағдайларда, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның міндеттемелердің мерзімінен бұрын орындалуын талап ету құқығы туындаған жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалармен банктік қарыз шартын жасасқан күні белгіленген сыйақы мөлшерлемелерін ұлғайту жағына біржақты тәртіппен өзгертуге құқығы жоқ.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7-тармақ өзгертілді
7. Ислам банктерін қоспағанда, банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнды) клиенттермен жасалатын шарттарда, сондай-ақ қарыздар мен салымдар бойынша (банкаралықты қоспағанда) сыйақы шамалары туралы ақпаратты таратқанда, оның ішінде оны жариялағанда көрсетуге міндетті.
Қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері уəкілетті орган мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалған шекті мөлшерден аспауға тиіс.
Қарыздар мен салымдар бойынша анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнды) есептеу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
Осы бапта белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда, уәкілетті орган банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға осы Заңда көзделген қадағалап ден қою шараларын қолданады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.12.23 № 107-III (бұр. ред. қара); 2009.13.02. № 135-IV (бұр.ред.қара); 2009.30.12. № 234-IV (2009 жылғы 21 ақпаннан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 40-бап өзгертiлдi; 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 40-бап жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
40-бап. Банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға жеңілдікті жағдайлар беруге тыйым салу
1. Банктердің банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға жеңілдікті жағдайлар беруіне тыйым салынады.
Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мөлшерден аспайтын мөлшердегі қарыздарды, сондай-ақ банк конгломератының қатысушылары болып табылатын тұлғаларға берілетін қарыздарды қоспағанда, банктердің банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға қамтамасыз етілмеген қарыздарды (бланктік қарыздарды) беруіне тыйым салынады.
Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мөлшерден аспайтын мөлшерде берілетін банктік қарыздарды және осы Заңның 52-5-бабы 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көзделген, қаржыландыруды қоспағанда, банктердің осы банктердің директорлар кеңесінің мүшелеріне және ірі қатысушыларына қарыздар беруіне тыйым салынады.
2. Банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаға жеңілдікті жағдайлар беру мәні, мақсаты, ерекшеліктері мен тәуекелі бойынша банк өзімен ерекше қатынастар арқылы байланысты емес тұлғамен жасамайтын мәмілені банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен немесе оның мүддесінде жасауды білдіреді, атап айтқанда:
1) банк операциясын орындағаны үшін үшінші тұлғаларға ұсынылатын шарттарға қарағанда төмен сыйақы және төлем алу;