«Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің салалық көтермелеу жүйесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 25 сәуірдегі № 86 және «Білім беру ұйымдарының педагогтері мен басшылары қызметінің тиімділігі рейтингін жүргізу әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 29 тамыздағы № 197 бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 15 сәуірдегі № 96-НҚ бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің салалық көтермелеу жүйесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 25 сәуірдегі № 86 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34309 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің салалық көтермелеу жүйесінде:
12, 13, 14, 15 және 16-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«12. Министрліктің кадр қызметі «Ұлттық білім беру деректер қоры» цифрлық жүйесінің (бұдан әрі - ҰБДҚ ЦЖ) «Марапат» модулі арқылы білім беруді басқару органдары мен білім беру ұйымдарын тиісті мерекеге, күнге дейін күнтізбелік 70 күннен кешіктірмей ұсыныстарды қабылдау мерзімдері, көтермелеу квотасы (бұдан әрі - квота) туралы хабардар етеді.
13. Білім беру саласының ұйымдары (меншік нысанына қарамастан) педагогтерді, білім беру саласының қызметкерлерін, сондай-ақ білім беру саласын дамытуға үлес қосқан тұлғаларды көтермелеу үшін тиісті мерекеге, күнге дейін күнтізбелік 50 күннен кешіктірмей «Марапат» модулі арқылы (ҰБДҚ ЦЖ қолжетімді болған жағдайда) қалалардың/аудандардың білім беруді басқару органдарына:
1) ұсыныс;
2) осы Көтермелеу жүйесіне 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша белгіленген үлгідегі награда парағын жолдайды.