Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын және қайтып оралуға арналған куәліктің үлгісі мен оны қорғауға қойылатын талаптарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің м.а. 2023 жылғы 31 шілдедегі № 11-1-4/407 бұйрығы
(2026.01.01. берілген өзгерістермен)
«Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 2) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1118 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі туралы ереженің 15-тармағы 69) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) Қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес;
2) қайтып оралуға арналған куәліктің үлгісі мен оны қорғауға қойылатын талаптар осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.