Қазақстан прокуратурасына 35 жыл: қалыптасуы, дамуы және жаңа міндеттері (Нұрлыбек Ж., Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының профессоры, 2-Институттың бас ғылыми қызметкері)

25.11.2026

Қазақстан прокуратурасына 35 жыл:
қалыптасуы, дамуы және жаңа міндеттері

 

Нұрлыбек Ж.,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы

Құқық қорғау органдары академиясының профессоры,

2-Институттың бас ғылыми қызметкері

 

2026 жылғы 6 желтоқсанда Қазақстан прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесінің құрылғанына 35 жыл толады. Прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін құру туралы қаулы Қазақстан тәуелсіздігін жариялауға он күн қалғанда қабылданып, прокуратураның ұлттық жүйе ретінде қалыптасуына негіз қалады. Отыз бес жыл ішінде мемлекеттің құқықтық жүйесі жаңарып, қоғамның заңдылық пен әділеттілікке деген талабы да өзгерді. Осы жолда прокуратураның орны қандай болды, бүгінгі қызметі несімен ерекшеленеді және алда қандай міндеттер тұр? Мерейтой осы мәселелерге тарихи тәжірибе мен қазіргі құқықтық өзгерістер тұрғысынан үңілуге мүмкіндік береді.

Ұлттық прокуратураның қалыптасуы және конституциялық мәртебесі

Қазақстан аумағындағы прокуратура тарихы 1922 жылдан бастау алады. Ал ұлттық прокуратураның бірыңғай жүйе ретінде қалыптасуы егемендік пен тәуелсіздік кезеңімен тығыз байланысты. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияда республика аумағында заңдардың дәл әрі біркелкі орындалуын қадағалау республика прокурорына жүктелді. 1991 жылғы 6 желтоқсанда Қазақ КСР прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы қаулы қабылданды. Осы шешім тәуелсіз Қазақстан прокуратурасының институционалдық қалыптасуына бастау болды [1].

1995 жылғы Конституция прокуратураның мемлекеттік билік жүйесіндегі орнын бекітті. Сол жылғы 21 желтоқсандағы № 2709 заң күші бар Президент Жарлығы оның қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындады. Кейін бұл негіздер 2017 жылғы 30 маусымдағы Заңмен, одан әрі 2022 жылғы 5 қарашада қабылданған «Прокуратура туралы» Конституциялық заңмен жаңартылды. Соңғысы бүгінде прокуратураның құзыретін, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібін реттейтін негізгі акт болып саналады [2].

2026 жылғы 15 наурызда референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енді. Оның 84-бабы прокуратураның үш конституциялық функциясын бекітеді: заңда белгіленген шектер мен нысандарда заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау жасау, сотта мемлекет мүддесін білдіру және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыру. Конституция прокуратураның бірыңғай орталықтандырылған жүйе құрайтынын, өз өкілеттіктерін басқа мемлекеттік органдардан тәуелсіз жүзеге асыратынын және Президентке ғана есеп беретінін де бекітеді. Бұл өкілеттіктер бір-бірімен байланысты болғанымен, әрқайсысы жеке құқықтық негіз бен рәсімге сүйенеді [3].

Осы функцияларды іске асыруда өкілеттіктердің ара-жігін сақтау маңызды. Прокуратура өзге мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмайды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында прокурор заңда көзделген қадағалау және процестік өкілеттіктерді жүзеге асырады, ал ерекше жағдайларда Қылмыстық-процестік кодекстің 58 және 193-баптарында белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша істі өз өндірісіне қабылдап, тергеп-тексеруді өзі жүргізе алады. Сотта мемлекет мүддесін білдіру сот төрелігін жүзеге асырумен тең емес.

Адам құқықтарын қорғау және қылмыстық процестегі заңдылық

Прокурорлық қызметтің қоғамдық маңызы көбіне нақты жағдайларда, адамның бұзылған құқығы қалпына келгенде айқын көрінеді. Еңбек және әлеуметтік құқықтарды қорғау, заңсыз шешімдердің күшін жою, кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғау, негізсіз қылмыстық қудалауға жол бермеу осы жұмыстың күнделікті бағыттарына жатады.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында қорғаншылықтағы кәмелетке толмаған балаға асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалмаған. Прокурордың ден қою актісінен кейін балаға тиесілі төлемдер беріліп, колледжде оқитын ағасының да құқығы қорғалды. Күнделікті қызметте кездесетін осындай оқиғалардың әрқайсысының артында адамның тағдыры, отбасының тұрмысы мен әділеттілікке деген үміті жатыр [5].

Сондықтан прокурорлық қызметтің нәтижесін қаралған өтініштер мен енгізілген актілер санымен ғана өлшеу жеткіліксіз. Бұзылған құқықтың қалпына келуі, заңсыз шешімнің түзетілуі және құқық бұзушылықтың қайталануына себеп болатын жағдайлардың жойылуы әлдеқайда маңызды.

Қылмыстық процесте прокурордың міндеті айыптауды қолдаумен ғана шектелмейді. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау, процестік шешімдердің негізділігін тексеру, жәбірленушінің, күдіктінің және өзге де процеске қатысушылардың құқықтарын сақтау - әділ сот талқылауының маңызды алғышарттары. Мемлекеттік айыптаушы сотта өз ұстанымын заң мен зерттелген дәлелдемелерге сүйене отырып білдіруге тиіс [2, 4].

Заңдылықты сақтау талабы сот үкімі шыққаннан кейін де жалғасады. Жазаларды орындау және адамдарды қоғамнан оқшаулау орындарындағы прокурорлық қадағалау заңсыз шектеулерге жол бермеу, ұсталу жағдайлары мен сотталған адамдардың заңда көзделген құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды [2].

Прокуратураның тағы бір маңызды міндеті - заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес мәселелерінде құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру. Ведомствоаралық үйлестіру ортақ мәселелерді анықтауға, келісілген шаралар әзірлеуге және құқық бұзушылықтың себептерін жоюға бағытталады. Құқық қолдану тәжірибесінде анықталған жүйелі проблемаларды талдау заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарға да негіз бола алады [2].

Кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау

Заңдылықты қамтамасыз етудің тағы бір қыры - кәсіпкерлік еркіндігін қорғау. Экономикалық қатынастар күрделенген сайын кәсіпкерлер мен инвесторлардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасында құқықтық кепілдіктердің маңызы арта түсуде. Прокуратура осы саладағы шешімдер мен әрекеттердің заңдылығын қадағалайды. 2025 жылғы 17 желтоқсандағы № 1125 Президент Жарлығына сәйкес Бас Прокурор инвестициялық омбудсмен функцияларын да атқарады [6].

Инвесторларды қорғаудың бір құралы - «прокурорлық сүзгі». Заңнамада көзделген жағдайларда инвесторлар тізіліміне енгізілген тұлғаларға қатысты тексеру тағайындау, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау, тыйым салу немесе шектеу шараларын қолдану және сотқа талап қою жөніндегі шешімдер прокурормен келісіледі. Бұл тәртіп мемлекеттік органдардың құзыретін жоймайды, бірақ негізсіз араласуға жол бермеуге көмектеседі [6].

Оның іс жүзіндегі маңызын елорда прокуратурасы жариялаған мысал айқын көрсетеді. Уәкілетті орган «Astana IT University» ЖШС-не қатысты прокурордың келісімінсіз тексеру тағайындаған. Прокуратураның хабарлауынша, заңсыз шешімнің күші жойылып, кінәлі тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылған [7].

2025 жылғы 17 желтоқсандағы № 1125 Президент Жарлығымен Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитеті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті болып қайта құрылды, ал активтерді қайтару жөніндегі функциялар Бас прокуратураға берілді. 2026 жылғы № 305-VIII Конституциялық заңмен «Прокуратура туралы» Конституциялық заңдағы активтерді қайтаруға арналған бұрынғы 11-1-бап алынып тасталды. Бұл өзгерістерді ескеру прокуратураның қазіргі құрылымы мен өкілеттіктерін дұрыс сипаттау үшін қажет [6, 8].

Инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктері мұнымен шектелмейді. 2026 жылғы 11 маусымдағы Конституциялық заңмен енгізілген 25-1-бап прокуратура органдарының инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствосына инвесторлар мен мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, мекемелер және квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы дауларды сотқа дейін реттеу комиссиясын құруға құқық береді. Комиссия рәсіміне қатысу ерікті және сотқа жүгіну құқығын шектемейді. Демек, бұл тетік тараптарға дауды сотқа дейін реттеудің қосымша мүмкіндігін ұсынады [8].

Активтерді қайтару және құқықтық кепілдіктер

Экономикалық заңдылықты қамтамасыз етумен сабақтас тағы бір бағыт - заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару. Қазіргі кезде осы саладағы міндеттерді Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесі - Активтерді қайтару жөніндегі қызмет өз құзыреті шегінде атқарады [9]. 2023 жылғы 12 шілдедегі Заң активтерді іздеу, олардың шығу тегінің заңдылығын тексеру, қамтамасыз ету шараларын қолдану және ерікті не мәжбүрлі түрде қайтару тәртібін белгілейді [10].

Мемлекет мүддесін қорғау меншік құқығының кепілдіктерімен ұштасуға тиіс. Азаматтық процестік кодекстің 301-1-бабы заңда көзделген жағдайларда және сотқа дейінгі тәртіп сақталған соң актив иесінің уәкілетті органның әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне сотта дау айтуына мүмкіндік береді [11].

2023 жылғы 11 шілдедегі № 20-НҚ нормативтік қаулысымен Конституциялық Сот активтерді қайтару жөніндегі заңдар топтамасын сол кезде қолданыста болған Конституцияға сәйкес деп танып, мәжбүрлеп қайтару кезінде азаматтық сот ісін жүргізу қағидаларының сақталуына назар аударды [12].

Бұл салада ашықтық пен процестік кепілдіктер мәселесі де маңызды. ОЭСР-дің 2024 жылғы есебінде арнайы тізілімге енгізу өлшемдерінің айқындылығы, комиссияның рөлі, активтерді ерікті қайтару келісімдерінің шарттарын айқындаудағы кең дискреция, сондай-ақ сот бақылауы мен рәсімдердің ашықтығы жөніндегі мәселелер көтерілді [13]. 2026 жылғы 3 қаңтардағы № 251-VIII Заң уәкілетті органға активтерді қайтару шаралары, олардың нәтижелері, қайтарылған активтерді пайдалану және жүйелі себептерді жою туралы жыл сайын ақпарат жариялау міндетін жүктеді [14]. Бұл талап ашықтықты арттыруға бағытталған. Алайда оның енгізілуі ОЭСР есебінде көтерілген барлық мәселе шешілді дегенді білдірмейді: оларды кейінгі заңнамалық өзгерістер мен құқық қолдану практикасы негізінде бағалау қажет.

Құқықтық статистика және цифрландыру

Мемлекеттік құқықтық статистика мен арнайы есепке алу жүйесі прокуратураның институционалдық дамуында ерекше орын алады. 1997 жылы Бас прокуратура жанынан Құқықтық статистика және ақпарат орталығын құру туралы шешім қабылданды. Кейін осы бағытта Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет құрылды [15].

Құқықтық статистика заңдылықтың жай-күйін бағалауға, құқық бұзушылықтардың таралу үрдістерін байқауға және алдын алу шараларын жоспарлауға негіз болады. Дегенмен тіркелген хабарламалар, қылмыстық істер, күдікті адамдар мен сот актілері бірдей есеп бірлігі емес. Сондықтан статистикалық көрсеткіштерді салыстырғанда олардың нені білдіретінін және қалай есептелгенін ескерген жөн.

Осы деректер күнделікті жұмыста электрондық жүйелер арқылы қалыптасады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі, электрондық қылмыстық іс жүргізу және әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі процестік шешімдер мен ақпараттың қозғалысын бақылауға, ведомствоаралық мәлімет алмасуға және заңдылыққа талдау жүргізуге мүмкіндік береді.

Цифрлық жүйелер жинақталған деректерді талдау және ықтимал қауіптерді ертерек анықтау үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Комитет құрылымындағы Қылмыстық қауіп-қатерлердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы үлкен деректер мен жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде мемлекеттік органдарға ұсынымдар әзірлейді [16].

Дегенмен технологияның өзі заңдылыққа кепіл бола алмайды. Талдаудың сапасы бастапқы деректердің дұрыстығы мен толықтығына тәуелді. Жасанды интеллект маманға үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеуге көмектескенімен, оның кәсіби пайымын алмастырмауға тиіс. Адамның құқықтары мен бостандықтарына әсер ететін шешімнің негізін тексеру және сол шешім үшін жауапты лауазымды тұлғаны айқындау мүмкіндігі сақталуы қажет.

Кәсіби кадрлар, ғылым және халықаралық ынтымақтастық

Прокуратураның отыз бес жылдық жолы - осы салада қызмет еткен адамдардың да тарихы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұлттық прокуратураның негізін қалауға атсалысқан мамандардың еңбегі, кейінгі буынның жинақтаған тәжірибесі мен қызметтік дәстүрлері бүгінгі жүйенің қалыптасуына негіз болды. Ардагерлердің кәсіби мұрасын сақтау, оны жас мамандарға жеткізу - ұрпақ сабақтастығының маңызды бөлігі. Қызметтің сипаты өзгергенімен, заңға адалдық, кәсіби ұстаным мен жауапкершілік өз маңызын жоғалтпайды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 4 мамырдағы № 15 Жарлығымен Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы құрылды. Академия құқық қорғау органдары қызметкерлерін кәсіби даярлау, біліктілігін арттыру, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру және ғылыми зерттеулер жүргізу бағыттарында жұмыс істейді [17].

Қазіргі прокурор заңнаманы білумен қатар цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істей білуі, қаржы ағындарын талдай алуы, киберқылмыс пен трансұлттық құқық бұзушылықтардың ерекшеліктерін түсінуі қажет. Бұл талаптар кадрлар даярлау мен ғылыми зерттеулердің мазмұнын да жаңартуды көздейді. Ғылыми жұмыстың практикалық құндылығы оның нәтижелері әдістемелерге, ұсынымдарға және құқықтық шешімдерге айналғанда көрінеді.

Трансұлттық қылмыс, заңсыз қаржы операциялары, киберқылмыс және шетелге шығарылған активтерді іздеу мемлекеттердің өзара іс-қимылын талап етеді. Құқықтық көмек көрсету, адамдарды ұстап беру, активтерді іздестіру және кәсіби тәжірибе алмасу прокуратураның халықаралық қызметіндегі маңызды бағыттар болып қала береді.

Алдағы міндеттер

Отыз бес жыл ішінде Қазақстан прокуратурасы ұлттық құқықтық жүйенің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Осы кезеңде жинақталған тәжірибе, қалыптасқан кәсіби дәстүрлер мен жаңа буын мамандарының әлеуеті оның алдағы дамуына негіз қалайды.

Алдағы кезеңде адам құқықтарын қорғаумен қатар экономикалық заңдылықты қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу, трансұлттық қатерлерге қарсы іс-қимыл және цифрлық технологияларды жауапкершілікпен пайдалану ерекше мәнге ие. Бұл міндеттерді шешу үшін ведомствоаралық ынтымақтастықты, ғылыми талдауды және кадрлардың кәсіби даярлығын одан әрі жетілдіру қажет.

Қоғам өзгерген сайын прокуратура қызметінің әдістері мен құралдары да жаңара бермек. Алайда оның басты мұраты өзгеріссіз қалады: заң үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау және мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайту. Осы құндылықтарға адалдық - прокуратураның өткен жолы мен келешегін жалғайтын берік арқау.

Пайдаланылған дереккөздер

[1] «Задачи прокуратуры - закон и порядок». ҚР Бас прокуратурасы, 05.12.2024. https://www.gov.kz/org/prokuror/press/news/details/896450?lang=ru

[2] «Прокуратура туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы № 2709 акт (бастапқыда заң күші бар Жарлық): https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z950002709_; 2017 жылғы 30 маусымдағы № 81-VI Заң: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1700000081; 2022 жылғы 5 қарашадағы № 155-VII Конституциялық заң (алғашқы ресми жарияланымы - 07.11.2022): https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2200000155

[3] Қазақстан Республикасының 2026 жылғы Конституциясы, 84-бап. https://adilet.zan.kz/rus/docs/K2600000000

[4] Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V Қылмыстық-процестік кодексі, 58 және 193-баптар. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000231

[5] «ШҚО прокуратурасы асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақыны екі жетім бауырға төлеуді қамтамасыз етті». https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-vko/press/news/details/1179239

[6] Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы № 1125 Жарлығы. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/U2500001125; Бас Прокурордың 2023 жылғы 17 қаңтардағы № 32 бұйрығы (қолданыстағы редакция). https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2300031753

[7] «Елорда прокуратурасы инвесторларға қарсы мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесті». https://www.gov.kz/org/prokuratura-astana/press/news/details/1089916?lang=kk

[8] 2026 жылғы 11 маусымдағы № 305-VIII Конституциялық заң. https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z2600000305; Инвестициялық дауларды сотқа дейін реттеу комиссиясын құру қағидалары. https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2600039461

[9] Бас Прокурордың 2026 жылғы 6 қаңтардағы № 4 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі қызметі туралы ереже. https://prg.kz/m/amp/document/36449752/

[10] «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» 2023 жылғы 12 шілдедегі № 21-VIII Заң. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2300000021

[11] Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V Азаматтық процестік кодексі, 301-1-бап. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000377

[12] Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 11 шілдедегі № 20-НҚ нормативтік қаулысы. https://adilet.zan.kz/rus/docs/S2300000020

[13] ОЭСР. Базовый отчет пятого раунда мониторинга антикоррупционных реформ в Казахстане. OECD Publishing, 2024. С. 213-214. https://www.oecd.org/content/dam/oecd/ru/publications/reports/2024/11/baseline-report-of-the-fifth-round-of-monitoring-of-anti-corruption-reforms-in-kazakhstan_92cefea2/f4579337-ru.pdf

[14] 2026 жылғы 3 қаңтардағы № 251-VIII заң: активтерді қайтару туралы жыл сайынғы ақпаратты жариялау жөніндегі өзгерістер. https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z2600000251

[15] «Поздравление Председателя Комитета с днем образования органов правовой статистики и специальных учетов». ҚР Бас прокуратурасы, 22.04.2021. https://www.gov.kz/org/pravstat/press/news/details/191531?lang=ru

[16] «Цифровые решения и искусственный интеллект: Генеральная прокуратура развивает современные инструменты обеспечения правопорядка». https://www.gov.kz/org/pravstat/press/news/details/1260851?lang=ru

[17] Құқық қорғау органдары академиясын құру туралы 2015 жылғы 4 мамырдағы № 15 Президент Жарлығы. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1500000015