Қазақстан республикасының Конституциясы (Жоба) (2026 жылғы 30 қаңтар) (күші жойылды)

Предыдущая страница

14) Конституциялық Соттың Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;

15) жылына екі рет Жоғары аудиторлық палата Төрағасының есебін тыңдайды;

16) Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылайды және бекітеді. Құрылтайдың республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін бекітпеуі Құрылтайдың Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруі деп саналады;

17) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің өз қызметі жөніндегі есептерін тыңдауға құқылы. Қазақстан Республикасының заңдары орындалмаған жағдайда есепті тыңдау қорытындысы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен Қазақстан Республикасының Президентіне Үкімет мүшесін лауазымынан босату туралы өтініш қабылдауға құқылы. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Үкімет мүшесін лауазымынан босатады;

18) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша тыңдау өткізеді;

19) өз қызметінің регламентін және Құрылтайдың жұмысын ұйымдастыруға, ішкі тәртіптемесіне байланысты мәселелер бойынша өзге де шешім қабылдайды;

20) Құрылтайдың үйлестіру органын және жұмыс органдарын құрады;

21) Құрылтай комиссияларын құрады, төрағаларын сайлайды және лауазымынан босатады, комиссиялардың қызметі туралы есепті тыңдайды;

22) Құрылтайға Конституцияда жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

57-бап

1. Құрылтайды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған Төраға басқарады. Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады.

Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратады.

2. Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда Құрылтай Төрағасы лауазымынан кері шақырылуы, сондай-ақ орнынан түсуі мүмкін.

3. Құрылтай Төрағасы:

1) Құрылтай отырысын шақырады және оған төрағалық етеді;

2) Құрылтайдың қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауға жалпы басшылық етеді;

3) Құрылтай Төрағасының орынбасарлары лауазымына сайлау үшін Құрылтайға кандидатуралар ұсынады;

4) Құрылтайдың қызметінде регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді;

5) Құрылтайдың үйлестіру органының қызметіне басшылық етеді;

6) Құрылтай шығаратын актіге қол қояды;

7) өзіне Құрылтай регламентімен жүктелетін басқа да міндеттерді атқарады.

4. Конституцияда өзгеше көзделмесе, Құрылтай Төрағасы Құрылтай сессиясын ашады.

5. Құрылтай Төрағасы өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкім шығарады.

 

58-бап

1. Құрылтай сессиясы отырыс түрінде өткізіледі.

2. Құрылтайдың бірінші сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауының қорытындысы жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақырады.

3. Құрылтайдың кезекті сессиясы жылына бір рет, қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі.

4. Құрылтай сессиясын, әдетте, Қазақстан Республикасының Президенті ашады және сессия Құрылтай отырысында жабылады. Құрылтай сессиялары арасындағы кезеңде Қазақстан Республикасының Президенті өз бастамасымен, Құрылтай Төрағасының немесе Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.

5. Құрылтай отырыстары Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі.

6. Құрылтай отырысы ашық өтеді. Регламентте көзделген жағдайда отырыс жабық өткізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің, Премьер-Министрдің және Үкімет мүшелерінің, Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының кез келген отырысқа қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар.

 

59-бап

1. Құрылтай конституциялық заңда саны айқындалған тұрақты комитеттер, сондай-ақ комиссиялар құрады.

2. Комитеттер мен комиссиялар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулы шығарады.

3. Комитеттер мен комиссияларды құру тәртібі, олардың өкілеттігі және қызметін ұйымдастыру заңда айқындалады.

 

60-бап

1. Заң шығаруға бастама жасау құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке, Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі және тек қана Құрылтайда іске асырылады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті заң жобаларын қараудың басымдығын айқындауға құқылы, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезекте екі ай ішінде қабылдануға тиіс дегенді бiлдiредi.

3. Құрылтай:

1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтық құқықтар мен бостандықтарға, жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері мен жауаптылығына;

2) меншік режиміне және өзге де заттық құқықтарға;

3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастырудың және олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне;

4) салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге немесе олардың күшін жоюға;

5) республикалық бюджетке, мемлекеттік қарыз, Қазақстан Республикасының экономикалық және өзге де көмек көрсету мәселелеріне;

6) сот құрылысы мен сот ісін жүргізу мәселелеріне;

7) рақымшылық мәселелеріне;

8) білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға;

9) кәсіпорындарды және олардың мүлкін жекешелендіруге;

10) қоршаған ортаны қорғауға;

11) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысына;

12) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне;

14) халықаралық шарттарды ратификациялауға және денонсациялауға қатысты аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, негіз құраушы қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заң шығаруға құқылы.

4. Құрылтай халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің қорғалуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасымен енгізілген заң жобаларын дереу қарауға тиіс.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген заң жобалары Құрылтайға енгізілген жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі өзіне жауапкершілікті ала отырып, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық акт қабылдауға құқылы. Мұндай акт Құрылтай қабылдаған заң күшіне енгенге дейін немесе Құрылтай заң жобаларын қабылдамай тастағанға дейін қолданыста болады.

5. Құрылтай қабылдаған заң он күн ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға ұсынылады.

Құрылтай заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен тұтастай қабылдамауға құқылы. Мұндай жағдайда заң жобасы қабылданбады деп саналады және бастамашыға қайтарылады.

6. Мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін заң жобалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасымен Құрылтайға енгізілетін заң жобалары үшін мұндай қорытынды талап етілмейді.

7. Үкімет енгізген заң жобасы қабылданбаса, Премьер-Министр Құрылтай отырысында Үкіметке сенім білдіру мәселесін қоюға құқылы. Бұл мәселе сенім білдіру мәселесі қойылғаннан бастап қырық сегіз сағаттан кейін ғана дауысқа салынады. Егер сенімсіздік вотумы туралы ұсыныс Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысын алмаса, заң жобасы дауысқа салынбастан қабылданды деп саналады. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.

 

61-бап

1. Құрылтай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар заң мен қаулы қабылдайды.

2. Заң Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғаннан кейін күшіне енеді.

3. Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген мәселелер бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен қабылданады.

4. Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, Құрылтай заңды депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылдайды.

Егер Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, Құрылтай қаулысы депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

5. Заң жобалары бойынша кемінде үш оқылым өткізу міндетті.

6. Заңдар, Құрылтай қаулылары Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмеуге тиіс. Құрылтай қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиіс.

7. Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгізу және жариялау тәртібі заңмен және Құрылтай регламентімен реттеледі.

 

62-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай Төрағасымен және Премьер-Министрмен консультациядан кейін Құрылтайды таратады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай келісімімен тағайындалатын лауазымға Президент ұсынған кандидатураны тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған, сондай-ақ Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартылған жағдайда Құрылтайды таратады.

3. Құрылтайды төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы кезінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ алдыңғы таратудан кейінгі бір жыл ішінде немесе Конституцияның 51-бабының 3-тармағында белгіленген жағдайда таратуға болмайды.

 

V бөлім
Үкімет

 

63-бап

1. Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдар жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық етеді.

2. Үкімет - алқалы орган, ол өз қызметінде Қазақстан Республикасының Президенті мен Құрылтайдың алдында жауапты.

3. Үкімет мүшелері Конституцияның 56-бабының 17) тармақшасында көзделген жағдайда Құрылтайға есеп береді.

4. Үкіметтің құзыреті, ұйымдастырылу және қызмет тәртібі конституциялық заңда айқындалады.

 

64-бап

1. Үкіметті Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияда көзделген тәртіппен құрады.

2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қазақстан Республикасының Президентіне Премьер-Министр тағайындалғаннан кейін он күн ішінде Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы ұсыныс енгізеді.

3. Үкімет мүшелері Қазақстан Республикасының халқы мен Президентіне ант береді.

 

65-бап

Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету ісінің негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

2) Құрылтайға республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынады, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді;

3) Құрылтайға заң жобаларын енгізеді және заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді;

4) мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады;

5) Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын жүргізу шараларын әзірлейді;

6) министрліктердің, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық етеді;

7) Қазақстан Республикасының министрліктері, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдары актілерінің қолданысын толық немесе бір бөлігінде жояды не тоқтата тұрады;

8) мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық орган үшін қаржыландырудың және қызметкерлерге еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін Қазақстан Республикасы Президентiнің келісімімен бекітеді;

9) өзіне Конституциямен, заңдармен және Президент актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

 

66-бап

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

1) Үкімет қызметін ұйымдастырады және басқарады, оның жұмысы үшін дербес жауап береді;

2) Үкімет қаулысына қол қояды;

3) Үкімет қызметінің негізгі бағыттары жөнінде және оның барлық аса маңызды шешімдері туралы Президент пен Құрылтайға баяндайды;

4) Үкімет қызметін ұйымдастыруға және басқаруға байланысты басқа да функцияларды орындайды.

 

67-бап

1. Үкімет мүшелері өз құзыреті шегінде дербес шешім қабылдайды және өзіне бағынысты мемлекеттік органдардың жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің алдында дербес жауап береді. Үкімет жүргізіп отырған саясатпен келіспейтін немесе оны іске асырмайтын Үкімет мүшесі орнынан түсуге өтініш береді не лауазымынан босатылуға тиіс.

2. Үкімет мүшелері өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ заңнамаға сәйкес өзінің лауазымдық міндеттері болатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басқарушы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқылы емес.

 

68-бап

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар қаулы шығарады.

2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар өкім шығарады.

3. Үкімет қаулылары мен Премьер-Министрдің өкімдері Конституцияға, заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне қайшы келмеуге тиіс.

 

69-бап

1. Үкімет жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Құрылтайы алдында өз өкілеттігін доғарады.

2. Үкімет және оның кез келген мүшесі өздеріне жүктелген функцияларды одан әрі орындау мүмкін емес деп есептесе, Қазақстан Республикасының Президентіне орнынан түсу туралы өтініш беруге құқылы.

3. Құрылтай Үкіметке сенімсіздік вотумын білдірген жағдайда Үкімет Қазақстан Республикасының Президентіне орнынан түсу туралы өтініш береді.

4. Орнынан түсуді қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселені Қазақстан Республикасының Президенті он күн ішінде қарайды.

5. Орнынан түсуді қабылдау Үкіметтің не оның тиісті мүшесінің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді. Премьер-Министрдің орнынан түсуін қабылдау бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.

6. Үкіметтің немесе оның мүшесінің орнынан түсуі қабылданбаған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті оған міндеттерін одан әрі атқаруды тапсырады.

7. Қазақстан Республикасының Президенті өз бастамасымен Үкіметтің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауға және оның кез келген мүшесін лауазымынан босатуға құқылы. Премьер-Министрді лауазымынан босату бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.

 

VI бөлім
Қазақстан Халық Кеңесі

 

70-бап

1. Қазақстан Халық Кеңесі - Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган.

2. Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан Республикасының азаматтарынан құралады.

3. Қазақстан Халық Кеңесін құру, оның құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттігі және қызметінің ұйымдастырылуы конституциялық заңда айқындалады.

 

71-бап

Қазақстан Халық Кеңесі:

1) мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары;

қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту;

Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді;

2) Құрылтайға заң жобаларын енгізеді;

3) жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді.

 

VII бөлім
Конституциялық Сот

 

72-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты - конституциялық бақылауды жүзеге асыратын және бүкіл ел аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган.

2. Конституциялық Сот Төраға мен он судьядан тұрады, олардың өкілеттігі - сегіз жыл.

Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Конституциялық Сот судьясы болып тағайындалмайды.

3. Конституциялық Сот Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды және ол өкілеттік мерзімі ішінде Конституциялық Сот судьясы да болады.

Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Конституциялық Сот Төрағасы болып тағайындалмайды.

4. Конституциялық Сот судьяларын депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот Төрағасының ұсынуымен Конституциялық Сот судьялары арасынан Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

5. Конституциялық Сот судьясының депутат мандатын қатар алып жүруіне, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды атқаруына, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына, сондай-ақ коммерциялық ұйымның басқарушы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруіне болмайды.

6. Конституциялық Сот Төрағасы мен судьяларын қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оларды өз өкілеттігі мерзімі ішінде тиісінше Қазақстан Республикасы Президентінің не Құрылтайдың келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

7. Конституциялық Соттың ұйымдастырылуы және қызметі конституциялық заңмен реттеледі.

 

73-бап

1. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің, Құрылтай Төрағасының, Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша:

1) дау туындаған жағдайда Президенттің, Құрылтай депутаттарының сайлауын және жалпыхалықтық референдум өткізудің дұрыстығы мәселесін шешеді;

2) Президент қол қойғанға дейін Құрылтай қабылдаған заңдардың Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарайды;

3) Құрылтай қабылдаған қаулылардың Конституцияға сәйкестігін қарайды;

4) халықаралық шарттарды ратификациялағанға дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарайды;

5) халықаралық ұйымдар мен олардың органдары шешімдерінің орындалуының Конституцияға сәйкестігін қарайды;

6) Конституция нормаларына ресми түсіндірме береді;

7) Конституцияның 50 және 51-баптарында белгіленген жағдайларда қорытынды береді.

2. Конституциялық Сот Конституцияның 46-бабының 11) тармақшасында көзделген жағдайда - Президенттің өтiнiштерiн, сондай-ақ Конституцияның 79-бабында белгiленген жағдайда соттардың өтiнiштерiн қарайды.

3. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы азаматтарының Конституцияда көзделген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Конституцияға сәйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды.

Қазақстан Республикасы азаматтарының Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі мен шарттары конституциялық заңда айқындалады.

4. Конституциялық Сот осы баптың 1-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген мәселелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Конституцияға сәйкестігін Бас Прокурордың өтініші бойынша қарайды.

5. Конституциялық Сот адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қатысты Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Конституцияға сәйкестігін Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өтініші бойынша қарайды.

 

74-бап

1. Конституцияның 73-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша Конституциялық Сотқа өтініш берілген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуі, Құрылтайдың сайланған депутаттарын тіркеу не жалпыхалықтық референдум қорытындысын шығару тоқтатыла тұрады.

2. Конституцияның 73-бабы 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша Конституциялық Сотқа өтініш берілген жағдайда тиісті актілерге қол қою не оларды ратификациялау мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады.

3. Конституциялық Сот өз шешімін конституциялық заңда белгіленген мерзімде шығарады.

 

75-бап

1. Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не ратификацияланбайды және олар қолданысқа енгізілмейді.

2. Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер, олардың жекелеген ережелері Конституциялық Сот шешім қабылдаған күннен немесе ол белгілеген күннен бастап қолданысын тоқтатады және қолданылмауға тиіс.

Конституциялық Соттың түсіндірмесінде Конституцияға сәйкес келеді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер, олардың жекелеген ережелері осы түсіндірмедегідей қолданылуға тиіс.

3. Конституциялық Сот орындалуы Конституцияға сәйкес келмейді деп таныған халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері, оның ішінде жекелеген ережелері орындалмауға тиіс.

4. Конституциялық Сот шешімдері қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болады және оларға шағым жасалмайды.

 

VIII бөлім
Сот төрелiгi. Прокуратура.
Құқық қорғау тетіктері

 

76-бап

1. Қазақстан Республикасында сот төрелігін сот қана жүзеге асырады.

2. Сот билігі сот ісін жүргізудің заңмен белгіленген азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилер заңда көзделген жағдайда қатысады.

3. Қазақстан Республикасының соттары - Жоғарғы Сот, заңмен құрылған жергілікті және басқа да соттар.

4. Қазақстан Республикасының сот жүйесі Конституцияда және конституциялық заңда белгіленеді. Қандай да бір атаумен болса да арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берілмейді.

 

77-бап

1. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады, оның мақсаты - Қазақстан Республикасы азаматтарының және ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Конституцияның, заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету.

2. Сот билігі Конституцияның, заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады.

3. Сот шешімінің, үкімі мен өзге де қаулысының Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар.

 

78-бап

1. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз болады және Конституция мен заңға ғана бағынады.

2. Сот төрелігін іске асырған кезде соттың қызметіне мүлдем араласуға болмайды және бұл заң бойынша жауаптылыққа алып келеді. Судьялар нақты істер бойынша есеп бермейді.

3. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде мына қағидаттарды басшылыққа алуға тиіс:

1) ешкімнің өзіне заңда көзделген соттылығын оның келісімінсіз өзгертуге болмайды;

2) сотта әр адамның өз сөзін тыңдатуға құқығы бар;

3) айыпталушы өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге міндетті емес;

4) адамның кінәлі екеніне қатысты кез келген күмән айыпталушының пайдасына қарастырылады;

5) заңсыз тәсілмен жиналған дәлелдемелердің заңды күші жоқ. Ешкімді өзінің жеке мойындауы негізінде ғана соттауға болмайды;

6) қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берілмейді.

4. Конституцияда белгіленген сот төрелігінің қағидаттары Қазақстан Республикасының барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай.

 

79-бап

Соттар адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқылы емес.

Егер сот қолданылуға тиіс заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, ол іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсынумен Конституциялық Сотқа жүгінуге міндетті.