Конституциялық реформаның конституциялық реформалық әлеуеті хақында (ғылыми-публицистикалық эссе) (Нұрзада Маханбетұлы Примашев, заң ғылымдарының кандидаты, доцент)

Конституциялық реформаның конституциялық реформалық әлеуеті хақында

(ғылыми-публицистикалық эссе)

 

Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр,

Күннен күн артқа қарай кетіп жатыр.

Сезінбей өз өлгенін, өзінікін,

Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр!

 

М. Жұмабаев

 

 

Жалғандық... Бұл бастапқысы, ал эссем «шындық» деген сөзбен аяқталады. Бұл жұмыста осы екі категория - қазақстандық екі практика арасында ой өрбітуді мақсат еттім...

Кезінде мәңгілік көрінген Кеңестер Одағы бар жоғы 60 жылдан сәл аса ыдырай бастады. 1986 жылғы Алматының ызғарлы желтоқсанында іргетасы шайқалып, 5 жылдан кейін дәл сол жерде оның құлағанының ресми жарияланғанында да объективті байланыстар бар болар[1]. Ол жағының талай тұжырымдармен қамтылғаны баршаға аян. Менің айтпағым ол жайлы емес: менің ойым - сол Кеңес Одағының іргетасында жалғандықтың да жатқанында... Ол баршаға белгілі. Жалғандық кеңестік өмірдің барлық салаларын қамтыды. Қоғамды жайлаған саяси, экономикалық т.с.с. салалық қарама-қайшылықтар сияқты Кремль мен шалғайдағы елді мекендер, адамдар арасында да ғарыштай кеңістіктер пен теңсіздіктер жатқан болатын. Сол кездегі «Ешкім жұмыс істемейді, бірақ жоспар орындалады. Жоспар орындалады, бірақ ешнәрсе жоқ. Әшнәрсе жоқ, бірақ халықта бәрі бар. Халықта бәрі бар, бірақ халық риза емес. Халық риза емес, бірақ «иә» деп дауыс береді» деген саяси желік сөзге толық негіз болды. Бар байлықты жасаған халық та, Кеңес Одағын билеген биліктегілер де өздері өздерін тонады. Бұл тек материалдық тұрғыдағы емес құбылыс болғаны баршаға белгілі деп ойлаймын. Әрине, олардың айырмашылығы деңгейлері мен көлемдерінде еді. Барлығы ұрлады... КСРО тұтастай алғанда, «идеология мен партия қанша мықты болды», - дегеннің өзінде де жоғары деңгей мен қара халықты да сыбайлас жемқорлық жаппай жайлаған қоғам болатын. Жемқорлық демекші, Қазақстанда «марапат жемқорлығы» деген жаңа түр пайда болды. Әңгіме бұл жерде барлығына белгілі шен-шекпен, оқа және т.с.с. жалған құндылықтар сияқтыларды сатып алуда емес, олардың таратылуында. Кімнің, қаша тарататыны тағы да белгілі баршаға... Не дейді, бір депутат жылтырақтарды «аяқ астына тастайық», - деді ме?

Қазақта «Көпке топырақ шашпа!» деген ұлағатты сөз бар. Әрине, қазақ болып туған соң, ата-әжем мен әке-шешемнің берген тәрбиесінің, ұстаздарымның бойыма сіңірген білімі мен өз ізденістерімнің негізінде ол сөздерді толық мойындаймын. Бірақ, қаншама мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар жабылып жүргеннің өзінде де («көп» емей, немене?) әлемдік конституционализм тарихында болмаған жайт - 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясының орыс тіліндегі мәтінінде (қазақ тіліндегі мәтін туралы ауыз ашпаймын) кемі 2 өрескел құқықтық (!?) қатеге жол берілгенін неге айтпасқа! Біріншісі, оның 45-бабының 2-тармағындағы «Конституцияның 53-бабының 4)-тармақшасында[2] көзделген ретте Республика Президенті заңдар шығарады» деген нормада. Сілтеме жасалған норма - «соғыс және бітім мәселелерін шешеді». Шындығында заң шығару мен соғыс және бітім мәселелерін шешу бір біріне мүлдем сәйкес келмейтін қызметтер! Бұнымен қате түгесілмейді. Сол кездегі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы К.К. Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 45-бабының 2-тармағы, 53-бабының 3) және 4) тармақшаларын ресми түсіндіру туралы өтінішін, яки осы норманы қараған Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі өзінің 2008 жылғы 26 маусымдағы № 5 Нормативтік қаулысында (редакциясы сақталған. - Н.П.):

«2. Республика Президентінің өзіне берілген заң шығару өкілеттігін іске асыруының шегі мыналар:

бейбіт уақытта, Конституцияның 53-бабының 3) тармақшасын негізге ала отырып, — Парламенттің республика Президентінің бастамасы бойынша Палаталардың бірлескен отырысында әр палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің даусымен Мемлекет басшысына бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін уақытша беру туралы заң қабылдауы;

соғыс уақытында, Конституцияның 45-бабының 2-тармағын және 53-бабының 4) тармақшасын негізге ала отырып, — Парламенттің палаталардың бірлескен отырысында соғыс кезін жариялауы.» деген Конституцияны былай қойғанның өзінде Конституциялық Кеңес (көпшілік және) құқыққа да, тілге де жанаспайтын «бейбіт уақытта» және «соғыс уақытында» деген әріптер жиынтығын жасады. Мүмкін, жасауға мәжбүр болды, өйткені конституциялық-құқықтық қатені мойындауға ешкімнің (көпшіліктің?) батылы жетпеген сияқты. Содан болар Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі осы, яғни қисынмен де, құқықпен де мүлдем үйлеспейтін шешімінің күшін 2017 жылғы 10 наурыздағы заңның негізінде 17 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысымен тез жоюға асықты... Осы арада Конституциялық Кеңестің өзінің нормативтік қаулысының күшін нормативтік қаулысымен жоюының құқықтық табиғатында да шикілік бар екенін, ал шындығында оның ешқандай құқықтық та, саяси да, тілдік те маңызы жоқ екенін ескерту артық болмас! Конституциялық Кеңес өзінің шешімдерін өзі жойып кете беретін Үкімет емес. Қорыта айтқанда мұндай жалған заңдылықты орнатуға тырысудың қоғамға тесік тиындай құны жоқ (өзін-өзі сабаған унтер-офицердің жесірі секілді ғана)! Ол алдағы зерттеулерде көтерілетін болады. Ал, шындығында барша көпшіліктің мұндай адасуының кілтипаны Конституцияның 45-бабының 2-тармағындағы сілтемені 53-баптың 4) тармақшасының орына 3) тармақшасына жасау қажеттігінде еді! Бар болғаны осы! Жай ғана техникалық қате! Сонда Қазақстанның конституциялық тарихында қаншама жалғандық орын алмас еді. Бірақ мәтінді оқыған, тексерген ешкім болмаған-ау! «Errare humanum est» деген латынның қанатты ұғымы ақтай алатын жайт осы болар! Ұрандатып жүріп жіберілген қате 22 жылдан кейін ғана жойылды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасындағы, Конституциядағыларды да қоса алғанда, осы сынды қағидатты қателер әзірге еленбей келеді. Іс жүзінде мұндай практика жоғарыда келтірілген латын сөздерінің «stultum est in errore perseverare» деген жалғасына негізделмей жатса керек!?

Конституциядағы өрескел қателердің екіншісі әлі сол қате күйінде конституциялық-құқықтық қатынастарды реттеп келеді. Конституцияның 58-бабы 2-тармағының «Председатели Палат могут быть отозваны от должности, а также вправе подать в отставку, если за это проголосовало большинство от общего числа депутатов Палат.» деген нормасы құқыққа да, қисынға да жанаспайды. Төрағаның өз еркімен орнынан түсуі үшін депутаттардың дауыс беруі қажет емес. Осы норманың қазақ тіліндегі нұсқасы керемет (бірақ, орыс тілі тұрғысынан теңтүпнұсқалы емес!?) аударма бойынша «Палаталардың төрағалары, егер бұл үшін Палаталардың депутаттары жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қызметтен кері шақырылып алынуы мүмкін, сондай-ақ олар өз еркімен орнынан түсуге хақылы.». Егер көпшіліктен біреу «орыс тіліндегі мәтін дұрыс», - деп жатса, оның қазақ тіліндегі баламасының үлгі мәтінге теңтүпнұсқалы екендігін дәлелдеп көрсін! Қолданыстағы заңнамада көп кездесетін «қосарланған қақпан» деген осы болар...

Осы сынды кезекті үлкен мәселе «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің бала асырып алу, қорғаншы немесе қамқоршы болу мәселелеріне арналған 91 және 122-баптарында да орын алуда. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты 2024 жылғы 23 шілдедегі № 49-НҚ нормативтік қаулысымен «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің 91-бабы 2-тармағының 11) тармақшасы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді» деп таныды. Шынтуайтқа келгенде бұл ретте Конституциялық Соттың қатысы шамалы бұл қатеге. Ол қарауға келіп түскен жолданым шеңберінде ғана шешім қабылдады. Бірақ, неге екені белгісіз ол жолданымды жолдаушы да, Конституциялық Сот та жоғарыда көрсетілген норманың осы Кодекстің 122-бабының 9) тармақшасында да бекітілгенін ескермеген (кішкене ғана аудармашылық алшақтық бар, ал орыс тіліндегі мәтін толық сәйкес). Осылайша екі бірдей норманың біріншісі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейтін, ал екіншісі іс жүзінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келетін болып отыр. Түсініктеме беру бұл жерде артық болар.

Оларға қоса мен Қазақстанда «Чокеровщик», «Запанщик», «Вздымщик», «Мяльщица», «Трясильщица», «Слойлачивальщик», «Брильщик»[3], «Гознактың монета-орден өндірісі», «Ақша және Гознактың арнаулы қағаздары өндірісіндегі»[4], «Алмастарды қырлау өндірісі», «Өзен флоты кемелерінің және ағаш ағызатын агрегаттардың жүзетін құрамы», «Балық, краб, теңіз аңын, киттер және теңіз өнімдерін аулап, өндірумен және өңдеумен айналысатын гарпунер», «Киттерді қолмен бөлшектейтін және крабтарды қолмен түсіретін жұмысшылар», «Кит аулайтын флотилиялардың кемелері», «Ремиз тар көзді ау өндірісі», «Тар көзді аудың тісін өңдеуші», «Қағып-сілкуді әзірлеуші»[5] деген мамандықтар мен өндірістердің бар екенімен келіспеймін. Осы туралы, міндетті түрде, айтуым, жазуым керек! Осы эссе осының бір айғағы! Мен айтпағанда, жазбағанда кім жазады!? Жаппай (көпшіліктік) жауапсыздық жағдайында болса да, тиісті құрылымдар назарына мұндай өрескел нормалар мен саясат һәм практика туралы жеткізу әрбір азаматтың парызы деп білемін. Оның ішінде көріп, біліп тұрғанына қарамастан, үн қатпаған/қатпайтын көпшілік заңгер ғалымдар да бар. Тіл мамандарын қоспағанда, қазақ тіліндегі заңнаманың сапасыздығы туралы қалам тартып жүрген 3-4 заңгер бүкіл заңнаманың сан жетпес кемшіліктерін еңсере алмас!

Өз бағыты мен деңгейінде заңның қазақ тіліндегі мәтіні үшін жұмыс жасап жүрген заңгерлердің ерікті де ғылыми ізденістері біле білген, түсінген мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мұндай кері байланыс арнасы таптырмайтын құрал. Бірақ іс жүзінде, қатеге жол берген мемлекеттік органдарда басым түрде реніш тудырып, ұсыныс/өтініш жіберген азаматтарға «құлақтан тебетін» кезекші жауаптар жолданылып жатады. Менің сөздерім бос емес, қажет болып жатса, қандай да болсын деңгейде оны дәлелдей аламын. Ал, шындығында маған дәлелдеу неге керек? Осы тұрғыда менің осы эссемнің қаңтар айында жариялануының да оң тұсы бар. Бірінші кезекте мен үшін, әрине. Әйтпесе, мені де мемлекеттік органдардың (олардың көзқарастары) барлығына тән «құстың келуі және кетуіне» байланыстыра қарау практикасының сарынына түсіріп жіберер еді. Мемлекеттік органдарда ондай практиканың бары белгілі.

Баршаның назарына жеткізілуі тиіс келесі қате-кемшіліктер Қазақстанның ұлттық-этникалық құрамына қатысты. Мәселен, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының бір нормативтік құқықтық актісінде бекітілген «Ұлттар сөздігінде» «орыс 01», «қазақ 02», «еврей 03», «цыган 04»... «ливан 60»[6] (осымен бітеді!?) деп көрсетілген. Осы құжаттың бастапқы нұсқасында ұлттардың тізімі сандық ретпен берілген еді. Бұл өрескел саяси, құқықтық және тілдік қате туралы 10 жылдан астам бұрын жазғанмын. Қазақ тілі ешкімге керек емес секілді. Түзетілген жоқ әлі. Кінә менен емес! Кейін ұлттар тізімі әліпбилік ретпен бекітілді. Оны «01» және «02» дегендерді жасыру үшін істеген болулары керек. Қазір бұл тізім «авар 43» атауымен басталып, «эстон 19» деген атаудан кейін қосымша ретінде берілген «Басқа ұлттар 25» деген сөздермен аяқталады. Бұл уәкілетті орган сонда кімді алдамақшы болды, ұғу қиын! Не дит, заңдылықты қадағалаймыз дейді ме?

Келесі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бір нормативтік құқықтық актісінің «ҰЛТТАР КОДЫ АНЫҚТАМАЛЫҒЫ» деген бөліміндегі кестенің 1, 16 - 101, 383, 500 - 501, 504 - 507, 509 - 511, 519 - 537, 541 - 553 және 563 - 568 жолдарындағы «РУССКИЙ, АГУЛ, ЛАК, ЦАХУР, ЛИВ, ДОЛГАН, МАНСИ, НЕНЕЦ, ЭВЕНК, АЛЕУТ, ИТЕЛЬМЕН, НГАНАСАН, НИВХ, ОРОК, ОРОЧ, СААМИ, СЕЛЬКУП, УДЭГЕЕЦ, УЛЬЧ, ЧУВАНЕЦ, ЭНЕЦ, ВЕПС, НЫМЫЛЛАН, МЕЛХИСТИНЕЦ» және т.с.с. атаулар тек Ресейдің автохтонды ұлттарына тиесілі[7] (тізбектей беруге эссенің көлемі мүмкіндік бермейді). Қазақстанға қатысы жоқ осыншама ұлт атауларынің маңызы неде және олар бір құжатқа көп емес пе? Осы министрліктің «Заңға қызмет етеміз» дегенінің осындай сапасыз заңдар жағдайында орындалатынына күмәнім бар.

Мен қолданыстағы заңнамадағы жоғарыда көрсетілген қателер және оларға ұқсастар туралы жазып келемін. Қазіргі уақытта заңды ашуға қорқамын! Бірақ, оқуым мен зерделеуімді, зерттеулерімді тоқтатпаймын. Оларды бәрібір түзеттіремін (қателерге кез келген әріп танитын адам көз жеткізе алады), егер оларды жібергендер мен жіберіп жатқандардың диагнозы «идиотизм»[8] болмаса...

Халықта «Тыңдалмаған сөз жетім!» деген дуалы сөз де бар. Өз әлеуеті мен мүддесіне орай ғалымдар мен зерттеушілер елдің болмысы мен болашағы бойынша ғылымға негізделген ой-пікірлері мен ұсыныстарын жариялап, кейде билікке де жеткізіп жатады. Олардың арасында заңгер ғалымдар да бар, әрине. Әдеттегі ғылыми әдебиетпен қатар, жылдамдық дәуірінде әлемдік Интернет әлеуетін пайдаланып, оның түрлі платформаларында үн қатып жүрген заңгер ғалымдар да баршылық. Көп емес, олар. Олар бастысы азамат әрі заңгер есебінде мемлекеттің құқықтық саясаты аясында өз ұстанымдарын білдіріп жатады. Бірақ оларды «еститін» мемлекет жоқ сияқты. Мәселен, бір палаталы парламент туралы, Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерінің сайлауда іс жүзінде екі дауысқа ие екендігі туралы осыдан 15-20 жылдай бұрын жазылған болатын. Оны ескерген билік болмады (менің билікке шатағым жоқ! Мен тек фактілерді ғана көрсетемін, жеткізуге тырысамын). Қаншама еңбек зая кетті. Мұндай уақыт пен әлеуетті жіберіп алу мемлекеттік құрылыста кешірілмейтін факт екені де бек анық. Сонымен не, Қазақстанда «еститін мемлекет бар» дейді ме?

Тәуелсіздік қолға тигеннен кейін социализмнің теріс тұстары өздігінен жоғалып кеткен жоқ. Олар түрлі трансформацияларға ұшырап, басқа нысандарға айналып, басқа тұстардан көрінді. Бұрынғы және Тәуелсіздік алғандағы билік те материалдық тұрғыдағы халық байлығын ұрлауды тоқтатпады. Сол ұрлықтардың барлығы Қазақстанның алдынан енді шығып жатыр. Оған алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ. Сондықтан, өкінішке орай, Кеңес Одағының тарихтан жоғалу фактісінің кейбір көріністері Қазақстанның алдында да тұр... Ар мен ұятты, болашақты ысырып қойған билігі бар, олардан қалыспайтын пысақайларға қоса түрлі келімсектері бар, ат төбеліндей топтың халық байлығын талан-таражға салып жатқаны БАҚ беттерінен әсті түсетін емес. 2022 жылы 162 алпауыт адамның[9] байлықтық әлеуеті туралы Қ.К. Тоқаевтың өзі жария етті емес пе? Тойымшылық пен қанағатшылдық тұрақтанып, басылудың орнына соңғы 5-6 жылдың төңірегінде жаңа ұрлықшылардың пайда болғаны да өз алдына бір феномен.

Әрине, кез келген құбылыстар пен іс-қимылдардың себеп-салдарлық базасы болады. Алдыңғы абзацтарда көрсетілген жағдайларға, мәселен, 1995 жылы қабылданған Конституция да қызмет етті. Тіпті, мәжбүр де болды. Реформа деген сылтау негізінде түрлі жолдармен бейберекет өзгертілген, «толықтырылған», енгізілген нормалар кейін қайтадан алып тасталған Қазақстанның Конституциясын «зорланған конституция» деп айтуға толық болады. Халық қабылдаған Конституцияның кейіннен онсыз өзгертіле беретінін ол түсінбеген болуы керек, әу баста. Мен де бұл Конституцияны қабылдауға қатысқан емеспін...

Оған қоса Конституциялық нормаларды өзгертуде халықтың үлесі мүлдем болған жоқ деуге де толық негіз бар. Сондықтан оған деген «құрметті» есептемегеннің өзінде оған да, сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының басшылық жасаған сайлауларына да, референдумдарына да халықтың сенімі жоқ. Мұны халық, әсіресе, әлеуметтік желілерде көп талқылайды, өкінеді, ал ғалымдар мен практиктер ғылыми-көпішілік алаңқайларда (алаңға шығуға мұрсат жоқ!) қашаннан бері көтеріп келеді[10]. Шындығында халықтың атынан сөз айтуға менің құзіретім жоқ, бірақ естіген, көрген, оқып-тоқығандар негізіндегі ақпаратты неге жеткізбеске? Оған қоса халықтың осындай жағдайы тәуелсіз, шындығында шынайы ақпаратты жария ететін БАҚ беттерінен түскен емес. Ал біреулер ресми БАҚ бар дейді екен...

Осы жағдаяттармен тығыз байланысты болғандықтан Қазақстанның азаматтарын сайлау процесі де көп толғантады. Бұл мәселе мәслихат сайлауына, Президент сайлауына да қатысты. Сайлаудың мүлдем құпия ішкі ұйымдастыру мәселесін айтпауға да болады. Ал қолданыстағы заңнама бойынша, яки de lege lata тұрғысынан 2004 жылғы 14 сәуірден бері өткізілген президент сайлауларын «заңсыз» деп айта аламын. Өйткені оны құқықтық реттейтін норма бойынша президент сайлауының қорытындысын шығару мүмкін емес! Бірақ, Орталық сайлау комиссиясының қалай қорытынды шығарып, кімнің Президент болып сайланғанын 22 жыл бойы қалай жария етіп келе жатқанын ұғу мүмкін емес! Барша құзіретті орындаушылар: қатардағы мемлекеттік қызметшілер мен олардың басшылары, Үкімет, Парламент, Президент Әкімшілігі және Президент (тағы да көпшілік!?) жабылып жүріп, 2004 жылғы 14 сәуірде қабылданған Конституциялық заңмен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 65-бабының 2-тармағына өрескел құқықтық қате енгізді. Яғни:

«2. Республика Президенті болып:

1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентінен астамының дауысын алған;

2) қайта дауыс беру кезінде, басқа кандидатпен салыстырғанда, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшілік дауысын алған.» деген нормамен еш уақытта да президент сайлауының қорытындысын шығаруға болмайды, өйткені бұрынғы нормадағы «сайланған болып саналады» деген сөздерді, ал шындығында, заңның қазақ тіліндегі мәтінін жоғарыда аталған құрылымдардың біреуі де қажет қылмады!? Осылайша Конституцияның 7-бабы қағаз жүзінде оқылудан да қалып келеді. Яғни мемлекеттік тіл - қазақ тілі президент сайлауында қолдану түгілі, мүлдем ескерілмейді! Осындай заңсыздыққа қоса «кезектен тыс» деген президент сайлауларының да мәртебесі сондай деңгейде. Бұл тек заңға қатысты мәселе (менің 2023 жылғы күзде Орталық сайлау комиссиясына жоғарыда көрсетілген мәселе бойынша жазған ақпаратым бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанға ұқсайды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 65-бабының 2-тармағына тиісті өзгерістер енгізу жобасы бар болар, ал сол хатымда менің «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзін басқару туралы» Заңда осыған ұқсас норманы құзіретті органдардың қайсы табады?» деген сұрақ-тапсырмамды ешқайсысы ескермеген сықылды. Шындығында, әлеуеттері жетпеген, оны таба алмаған болар. Конституциялық заңдағыдай өрескел қате ол заңда да анық орын алып отыр. Яғни 25 жылдық «стажы» бар бұл қате де басшылыққа алынуда. Конституциялық заңдылық дейді ме, құзіретті органдар мен лауазымды тұлғалар...

Сайлауға қайта оралсақ... Президент сайлауының іс жүзіндегі қорытындысының қалай болатынын А. Омаровтың апта аралық «Аху@л сегодня» деген авторлық бағдарламасынан Қ.К. Тоқаевтың «Тура бір жыл бұрын ол маған «келесі Президент сен боласың», - деп айтты», - деген қайталана беретін сөздері нақтылайды[11]. Міне - нақты практика! Ол сайлау-майлау сияқты іс-шараны қажет етпейтін әрі шын сөздердің болмысы.

Осындай сайлау практикасы Мәжіліс депутаттарын сайлауда да орын алып отыр. Оның бір мысалын өз кезіндегі «Зағипа Балиева бүкіл депутаттарға, нашар оқушыларға ұрысқан қатал апайдай: «Тыныш отырыңдар, әйтпесе, сендердің бәріңнің қалай сайланғандарың маған белгілі» деп зекіп қалғанда, түгел жым бола қалды»[12] деген сөздер дәлелдей алады.

Жоғары деңгейдегі сайлаулардың осындай жағдайда өткізілуіне орай төменгі деңгейдегі сайлаулардың да әкім қаралардың қалауымен ұйымдастырылатыны да БАҚ беттеріндегі өзекті ақпараттың алдында жүр. Яғни сайлаулардың дені жалған.

Дәл осындай сайлау практикасы партияларға да қатысты. Тәуелсіздік келгелі бері түрлі өзгерістерден кейін билік «партия» құрып, демократиялық ойындар көрсетіп келеді. Сол билік сайлаудың партиялық мозаикасын кеңіту үшін ғана өзінің сойылын соғатын «партияларды» бүгін тіркеп[13], ертең Мәжіліс сайлауына қатыстырып, тиісті орын беріп/алып билік халық пен дүниежүзілік қауымдастыққа «қазақстандық демократияның шыңы» деп жар салуды дағдыға айналдырған. Оның бұл позициясын сайлауды үнемі жоғары бағалайтын көрші елдердің «сарапшылары мен байқаушылары» да қоса айғайлаудан шаршаған емес. Оларға не? Келді, ішті-жеді, кетті. Мұндай жалғандықтың да жолын кесу үшін сайлау туралы заңнамаға халықаралық байқаушыларды қатыстыру негіздерін қайта қарау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.

Түрлі сайлаулардың, яки Қазақстандық мұндай іс-шараның квинтэссенциясы мынада: олардың қорытындысы әншейінде электорат деп шулайтын билік іс жүзінде селекторат айқындайтын шешім негізінде шығарады. Оған кез-келген сайлау не референдум науқаны куә. Мұндай алдау мен ойнаудың да шегі болуы тиіс! Уақыт бәрін орнына қойып, мұндай биліктік лудоманияның салдарын қазір бек көрсетіп отыр. Сонда билік кімді алдады? Кім алданды?

Сайлау процесіне шартты бақылау жүргізетін Конституциялық Кеңес пен ең жоғары қадағалау жүргізетін Бас прокуратура «конституциялық заңдылық бұзылған емес» деген штамп шешімдермен шектеліп келуде. Оларды да халық пен оның мүддесі қызықтырмайды.

Сайып келгенде сайлауға жауапты мемлекеттік органдардың есептері түгел. Олар мұндай науқаннан тек қана ұпай жинайды. Ал іс жүзінде одан қоғам мен мемлекеттің ұтылғанын байқамайды не байқағысы келмейді. «Менен кейін шөп шықпаса да бәрібір» деген соқыр сезім мен жалған ұстанымнан шыға алмай не шығармай келеді.

Осындай практикадан келесі конституциялық реформаға деген күдік туындайды. Жоғарыда айтылған негізінде ешқандайда да реформа болмайды. Әдеттегідей, яғни 6 рет жүргізілгендер сияқты оның да пайыздық ауқымына қарамастан, жай өзгерістер және толықтырулармен, яки әріптерді өзгертулермен шектелетініне көзім жетеді. Сондықтан халықты ондай ойлардан арылту үшін кезінде Солон, М. Ататүрк, Ли Куан Ю, Дэн Сяопин, М. Саакашвили және т.с.с. реформаторлар жүргізген түбегейлі өзгерістер сияқты нағыз да нақты реформа қажет. Олай болмаса, барлығы бос сөз не шегі қауіпті жалған құрылымдар болып қалады. Мұндай практиканы біле тұра, тағы да қайталау? Сондықтан «дивандық сарапшы» есебінде мен де өз ұсыныстарымды ортаға салуды жөн көріп, осы эссені жаздым. Шындығында, Қазақстанда Конституция мен конституциялық/мемлекеттік құрылыста қордаланып қалған мәселелер шаш етектен...

Әрі заңгер есебінде реформаның құқықтық негіздерін қалау бойынша біршама ойды халықтың назары мен биліктің таразысына салмақпын.

Конституцияның басты проблемасы Президент институтында. Біздің Конституция әлемдік конституционализмде мойындалатын Ф. Лассальдің идеясына мүлдем жанаспайды. Мемлекет құрылысының басында зор мүмкіндіктер мен әлеуеттердің болғанына қарамастан жеке басқа шақталған Конституция өмірінің қысқа болатынын Қазақстан өз практикасымен дәлелдеп отыр. Тығырыққа тірелуден шығудың бір жолы ретінде жоспарланған конституциялық реформаның атына заты сай болуы үшін үлкен жұмыс жасалуы керек. Мәселен, болашақ Конституцияға Президенттің конституциялық міндеттерін толықмерзімді аяқтауын талап ететін, регламенттейтін «Президент өзіне жүктелген өкілеттіктерін адал атқаруға тиіс. Қазақстан Республикасының экс-Президенті атағы халыққа берген антын толық орындап, өз өкілеттіктерін жаңадан сайланған Президентке тапсырған тұлғаға ғана тиесілі болады.» деген норма енгізу керек. Мұндай норма Президенттің түрлі топтар мен тұлғалармен сөз байласып немесе сыртқы күштер мен ұйымдардың түрлі ұсыныстарын қабыл алып «өз еркімен президент лауазымынан бас тартты» деген жалған практиканы қайталамау үшін қажет. Президентура талабы мен міндеттілігі аса жоғары, басталуы мен аяқталуы да құқықпен реттелген қызмет. Қазақта антын бұзғанды «ант ұрған» деп атайды. Ол өте ауыр сөз біле білгенге! Сондықтан Президент оны бұзбай, өз міндеттерін адал орындап «One way ticket» сипатында тек халыққа қызмет етуге тиіс! Оған қоса «экс-Президент» жай ғана атақ емес. Ол - құқықтық мәртебе. Мұндай мәртебенің артында оның халық алдындағы жауаптылығымен қатар, оның құзіреттері, мемлекеттік билікпен арақатынасы, әлеуметтік қорғалуы және т.с.с. салдар тұр.

Екінші мәселе һәм стратегиялық мақсат - партиялардың рөлін күшейтуге бағытталуға орай олардың институциялық негіздерін қайта қарау қажет етіледі. Қазақстандағы партиялар кезінде биліктің жобасы есебінде ұйымдастырылғаны баршаға аян[14]. Сондықтан олардың әлеуметтік базалары жоқ. Қазақстанда халықтың атынан сөйлей алатын бірде бір партия жоқ. Олардың болмысы тек атаулары мен құзыретті құрылымдары және бюджетке жақын әлеуметтанушылық топтар мен жеке адамдардан сұратылған пікірлері мен цифрлары ғана. Мына жалғанда азаматтардың түрлі сипаттағы проблемаларын шешуде мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппаған соң оларға жүгініп жатқаны амалдың жоғынан туындаған болар... Партиялардың «біз үйттік, біз бүйттік» деп жар салып жатқандарын теледидар мен әлеуметтік желілердегі пиар және «атчот» кампаниялары деп білемін. Иә, Марк Цукерберг пен оның достарына рақмет!