Осы редакция 2026 ж. 9 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің 2025.14.10. № 264-НҚ бұйрығымен 2-қосымша жаңа редакцияда (2025 ж. 28 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрі
міндетін атқарушысының
2020 жылғы 11 қыркүйектегі
№ 216 бұйрыққа 2-қосымша
«Су тұтыну мен су бұрудың үлестік нормаларын келісу»
қағидалары
(2025.28.10. берілген өзгерістермен)
1. Осы «Су тұтыну мен су бұрудың үлестік нормаларын келісу» қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар), Қазақстан Республасының Су кодексінің 23-бабы 1-тармағының 32-тармақшасына (бұдан әрі - Кодекс), «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 10-бабы 1-тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) көрсетілетін қызметті алушы - орталық мемлекеттік органдарды, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерін, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарын, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін қоспағанда, жеке және заңды тұлғалар;
2) мемлекеттік көрсетілетін қызмет - көрсетілетін қызметті алушылардың өтініш жасауы бойынша немесе өтініш жасауынсыз жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі немесе олардың жиынтығы;
3) су тұтыну мен су бұрудың үлестік нормасы - өндірілетін өнім бірлігіне (орындалатын жұмыстың немесе көрсетілетін қызметтің белгілі бір көлеміне) тұтынылатын немесе бұрылатын сарқынды судың белгіленген мөлшері;