Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек Кодексі (2026.13.08. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.30.12. № 248-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 9-тармақ өзгертілді

9. Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, архив ісі, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандарға, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен қызметтiң осы түрлерiмен қалалық жағдайда айналысатын азаматтық қызметшiлердiң айлықақыларымен және мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемiнде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтiк мөлшерлемелер белгiленедi.

Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, архив ісі, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандар лауазымдарының тiзбесiн жергiлiктi өкiлдi органмен келiсу бойынша жергiлiктi атқарушы орган айқындайды.

10. Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі.

Азаматтық қызметшілерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берген кезде сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтізбелік жылда бір рет төленеді.

 

2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2026.12.06. № 311-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 140-баптың тақырыбы өзгертілді

140-бап. Заңды тұлғаның атқарушы органы басшысының және заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басқа да мүшелерінің, сондай-ақ ішкі аудит қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет жұмыскерлерінің және корпоративтік хатшының еңбегін реттеу ерекшеліктері

2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2026.12.06. № 311-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Заңды тұлғаның атқарушы органы басшысымен, алқалы атқарушы органы мүшелерімен, сондай-ақ ішкі аудит қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет жұмыскерлерімен және корпоративтік хатшымен еңбек шартын жасасу және тоқтату, еңбегіне ақы төлеу тәртібі мен шарттары, материалдық және тәртіптік жауаптылыққа тарту, жұмысынан шеттету осы Кодекске, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, заңды тұлға құрылтайшылары, мүлкінің меншік иесі не құрылтайшылар, меншік иесі уәкілеттік берген тұлға (орган) немесе заңды тұлғаның уәкілетті органы бекітетін құжаттарға, заңды тұлғаның атқарушы органы, ішкі аудит қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет, корпоративтік хатшысы туралы ережелерге және еңбек шартына сәйкес жүзеге асырылады.

2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Егер жалғыз құрылтайшы (қатысушы, акционер) заңды тұлғаның жеке-дара атқарушы органы болып табылған жағдайда, еңбек шарты жасалмайды. Еңбек қатынастары жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау туралы актісімен ресімделеді, онда еңбек функциясы, еңбек қызметін жүзеге асыру мерзімі, жұмыстың басталу күні, жұмыстың орындалатын орны, сондай-ақ еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттар қамтылуға тиіс.

Құрылтайшылардың (қатысушылардың, акционерлердің) құрамы өзгерген жағдайда, заңды тұлға атқарушы органының басшысымен, алқалы атқарушы органының мүшелерімен жаңа еңбек шарты жасалады не заңды тұлға құрылтайшыларының, мүлкі меншік иесінің не құрылтайшылар, меншік иесі уәкілеттік берген тұлғаның (органның) немесе заңды тұлға уәкілетті органының шешімі негізінде олармен еңбек қатынастары тоқтатылады.

2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2026.12.06. № 311-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді

3. Заңды тұлға атқарушы органының басшысы, алқалы атқарушы органының мүшелері, сондай-ақ ішкі аудит қызметінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің жұмыскерлері және корпоративтік хатшы жаңа мерзімге тағайындалған (сайланған, лауазымға бекітілген) жағдайда, еңбек шартына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

4. Жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау және еңбек шартын тоқтату туралы актісіне құрылтайшылардың, заңды тұлға мүлкінің меншік иесінің не құрылтайшылар, меншік иесі уәкілеттік берген адамның (органның) немесе заңды тұлғаның уәкілетті органының шешімімен не олар бекітетін құжаттармен уәкілеттік берілген адам қол қояды.

2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2026.12.06. № 311-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді

5. Заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басшысына және басқа да мүшелеріне, ішкі аудит қызметінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің жұмыскерлеріне және корпоративтік хатшыға тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық анықталғаннан кейін тікелей, бірақ ол анықталған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей қолданылады.

Заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басшысына және басқа да мүшелеріне, ішкі аудит қызметінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің жұмыскерлеріне және корпоративтік хатшыға тәртіптік жаза қолдану тәртібі Қазақстан Республикасы заңнамасының және заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының ерекшеліктері ескеріле отырып, заңды тұлға құрылтайшыларының, мүлкі меншік иесінің не құрылтайшылар, меншік иесі уәкілеттік берген тұлғаның (органның) немесе заңды тұлғаның уәкілетті органының шешімімен бекітілген жұмыс берушінің актісімен белгіленеді.

6. Осы Кодексте көзделген заңды тұлғаның атқарушы органы басшысының еңбегін реттеу ерекшеліктері заңды тұлғаның жеке-дара атқарушы органына, сондай-ақ заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басқа да мүшелеріне қолданылады.

 

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 141-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

141-бап. Азаматтық және эксперименттік авиация саласындағы жұмыскерлердің еңбегін реттеу

Азаматтық және эксперименттік авиация саласындағы жұмыскерлердің еңбегі:

1) ұшу қауіпсіздігіне, оның ішінде әуе қозғалысына қызмет көрсетуге тікелей байланысты авиация персоналы үшін жұмыс уақыты мен тынығу уақыты режимі ұзақтығының ерекше нормаларын белгілейтін «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодексте реттеледі;

Осындай ерекше нормалар азаматтық және эксперименттік авиация саласындағы халықаралық стандарттар мен нормативтер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделуі мүмкін;

2) авиациялық оқиғалар туралы хабарлайтын немесе есептерде аталатын авиация персоналы мен өзге де жұмыскерлер үшін тәртіптік және (немесе) материалдық жауаптылыққа тартудың ерекше нормаларын;

3) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның авиация инспекторлары үшін шектеулер мен тәртіптік жазалау түрлерін көздейтін ерекше нормаларды белгілейтін «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодексте реттеледі.

 

142-бап. Теңiз кемелерi экипаждарының (жүзу құрамы) мүшелерiне жататын жұмыскерлердің еңбегін реттеу

Теңiз кемелерi экипаждарының (жүзу құрамы) мүшелерiне жататын жұмыскерлердің еңбегі теңiз кемелерiнің экипаждары (жүзу құрамы) мүшелерiнің еңбегін, еңбегіне ақы төлеуді, жұмыс уақытын және тынығу уақытын реттеудің ерекшеліктерін белгілейтін «Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.

 

2023.20.03. № 214-VІІ ҚР Заңымен 143-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 143-бап өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

143-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің, мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілерінің, Құрылтайы мен мәслихаттары депутаттарының, судьяларының еңбегін реттеу

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің, мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілерінің, Құрылтайы мен мәслихаттары депутаттарының, судьяларының еңбегі Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген, қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібін, еңбектің ерекше жағдайларын, еңбекке ақы төлеу шарттарын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін ерекшеліктер ескеріліп, осы Кодексте реттеледі.

 

2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 143-1-баппен толықтырылды

143-1-бап. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары қолданылатын адамдардың еңбегін реттеу

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары қолданылатын адамдардың еңбегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктерімен осы Кодексте реттеледі.

 

2026.19.05. № 291-VIII ҚР Заңымен 143-2-баппен толықтырылды (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

143-2-бап. Мемлекеттік органдарда қызметін еңбек шарты негізінде жүзеге асыратын адамдардың, мемлекеттік заңды тұлғаларда басқару функцияларын атқаратын адамдардың еңбегін реттеу ерекшеліктері

Мемлекеттік органдарда қызметін еңбек шарты негізінде жүзеге асыратын адамдардың, мемлекеттік заңды тұлғаларда басқару функцияларын атқаратын адамдардың еңбегі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодексте реттеледі.

 

2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 144-бап өзгертілді (2025 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

144-бап. Әскери қызметтегі адамдардың, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің еңбегін реттеу

Әскери қызметтегі адамдардың, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің еңбегі қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібін, ерекше еңбек жағдайларын, еңбекке ақы төлеу жағдайларын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.

 

145-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және оның ведомстволары жұмыскерлерінің еңбегін реттеу

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және оның ведомстволары жұмыскерлерінің еңбегі лауазымға тағайындаудың, еңбек шартын тоқтатудың ерекше талаптарын, ерекше еңбек жағдайларын, еңбекақы төлеу жүйесі мен жағдайларын, сондай-ақ артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.

 

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 145-1-баппен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

145-1-бап. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жұмыскерлерінің еңбегін реттеу

Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жұмыскерлерінің еңбегі «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның актілерінде көзделген, лауазымға тағайындаудың, еңбек шартын тоқтатудың ерекше талаптарын, ерекше еңбек жағдайларын, еңбекке ақы төлеу жағдайларын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодексте реттеледі.

 

2026.19.05. № 291-VIII ҚР Заңымен 146-бап өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

146-бап. Кәсіптік одақтың кәсіподақ органдарының құрамына кіретін жұмыскерлердiң еңбегiн реттеу

Кәсіптік одақтың кәсіподақ органдарының құрамына кіретін жұмыскерлердiң еңбегі «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшелiктермен бiрге осы Кодекспен реттеледi.

Осы баптың ережелері осы Кодекстің 143-бабында көрсетілген жұмыскерлерге қолданылмайды.

 

2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 146-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

146-1-бап. Қызметін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильдік қосымшасын қолдана отырып жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға жалдайтын жұмыскерлердің еңбегін реттеу ерекшеліктері

1. Қызметін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильдік қосымшасын қолдана отырып жүзеге асыратын дара кәсіпкерде немесе заңды тұлғада еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлердің еңбегі осы бапта, еңбек шартында және жұмыс берушінің актісінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекске сәйкес реттеледі.

2. Қызметін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильдік қосымшасын қолдана отырып жүзеге асыратын жұмыскер мен дара кәсіпкер немесе заңды тұлға арасындағы еңбек шарты осы Кодекстің 30-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген шектеусіз белгілі бір мерзімге жасалады.

3. Еңбек қызметін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильдік қосымшасын қолдана отырып жүзеге асыратын жұмыскерлер үшін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, жұмыс берушінің актілеріне, ұжымдық немесе еңбек шартына сәйкес күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) өзгеше ұзақтығы белгіленуі мүмкін.

4. Интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильдік қосымшасын қолдана отырып еңбек қызметін жүзеге асыратын жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі мен шарттары, жұмыс уақытын есепке алу ұзақтығы және тәртібі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, жұмыс берушінің актілеріне, ұжымдық немесе еңбек шартына сәйкес белгіленеді.

 

 

2026.12.06. № 311-VIII ҚР Заңымен 12-1-тараумен толықтырылды (2026 ж. 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)

12-1-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕР МЕН КВАЗИМЕМЛЕКЕТТІК СЕКТОР СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ КАДР ПРОЦЕСТЕРІН ЦИФРЛЫҚ КАДР ЖҮЙЕСІНДЕ ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

146-3-бап. Цифрлық кадр жүйесі туралы жалпы ережелер

1. Осы тарауда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) кадр процестері - ауыстыруды, көтермелеуді, тәртіптік жауаптылыққа тартуды, еңбек қатынастарын тоқтатуды құжаттандыруды қоса алғанда, жұмысқа қабылдауға, еңбек қызметін жүзеге асыруға, сондай-ақ үміткерлерді іріктеуді жүзеге асыруға және өзге де кадр рәсімдеріне байланысты құжаттарды ресімдеу, жүргізу, есепке алу және сақтау жөніндегі әрекеттердің жиынтығы;

2) цифрлық кадр жүйесі - мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде кадр процестерін автоматтандыруға, сондай-ақ онда қамтылатын ақпаратты жинауға, сақтауға, беруге және өңдеуге арналған цифрлық жүйе.

2. Осы тараудың ережелері:

1) өзге цифрлық кадр жүйелері бар мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелерге;

2) Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және оның ведомстволарының қарамағындағы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне;

3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі акционері (қатысушысы, сенімгерлік басқарушысы) болып табылатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.

 

146-4-бап. Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің кадр процестерін цифрлық кадр жүйесінде жүргізу тәртібі

1. Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілері кадр процестерін цифрлық кадр жүйесінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді.

2. Цифрлық кадр жүйесіне жұмыскер туралы деректер, жұмыскердің Қазақстан Республикасының азаматтары болып саналатын жұбайының (зайыбының) және жақын туыстарының жеке сәйкестендіру нөмірлері, сондай-ақ бар болған кезде - жұмыскер бұрын еңбек қызметін жүзеге асырған ұйымдардың бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (дара кәсіпкерлердің жеке сәйкестендіру нөмірлері) және жұмысқа қабылдауға, еңбек қызметін жүзеге асыруға және еңбек шартын тоқтатуға байланысты өзге де мәліметтер енгізіледі.

2-тармақтың екінші бөлігі 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

3. Цифрлық кадр жүйесінің толықтырылуын мониторингтеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің цифрлық кадр жүйесінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтауын мониторингтеуді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүргізеді.

 

146-5-бап. Цифрлық кадр жүйесін жүргізу және оған қолжетімділік

1. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган цифрлық кадр жүйесін қалыптастыру мен жүргізу бойынша жалпы үйлестіруді жүзеге асырады және онда қамтылған дербес деректердің тұтастығын, құпиялылығы мен қорғалуын Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес қамтамасыз етеді.

2. Тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдары мен жергілікті атқарушы органдар цифрлық кадр жүйесінен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары енгізген мәліметтерді алуға құқылы.

 

 

3-БӨЛІМ. ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ЖӘНЕ ҰЖЫМДЫҚ ҚАТЫНАСТАР

 

13-тарау. ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК

 

147-бап. Әлеуметтік әріптестік органдары, қағидаттары және міндеттері

1. Мемлекет атынан тиісті атқарушы органдар, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер атынан белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген олардың өкілдері әлеуметтік әріптестік тараптары болып табылады.

2. Әлеуметтік әріптестікті:

1) республикалық деңгейде - әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия (бұдан әрі - республикалық комиссия);

2) салалық деңгейде - әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссиялар (бұдан әрі - салалық комиссия);

3) өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) деңгейде - әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық, қалалық, аудандық комиссиялар (бұдан әрі - өңірлік комиссия) әлеуметтік әріптестік органдары арқылы тараптардың өзара іс-қимыл жасасуы нысанында;

4) ұйымдар деңгейінде - Қазақстан Республикасы заңнамасының негізінде жұмыскерлердің өкілдері мен жұмыс берушінің арасында еңбек саласындағы өзара нақты міндеттемелерді белгілейтін ұжымдық шарттар нысанында қамтамасыз етеді.

3. Тұрақты жұмыс істейтін республикалық, салалық, өңірлік комиссиялар мынадай қағидаттар:

2023.15.02. № 199-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2023 ж. 18 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) комиссиялардың қызметіне атқарушы билік органдары өкілдерінің, жұмыс берушілер өкілдері мен жұмыскерлер өкілдерінің қатысу міндеттілігі;

2) тараптардың өкілеттілігі;

3) тепе-тең өкілдік ету;

4) тараптардың тең құқықтылығы;

5) тараптардың өзара жауаптылығы негізінде қалыптастырылады.

4. Комиссияларға қатысушылардың дербес құрамын әлеуметтік әріптестіктің әрбір тарапы өз бетінше қалыптастырады.

5. Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік мынадай міндеттерді шешуге бағытталған:

1) әлеуметтік, еңбек және осылармен байланысты экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді тетігін жасау;

2) қоғамның барлық топтарының мүдделерін объективті ескеру негізінде әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

3) жұмыскерлердің еңбек саласындағы құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз етуге, оларды әлеуметтік қорғауды жүзеге асыруға жәрдемдесу;

4) барлық деңгейлердегі әлеуметтік әріптестік тараптары арасындағы консультациялар мен келіссөздер процесіне жәрдемдесу;

5) ұжымдық еңбек дауларын шешуге жәрдемдесу;

6) әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау.

 

148-бап. Әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру

1. Республикалық, салалық және өңірлік комиссиялар тараптардың орындауы үшін міндетті тиісті шешімдермен ресімделетін консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы әлеуметтік әріптестік тараптарының мүдделерін келісуді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін органдар болып табылады.

2. Әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыруды қамтамасыз ету:

1) республикалық деңгейде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға;

2) салалық деңгейде тиiстi қызмет салаларының уәкiлеттi мемлекеттік органдарына;

3) өңірлік деңгейде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарына жүктеледі.

Осы Кодекстің мақсаттары үшін салалар тізбесін республикалық комиссия белгілейді.

2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

3. Мыналар тараптардың өкілдері болып табылады:

1) республикалық деңгейде - Қазақстан Республикасы Үкіметінің, республикалық кәсіптік одақтар бірлестіктерінің, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестіктердің өкілетті өкілдері;

2) салалық деңгейде - тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдарының, салалық кәсіптік одақтардың, жұмыс берушілердің салалық бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) өкілетті өкілдері, ал олар болмаған кезде - салалық ұйымдар;

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3) өңірлік деңгейде:

астана, облыс, республикалық маңызы бар қала деңгейінде - жергілікті атқарушы органдардың, аумақтық кәсіптік одақтар бірлестіктерінің, жұмыс берушілердің астанадағы, облыстағы немесе республикалық маңызы бар қаладағы бірлестігінің (қауымдастығының, одағының), астананың, облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың шағын кәсіпкерлік жөніндегі бірлестігінің өкілетті өкілдері;

аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде - жергілікті атқарушы органдардың, шағын кәсіпкерлік жөніндегі аудандық немесе облыстық маңызы бар қала бірлестігінің, аумақтық кәсіптік одақтар бірлестіктерінің өкілетті өкілдері.

Комиссияларға қатысушылардың дербес құрамын әлеуметтік әріптестіктің әрбір тарапы өз бетінше қалыптастырады. Әлеуметтік әріптестік тараптарының өкілдеріне тең құқықтар мен өкілеттіктер беріледі.

4. 2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

5. 2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

 

149-бап. Келісімдерді дайындау жөнінде келіссөздер жүргізу құқығы

1. Әлеуметтік әріптестіктің кез келген тарапы келісімді әзірлеу, оның мазмұны, оны жасасу, өзгерту, толықтыру жөніндегі келіссөздердің бастамашысы болуға құқылы.

2. Республикалық, салалық, өңірлік деңгейлерде жұмыскерлер мен жұмыс берушілер уәкілеттік берген бірнеше өкіл болса, олардың әрқайсысына өздері өкілдік ететін жұмыскерлер мен жұмыс берушілер санына байланысты пропорционалды өкілдік ету қағидаты негізінде келіссөздер жүргізу құқығы беріледі.