Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек Кодексі (2026.19.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

17) келісімде, ұжымдық шартта, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайлары өзгерген басқа жұмысқа ауыстырған не кәсіптік аурудың белгілері пайда болған кезде жұмыскерлерді міндетті, мерзімдік (еңбек қызметі барысында) медициналық қарап-тексерулерден және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өз қаражаты есебінен өткізуге;

2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 18) тармақшамен толықтырылды

18) еңбекті қорғауды басқару жүйесін ендіруге және оның жұмыс істеуін бақылауды жүзеге асыруға міндетті.

 

2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 182-1-баппен толықтырылды

182-1-бап. Қабылдаушы тараптың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері

1. Қабылдаушы тараптың:

1) жіберуші тараптың жұмыскерлерін жұмыс орындарында қолайлы еңбек жағдайларын жасауға жәрдемдескені, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау жөніндегі рационализаторлық ұсыныстары үшін көтермелеуге;

2) жіберуші тараптың жұмыскерлерінен өндірістегі жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі талаптардың мүлтіксіз сақталуын талап етуге;

3) персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарттың талаптарына сәйкес жіберуші тараптың жұмыскерлерін өз қаражаты есебінен профилактикалық медициналық қарап-тексерулерге жіберуге құқығы бар.

2. Қабылдаушы тарап:

1) персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартты жасасу кезінде жіберуші тарапқа өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерін ұсынуға міндетті. Қабылдаушы тарап өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерін ұсынбаған жағдайда, жіберуші тараптың персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартты жасасуына тыйым салынады;

2) профилактика жүргізу, өндірістік жабдық пен технологиялық процестерді неғұрлым қауіпсіздеріне ауыстыру арқылы жіберуші тараптың жұмыскерлеріне қатысты жұмыс орындарында және технологиялық процестерде кез келген тәуекелдерді болғызбау жөнінде шаралар қабылдауға;

3) жіберуші тараптың жұмыскерлеріне еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша нұсқама жүргізуге;

4) жіберуші тараптың жұмыскерлеріне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілеген санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерге сәйкес қажетті санитариялық-гигиеналық жағдайлар жасауға;

5) жіберуші тараптың он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерінің өздері үшін белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр заттарды тасуына және қозғалтуына жол бермеуге;

6) әйелдердің өздері үшін белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр заттарды қолмен көтеруіне және жылжытуына жол бермеуге;

7) авариялық жағдайдың дамуын және жіберуші тараптың жұмыскерлеріне жарақаттайтын факторлардың әсер етуін болғызбау бойынша шұғыл шаралар қабылдауға;

8) жіберуші тарап жұмыскерлерінің еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалары мен кәсіптік ауруларын талдауды жүзеге асыруға;

9) жіберуші тарап жұмыскерлерінің еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды жіберуші тараппен бірлесіп тергеп-тексеруді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қамтамасыз етуге;

10) осы Кодексте көзделген жағдайларда, персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартта көзделген тәртіппен жіберуші тарапты дереу хабардар ете отырып, жіберуші тараптың жұмыскерлерін жұмыстан шеттетуге міндетті.

 

 

19-тарау. ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ

 

183-бап. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау

1. Өндірістік объектілер еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестатталуға жатады.

2. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды өндірістік объектілерді аттестаттаудан өткізу жөніндегі мамандандырылған ұйымдар бес жылда бір реттен сиретпей мерзімділікпен жүргізеді.

3. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша мерзімді міндетті аттестаттаудан өткізу тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.

4. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды жүргізу тәртібін бұзу анықталған кезде, еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды мемлекеттік бақылау және қадағалау органының талап етуі бойынша өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша кезектен тыс аттестаттау жүргізіледі.

Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша кезектен тыс аттестаттау нәтижелері өндірістік объектіні еңбек жағдайлары бойынша алдыңғы аттестаттау материалдарына қосымша түрінде ресімделеді.

5. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды жүргізуді ұйымдастыру үшін жұмыс беруші құрамында төраға, мүшелер және өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау жөніндегі құжаттаманы жасауға, жүргізуге және сақтауға жауапты хатшы бар аттестаттау комиссиясын құру туралы тиісті бұйрық шығарады.

6. Аттестаттау комиссиясының құрамына басшы не оның орынбасары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметтерінің және келісу бойынша өзге де бөлімшелерінің мамандары, сондай-ақ жұмыскерлердің өкілдері кіреді.

Жұмыскерлер өкілдерінің аттестаттау комиссиясына қатысудан бас тартуы өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды жүргізбеу үшін негіз болып табылмайды.

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау аяқталғаннан кейін өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі мамандандырылған ұйым өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нəтижелері туралы мәліметтерді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға ол белгілеген тәртіппен күнтізбелік он күн ішінде жібереді.

8. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелері өндірістік объектіні аттестаттау актісі шығарылған кезден бастап күшіне енеді.

9. Өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу тәртібінің сақталуын бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары жүзеге асырады.

 

184-бап. Жұмыс орындарының қауіпсіздік талаптары

1. Жұмыс орындары орналасқан ғимараттар (құрылыстар) құрылысы жағынан өздерінің функционалдық мақсатына және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес болуға тиіс.

2. Жұмыс жабдығы осы жабдық түрі үшін белгіленген қауіпсіздік нормаларына сәйкес келуге, онда тиісті техникалық паспорттары (сертификат), ескерту белгілері болуға және жұмыскерлердің жұмыс орындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоршаулармен немесе қорғау құрылғыларымен қамтамасыз етілуге тиіс.

3. Авариялық жолдар мен жұмыскерлердің үй-жайдан шығатын жолдар белгіленуге, бос болуға және ашық ауаға не қауіпсіз аймаққа шығаруға тиіс.

2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

4. Қауіпті аймақтар нақты белгіленуге тиіс. Егер жұмыс орындары жұмыстың сипатына қарай жұмыскерге қауіп-қатер төндіретін қауіпті аймақтарда болса, онда мұндай орындар бұл аймақтарға бөгде адамдардың кіруін бөгейтін құрылғыларымен жабдықталуға тиіс.

Жаяу жүргіншілер мен технологиялық көлік құралдары ұйымның аумағында қауіпсіз жағдайларда жүріп-тұруға тиіс.

5. Жұмыс орындары орналасқан үй-жайдағы температура, жарық, сондай-ақ желдеткіш жұмыс уақыты кезінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес болуға тиіс.

2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды

6. Құрылыс алаңында бір мезгілде бірнеше ұйым (екі және одан көп) жұмыс жүргізген кезде осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес олардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтауы бойынша жұмыстарды жалпы үйлестіруді бас мердігер жүзеге асырады.

 

185-бап. Жұмыскерлерді міндетті медициналық қарап-тексеру

1. Жұмыс беруші ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мерзімдік медициналық қарап-тексеруден және зерттеп-қараудан өткізуді меншікті қаражаты есебінен ұйымдастыруға міндетті.

2018.16.04. № 147-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Қаупі жоғары жұмыстарда, машиналармен және механизмдермен байланысты жұмыстарда істейтін жұмыскерлер ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтуге тиіс. Ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өту талап етілетін кәсіптердің тізімін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

 

 

20-тарау. ЕҢБЕК ҚЫЗМЕТІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖАЗАТАЙЫМ ОҚИҒАЛАРДЫ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ЖӘНЕ ЕСЕПКЕ АЛУ

 

186-бап. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексерудің жалпы ережелері және оларды есепке алу

1. Жұмыскерлердің, сондай-ақ:

1) кәсіптік практикадан өтіп жүрген кезде оқу орындарында оқитын адамдардың;

2) әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерумен байланысты емес жұмыстарды орындауға тартылған әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің;

3) бас бостандығынан айыру орындарында және сот үкімі бойынша еңбекке тартылған адамдардың;

2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2025 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4) азаматтық қорғау саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, әскерилендірілген күзеттің жеке құрамының, авариялардың, дүлей зілзаланың салдарларын жою жөніндегі, адам өмірін және мүлікті құтқару жөніндегі ерікті командалар мүшелерінің еңбек қызметіне байланысты және еңбекке қабілетсіздігіне не қайтыс болуына әкеп соққан денсаулығының зақымдану жағдайлары осы Кодекске сәйкес тергеп-тексерілуге жатады.

2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді

2. Еңбекке жарамсыздыққа не қайтыс болуға әкеп соққан, еңбек міндеттерін орындауға байланысты жұмыскерлер, жіберуші тараптың жұмыскерлері денсаулығының зақымдануы, егер олар:

1) жұмыс уақыты басталар алдында немесе аяқталғаннан кейін жұмыс орнын, өндіріс құрал-жабдықтарын, жеке қорғаныш құралдарын дайындау және ретке келтіру және басқа да әрекеттер кезінде;

2) жұмыс орнында болған жұмыс уақыты ішінде, жұмысы қызмет көрсету объектілері арасында жүріп-тұрумен байланысты жұмыскер, жіберуші тараптың жұмыскері бара жатқан жолда, оның ішінде жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың тапсырмасы бойынша бара жатқан жолда, сондай-ақ еңбек міндеттерін орындау кезінде іссапар уақытында;

3) жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап ұсынған көлік құралымен жұмысты орындау орнына бара жатқанда немесе жұмыстан келе жатқанда;

4) жеке көлік құралын қызмет бабында пайдалану құқығына жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың жазбаша келісімі болған кезде өзінің жеке көлік құралымен;

5) жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың мүддесі үшін өз бастамасы бойынша әрекеттер жасау кезінде;

6) вахталық әдіспен жұмыс істейтіндердің жиналу орнынан (вахта кезеңінде тұратын жерінен) жұмыс беруші ұсынған көлік құралымен жұмысқа бара жатқанда немесе келе жатқанда орын алған болса, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар ретінде есепке алынады.

2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

3. Тергеп-тексеру барысында жұмыскерлер, жіберуші тараптың жұмыскерлері денсаулығының зақымдануы:

1) жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің функционалдық міндеттеріне кірмейтін және жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың мүддесімен байланысты емес жұмыстарды немесе өзге де әрекеттерді зардап шеккен адам өз бастамасы бойынша орындаған, оның ішінде вахталық әдіспен жұмыс істеу кезінде ауысымаралық демалыс, тынығу мен тамақтануға арналған үзіліс кезінде орындаған кезде;

2) зардап шеккен адамның алкогольдік масаң күйде болуы, оның уытқұмарлық және есірткі заттарды (оларға ұқсас заттарды) пайдалану негізгі себеп болған жағдайда;

3) өз денсаулығына әдейі (қасақана) зиян келтіру нәтижесінде, сондай-ақ зардап шеккен адам қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде;

4) медициналық қорытындымен расталған, зардап шеккен адам денсаулығының өндірістік факторлардың әсерімен байланысты емес кенеттен нашарлауынан болғаны объективті түрде анықталса, олар еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар ретінде есепке алынуға жатпайды.

2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

4. Кәсіптік аурулар жағдайларын тергеп-тексеруді Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында айқындалатын тәртіппен жұмыс беруші халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен бірлесіп жүргізеді.

2024.08.07. № 116-VІІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2024 ж. 21 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Денсаулық сақтау ұйымдарының жауапты лауазымды адамдары жұмыскерлердің өндірістік жарақат алуына немесе денсаулығының еңбек қызметіне байланысты зақымдануына орай бастапқы жүгінген әрбір жағдай туралы жұмыс берушілерге және аумақтық бөлімшеге, сондай-ақ кәсіптік қатты ауру (улану) жағдайлары туралы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органды екі жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етуге тиіс.

6. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды және өндірістегі кәсіптік ауруларды тергеп-тексеруді ұйымдастыру және тіркеу үшін жұмыс беруші жауапты болады.

2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды

7. Жіберуші тарап жұмыскерлерінің еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды және өндірістегі кәсіптік ауруларды тергеп-тексеруді ұйымдастыру үшін, сондай-ақ жіберуші тараптың өкілін объектіге не жұмыс орнына жіберу үшін қабылдаушы тарап жауапты болады.

 

187-бап. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру кезіндегі жұмыс берушінің міндеттері

1. Жұмыс беруші:

1) зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуді және қажет болған кезде оны денсаулық сақтау ұйымына жеткізуді ұйымдастыруға;

2) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға орнындағы жағдайды (жабдықтар мен механизмдердің, еңбек құрал-жабдықтарының жай-күйін), егер бұл басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмесе, ал өндірістік процестің үздіксіздігін бұзу аварияға әкеп соқпайтын болса, оқиға болған кездегі күйде сақтауға, сондай-ақ жазатайым оқиға болған жерді фотосуретке түсіруге;

3) зардап шеккен адамның жақын туыстарын жазатайым оқиға туралы дереу хабардар етуге және осы Кодексте, өзге де нормативтік-құқықтық актілерде айқындалған мемлекеттік органдар мен ұйымдарға хабар жіберуге;

4) арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссия мүшелерін еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру үшін оқиға орнына жіберуге міндетті.

2. Жұмыс беруші еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы бір тәулік ішінде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша:

2024.08.07. № 116-VІІІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2024 ж. 21 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) аумақтық бөлімшеге;

2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2025 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) қауіпті өндірістік объектілерде болған жазатайым оқиғалар кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне;

3) кәсіптік ауру немесе улану жағдайлары туралы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне;

4) жұмыскерлердің өкілдеріне;

5) 2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

6) жазатайым оқиға болған жердегі құқық қорғау органына және арнайы тергеп-тексеруге жататын жағдайларда өндірістік және ведомстволық бақылау мен қадағалаудың уәкілетті органдарына хабарлайды.

2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды

2-1. Жұмыс беруші жазатайым оқиғаның басталғаны туралы өзіне белгілі бола салысымен дереу, бірақ үш жұмыс күнінен кешіктірмей, жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыруға шарт жасасқан сақтандыру ұйымын хабардар етеді.

3. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде комиссияның талабы бойынша жұмыс беруші меншікті қаражаты есебінен:

1) техникалық есеп-қисаптардың орындалуын, зертханалық зерттеулердің, сынақтардың, басқа да сараптама жұмыстарының жүргізілуін және осы мақсаттарда сарапшы мамандардың тартылуын;

2) оқиға орнын және зақым келтірілген объектілерді фотосуретке түсіруді, жоспарлар, эскиздер, схемалар жасауды;

3) тексеру жүргізу үшін қажетті көлік, қызметтік үй-жай, байланыс құралдарын, арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беруді;

4) мыналарды:

жұмыс орнының жай-күйін, қауіпті және (немесе) зиянды өндірістік факторлардың бар-жоғын сипаттайтын құжаттарды (жоспарларды, эскиздерді, схемаларды, ал қажет болғанда оқиға орнының фото- және бейнематериалдарын және басқаларды);

нұсқауларды тіркеу журналдарынан және зардап шеккен адамдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі білімін тексеру хаттамаларынан, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға куәгерлері мен лауазымды адамдардан жауап алу хаттамаларынан, зардап шеккен адамдардың түсініктемелерінен, мамандардың сараптамалық қорытындыларынан үзінді көшірмелерді;

зертханалық зерттеулер мен эксперименттердің нәтижелерін;

зардап шеккен адамның денсаулығына келтірілген зақымның сипаты мен ауырлық дәрежесі немесе оның қайтыс болуының себебі туралы, алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаңдық белгілерінің бары (жоғы) туралы медициналық қорытындыны;

зардап шеккен адамға арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдары берілгенін растайтын құжаттардың көшірмелерін;

көрсетілген өндірісте (объектіде) мемлекеттік еңбек инспекторлары мен аумақтық мемлекеттік қадағалау органының лауазымды адамдарының (егер еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға осы органның бақылауындағы ұйымда немесе объектіде орын алса) бұрын берілген нұсқамаларынан үзінді көшірмелерді;

комиссияның қалауы бойынша істің қаралуына қатысы бар басқа да құжаттарды беруді қамтамасыз етеді.

 

2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 187-1-баппен толықтырылды

187-1-бап. Жіберуші тарап жұмыскерлерінің еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру кезіндегі қабылдаушы тараптың міндеттері

1. Қабылдаушы тарап:

1) жіберуші тараптың зардап шеккен жұмыскеріне алғашқы медициналық көмек көрсетуді және қажет болған кезде оны денсаулық сақтау ұйымына жеткізуді ұйымдастыруға;

2) тергеп-тексеру басталғанға дейін еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға орнындағы жағдайды (жабдық пен механизмдердің, еңбек құралының жай-күйін), егер бұл басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмесе, ал өндірістік процестің үздіксіздігін бұзу аварияға алып келмесе, оқиға болған кездегі күйде сақтауға, сондай-ақ жазатайым оқиға орнын фотосуретке түсіруге;

3) жіберуші тарапқа жазатайым оқиға туралы дереу хабарлауға;

4) арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссия мүшелерін жіберуші тарап жұмыскерінің еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру үшін оқиға орнына жіберуге міндетті.

 

188-бап. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияны құру тәртібі және оның құрамы

1. Арнайы тергеп-тексерілуге жататын жағдайларды қоспағанда, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесі туралы қорытынды алған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде жұмыс берушінің актісімен құрылатын, мынадай құрамдағы комиссия жүргізеді:

1) төраға - ұйымның (өндірістік қызметтің) басшысы немесе оның орынбасары, ал олар болмаған кезде жұмыс берушінің уәкілетті өкілі;

2) мүшелері - ұйымның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің басшысы және жұмыскерлердің өкілі.

2. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға болған тиісті учаскедегі еңбек қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін лауазымды адам тергеп-тексеруді жүргізу кезінде комиссия құрамына енгізілмейді.

3. Арнайы тергеп-тексеруге:

1) ауыр немесе адам өлімімен аяқталған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар;

2) зардап шеккен адамдардың өндірістік жарақаттарының ауырлық дәрежесіне қарамастан, бір мезгілде екі және одан да көп жұмыскерлер ұшыраған еңбек қызметіне байланысты топтық жазатайым оқиғалар;

3) қатты уланудың топтық оқиғалары жатады.

2024.08.07. № 116-VІІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 21 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеруді аумақтық бөлімше өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесі туралы қорытындыны алған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде мынадай құрамда құрған комиссия жүргізеді:

1) төраға - мемлекеттік еңбек инспекторы;

2) мүшелері - жұмыс беруші және жұмыскерлердің өкілі.

Екі адам қайтыс болған еңбек қызметіне байланысты топтық жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік еңбек инспекторы басқаратын комиссия жүргізеді.

Үштен бес адамға дейін қайтыс болған еңбек қызметіне байланысты топтық жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді - еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган, ал бес адамнан көп қайтыс болғанда Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын комиссия жүргізеді.

2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Қауіпті өндірістік объектідегі аварияның салдарынан техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде болған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшесінің өкілі комиссия төрағасы болып тағайындалады. Бұл жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторы комиссия мүшесі болады.

6. Комиссия құрамына сондай-ақ мыналар кіреді:

2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) қауіпті өндірістік объектілерде, сондай-ақ электр энергетикасы саласы ұйымдарында болған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезінде - өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жəне қадағалау жөніндегі мемлекеттік инспектор және мемлекеттік энергетикалық қадағалауды және бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам;

2) қатты улану жағдайында - халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның өкілдері;

3) басқа ұйымның аумағында орналасқан және жұмыс жүргізіп жатқан ұйымның жұмыскерімен немесе өндірістік тапсырманы (қызметтік немесе шарттық міндеттерді) орындау үшін басқа ұйымға жіберілген жұмыскермен болған, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға кезінде - аумағында жазатайым оқиға болған ұйымның жауапты өкілі.

7. Комиссияның жұмысына жұмыс берушімен немесе зардап шеккен адаммен тиісті шарттық қатынастары бар сақтандыру ұйымының өкілі қатысуға құқылы.

8. Жұмыс беруші жеке тұлғада болған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеруге жұмыс беруші немесе оның уәкілеттік берілген өкілі, жұмыскерлердің өкілі, жазатайым оқиғаны тергеп-тексеруге шарт негізінде де тартылуы мүмкін еңбекті қорғау жөніндегі маман қатысады.

9. Сараптамалық қорытындыны талап ететін мәселелерді шешу үшін арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның төрағасы ғылыми-зерттеу ұйымдарының және бақылау-қадағалау органдарының мамандары арасынан сараптамалық кіші комиссияларды жұмыс берушінің қаражаты есебінен құруға құқылы.

 

2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 188-1-баппен толықтырылды

188-1-бап. Жіберуші тарап жұмыскерлерінің еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияны құру тәртібі және оның құрамы

1. Арнайы тергеп-тексеруге жататын жағдайларды қоспағанда, жіберуші тарап жұмыскерлерінің еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесі туралы қорытынды алынған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде қабылдаушы тараптың актісімен құрылатын, мынадай құрамдағы комиссия жүргізеді:

1) төраға - қабылдаушы тарап ұйымының (өндірістік қызметтің) басшысы немесе оның орынбасары, ал олар болмаған кезде - қабылдаушы тараптың уәкілетті өкілі;

2) төрағаның орынбасары - жіберуші тарап ұйымының басшысы немесе оның орынбасары, ал олар болмаған кезде - жіберуші тараптың уәкілетті өкілі;

3) мүшелері - ұйымның (қабылдаушы тарап) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің басшысы және жіберуші тарап жұмыскерлерінің өкілі.