«Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 23 маусымдағы № 195-VIII Заңы

Предыдущая страница

 

5-бап. Рақымшылық жасауды қолдану шарттары мен тəртібі

1. Осы Заңның ережелері осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін 1959 жылғы 22 шілдедегі Қазақ КСР Қылмыстық кодексінде (1998 жылғы 1 қаңтарға дейін енгізілген өзгерістермен жəне толықтырулармен) жəне 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде (2015 жылғы 1 қаңтарға дейін енгізілген өзгерістермен жəне толықтырулармен) көзделген қылмыстарды, 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде (осы Заң қолданысқа енгізілген күнге дейін оған енгізілген өзгерістермен жəне толықтырулармен) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаған адамдарға қолданылады.

2. Осы Заңның 3-бабында көзделген, негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшерлері ол қолданысқа енгiзiлетін күнге есептеледi.

3. Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелері жəне жазаны орындайтын органдар осы Заңның уақтылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында сотқа мынадай құжаттарды ұсынуға міндетті:

1) жазаны одан əрі өтеуден босату не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту туралы ұсыну;

2) сотталған адамға қатысты шығарылған сот үкімінен (оған енгізілген өзгерістермен, егер мұндай өзгерістер болса) жəне басқа да сот актілерінен үзінді көшірме;

3) осы Заң қолданысқа енгізілетін күнге жазаның өтелген жəне қалған мерзімі туралы мəліметтер;

4) сотталған адамның жеке ісі;

5) əлеуметтік жағынан осал адамның мəртебесін растайтын құжаттар;

6) өзіне қатысты рақымшылық жасау қолданылуы мүмкін адамның немесе оның заңды өкілінің қарсылығы (ол болған кезде).

4. Қылмыстық процесті жүргізетін органдар, сондай-ақ қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелері жəне жазаны орындайтын органдар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде оның орындалуын қамтамасыз етуге шаралар қабылдайды.

5. Егер өзіне қатысты рақымшылық жасау қолданылуы мүмкін адам немесе оның заңды өкілі бұған қарсы болса, рақымшылық жасау қолданылмайды.

6. Осы Заңды қолдану кезінде сотталғандықты алып тастау Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 79-бабында белгіленген жалпы негіздерде жүргізіледі.

 

6-бап. Қазақстан Республикасының соттары соттаған жəне жазасын оның шегiнен тыс жерде өтеп жатқан адамдарға, сондай-ақ жазасын өтеу үшін Қазақстан Республикасына берілген адамдарға рақымшылық жасауды қолдану

Қазақстан Республикасының соттары соттаған жəне жазасын оның шегiнен тыс жерде өтеп жатқан адамдарға, сондай-ақ жазасын өтеу үшін Қазақстан Республикасына берілген адамдарға рақымшылық жасауды қолдану Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде жəне Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалатын тəртіппен жүзеге асырылады.

 

7-бап. Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар

Қазақстан Республикасының Үкiметі жəне облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдары:

1) рақымшылық жасау бойынша жазадан босатылған жəне жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстары жоқ бірінші, екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарды, сондай-ақ жасының егде тартуына байланысты өзiне-өзі күтім жасай алмайтын адамдарды арнаулы əлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына орналастыру;

2) босатылған кəмелетке толмағандарды ата-анасының немесе кəмелетке толмағандардың өзге де заңды өкілдерінің тəрбиесіне беру не олардың орта, техникалық немесе кəсіптік білім алуын жалғастыруына жəрдем көрсете отырып, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарына жіберу;

3) сот үкiмiмен тағайындалған, үкiмді орындау барысында осы Заң қолданылатын кезге аяқталмаған емінің жалғастырылуын қамтамасыз ету;

4) белгiлi бiр тұрғылықты жері жоқ рақымшылық жасау бойынша жазадан босатылғандарды өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды əлеуметке қосу орталықтарына орналастыру;

5) мекемелерден босатылған еңбекке жарамды адамдарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету жəне оларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес əлеуметтік жəне өзге де көмек көрсету жөнінде шаралар қабылдайды.

 

8-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тəртібі

Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

 

 

Қазақстан Республикасының

          Президенті

 

           Қ. ТОҚАЕВ

 

Астана, Ақорда, 2025 жылғы 23 маусым

              № 195-VIII ҚРЗ