«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 1 шілдедегі № 103-VIII Заңы (2026.25.08. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде;

философия докторы дәрежесі (PhD) және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы, бейіні бойынша доктор дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінде;

ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде, ғылым докторы ғылыми дәрежесі үшін айлық есептік көрсеткіштің 34 еселенген мөлшерінде;

ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінде, ғылым докторы ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін айлық есептік көрсеткіштің 42 еселенген мөлшерінде;

философия докторы (PhD) дәрежесі және профессор ғылыми атағы, бейіні бойынша доктор дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 50 еселенген мөлшерінде;

ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және профессор ғылыми атағы, ғылым докторы ғылыми дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 50 еселенген мөлшерінде ай сайынғы қосымша ақы белгіленеді.

3. Ғылыми зерттеулерді аккредиттелген ғылыми ұйымдармен немесе жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен бірлесіп Қазақстан Республикасының аумағында орындайтын шетелдік ғалымдарға, сондай-ақ өз қызметін шетелде жүзеге асыратын қазақстандық ғалымдарға еңбекақы төлеу олардың біліктілігі ескеріле отырып, шарт негізінде жүргізіледі.

 

29-бап. Ғылыми қызметкерлердің демалысы

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Ғылыми қызметкерлерге еңбекақы төлеуге арналған өздеріндегі қолда бар қаражат шегінде бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленіп, ғылым докторларына ұзақтығы күнтізбелік елу алты күн, ғылым кандидаттарына, философия докторларына (PhD), бейіні бойынша докторларға күнтізбелік қырық екі күн, өзге ғылыми қызметкерлерге күнтізбелік отыз бес күн ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.

2. Ұжымдық шартта белгіленген жағдайларда, мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге арналған өздеріндегі қолда бар қаражат шегінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленіп, ұзақтығы күнтізбелік отыз күн ақы төленетін жыл сайынғы демалыс берілуі мүмкін.

3. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлеріне жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі жетекші білім беру ұйымдарында, ғылыми орталықтар мен зертханаларда, оның ішінде шетелде біліктілігін арттыру, тағылымдамадан өту мақсатында бір жылға дейінгі мерзімге демалыс беріледі. Бұл ретте демалыс уақытында бұл адамның жалақысы сақталмай жұмыс орны мен лауазымы сақталады.

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Демалыс беру тәртібі мен шарттары осы Заңда, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында және мемлекеттік ғылыми ұйымдардың ішкі құжаттарында белгіленеді.

5. Уәкілетті орган айқындайтын халықаралық рецензияланатын баспаларда (журналдарда) ғылыми еңбектерді дайындау мен жариялауды қоса алғанда, ғылыми және ғылыми-педагогикалық сипаттағы жұмыстарды аяқтау мақсатында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін жетекші ғалымдардың осы ұйымда кемінде бес жылды құрайтын үздіксіз ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі болған кезде ұйымның өз қаражаты есебінен орташа жалақысы сақтала отырып, бір жылға дейінгі мерзімге шығармашылық демалыс алуға құқығы бар. Шығармашылық демалыс он жылда бір реттен көп берілмейді. Шығармашылық демалыс аяқталғаннан кейін жетекші ғалым осы ұйымда үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті.

Жетекші ғалым шығармашылық демалыс кезеңінде өзге жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда ғылыми-педагогикалық және ғылыми-зерттеу жұмысын жүзеге асырған жағдайда, шығармашылық демалыс күшін жояды.

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6. Шығармашылық демалыс беру, сондай-ақ жұмыспен өтеу немесе шығыстардың орнын толтыру тәртібі мен шарттары осы Заңда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың ішкі құжаттарында белгіленеді.

 

30-бап. Ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қорғау шаралары

1. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей не жанама түрде тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғылыми-педагогикалық және (немесе) ғылыми-зерттеу жұмысында кемінде бес жыл еңбек өтілі бар ғылыми қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда тұрғын үй сатып ала алады немесе тұрғын үй жағдайын жақсарта алады.

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Негізгі жұмыс орны ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері болып табылатын, ғылыми-педагогикалық және ғылыми-зерттеу жұмысында кемінде үш жыл еңбек өтілі бар жас ғалымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда тұрғын үй сатып ала алады немесе тұрғын үй жағдайын жақсарта алады.

3. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлері және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері денсаулық сақтау ұйымдарында белгіленген тәртіппен медициналық қызмет көрсетуді пайдаланады.

4. Ғылыми қызметкерлерді зейнетақымен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

 

31-бап. Ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғалымдарын, ғылыми қызметкерлерін көтермелеу шаралары

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Көтермелеу мақсатында ғылым мен техниканы дамытуға үлес қосқан ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғалымдары, ғылыми қызметкерлері:

1) Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын Ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығын алуға ұсынылуы;

2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына ұсынылуы;

3) үздік ғылыми зерттеулері мен жұмыстары, ғылым саласындағы аса зор жетістіктері үшін жыл сайынғы сыйлықтарды алуға ұсынылуы;

4) мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылуы;

5) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2000 еселенген мөлшерінде «Үздік ғылыми қызметкер» жыл сайынғы сыйлығын алуға ұсынылуы мүмкін.

Мемлекеттік ғылыми стипендиялар:

мемлекет үшін басым бағыттарда іргелі және (немесе) қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізуге, ғылыми кадрларды даярлауға белсене қатысатын ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерге;

ғылыми проблемаларды шешу бойынша зерттеулер жүргізуге белсене қатысатын және ғылыми қоғамдастық мойындаған жас ғалымдарға да берілуі мүмкін.

2. Сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар беруді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреттері шегінде уәкілетті орган мен салалық уәкілетті органдар жүзеге асырады.

2025.30.06. № 200-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді

3. Білім алушыларды, ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді жас ғалымдарды көтермелеу шарасы ретінде эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық кірісі қаражатынан стипендия төленуі мүмкін.

 

32-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және тағылымдамадан өткізу

1. Жоғары білікті кадрлары және материалдық-техникалық базасы бар ғылыми ұйымдар, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары өздері үшін басым бағыттар бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлауды, қайта даярлауды және тағылымдамадан өткізуді жүзеге асыруға құқылы.

2. Ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және тағылымдамадан өткізу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен отандықта, сол сияқты шетелдік те ғылыми ұйымдарда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.

 

33-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне құқықтар

1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің жеке кәсіпкерлік, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындауы шеңберінде жасалған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтар, егер олардың арасындағы шартта өзгеше айтылмаса, оларға ортақ түрде тиесілі болады.

2. Егер шартта ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтардың ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісіне тиесілі екені көзделсе, онда жеке кәсіпкерлік, квазимемлекеттік сектор субъектісінің бұл нәтижелерді өз өндірісінде пайдалануға өтеусіз айрықша емес лицензияға құқығы сақталады.

3. Бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері алған зияткерлік меншік объектілеріне құқық ғылыми ұйымдарға, егер олардың және зияткерлік меншік объектісінің авторы (авторлары) арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, тиесілі болады.

4. Мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар не мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтерді қамтитын зияткерлік меншік объектілерін пайдалану Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

Зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды шектеуге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, шектерде және тәртіппен жол беріледі.

 

 

2026.24.06. № 321-VIII ҚР Заңымен 5-1-тараумен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)

5-1-тарау. ҒЫЛЫМДЫ ҚАЖЕТСІНЕТІН АУМАҚ

 

33-1-бап. Ғылымды қажетсінетін аумақтар туралы негізгі ережелер

1. Ғылымды қажетсінетін аумақ - ғылыми-технологиялық дамудың басым бағыттарын қолдау, жоғары технологиялық өндірістерді ынталандыру мен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін жағдай жасалатын аумақ.

2. Ғылымды қажетсінетін аумақ осы Заңға сәйкес мәртебесі берілетін және одан айырылатын ғылыми қалашық немесе ғылыми-технологиялық парк нысанында болуы мүмкін.

3. Ғылымды қажетсінетін аумақтың жобаларын және инфрақұрылымын қаржыландыру бюджеттен тыс қаражат және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

Жобаларды ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметке арналған бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Уәкілетті орган ғылыми қалашық пен ғылыми-технологиялық парктің даму стратегияларының іске асырылуына мониторингті жүзеге асыратын тұлғаны айқындайды.

Мониторинг жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

5. Ғылымды қажетсінетін аумақтардың аумағында құрылған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтарды іске асыру ерекшеліктері осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.

 

33-2-бап. Ғылымды қажетсінетін аумақтарды дамытуды ынталандыру шаралары

1. Ғылымды қажетсінетін аумақтардағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті ынталандыру шараларына мыналар жатады:

Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық жеңілдіктері;

осы Заңға сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру;

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес инновациялық қызмет субъектілерін мемлекеттік қолдау;

«Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен арнайы экономикалық аймақ мәртебесін алу құқығы.

2. Ғылымды қажетсінетін аумақтарда еңбек қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағына келетін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ғылыми қалашықтың немесе ғылыми-техникалық парктің басқарушы компаниясының өтінішхаты бойынша Қазақстан Республикасына келуге виза алады.

3. Уәкілетті органның шешімі бойынша ғылыми қалашықтың аумағында құрылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру қызметі Қазақстан Республикасының білім туралы және рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады. Лицензиялау уәкілетті орган бекітетін жекелеген біліктілік талаптары бойынша жүзеге асырылады.

 

33-3-бап. Ғылыми қалашық. Ғылыми қалашықтың негізгі міндеттері

1. Ғылыми қалашық - елдің экономикалық дамуының басым бағыттарын дамыту мақсатында аумағында білім беру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық, инновациялық және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін жағдайлар жасалған елді мекенге берілетін мәртебе.

2. Ғылыми қалашықтың негізгі міндеттері:

1) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту;

2) экономиканы орнықты дамыту мақсатында ғылымды қажетсінетін технологиялар мен инновацияларды әзірлеу және өндіріске ендіру;

3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру;

4) технологиялардың тиімді трансферін қамтамасыз ету;

5) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобаларға инвестициялар тарту;

6) өндіріс және кадр әлеуетін дамыту;

7) ғылыми және инновациялық инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесу.

 

33-4-бап. Ғылыми қалашық мәртебесін беру тәртібі

1. Ғылыми қалашық мәртебесі елді мекенге ғылыми қалашықтың тиісті саласы құзыретіне жататын салалық уәкілетті органмен және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша уәкілетті органның ұсынуымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде беріледі.

2. Ғылыми қалашық мәртебесі елді мекенге мынадай өлшемшарттарға сәйкес келген кезде беріледі:

1) елді мекен аумағында ғылыми қызметкерлердің үлесі тиісті елді мекеннің жұмысқа орналасқан халқы санының кемінде үш пайызы болатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілерінің болуы;

2) ғылыми қалашықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ғылыми, инженерлік және өндірістік инфрақұрылымның болуы, сондай-ақ зерттеулер, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу және ғылымды қамтитын өнімдер (тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) шығару;

3) ғылымды дамытудың басым ғылыми бағыттары бойынша ғылымды қамтитын отандық өнімдерді (тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) әзірлеу мен өндіруді, сондай-ақ инвестициялар тартуды жүзеге асыратын ұйымдардың болуы.

3. Уәкілетті орган ғылыми қалашықтың тиісті саласы құзыретіне жататын салалық мемлекеттік органмен бірлесіп, ғылыми қалашық қызметінің басым ғылыми бағыттарын қамтитын ғылыми қалашықтың даму стратегиясын әзірлейді, оны тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органымен, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен келіседі.

Жоғары ғылыми-техникалық комиссия ғылыми қалашықтың даму стратегиясын бекітеді.

4. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы ғылыми қалашықтың даму стратегиясын орындау шараларын қабылдайды.

5. Ғылыми қалашықтың даму стратегиясын іске асыру мақсатында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің даму жоспарында ғылыми қалашықтың даму стратегиясының негізгі міндеттері, нысаналы индикаторлары, нәтижелер көрсеткіштері мен іс-шаралары көрсетіледі.

6. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы жыл сайын уәкілетті органға Жоғары ғылыми - техникалық комиссияның бекітуі үшін ғылыми қалашықтың даму стратегиясының іске асырылуы туралы есепті енгізеді.

 

33-5-бап. Ғылыми қалашыққа қатысушылар

1. Ғылыми қалашыққа қатысушылар - уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ғылыми қалашыққа қатысушылар тізіліміне енгізілген жеке және (немесе) заңды тұлғалар.

2. Ғылыми қалашыққа қатысушылар тізіліміне ғылыми қалашыққа қатысушыларға қойылатын талаптарға сай келетін ғылыми қалашыққа қатысушылар енгізіледі.

Ғылыми қалашыққа қатысушыларға қойылатын талаптарды уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдармен және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілейді.

Ғылыми қалашыққа қатысушылар тізілімі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органының интернет-ресурсында жариялануға тиіс.

3. Ғылыми қалашыққа қатысушылар өз қызметін ғылыми қалашықтың даму стратегиясын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру мақсатында жүзеге асырады.

 

33-6-бап. Ғылыми қалашықтың басқару органы

1. Ғылыми қалашықтың басқарушы компаниясы - оның басқару органы.

Ғылыми қалашықтың басқарушы компаниясы - уәкілетті органмен және (немесе) ғылыми қалашықтың тиісті саласы құзыретіне жататын салалық уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы айқындаған немесе құрған, ғылыми қалашықты кешенді басқаруды қамтамасыз ететін заңды тұлға.

Басқару тиімділігін арттыру және инвестициялар тарту мақсатында басқарушы компанияға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес отандық және шетелдік әріптестер тартылуы мүлкін.

2. Басқарушы компанияның құрылымы мен құзыреті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның жарғысында белгіленеді.

3. Басқарушы компанияның функцияларына мыналар жатады:

1) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған көздер есебінен ғылыми қалашыққа қатысушылардың жобаларын іріктеу және қаржыландыру;

2) ғылыми қалашықтың дамуын ынталандыру үшін ғылыми, технологиялық, цифрлық, білім берушілік және қаржылық ресурстарды тарту мақсатында халықаралық ұйымдармен, шетелдік әріптестермен ынтымақтастық;

3) ғылыми қалашық аумағында ғылым мен өнеркәсіптің ғылыми, ғылыми-инновациялық әлеуетін ілгерілету, ғылыми әзірлемелерін коммерцияландыру және өзара іс-қимылын ынталандыру мақсатында ғылыми қалашықты құруға, басқаруға және оларға қатысушылардың өзара іс-қимылын үйлестіруге қатысу;

4) ғылыми қалашыққа қатысушыларға акселерациялау, технологиялық бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсету;

5) ғылыми қалашықты дамытуға қатысу үшін Қазақстан Республикасының бейрезиденттері мен резиденттерін тарту;

6) ғылыми қалашыққа қатысушылар тізілімін жүргізу;

7) венчурлік қаржыландыруды тарту;

8) осы Заңға және ғылыми қалашықтың басқарушы компаниясының жарғысына сәйкес өзге де функциялар.

4. Ғылыми қалашықтың басқарушы компаниясы ғылыми қалашыққа қатысушыларды тіркеуді жүзеге асырады және ғылыми қалашыққа қатысушыларды тіркеу туралы құжаттарды уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және нысан бойынша береді.

5. Ғылыми қалашықтың басқарушы компаниясы жыл сайын өз қызметі туралы есеп пен ғылыми қалашыққа қатысушылар бойынша ақпаратты тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органына, уәкілетті органға және ғылыми қалашықтың тиісті саласы құзыретіне жататын салалық уәкілетті органға береді.

6. Елді мекен ғылыми қалашық мәртебесінен айырылған жағдайда ғылыми қалашықтың басқарушы компаниясы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес таратылады.

 

33-7-бап. Ғылыми қалашық мәртебесінен мерзімінен бұрын айырудың негіздері мен тәртібі

1. Ғылыми қалашық мәртебесінен мерзімінен бұрын айыру негіздері:

1) ғылыми, ғылыми-техникалық, инновациялық және өндірістік қызмет нәтижелерінің ғылыми қалашықтың даму стратегиясының міндеттеріне сәйкес келмеуі;

2) бес жыл ішінде ғылыми қалашықтың даму стратегиясының іске асырылуын мониторингтеу қорытындылары бойынша ғылыми қалашықтың даму стратегиясында көзделген нәтижелерге қол жеткізбеу;

3) ғылыми қалашық мәртебесін берудің осы Заңның 33-4-бабының 2-тармағында көзделген өлшемшарттарына сәйкес келмеуі;

4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органының немесе уәкілетті органның Қазақстан Республикасының Үкіметіне ғылыми қалашық мәртебесін сақтаудың орынсыздығы туралы жүгінуі.

2. Елді мекен ғылыми қалашықтың тиісті саласы құзыретіне жататын салалық уәкілетті органмен және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органымен келісілген уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде ғылыми қалашық мәртебесінен мерзімінен бұрын айырылады.

3. Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша ғылыми қалашық мәртебесінен мерзімінен бұрын айыру туралы шешім мәртебе берілген кезден бастап кемінде бес жыл өткеннен кейін қабылданады.

4. Ғылыми қалашық мәртебесінен айрылған кезден бастап ғылыми қалашыққа қатысушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ғылыми қалашыққа қатысушылар тізілімінен шығарылады.

 

33-8-бап. Ғылыми қалашыққа қатысушылар болатын ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыру

1. Ғылыми қалашыққа қатысушылар болатын ғылыми қызметкерлердің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз етудің әлеуметтік кепілдіктері болады.

2. Ғылыми қалашыққа қатысушылар болатын ғылыми қызметкерлердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғын үй алуға немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуға құқығы бар.

3. Ғылыми қалашыққа қатысушылар болатын ғылыми қызметкерлердің балаларына тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелерден бірінші кезекте орындар береді.

 

33-9-бап. Ғылыми-технологиялық парк

1. Ғылыми-технологиялық парк - жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымындағы, дербес білім беру ұйымындағы, ғылыми ұйымдағы, сондай-ақ ғылыми ұйыммен бірлесіп, ғылыми әзірлемелер мен технологияларды өндіріске ендірген кәсіпорындағы аумаққа берілетін мәртебе.

Ғылыми-технологиялық паркте ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті жүзеге асыру, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін жағдай жасалады.