».
11. «Ақпараттандыру туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1-бап мынадай мазмұндағы 47-2) және 51-1) тармақшалармен толықтырылсын:
«47-2) лездік хабарлар алмасу сервисі – қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсынуға және электрондық коммерцияға арналған бағдарламалық қамтылымды қоспағанда, лездік хабарлар алмасуға не оларды нақты айқындалған тұлғаға (тұлғаларға) телекоммуникация желілерін пайдалана отырып нақты уақыт режимінде беруге арналған және (немесе) сол үшін пайдаланушылар қолданатын бағдарламалық қамтылым;»;
«51-1) онлайн-платформа – қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсынуға және электрондық коммерцияға арналған интернет-ресурсты және (немесе) лездік хабарлар алмасу сервисін қоспағанда, белгілерді және (немесе) сигналдарды және (немесе) дауыстық ақпаратты және (немесе) жазбаша мәтінді және (немесе) кескінді және (немесе) дыбыстарды және (немесе) хабарларды орналастыру, қабылдау және (немесе) нақты айқындалған немесе айқындалмаған тұлғалар тобына беру арқылы пайдаланушының өзі жасаған дербес парақшасы арқылы ақпарат таратуына арналған интернет-ресурс және (немесе) лездік хабарлар алмасу сервисі;»;
11-тармақтың 2) тармақшасы 2022 ж. 4 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
2) мынадай мазмұндағы 18-2-баппен толықтырылсын:
«18-2-бап. Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік онлайн-платформаның және лездік хабарлар алмасу сервисінің қызметі
1. Бір ай ішіндегі орташа тәуліктік қолжетімділігі Қазақстан Республикасының аумағындағы бір жүз мыңнан астам пайдаланушыны құрайтын шетелдік онлайн-платформаның және (немесе) лездік хабарлар алмасу сервисінің меншік иелері және (немесе) өзге де заңды өкілдері Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі өзінің заңды өкілін тағайындайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігі хабарлар алмасу бойынша корпоративішілік сервистердің, электрондық пошта қызметтерінің функцияларын жүзеге асыратын лездік хабарлар алмасу сервистеріне қолданылмайды.
2. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган шетелдік онлайн-платформалардың және (немесе) лездік хабарлар алмасу сервистерінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органмен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын заңды өкілдерінің тізілімін бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес жүргізеді.
3. Қазақстан Республикасының аумағында Интернетте қызметін жүзеге асыратын онлайн-платформа немесе лездік хабарлар алмасу сервисі Интернетте осы ресурсты пайдаланушылардың санын айқындау үшін бағдарлама орнатуға міндетті.
4. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган:
1) онлайн-платформаны немесе лездік хабарлар алмасу сервисін пайдаланушылардың саны туралы мәліметтерді тексеру мақсатында онлайн-платформадан немесе лездік хабарлар алмасу сервисінен бір тәуліктегі пайдаланушылардың саны туралы ақпаратты сұратуға;
2) онлайн-платформа немесе лездік хабарлар алмасу сервисі Интернетте ақпараттық ресурсты пайдаланушылардың санын айқындауға арналған бағдарламаны орнатпаған жағдайда оларды пайдаланушылардың санын өз ресурстарымен айқындауға құқылы.
5. Шетелдік онлайн-платформаның бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органмен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын заңды өкілі уәкілетті органның нұсқамасын алғаннан кейін жиырма төрт сағат ішінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
6. Шетелдік онлайн-платформаның және (немесе) лездік хабарлар алмасу сервиснің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органмен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын заңды өкілі соттардың заңды күшіне енген шешімдерінің орындалуын, «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабында белгіленген мемлекеттік органдардың нұсқамаларын, ұсынуларын, хабарламаларын немесе шешімдерін қабылдауды, қарауды және олар бойынша шаралар қабылдауды қамтамасыз етеді.».
3) 35-баптың 7-тармағы «орынбасарларының» деген сөзден кейін «бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы» деген сөздермен толықтырылсын;
4) 66-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
«3. Бір ай ішіндегі орташа тәуліктік қолжетімділігі Қазақстан Республикасының аумағындағы бір жүз мыңнан астам пайдаланушыны құрайтын шетелдік онлайн-платформаның және (немесе) лездік хабарлар алмасу сервисінің меншік иелері және (немесе) өзге де заңды өкілдері осы Заңның 18-2-бабы қолданысқа енгізілгеннен кейін алты ай ішінде бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі өзінің заңды өкілін тағайындауға міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талап сақталмай, шетелдік онлайн-платформа немесе лездік хабарлар алмасу сервисі қызметінің жүзеге асырылуы жалғастырылған жағдайда, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында олардың қызметіне шектеу қоюға құқылы.».
12. «Педагог мәртебесі туралы» 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 7-баптың 1-тармағының 12) тармақшасындағы «бес жылда» деген сөздер «үш жылда» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 9-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагог «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бюджет қаражаты есебінен біржолғы сыйақымен көтермеленеді.».
2-бап.
Осы Заң:
1) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 6-тармағы 2) тармақшасының бесінші, сегізінші, оныншы, он бірінші, он төртінші, он бесінші, он алтыншы және он жетінші абзацтарын, 8-тармағының 5), 13) тармақшаларын, 14) тармақшасының бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма бірінші, жиырма екінші, жиырма үшінші, жиырма төртінші абзацтарын, 10-тармағының 2) және 3) тармақшаларын, 11-тармағының 2) тармақшасын;
2) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілген күннен кейін қолданысқа енгізілетін 1-баптың 8-тармағының 12) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2022 жылғы 3 мамыр
№ 118-VII